"Ворошилов атқышы" һәм қазаққа сабақ
Иә, орыстың "Ворошилов атқышы" фильмін көрмеген адам жоқ болар. Бұл фильм өзінің рухани мықты саясатымен дүниеге келді, және биік тұғырдан көрінді. Бұл киноны түсіруге арқау болған қандай себеп екен? Бұл фильм күллі орыс атаулының артын жапты. Күллі орыстың рухын асқақтатып беделін көтерді. Шын өмірде олай болмаса да күллі орыс халқының шалдарын намысты етіп көрсетті. Фильм сарыны бірқалыпты, қарапайым, жасандылық жоқ, шынайы өмірден алынған, шындықты мықты бейнелеген. Бұл фильм көпшілік көрермендерге ой салды әрі намыстарын қайрады. Орыс фильмдерінің ішіндегі үздігі, дәл осы киноға жететіні жоқ, қайталанбас туынды болды. Дегенменде, басында бұл фильмге «үйтуге болмайды, самосуд жасау заңға қайшы» дегені сияқты қарсы таптар көбейген. Әрине, мұндай намыс оятар ақиқат фильмге билік пен құзырлы орындар ғана қарсы шыққан болатын. Бірақ, «ит үреді, керуен көшеді» дегендей, бұл фильм кім-кімнің де қарсылығына қарамастан әлем бойынша мықты туындылардың бірегейі екенін мойындатты. Станислав Говорухиннің бұл фильмі 1999-шы жылы жарыққа шықты. Басты рольді Михаил Ульянов өте шебер орындап шықты. (Кезінде Ленин, Жуковтардың рольін сомдаған мықты актер) Тіпті бұл фильмді түсіруге сол ауылдың барлық адамдары арқау, себеп болды. Біреулері фильм түсірушілерді ішіп-жеммен қамтамасыз етсе, біреулері фильмге керекті-жарақтыларды үйлерінен тасып көмектесті. «Көп түкірсе көл» деген, осылайша көпшіліктің желеуімен, мықты ауызбірліктің арқасында тың туынды дүниеге келді.
* * *
Ал енді фильмнен қысқа да нұсқа көрініс келтірейік
«Бұ дүние менің табанымның астында» деп ойлайтын полковниктің ерке ұлдары өз достарымен рахат өмір кешіп жатты. «Бұ дүниедегі рахаттың бәрі тек қана біздер үшін» деп ойлайтын еркетотайлар ойына келгенін істеуде шектен шықты. Саз мектебінен шығып, жәймен үйіне кетіп бара жатқан ауылдың қарапайым момын қызын манағы еркетотайлар үйге алдап-сулап кіргізіп алып, шампан ішкізіп, ішімдігіне «басқа тиер» қоспа қосып, кейін үшеуі ойына келгенін істеп зорлайды. Түсте үйге кірген қыз үш қылмыскерден түн ауа босап шығады. Үйге келе жылайды. Нағашы атасы істі дереу түсіне қояды. Намыстан күйген шал қызынан туған жиені үшін қолына балтасын алып көшеге шығып кетеді. Оны көріп қалған ауыл учасковойы шалды сабырға шақырып, үйіне қайтарып, балтасын алып қалады. Кейін бұзақылық жасалған жерге учасковойдың шақыруымен милициялар келеді. Бірақ, іске еркектотайлардың әкесі полковник араласып істі дереу жауып тастайды. Яғни, сыбайлас, жемқорлығы асқынған қоғамның күшінде тұрған кезі. Шал жоқта полковник шалдың үйіне келіп зорланған қызға «ауызбастырық» ақша беріп кетеді. Оны естіген атасы одан бетер ызаланып ақшаны полковниктің үйіне іздеп барып бетіне лақтырады. Себебі, шал ақшаға сынатын сатқындар қатарынан емес еді.
Намысты шал әбден зығырданы қайнап күйіп, ызадан булығып қалың тұман ойдың шырғалдаңына шырмалады. Бұл жерде шал көп нәрсені түсінді. Көпті көрген ақылды қария сабырға келіп, «мұндай жағдайда не істеу керегін» ойластыра бастайды. Кеудесінде намыстың шоғы қайнаған от кеуде кек алмай тыныштық таппайтынын о баста сезген. Иә, намысты қолдан бермейтін шал түндерін ұйқысыз, алға қойған жоспарын ой елегінен өткізумен болды. Мың ойланып, мың толғанып ақыры шал ескі бір үйін сатып, ақшасына қару сатып алуды ұйғарды. Ондағы мақсаты біреу – тек қана кек алу, ауыздарынан доңыз сүті құрғамаған сасық торайларға мазақ болмау!
«Сұрай-сұрай Меккені де табарсың, ең бастысы ниет» деген, шал Мәскеуге барып қара базардан нысанаға дөп тигізер көздігі бар винтовка сатып алады. Үйіне келіп сан-қилы ойдың ілмегін ағытады. Ақыры, «әрекетке – берекет» деген, шалдың жиенін зорлаған қылмыскерлердің «бүгін тағы қандай жемтік бар» деп тышқан аңдыған мысықтай дүрбі салып отыратын (балкон) қылтимасына қарсы бір пәтер оңай табыла кетеді. Пәтер иесі 3 аптаға бір жаққа кететін болып, «үйді қарап қойыңдаршы, өтініш» деп, шалдың жиен қызына пәтер кілтін тастап кеткен болатын. Шал осы пәтерді тиімді пайдаланудың жолын жүзеге асыра бастайды. «Аңдыған алмай қоймайды» деген, үш қылмыскер қылтимадан көрініп шампан аша бастайды. «Темірді қызған кезде соқ» дегендей, снайпер шал қарсы үйден басында дыбысжояр глушагы бар винтовкамен бұтының ортасына салып аша алмай отырған шампан шөлмегін қылмыскердің қуық-тәнімен қоса бір-ақ атады. Шаруа бітті дей бер.
Жұрт болған оқиғаны шампан шишасынан көреді. Шалдың мойнынан 90 пұт жүктің отызы түскендей болады. Әлі 60 пұт салмақ бар. Екінші кезекте полковниктің қылмыскер баласының параға алған БМБ автокөлігінің жанармай құятын қақпағынан атып түсіріп көлікті от құрсатып әуелетіп жарып жіберіп мойнындағы 30 пұт салмақтан және құтылып тастайды.
Осы ретте полковниктің іші бірнәрсені сезеді. Лауазымның аты лауазым, полковник экспертиза алдырып автокөлікті қасақана атқанын дәлелдеп шығарады. Бірақ, атқыш кім? Ол жағы беймәлім. Полковник істі насырға шаптырып жүрген шал екенін сезеді. Шалдың үйіне тінту жүргізеді. Біліп қалып кілт тастаған көршінің үйін де тінтеді. Бірақ, шалдың ұсталатын жерінен ауылдың учасковойы көмектесіп шалдың мылтығын жасырып аман қалдырады. Ендігі кезектің үшінші балаға келгенін сезіп, үшінші қылмыскер есінен алжасып қалады. Ақыры үшінші бала ұйқыдан айрылып мылтық ұстап отыратын жағдайға жетеді. Ақыры үйіне атүсті кірмек болған сабырсыз әкесін «өзін өлтіруге келген адам» деп ойлап атып тынады. Іс осымен тамам!
* * *
«Жақсылық жасасаңда жамандық жасаңда алдыңнан шығады» деген, дұрыс, бірақ оны алдынан шығару үшін әрекетін жасау керек! Бұл фильм, төбесі тесік адамға біраз нәрсені ұқтырғандай. Бұл фильм – биліктен, азған қоғамнан зәбір көрген орыс ұлтын батпаққа бата бермей басын көтеруге, намысын оятуға, тірілуге септігін тигізді. Және орыс халқын ояту үшін арнайы таңдалып барып түсірілген.
Бізде де солай, бұл заман дерті! Бізде де талай жазықсыздар құзырлы орын жалмауыздарының жезтырнақтарына ілінген. Сондай кезде құзырлы орындардан жәрдем сұрау – тышқандардың «бізді мысықтар қырып жатыр» - деп мысықтарға шағымдануы іспеттес. Басқа қандай ма бір іс түскенде, ақиқат пен заң бұрмаланғанда, лауазым мен пұл ортаға түскенде, адамгершілік сипат ада болғанда, фильмдегі шалдың идеологиясы мықты үлгі секілді.
Барлығыңа осы фильмді бір көруге кеңес беремін! Ал енді кезінде түсірген біздің «Көксерек» фильімін айтсаңдаршы. Біздің қазақ ұрпақты тәрбиелеуді қасқырдың бөлтірігімен ұштастырған. Яғни, қайсарлықты бөлтіріктен үйрен деген. Оны ұғатын ер қайда?! Біздің бұл фильм шетелді мойындатқан.
Мен 1988 жылы Германияда Кензбюрг қаласында әскерде жүргенімде неміс телеарналарынан «Көксерек» фильімі неміс тілінде жүріп жатқанын көрдім. Бір есімде қалғаны, әжесі Құрмашты: «Қурмаш, комсымир» деп шақырып жатқаны. Сол кезде жанарға мөлтілдеп жас келген. Ал қазір ұрпаққа ой салар ондай туындылар қайда? Ұрпақ үшін еңбек етер мықтылардың бәрі мен үшін өлген. Мысалы, дайын сценарий, дайын өнім, шынайы өмірден алынған, кезінде күнделікке түртілген, сол Германияда дүниеге келген, бастан кешкен «Әскер – менің мектебім» атты 30 бөлімнен тұратын туындыны фильм қылып жарыққа шығарса ұрпақтың ұлтшыл болып қатайуына септігін тигізері хақ еді! Әй, қайдам, пайдасы өз қарабасынан аса алмайтын халыққа да айналдық-ау!
Тұрар Шапқара
Abai.kz