Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5259 0 пікір 3 Мамыр, 2011 сағат 04:15

Елена Әбдіхалықова: «Сахнаға сағындырып барып, сирек шыққанды қалаймын»

- Жақында «Меломаннан» дизайны келіскен, сапасы да жоғары «Көздеріңе ғашықпын» атты жаңа стильде жасалған дискіңіз жарыққа шықты. Бұрын-соңды мұндай дискіні көзіміз шалмап еді, идея авторы кім?
- «Көздеріңе ғашықпын» атты дискіні кей әніме қайта аранжировка жасатып, жаңа әндерімді, әлі эфирге шықпаған әндерімді, бұрынғы танымал әндерімді қосып қайта шығардым. Жасарып келе жатқан жоқпыз. Барған жерлерде «Эфирге көп шықпайсыз. Дискіңіз бар ма? Қайдан аламыз?», - деп сұрап жатады. Біреуге сыйлыққа берсең де, керек дүние екен. Диск 2000 данамен шықты. Бұл тек ән жазылған диск қана емес, жастық шақта жазған жырларым мен кейінгі жазған өлеңдерім топтасқан поэзия кітапшасы да болып шықты. Сонымен орысша айтқанда «два в одном» болды. Әрі диск, әрі кітапша музыка әлемінде кейінгі жылдары пайда болған жаңалықтардың баршасы қолданыла отырып, жаңаша салтпен жарық көрді. Идея өзімдікі. Бұл үшін қайта-қайта Алматыға баруға, қадағалап отыруға, біраз адамдармен жұмыс істеуге тура келді. Нәтижесінде көрген адам қызығатындай, ұялмай ұсына алатындай көркем дүние жасалды.
- Неге «Көздеріңе ғашықпын» деп аталды?
- Өйткені «Көздеріңе ғашықпын» әні - менің «паспортым», ал «Есіңе мені алғайсың» - «заграничный паспортым».
- Сіздің музыкадан хабарыңыз мол болғанымен, қайнаған ортасында жүруге неге талпынбайсыз? Не кедергі?

- Жақында «Меломаннан» дизайны келіскен, сапасы да жоғары «Көздеріңе ғашықпын» атты жаңа стильде жасалған дискіңіз жарыққа шықты. Бұрын-соңды мұндай дискіні көзіміз шалмап еді, идея авторы кім?
- «Көздеріңе ғашықпын» атты дискіні кей әніме қайта аранжировка жасатып, жаңа әндерімді, әлі эфирге шықпаған әндерімді, бұрынғы танымал әндерімді қосып қайта шығардым. Жасарып келе жатқан жоқпыз. Барған жерлерде «Эфирге көп шықпайсыз. Дискіңіз бар ма? Қайдан аламыз?», - деп сұрап жатады. Біреуге сыйлыққа берсең де, керек дүние екен. Диск 2000 данамен шықты. Бұл тек ән жазылған диск қана емес, жастық шақта жазған жырларым мен кейінгі жазған өлеңдерім топтасқан поэзия кітапшасы да болып шықты. Сонымен орысша айтқанда «два в одном» болды. Әрі диск, әрі кітапша музыка әлемінде кейінгі жылдары пайда болған жаңалықтардың баршасы қолданыла отырып, жаңаша салтпен жарық көрді. Идея өзімдікі. Бұл үшін қайта-қайта Алматыға баруға, қадағалап отыруға, біраз адамдармен жұмыс істеуге тура келді. Нәтижесінде көрген адам қызығатындай, ұялмай ұсына алатындай көркем дүние жасалды.
- Неге «Көздеріңе ғашықпын» деп аталды?
- Өйткені «Көздеріңе ғашықпын» әні - менің «паспортым», ал «Есіңе мені алғайсың» - «заграничный паспортым».
- Сіздің музыкадан хабарыңыз мол болғанымен, қайнаған ортасында жүруге неге талпынбайсыз? Не кедергі?
- Мен көрініп жүрмін ғой.
- Жоқ, эфирден көп байқай бермейміз.
- Теледидардан түспейтін әншілер өте көп, бірақ көпшілігінің бірде-бір әні құлағыңда қалмайды. Мәселе теледидардың бетін бермеуде емес, бір ән жазып, тыңдаушым ықыласпен қабыл алып жатса, сапалы көріну сол болмақ. Жұрт менің дидарымды тани бермесе де, әндерімді жақсы біледі. Өмір, тағдыр деген болады, музыкаға үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын мекемелерде жұмыс істедім. Сахнадан сырт қалатынымның себебі көп. Біріншіден, кәсіби музыкант емеспін, арнайы сауатым жоқ. Сондықтан бұл ортаға қосыла бермеймін. Өзімнің ән салатынымды білемін, жұрттың оны жылы қабыл алатынын білемін, сол себепті ел алдына сағындырып барып, сирек шыққанды жөн санаймын. Бала емессің, шаға емессің, ізетпен шақырған, құрметпен қабыл алатын жер болмаса немесе өзің жоспарлап шыққан арнайы сапарың болмаса, көпшілікті мезі ету дұрыс емес. Оның үстіне, біреу жазып берген әнді жаттап алып, фонограммаға жаздырып алып оңды-солды айтып жүрген әнші емеспін. Айтатын әнімді өзім жазам, оған аранжировка жазамын деп жүрген уақытта біршама уақыт өтеді, оны радиоға беру керек, телевизияға беру керек деп жүргенде тағы уақыт жіберіп аласың. Жыл он екі ай толғатып жүргенде, тағы бір көлденең жағдайлар туып қалады. Әйтсе де өзімнің көңілім қалаған жерден қалып көрген емеспін.
- Әндеріңізде мұңның сарыны басым. Жадыраған-жайнаған, қуаныштан тасып төгілген көңілдің күйін жырлауға не кедергі? Мұңлы ән сізді бірсарындылыққа ұрындырып жүрмей ме?
- Жоқ. Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» деген шығармасын оқысаңыз, Ақан мен Біржанның арасындағы диалогта біреуі: «Ән деген - зар», - дейді. Біреуі: «Ән - мінәжат. Ән жазған адам намаз оқымай-ақ қойса да болады», - дейді. Қазақ қарны шіреп тойғаннан, күмпиіп байығаннан ән жазған халық емес қой. Қайғырғаннан ән жазған. «Елім-айды» алып қараңыз. Әдебиетіміз бен тарихымызға көз жүгіртсек, қазақтың басында кілең аласапыран алмағайып уақыт, шапқыншылық кезең, ел мен жер үшін күрес, соған байланысты туған жоқтау, зарлау өлеңдер. Рас, қазақ қымызды ішеді, қызға ұрын барады, келіншекті қалжыңмен қағытады. Бірақ әдебиетке келгенде қазақ ондай мастыққа бармаған. Әдебиетінің әр жолын қорғасындай салмақты сөзбен құйып бекіткен. Сол секілді мен де жырларымды, әндерімді ішім пысқаннан, көңілім көтерілгеннен жазбаймын. Өзім қандаймын - жырларым да сондай. Ән адамға ой салуы керек. Жан дүниесін астаң-кестең етіп, толқытып-тебірентіп, түрлі сезімге бөлеу керек. Тыңдаушы сол әннен өзін тапса, өзін таныса, тіпті керемет.
- Әндеріңіздің орындаушысы - өзіңізсіз. Неге басқалардың орындауына бермейсіз?
- Білесіз бе, неге? Өзім орындасам ғана әнімнің қатпар-қатпары, айтқым келген сыры, мінезі ашылады. Мұны маған бәрі айтады. Тіпті Роза Рымбаева да бірде: «Лена, сенің әндеріңді тек өзің ғана айтуың керек. Басқалар бәрібір өзіңдей жеткізе алмайды», - деген еді. Өзім де соны анық сеземін.
- Сіздің әрі әнші, әрі композитор, әрі жазба ақын, әрі айтыс ақыны екеніңізді білеміз, тіпті бірді-екілі прозалық дүниелеріңіз де жарық көрді. Мәдениет министрлігінің жә деген шенеунігі болғаныңызды білеміз. Бұнымен қоса жазба айтыстың табиғатын зерттеп, ғылым кандидаты атаныпсыз, енді доктор болуға дайындалып жатқан көрінесіз. Осылардың ішінде қайсысы сіздің жаныңызға жақын?
- Құдайдың берген өнерінен артық ешнәрсе жоқ! Қызмет қуып, карьера жасауды мақсат етсем, бұл салада да жолымның болатынына сенімдімін. Мемлекеттік қызмет атқарып жүргенде де сеніп тапсырылған шаруа қолымыздан келмей «айкәпір» атанып көрген жоқпыз. Құдай маған бір ғана өнерді емес, бірнеше өнердің тізгінін ұстатты. Бұдан артық қандай байлық болуы мүмкін? Сахнаға шығуым керек екенін түсіндім. Әншінің сахнадағы өмірі санаулы уақытқа ғана беріледі. «Алла-тағала мыңдаған адамдардың ішінен таңдап тұрып, менің жүрегіме өнер салып берді, ендеше неге мен оны халыққа таратпаймын», - деген ой келді. Сөйтіп министрліктегі жұмысымды тастап, өнерге қайта келдім.
- Мемлекеттік қызметтен өзіңіз үшін бір нәрсе үйрендіңіз бе?
- Әрине, мемлекеттік қызмет адамға көп нәрсені үйретеді. Жауапкершілікке, бір жұмысты қолға алып, соны тиянақты орындап шығуға, уақытыңды дұрыс жоспарлап, тәртіппен жүріп-тұруға үйрену үшін таптырмас орын. Біз отбасы, ошақ қасында отырып алып «анау неге олай емес», «мынау неге бұлай емес», «танысың болмаса, өмірің қараң» деп біреулерді жазғырып, сөгіп сөйлеуге үйреніп алғанбыз. Ал ішінде жүргеннен кейін осындай нәрсеге басқаша қарай бастайды екенсің. Осы қоғамда өмір сүріп отырғаныңды, заң аясында сөйлеп, заң аясында жұмыс істеуді сезіну басымырақ болады. Алдыңа неше түрлі мазмұндағы хаттар, алуан түрлі адамдар келеді. Біреуді жақтайды, біреуді жамандайды, солардың ара-жігін ашуға, ақ-қарасын анықтауға тура келеді. Біреудің тағдырына араласасың, қисайып бара жатқан жерін түзеп жібересің, кеңес бересің. Осының бәрі өзіңнің азаматтық болмысыңа әсерін тигізетін дүниелер екен. Сондықтан мемлекеттік қызметтің маған пайдасы болмаса, зияны тиген жоқ.
- Сіздің 90-жылдарда айтыстың дүрілдеп тұрған шағындағы кезіңіз көбірек еске түседі. Әсіресе, маңғыстаулық ақын Мэлс Қосымбаевпен айтысқаныңыз. Қазір айтыса аласыз ба? Сөз жекпе-жегін сағынып, қайта шыққыңыз келетін кез бола ма?
- Шындасам, айтыса аламын. Жуырда ғана Маңғыстауда өткен республикалық ақындар айтысына мені әділқазылар төрайымы етіп шақырды. Ақынның қарсыласы сөзден тосылып, есесін жіберіп алып жатқанда, «қап, қап, мен болсам былай уәж қайтарар едім» деп делебем қозып, қопаңдап-ақ қалып отырдым. Тыңдап отырып, қарның ашады. Біздің заманымызда Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілевтер суырып салатын еді, қазір ақындар дайындалып айтысады. Дайындығы өз алдына, келісіп айтысатын келеңсіз көріністер де байқалады. Жас күнімнен қалған бір әдет, оңаша қалсам, іштей өзіммен өзім айтысып жүремін. Өзім сұрақ берем, өзім жауап берем, өзім жеңем. Айтыста ғана кездесетін сөз тіркестері, өлең иірімдері лықсып келіп тұратын кездер жиі болады. Айтысты алаңсыз тастап кеттім демеймін. Түбінде үлкен айтыстарға қатысатынымды ішім сезеді. Өйткені айтысты сағынамын...
- «Айтысты аластау керек» деген пікірге қосылмайтыныңыз белгілі...
- Әрине, қосылмаймын. Өйткені айтыс - қазақтың брэнді. Айтысты аластау деген сөз қазақтың бойынан сөзді сыпырып алып, мылқау етіп қою деген сөз. Айтысты шоуға айналдырудың қажеті жоқ, оған үкіметтік қолдау көрсетіп, мемлекеттік тұрғыдан қамқорлыққа алынуы тиіс. Бірақ үкімет қолдады екен деп, ақындардың аузын қақпақылдауға болмайды. Ақындарға еркіндік берілу керек.
- Ал сіз зерттеген жазба айтыс деген не, зерттеудің тобықтай түйіні неде?
- Сырдың бойы қазақ көп шоғырланған мекен. Олар әдебиетті тағылым түрінде тұрмысында пайдаланған. Жазба айтыс, әсіресе, Сыр бойында көп дамыған. Оның қалыптасып, дамуына мұрындық болған ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов. Аса оқымысты, білімді, діндар болған ол Шығыс идеологиясын, Шығыс сюжеттерін Сыр бойына өрбітуге барынша күш салған. Нәтижесінде, «Сыр сүлейлері» деген қазақ ақындарының шоғыры, өзіндік мектебі қалыптаса бастайды. ХІХ ғасырдың орта шенінен бастап ақындардың біліктілігін, өзара бәсекелестігін арттыру үшін жазба айтысты қолдан ұйымдастырды деп ойлаймын. Өйткені қараңыз, екі Жүсіптің айтысы әлденеше жылдарға созылған. Бүгінгідей телефон, Интернет, СМС жоқ, екі ақын бір-бірімен хат арқылы сөз, ой, шындық таластырған. Онда бостекі әңгіме болмайды. Бастапқыда екі ақынның арасында: «сен ақын емессің, мен - ақынмын», - деп басталған айтыс бара-бара парасатты, ғибратты реңкпен рулық, елдік сипат ала бастайды, қыза келе, оларға аралық басалқы сөз айтатын басқа ақындар да қосылып кетіп, аясы кеңи түскен. Солардың бәрінің басын құрап, жинап оқығанда, сол кездегі тарихтан, сол кездегі ақындардың біліктілігінен хабар беретін ұзақ қисса, дастан шыққан. Сырдың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, ол шығыстық сипаттағы (еуропалық емес) өлең-жырлар, насихат өлеңдер, термелер, дастандар алып келді. Менің диссертациям сол бай мұраның жай алғысөзі сияқты кішкентай бір бөлігі ғана. Ал жалпы жазба айтыстың тарихы тура бір ғасырға созылған. Терме мен жырсыз қазақ әдебиетін көзге елестету өте қиын, алып тастасаңыз, бір бүйірі оңбай ойсырап қалады.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282