Сенбі, 20 Сәуір 2019
Саңлақ 2117 3 пікір 14 Желтоқсан, 2018 сағат 14:32

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі спорттағы жетістіктер

Еліміз егемендік алғалы ғаламның ғаламат бәсекелерінде өзіне тән бәсіресінен қағылып көрген жоқ. Мейлі қай салада болса да Қазақстанның жеткен жетістігі аз емес. Ел дамуының ерекше белгілерінің бірі – спорт саласындағы жетістік деп есептеп жүрміз ғой. Ендеше, тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан сәл ғана асқан ел үшін спорт саласындағы бүгінгі жетістіктеріміз аз емес.

Әлемдік ареналарда жеңіп алған жүлделер ел мерейін үстем етуге септігін тигізетіні шын. Спортшыларымыз халықаралық ірі додаларда топ жарған кезде бөркімізді аспанға атып қуанатынымыз осының дәлелі. Спорттағы жетістікті ел дамуының ең маңызды көрсеткіші дей алмаймыз. Бірақ әлемдік жарыстарда жүлде алу оңай шаруа емес. Тіпті кейбір дамыған алпауыт елдердің өзі спорт саласында Қазақстанның шаңына ілесе алмайды.

Спорттағы ең биік шың -  Олимпиада ойындары. Аталған дүбірлі дода төрт жылда бір өтеді. Әлемнің әр түкпірінен келген мыңдаған спортшы дәл осы биікті бағындыру үшін барын салады. Олимпиада ойындарына еліміз спортшылары тәуелсіздік алғалы алты мәрте қатысты. Әрі ешқашан алтын медалсіз қайтып көрген жоқ. Айта кетейік, 1992 жылғы Барселонадағы жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар ТМД-ның біріккен құрамасы сапында өнер көрсетті.

Еліміз спортшылары жазғы Олимпиада ойындарында 1996 жылдан бері жалпы 64 медаль жеңіп алды. Бұның 19-ы алтын, 20-сы күміс, 25-і қола медаль. Ал қысқы Олимпиадаға 1994 жылдан бері қатысып жүрміз. Бұл жарыста қазірге дейін жеті жүлде жеңіп алдық. Атап айтқанда 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медалге қол жеткіздік.

Қазақстан құрамасы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Содан бері өткен алты кезекті Азиадада еліміз спортшылары жалпы 557 медалге қол жеткізді. Бұның ішенде 155 алтын, 158 күміс, 244 қола медаль бар. Ал қысқы Азия ойындарындағы көрсеткішіміз мынадай: 69 алтын, 51 күміс, 44 қола жиыны 164 медаль.

Енді жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алған спортшылардың есімін атай кетейік. Бұл ең ірі әлемдік додада жүлде салған жүйріктерге деген құрмет әрі ел мақтаныштарының есімін барлығы біле жүрсін деген ниет.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде қатысқан алғашқы Олимпиада - 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII  қысқы Олимпиада ойындары болатын. Қазақстанның әнұранын Олимп шыңында тұңғыш рет Владимир Смирнов шырқатты. Атақты шаңғышы сол кезде бір өзі бір алтын, екі күміс медаль жеңіп алды.

1996 жылы Қазақстан спортшылары алғаш рет Атлантадағы ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Әлемдегі ең ірі спорттық жарысқа алғаш рет қатысып жатқанына қарамастан Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медалге қол жеткізіп, командалық есепте 24-ші орынға табан тіреді. Медаль алған спортшылар, алтын медаль: боксшы Василий Жиров, (бұған қоса техникалық шеберлігі ең жоғары боксшыға берілетін Баркер кубогын жеңіп алды), балуан Юрий Мельниченко, бессайысшы Александр Парыгин. Күміс медаль: мерген Сергей Беляев (бір өзі екі күміс), боксшы Болат Жұмаділов, ауыр атлет Анатолий Храпатый. Қола медаль: боксшылар Ермахан Ибраимов пен Болат Ниязымбетов, балуан Мәулен Мамыров, мерген Владимир Вохмянин.

Келесі қысқы Олимпиада 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өтті. Осыдан жиырма жыл бұрынғы жарыста Қазақстан командасы екі қола медаль алды. Оларды конькийші Людмила Прокашева мен шаңғышы Владимир Смирнов жеңіп алды.

2000 жылы Сиднейде (Австралия) өткен жазғы Олимпиадада тәуелсіз Қазақстан атынан тұңғыш рет қазақ баласы алтын алды. Қазақстан құрама командасы бұл жолы 199 елдің ішінде 22-орынға жайғасты. Алтын медаль: боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов, жеңіл атлет Ольга Шишигина. Күміс медаль: боксшылар Мұхтархан Ділдәбеков пен Болат Жұмаділов, балуан Ислам Байрамуков, велошабандоз Александр Винокуров.

Өкінішке орай, 2002 және 2006 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында еліміз спортшылары жүлде ала алған жоқ.

Ал 2004 жылы Афинада өткен жазғы ойындарда Бақтияр Артаев алтын медаль алды және ең шебер боксшыға берілетін Баркер кубогын иеленді. Күміс жүлде:  боксшы Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, балуандар Георгий Цурцумия мен Геннадий Лалиев. Қола жүлде: онсайсшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, балуан Мхитар Манукян.

2008 жылы Бекинде өткен жазғы Олимпиада да біз үшін сәтсіз өткен жоқ. Қазақстандық спортшылар бұл сында 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Жалпы есепте 205 мемлекет ішінде 29-орынға тұрақтады. Айта кетерлігі, бұл тізім допинг дауына байланысты кейін қайта шыққан шешім бойынша беріліп отыр. Алтын медаль: боксшы Бақыт Сәрсекбаев, ауыр атлет Алла Важенина. Күміс жүлде: дзюдошы Асхат Житкеев, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, балуан Нұрбақыт Теңізбаев. Қола медаль: балуандар Елена Шалыгина мен Марид Муталимов, боксшы Еркебұлан Шыналиев және Арман Чилманов (Тхэквондо).

2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында биатлоншы Елена Хрусталева Олимпиада күмісін жеңіп алды.

2012 жылы Лондондада өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы айды аспанға шығарды. 7 алтын, 1 күміс, 5 қоласы бар он үш медаль иеленіп, жалпы командалық есепте 205 елдің арасында 12-ші орын алған. Алайда тағы да сол допинг дауы біраз медалдарымызды иесінен айырды. Тағы бір айта кетерлігі, боксшы Серік Сәпиев алтын медалмен қоса техникасы жоғары боксшы ретінде Баркер кубогына ие болды. Бұдан бөлек велошабандоз Александр Винокуров пен жеңіл атлет Ольга Рыпакованың алтын жүлдесі де күмән тудырған жоқ. Ал күміс жүлдені боксшы Әділбек Ниязымбетов алды. Қола медаль: балуандар Даниял Гаджиев, Гюзель Манюрова, Акжурек Танатаров, боксшылар Иван Дычко, Марина Вольнова, ауыр атлет Анна Нурмухамбетова.

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен қола жүлдегер атанды.

2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында кезекті жазғы Олимпиада өтті. Бұл сында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, алтын меделге суға жүзуден Дмитрий Баландин, ауыр атлет Нижат Рахимов, боксшы Данияр Елеусінов қол жеткізді. Күміс жүлде ауыр атлет Жазира Жаппарқұл, дзюдошы Елдос Сметов, боксшылар Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, балуан Гүзел Манюроваға бұйырды. Қола медаль: ауыр атлеттер Фархад Харки, Александр Зайчиков, Карина Горичева, дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, балуандар Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, боксшылар Иван Дычко, Дариға Шәкімова.

2018 жылы Оңтүстік Корея елінде өткен қысқы Олимпиада ойындарында фристайлшы Юлия Галышева қола медалге қол жеткізді.

Жоғарда біз тек төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода - қысқы және жазғы Олимпиада ойындарында жүлде алған спортшыларды атап өттік. Төрт жылдықтың тағы бір басты додасы Азия ойындарында бағы жанған спортшыларымыз өте көп болғандықтан ( 557 медаль) бәрін жазып отырмадық. Ал енді Олимпиада мен Азиададан бөлек спорттық  жетістіктерімізге тоқталайық.

Еліміз боксшылары кәсіпқой аренада нашар өнер көрсетіп жүрген жоқ. Атланта Олимпиадасының чемпионы Василий Жиров кәсіпқой боксқа ауысқан соң да нәтижелі өнер көрсетті. IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Одан кейін Бейбіт Шүменов WBA тұжырымында әлем чемпионы атанды. Кәсіпқой бокста ең толағай табысқа жеткен қазақстандық боксшы Геннадий Головкин екені сөзсіз. Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері кәсіпқой боксқа ауысқан соң WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары және The Ring журналының нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Әрі чемпиондық атағын алты жыл бойы қорғады.

Бокс саласындағы тағы бір жетістігіміз ретінде атақты «Astana Arlans» бокс клубын айтуға болады. Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) сегіз маусымына қатысып, барлығында жүлделі орыннан көрінді. Атап айтқанда «Астана арландары» бұл турнирде үш мәрте алтын, екі кезек күміс, үш рет қола медаль жеңіп алды. Әрі қазақ боксының дамуына өте үлкен үлес қосты.

Әлемдегі бірінші спорт саналатын футболда да ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз бар. Ұлттық құрамамызды айтып мақтана алмасақ та, клубтарымыз әлемдік аренада тәп-тәуір өнер көрсетіп жүргені шын. 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Еуропа Лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, қазақ футболына атасында көрмегенді ботасында көрсеткен еді. Араға екі жыл салып елордалық «Астана» бұдан да биік белесті бағындырды. 2015 жылы Еуропадағы ең ірі турнир Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Содан бері «Астана» Еурододаларда тұрақты өнер көрсетіп келеді. Былтыр Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шықты. Бұл да Қазақстан тарихында тұңғыш рет екенін айта кетейік.

Қазақстандық жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген тағы бір спорт түрі - футзал. Үлкен футболдың қара шаңырағынан өткен ғасырдың 30-шы жылдары отау болып бөлініп шыққан футзал ойыны біздің елде қарқынды дамып келеді. Сөзімізге 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионаты дәлел. Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет қатысқан қарт құрлық біріншілігінде-ақ қолаға қол созған болатын. Араға аз уақыт салып төрт жылда бір болатын әлем чемпионатыда да жақсы өнер көрсетті. Ал биыл қыста өткен кезекті Еуропа чемпионатында қазақстандық футзалшылар тағы да жақсы нәтиже көрсетіп, төртінші орын алды.

Футзал дегенде ұлттық құрамадан бөлек, «Қайрат» футзал клубын да ерекше атап айтуға болады. Алматылық команда Еуропада азулы ұжымдардың бірі саналады. Футзалдан UEFA кубогын екі мәрте жеңіп алған. Биыл да осы биікті бағындыруға жақын. Жақында ғана футзалдан UEFA чемпиондар лигасының (биылдан бастап осылай аталады) төрттік финалына жолдама алды.

Бұлардан бөлек, халықаралық ареналарда сәтті өнер көрсетіп жүрген «Барыс» хоккей клубын, «Астана» кәсіпқой велокомандасын айтуға болады. Елордалық «Барыс» хоккейден Еуразия кеңістігінің ең жоғары дивизионы саналатын Құрлықтық хоккей лигасында 2008 жылдан бері бақ сынап жүр. Ал «Астана» велокомандасы да әлемдегі үздік командалардың бірі саналады. Еуропадағы ең беделді «Тур де Франс», «Вуэльта», «Джиро д`Италия», «Париж-Ницца» қатарлы көпкүндік турнирлерде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Естеріңізде болса, қыркүйекте Алматы қаласында «Алматы туры 2018» веложарсы өткен болатын. Бұндай іс-шаралардың елдегі туризм саласын дамытуға қосар үлесі мол.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында қол жеткізген спорттық жетістіктеріміз аз емес. Біз соның ең бастыларын еске аулға тырыстық. Баста айтқанымыздай спорт патриоттық сезімді оятып, Отанға деген сүйіспеншілікті бекемдейтін басты күш деп есептеуге толық негіз бар.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz 

3 пікір