Жұма, 22 Қараша 2024
Өмірдің өзі 4984 17 пікір 24 Желтоқсан, 2018 сағат 08:26

Тықсыру   

(Аңыз желісі бойынша)

Қалың орман арасында бір көз тартар биік шырша өсіп тұрған. Мінезі жайдарлы. Басқа ағаштардай тамырынан нәрленіп, әсем ғана тербелетін. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын. Сымбатына қарамастан ешкімге мақтанбайтын, соқтықпайтын. Күнделікті өз шаруасы – айналасына  таза ауа таратудан әсте жаңылмайтын.  Жан-жағына жоғары көңіл-күй, нұр шашып тұрған шыршаны баршасы жақсы көрді. Сүйді, ғашық болды.

Күндердің бір күнінде,  қыс басталысымен бір топ адам көлігімен келіп, шыршаның түбінде ұзақ кеңесті. Ақыры, бір байламға тоқталып, құрал- саймандарын алып, шыршаны  түбінен әдемілеп кесті де, көліктеріне ұқыптап тиеп алып кетті.

Түп-тамырынан айырылған шырша күрт өзгерді. Бұрынғы қадір-қасиетінен түк те қалмады. Қаланың қақ төрінен орын алып, үлде мен бүлдеге оранғалы, тіпті есіріп кетті. Жұрттың тамсана қарап, айнала билеп, ән салуы есінен адастырды.

– Үш ай қыс менің меншігімде! Басқа мереке-мейрамдарға жол жоқ!

Жұрттың бәрі тек мені қызықтауы тиіс! – деп лепірді.

Сондай күндердің бірінде Сайын Дала төрінде жұртты өзіне қаратқан бір мейрам пайда бола кетті. Ол 1991жылғы 16 желтоқсандағы Қазақ елінің Тәуелсіздігі күні еді.

Бұл жаңалық – Жаңа жылдық  шыршаға  мүлде ұнамады. Төтеннен пайда болған бәсекелесін сүріндіруді ойлады.

Дереу өзі тағдырлас тамырынан, болмысынан ажырап қалған елдерден, адамдардан,  шыршалардан көмек сұрады.

Рухсыздар неше түрлі үгіт-насихаттарын, жүгенсіз фильмдерін, жылтырақ ойыншықтарын, тәттілерін т.б. ұлтсыздыққа итермелейтін арзанқол заттарын Сайын Далаға қаптатып,  қызықтыра бастады. Тәуелсіздіктің рухын сындыруға, тамырынан нәр алып,  қуаттануына  жол бермеу үшін жанталасып бақты. Бір Құдай қолдаған Тәуелсіздік бала тәй-тәй басса да, өз жолынан, өз мұратынан адаса қоймады. Өйткені, оның нәр алар ұлттық тамыры бар еді. Жыл өткен сайын  есейе берді. Сайын  Даланың рухы көтеріліп, халқының бірлігі нығайа түсті.

Мұны  көрген тамырсыз тексіздер:

– Енді істеу керек?! – деп даурығысты.

– Араққа тойдыру керек! – деді біреуі.

– Ойбай-ау, арақпен улап, тамырын жоямыз дегендердің өздері  уланып, тамырларынан ажырап қала жаздаған жоқ па?! Бұлардың тамыры тереңде жатыр ғой! Улана қоймас! – деді екіншісі өкінішін жасыра алмай.

– Онда ... Онда бұларға ел бұзар түрлі діни ағымдарды қаптатайық! Жылдар бойы діннен ажырап қалған байғұстар,  «соқыр тауыққа бәрі бидай» демекші, кімге, неге сеніп жатқандарын ажырата алмай, өзара қырқысып, тәуелсіздігін жойып тынар...

Тамырдан ажыраған рухсыздар  осындай келісімге келіп, тарқасты. Көп ұзамай жас Тәуелсіздікке қарсы неше түрлі діни ағымдарын қаптатты. Алайда, бұл зымияндықтарынан да түк шықпай, іс-әрекеттері  әшкере болып қалды.

– Ойбай, құрыдық! Масқара болдық! – деді тағы   бас қосқанда, тамырсыз елдің  бір тексіз міскіні

– Не болып қалды!

– Әлгі... Әлгі діни ағымдардың әсерінен пайда болған  сақалдылары  елді  бүлдірудің орнына бірігіп, «халал» дей ме , «залал» дей ме, сақалдарын сапситып, өзімізге шабуыл жасап жатыр ғой!

– Не дейт!

– Әнеугүні біз дайындаған сол сақалдылар  «харам!» деп  Санта –Клаусымызды қуып жүріп ұстап алып, сақал-мұртын, шапанын сыпырып алып, жалаңаш күйі ішегі қатқанша қытықтағандарын айтсаңызшы!

– Біздің жақта да сөйтіп, Сантамызды «піскен шаян» деп алдарына салып қуғанда, әлгі байғұстың еріксіз  тырқылдатқаны есімнен кетпейді-ау!

– Әнәу Жаңаөзенде өздерінің киіз үйлеріне тиіспей, біздің Жаңа жылдық шыршамызды шалқасынан салып, өртегендерін-ай!

Тамырсыздар енді жылап-сықтауға көшті.

– Қарағандының қақ ортасында,  сауда үйінің алдында маңқиып тұрған шырша өзінен өзі өртеніп кетті...

–   Сосын... сосын бар ғой Тараз қаласының орталық алаңындағы шырша кешкісін  қарап тұрып өзінен-өзі өртенді емес пе?! «Шырша» деген соң ба, техникалары да  жылжымай-ақ қойды.

–  Хабар уақытында тисе де, тым кеш келді-ау!

–  Қанша  техника , өрт сөндірушілері  жабылса да,  түк бітіре алмады. Лап етті де, бәрін тып-типыл қылды...

–  Жо-жоқ!... Уақытында келуін келді-ау, бірақ техникаларында су болмай шықты. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деген рас екен. Ұялғаннан ауыздарымен үрлеп сөндіргісі келгендей,  «уф-уф!» дегендерін-ай!

–  Бұл Сайын Даланың жемқорларына дейін ұлтшыл екен!

–  Қалай?!

–  Қалайы несі?! Біздің шыршаға келгенде,  суларының таусылып қалғанына қарағанда, су құюға тиісті қаражатты ұйымдасып жеп қойған ғой!...

–  А-а, солай де!...

Даурыққан тексіздердің даусы семер емес. Сайын Дала төсіндегі көрген зорлық-зомбылық, зәбірлерін жамыраса айта берді. Зарлары тіпті де таусылмайтындай!

– Алматыдағы өртті айтсайшы...

– Павлодардағы ше?!..

– Қызылордадағыны-ай..

Зарлы тізім таусылар емес. Бір-бірімен  жарысып жатқандай. Сырттай қарағанға,  Қазақстандағы бүкіл шырша өртеніп, зікір салған бақсылардың  қолына өткендей.  Осылайша жаппай зарланып жатқандарында тосыннан:

– Жә-жә, зарлай бермеңдер, түге! Бар бәлені бастап жүрген өздерің емес пе?! – деген қаһарлы дауыс бәрінің үрейін ұшыра жаздап, ауыздарына құм құйды.

Бұл дауыс-есейіп қалған дала  рухы – Жас Тәуелсіздіктің даусы еді. Балаң болса да, ұлттық негізінен нәр алып, аяғына нық тұрған  Даланың жас Тәуелсіздігі – ұлттық болмысынан айырылып қалған тамырсыздарға  осылайша алғашқы соққысын берді.

– Сендер өздеріңнің тексіз дәстүрлеріңді қаны да , жаны да таза Дала перзенттеріне күштеп енгізулеріңді тоқтатыңдар! Сендерде не оңған дәстүр бар?!...

Тамырдан безгендер қарсылықтарын білдіргісі келіп, қозғалақтай бастағанда, жас Тәуелсіздік ауыздарын аштырмай, бастырмалатып:

– Мысалы, мына сен кімсің?! – деді қылымси қарап тұрған сақалдыға.

– Әншімін.

– Еркексің бе,  ұрғашысың ба?!

– Ұрғашымын...

– Жоқ, сен ұрғашы емесің, еркексің!

Солай деді де, жас Тәуелсіздік әлгіге «Көрсет!» деп ақырды.  Сақалды қорыққаннан  бұтындағы лыпасын сыпырып жіберді.

– Мынау тұрғанда ұрғашымын деуіңе жол болсын!

Әлгі қысылып қалды.

– Сіз оны түсінбейсіз... менің сыртым еркек болғанмен, ішкі жан дүнием – ұрғашы ...

– Өйдөйт дерсің! Құдай қалай жаратты,  солай болуға тиістісің! Әлде Жаратқанның жаратқанына қарсымысың?!

Әлгі қылымсыған сақалды әнші  бөксесін бұлтың еткізіп, бірдеңе демекші боп еді, жас Тәуелсіздік сөзін бөліп жіберіп, екіншісіне ақырды.

– Ал, сен кімсің?!

– Еркекпін, – деді гүрілдеген  біреу ауызындағы темекісін бұрқ-бұрқ еткізіп.

– Ештеңең көрінбейді ғой!

– Салдырып аламын...

Мына жауапқа жас та болса, бас бола бастаған Тәуелсіздік шын қатуланайын деді.

– Не, сендерге Құдайдың жаратқаны алып-салатын көліктің  қосалқы бөлшегі ме?!

Тамырсыздар шынымен сасуға айналды. Жас Тәуелсіздік одан әрі  қысымын күшейте түсті.

– Әй, тексіздер, сендер тым болмаса өздеріңнің тамырларыңды, тарихтарыңды білуге талпынсаңдар нетті?!

– Бі...білеміз ғой.

– Білсеңдер, жылтырақтарыңмен көмкеріп қойып, қыс бойы лепіртетін мына     Жаңа жылдық шыршаның қайдан пайда болған тарихын білесіңдер ме?!

Тамырсыздар жымың ете қалды.

– Әрине, ол біздің ежелден келе жатқан дәстүріміз...

Жас Тәуелсіздік олардың сөзін аяқтатпай, бөліп жіберді.

– Жоқ! Ол сендердің ежелден келе  жатқан дәстүрлерің емес!

Мұны естігенде, тамырсыздар бір-біріне қарап жымыңдасты. Жас Тәуелсіздіктің әлі де «шикі» екеніне күлді. Олардың осындай зымиян ойларын тез аңғарған Сайын Дала Тәуелсіздігі:

– Сендер зымияндықтан басқаны білмейтін жандар екенсіңдер-ау! Олай болса, тыңдап, мына тауықтың миындай миларыңа тоқып алыңдар.

Аңыз бойынша , ертедегі түркілер Құдай мен аруақтар мекені – жер шарының тура кіндігіде тіршілік еткен Жер-Судың (Иерсу) құрметіне арналған «Шыршалар мерекесін» жылда 25 желтоқсанда күннің  түнді жеңуі құрметіне  атап өтеді екен.

Жер-Судың  жанында ақ сақалды Үлкен (Ульген) есімді данагөй шал жүреді дейді. Шыршаны  безендіру де сол кезден қалыптасса керек. Сендердің шыршаларды тамырынан ажыратып, өздеріңе теліп жүрген мейрамдарыңның түп негізі – міне, осылай біздің бабаларымыздың  дәстүрінде жатыр. Бірақ «бір тал кессең, он тал ек» деген  бабаларымыз шыршаны жаппай кесуге тиым салған. Сендердей табиғатты тонаушылар болмаған! Сондықтан өз тарихтарыңды біліп жүргейсіңдер!

Сайын Даланың жас Тәуелсіздігінің асқақ үнін естіген тамырсыздар өз  тарихын білмейтіндіктерін,  тамырынан ажырап қалғандарын іштей мойындап, үнсіз қалды.

Тәуелсіздіктің асқақ үні енді бүкіл әлемге естіле бастады.

– Біз –Рим  империясын құлатып, бүкіл адамзатты құлдық қоғамнан азат еткен Еділ (Аттила)  батырдың тікелей ұрпағымыз.  Бүгінде біз – Азатпыз! Қазір біздің алдымызда әлемді тұмшалап алған  рухсыздық қоғамның тұманынан  бүкіл адамзатты құтқару міндеті тұр. Сондықтан,  халықтар достығын, бірлікті,  ынтымақтықты, ұлттық дәстүрлер мен тілдерді құрметтеу арқылы рухсыздыққа қарсы шығып,  бүкіл әлемді мейірім шапағатына  бөлейтін, тамыры тереңге кеткен, бір-бірін құрмет тұтатын қоғамның негізін саламыз!

Енді бүкіл қыс мезгілін өздеріңе жеке меншіктеуді доғарыңдар! Сайын Даланың ең қасиетті мерекесі – «16 желтоқсан – Қазақ елінің Тәуелсіздігі күнін»  сендердің көлеңкелеріңде  қалдыра алмаймыз. Халықтың  Жаңа  жылды шыршамен қарсы алуына қарсы емеспіз. Тек  алдағы уақытта Жаңа жылдық  шырша  Тәуелсіздік күнінен  кейін ғана орнатылатын болады!

Бұл асқақ үндеуді естіген рухсыздар мен тамырсыздар жаңа әлемнің жас Тәуелсіздігінің ішкі қуатын сезініп, өздерінің бұл өмірден тықсырылып бара жатқандарын түсінді.

Көп ұзамай , тамырынан айырылған бір кездегі әсем шырша да, дәурені өтіп, үлдесі мен бүлдесінен айырылып , ешкімге керексіз күйде қоқыста жатты. Есесіне , тамыры беки түскен Жас Тәуелсіздіктің рухы биектей берді.

Нұрбай  Жүсіп

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5264