Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4499 16 пікір 19 Желтоқсан, 2018 сағат 13:34

Сүлейменов ортақ ақшаны қолдамайды

Өткенде Петерборда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бестік жиылып жиын өткізгенін білесіздер. Сол жиынның барысында қырғыздың бесінші президенті Сооронбай Жээнбеков "Россия 24" арнасына сұхбат берген. Сөйтіп, күндердің күні одақ ортақ ақша қолданады дегенді айтқан.

Ортақ ақша туралы ой жалғыз Жээнбековтің ойы емес екенін осыған дейін де жаздық. Осыған дейін кімдердің ұсыныс тастап, кімдердің қолдағанына дейін егжей-тегжейлі жаздық. Оны қайталап жатпайық. Оқып шығамын деген жұрт үшін сілтемесі міне: https://abai.kz/post/82499

Орыс пен қырғыздың ойы бір шықты. Ал Қазақстанның ресми билігінің ресми ұстанымы қандай? Бұл да бір көкейдегі күпті сауалдың бірі еді.  Жақында ол да белгілі болды.

Қазақстан ЕАЭО аясында ортақ электронды ақша енгізу туралы бастаманы қолдамайды.

Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов сөйледі. ҚР Парламенті Мәжілісінің залында министр Сүлейменов  ЕАЭО аясында электронды ақшаны айналымға енгізу туралы қауесетті терістеді.

"Бұны (ЕАЭО аясында ортақ электронды ақша енгізу) қазір Ресейдегі Ұлттық төлем одағы талқылап жатыр. Олардың бірқатар ұсыныстары да бар екен. Алайда бұл Ресей жағының ресми ұсынысы емес. Тура сол секілді Қазақстанның де кез келген қаржы ұйымдары ұсыныс айта алады", дейді министр.

Сүйлейменовтің сөзіне сенсек, Қазақстан ортақ ақша туралы бастаманы қолдамайды.

"Жоқ. Біз қолдамаймыз", деп қысқа қайырды. Ұлттық валютадан басқа ешқандай ақшаның Қазақстан территориясында болмайтынын кесіп айтты.

"Менің жеке пікірім осы. Мен саясаткер ретінде айтар болсам, ұлттық валютамыз - Әнұран, Елтаңба мен Туымыз секілді Тәуелсіздігіміздің, символы. Сондықтан оны барынша қорғауымыз, сақтауымыз керек. Және өзге квази ақшаларды жолатпауымыз керек", деп түйіндейді министр Тимур Сүлейменов.

Жалпы Сүлейменов жұрт ішінде сүйкімі бар министрлер сапынан емес еді. Анығында өз сүйкімін өзі кетірген. Биыл 40 жасқа келген министр осыған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияда қызметте болды.

2012 жылдың 1 ақпанында сол жаққа қызметке тағайындалды. Қаржы саясаты және экономика министрі, Кеңес мүшесі болды. Сөйтіп ол жақта 4 жыл тұрды.

2016 жылы Бишімбаевтың бостандығы бұлыңғырлана бастаған тұста Қазақстанға қайта шақырылып, сол Бишімбаевтың креслосына қонжия қалған. Содан бері 2 жыл өтті, міне.

"Су жаңа министріміз мемлекеттік тілді білмейтін болып шықты. Дәлірек айтсақ, бұрын білген екен, тек ұмытып қалыпты, масқара" дедік сонда біз.

Сол кездегі шап-шағын диалогты еске түсірейікші:

Мәжілістің дәлізінде министрді күтіп тұрған БАҚ өкілдері  Сүлейменов мырзаны "тергеуге алып" тіл төңірегінде сұрақтар қойған. Сөйтіп, жаңа министр мен БАҚ өкілдері арасындағы шағын диалог былай өрбиді:

Министр: - Мен Мәскеуде 5 жыл жүрдім. Ана тілімді ұмытып қалдым. Бірақ, 6 айдың ішінде үйреніп аламын.

Журналистер: - Сонда 6 айдан соң, сіз қазақ тілінде сөйлейтін боласыз ғой?..

Министр: - Дәл солай.

Уәделі 6 айдың өткені қашан. Министр әлі күнге екі ауыз сөзді ежіктеп жүрген. Сол үшін де жұрт ішінде Сүлейменовтің сүйкімі жоқ еді.

Жоғарыда көргендеріңіздей, Тәуелсіз Қазақстан Парламентінің депутаты Айқын Қоңыров деген азамат Мәскеуге мойын созып, айтқанын алақайлап қолдаған еді. Тіпті, бір емес, бірнеше рет.

Қоңыров Қазақстан Тәуелсіздігінің белгісіндей төл теңгені тәрк етіп, Мәскеу ұсынған ақшаны армандап жүргенде, жұрт сүймейтін Сүлейменов батыл шықты. Бәрекелді демеске болмайды, енді.

Өзі айтпақшы, Сүйлейменов саясаттың адамы ретінде бүгін айтқан сөзінен ертең айнымай, ақырына дейін табандылық танытады деп сенеді жұрт.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5326