Берікбол Сыддық. Есте қалған этюдтер
Біз сол жылы В.И.Ленин атындағы политехникалық институттың 2 курсында оқушы едік. Бүл оқу орны орталық алаңға жақын орналасқан. Содан ба екен,сол күнгі саяси жаңалықты да алғашқылардың бірі болып естідік. Алғашқылардың бірі болып алаңнан табылдық. Мына жоғарыдағы сурет сол кезден қалыпты. Қатарымыздың көбейгеніне қуанып тұрдық,жұбанып тұрдық. Әйткенмен көңіліміз күпті еді... Бұл ереуілімізбен ештеңе өзгерте алмайтынымызды,артының қыйын болатынын әлдебір түйсікпен сезініп тұрдық. Бірақ шықпауға болмайтын еді! Көз алдымызда Тарих жасалып жатты. Соңынан соққы жедік,жабылдық,қуылдық,шығарылдық... Ақталдық! Сол бір даңқты күндерде жарқ етіп есте қалған сәттер көп жыл өткен соң сағыныш болып,қағаз бетіне түсіп еді...
1986 желтоқсан. Алматы
Есте қалған этюдтер
(32 жыл өткен соң)
Жанға батса кім қалғандай аянып,
Жалын-жастар бейне жейхун-дария.
Жол шетінде ақ таяғын таянып,
Жылап тұрды ақ сақалды қария.
... Аман ба екен ақ баталы Абыз-қарт?..
Буырқанса ел әділеттік іздеген
Бір ғана алаң тарлық етер сірә да.
Бір Алладан медет сұрап, мінбеден
Бата берді ақ жаулықты бір Ана.
... Аман ба екен ақ тілеулі Кейуана?..
Бір жас ұлан жарқ етті, елең еткізіп,
Дауысымен қайырғандай түндікті.
Жеті-ақ сөзбен айтып жеткізіп
Жетпіс жылда айтылмаған шындықты.
... Аман ба екен жаны жайсаң азамат?..
Жүйріктердің жалдарында ойнаған,
Жауға шапқан қыздар аз ба, даламда?
Бір жас ару жанары оттай жайнаған
Бір топ қызды бастап келді Алаңға.
... Аман ба екен сол аяулы қарындас?..
Бабаларға арман болған бұл таңдар
Биіктерге тіктік бақыт жалауын.
Барыс жылғы желтоқсаннан от алған
Мәңгі өшпесін азаттықтың алауы.
... Аман болғай ақ тілеулі Еліміз!
Берікбол Сыддық
Abai.kz