Жұма, 22 Қараша 2024
8000 48 пікір 26 Желтоқсан, 2018 сағат 18:46

Мейірімді Мезгілбаева Перегуданы Қазақстанда қалдырды

Бүгін Алматы қаласындағы Бостандық аудандық сотында Диана Перегуда дейтін Ресей Федерациясының заңды резидентін ҚР Заңнамаларын бұзып, қылмыстық жауапкершілкке тартылғаны үшін елден аластау (депортациялау) ісі қаралды.

Сөйткен сотқа біз де бардық. Сот отырысына қатысып, тараптардың талап-арыздарын, ақталу сөздерін тыңдап қайттық. Әуелі бүгінгі соттың негізгі фигуранттары жайлы аз-кем ақпар берейік.

Сотты жүргізген судья – Мезгілбаева Гайде Ермекқызы. Бостандық аудандық сотының судьясы.

Сот отырысының хатшысы – Ерніс Алмас Еркінұлы.  Бостандық аудандық сотының қызметкері.

Жауапкер – Диана Перегуда. Перегуда – Федерациясының азаматы. Қазақстанда туып-өскен екен. Азаматтық некеден бір баласы бар. Баласы –ҚР азаматы. Ал өзінің туған шешесі – РФ азаматы.  Қазақстанда жүріп-тұруға рұқсаты бар (вид на жительство).

Биылғы жылдың 13-сәуірі күні Бостандық аудандық сотында Диана Перегуданың ісі қаралып, Қазақстанның мемлекеттік тілін, қазақ тілін кемсіткені үшін, қазақ тілінде сөйлейтін адамдарды «мамбеты» деп балағатап, қазақ қызы Әсел Назарбаеваны қазақша сөйлегені үшін аяусыз соққыға жығып, тепкінің астына алғаны үшін айыпты деп танылған. Ол кезде істі Кван Елена Робертовна дейтін кісі жүргізген еді.

Диана Перегуданың жасаған қылмысы жайлы егжей-тегжейлі Abai.kz ақпараттық порталында 2018 жылдың 5-сәуірі күні жария болған «Қазақтар қазақша сөйлегені үшін... қазақ қызы соққыға жығылған» атты мақаладан және 13-сәуір күні жарияланған «Әселдің жеңісі – қазақ тілінің жеңісі!» атты мақалалардан оқып, біле аласыздар.

Қорғаушы – Смағұлова Жанар. Жанар ханым Әсел Назарбаеваның арызы бойынша Перегуданы қылмыстық жауапкершілікке тарту ісінде де оның қорғаушысы болған. Айтпақшы, кезекті бір сот отырысында ол: «Мамбеты» деген балағат сөз емес, ол Мұхаммед пайғамбардың есімі», –деп сөйлеген еді.

Арыз беруші – Алматы қалалық ІІД. Бүгінгі сотқа Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің өкілі, капитан шенді Сураншев (аты-жөні анық естілген жоқ) дейтін адам келіп қатысты. Бұдан бөлек сотқа қосымша қамқорлық органының өкілі де қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, бұл –Диана Перегуданы Қазақстаннан аластау ісі бойынша өткен алғашқы сот отырысы емес. Бұған дейін 24-желтоқсанда алғашқы сот болған. Ол отырыс бүгінгі күнге шегерілген. Оған Диана Перегуда келмеген. Ол туралы Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған «Қазақты депортациялауға құмар соттың қауқары Перегудаға жетпей отыр» атты мақалада үтір-нүктесіне дейін баяндалды.

Сот қалай өтті?

Сот отырыс қалай өтті, қандай шешім шығарылды? Енді сол туралы жазайық:

Бүгінгі сот отырысы айналасы 30-40 минуттың ішінде өтті. Іс орыс тілінде жүргізілді. Себебі, Алматы қалалық ІІД-нің арызы орыс тілінде берілген.

Сотқа Әсел Назарбаева бастап, біз қостап, бар-жоғы жеті адам бардық. Жететуіміз де сот залына кірдік. Сот отырысы ашық болғандықтан, біз тыңдаушы ретінде қатыстық.

Сот отырысына Диана да, оның қорғаушысы да өз уақытында келді. Процесс басталмай жатып, тіпті судья залға кірер-кірместен Перегуда мен оның адвокаты бізге дауыс көтеріп, өздерін суретке түсіруге қарсы екендіктерін және суретке түсіру үшін әуелі судьядан рұқсат алуымыз керектігін ескертті. Біз сот отырысы әлі басталмағанын алға тарттық.

Сөйтіп, отырғанда қуықтай ғана сот залына судья Мезгілбаева кіріп келді. Сөйтіп отырыс басталып кетті.

«Сөзге шешен» Сураншевтің дегендері:

Әуелі, арыз иесі, Алматы қалалық ІІД-нің өкілі сөйледі. Сөйледі дегенде қалай, алдын ала жазып келген екі-үш беттік баяндамасын бас алмай оқып берді. Өз жанынан алып-қосқаны болған жоқ. Түсінгеніміз – Алматы қалалық ІІД РФ азаматы Диана Перегуданы елден қуудың негізгі себебі ретінде – миграциялық тәртіпті бұзғанын алға тартыпты.

Сонда қалай? Қазақстан Заңнамаларын бір емес, бірнеше мәрте бұзған, қылмыстық жауапкершілкке тартылған. Сотталған. Айыбы сот арқылы дәлелденген. Жазасын өтеген. Өтемақысын төлеген. Өзі бөтен елдің азаматы бола тұра, Қазақстанның мемлекеттік тілін һәм оның заңды азаматтарын балағаттап, күш қолданған, қоғамға залал-қауіп келтірген адамды осы жасаған қылмыстары үшін емес, көші-қон тәртіптерін бұзғаны үшін ғана айыптау қаншалықты әділетті?


Бұл ретте "Қазақстан Республикасының Заңнамаларын өрескел бұзып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған шетел азаматы автоматты түрде Қазақстан аумағынан шығарылады" деген ҚР 2014 жылғы 3-шілдесіндегі № 226-V ҚРЗ Қылмыстық кодексінің 40-бабы, 3-тармағы, 51-бабының 1-тармағы, 2-тармағы ескерілмегені қалай?

Аталған баптарда: (ҚР 2014 жылғы 3-шілдедегі Қылмыстық кодексінің «Жаза түрлері» деп аталатын 40-бабының 3 тармағында «Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар:

-шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін», деп,

Ал «Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды ҚР шегінен тысқары жерге шығарып жіберу» деп аталатын 51-баптың 1-тармағында: «Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу осы адамның Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, мәжбүрлеу тәртібімен орындалады», 2-тармағында: «Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жіберу жазаның қосымша түрі ретінде тағайындалуы мүмкін және жазаның негізгі түрі өтелгеннен кейін орындалады», деп тайға таңба басқандай анық жазылған).


Жә, жаңағы капитан Сураншев бес минуттық баяндамасын оқып болысымен, орнына жайғасты. Одан кейін аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп, отырды да қойды.

Процесс ортасында судья Мезгілбаева капитан Сураншевті қайта тұрғызып, егер Перегуданы депортациялайтын болса, қылмыстық сот үкімі бойынша белгіленіп берген қосмыша 100 сағаттық жұмысқа жегу жазасын қалай өтейтінін сұраған еді. Сураншев мырза тілін жұтқан адамдай, «а-а-а, е-е-е» дегеннен басқа дені сау сөз айта алған жоқ. Өстіп тұрғанда, Сураншев тұрған трибунаның тап қасында отырған Әсел Назарбаева: «Оның барлық жазасы амнистияға ілінді» деп сыбырлады. Содан кейін ғана капитан Сураншев: «Оның барлық жазасы амтистияға ілінген» деді. Осыдан кейін капитан Сураншев мүлде сөйлеген жоқ. Тек ара-тұра: «Қарсылық жоқ» дегенді айтып қана отырды.

Адвокаттың ақтау сөзі:

Содан кейін сөз тізгіні Перегуданың қорғаушысы Жанар Смағұловаға тиді. Ол өз кезегінде тосылып қалған жоқ. Диананың өзіне тағылған барлық жазаны орындағанын, оның кәмелетке толмаған кішкене баласы барын, Диананың Қазақстанда туып-өскенін, туған-туыстарының Қазақстанда тұратынын, Ресейде ешкімі жоғын алға тартып, ақтап сөйледі.

Айтпақшы, адвокат Смуғұлова мемтілге жүйрік демесек те, сөйлей алады екен. Сөз арасында залда отырған тыңдаушылармен де тілге келіп, қазақ тілінде сөз жарыстырып отырды. Смағұлованың сөзсайысы туралы кейінірек жаза жатармыз...

Адвокаттың ақтау сөздерін естіп болған соң, судья Мезгілбаева тараптардан «қосымша сұрақтарыңыз бар ма?» деп сұрады. Жаңағы капитан да, адвокат та сұрақ қоймады.

Диана Перегуданың сотта айтқандары:

Содан кейін судья Мезгілбаева Диана Перегуданы тұрғызып, өзі сұрақ қойды. Перегудаға сөз берді.

Әуелде сотқа келген бізге кіжірейе қарап, кекірейіп отырған Перегуданың мінез-құлқы әп-сәтте өзгерді. Баласы Қазақстан азаматы екенін, Ресейде ешкімі жоқ екенін айтып ағыл-тегіл ақтарылған Перегуда біраздан соң ебіл-дебілі шығып жылады. Еңірегенде етегі жасқа толды. Өзін баласынан айырмауын сұрады.

Судья Перегуданың қайда туғанын сұрады. Перегуда БҚО, Оралда туғанын айтты. Онан соң, Ресейден көшіп келгелі бері қанша уақыт болғанын сұрады. Диана 9 жасқа толғанда ата-анасының жұмыс ауыстыруына байланысты, Ресейдің Кемер облысына көшкен екен. Сөйтіп, сол жақтан Ресей азаматтығын алған. Бірақ, ол жақта айналасы 3-3,5 жылдай ғана тұрып, Қазақстанға қайта келген.

Әрі қарай, Мезгілбаева Диананың қазір қайда тұрып жатқанын сұрады. Перегуда қазір Алматыда, шешісінің атына жазылған пәтерде тұрып жатқанын айтты.

Судья: «Сіздің анаңыз ҚР азаматы ма?» деп сұрады. Сөйтсе, Диананың анасы да күні бүгінге дейін Ресей азаматы екен.

Судья: «Сіздің әкеңіз ҚР азаматы ма?» деп сұрады. Диана: «Иә, ол азаматтық алды» деп жауап берді.

Судья Мезгілбаева осы уақытқа дейін не себепті ҚР азаматтығын алмағанын сұраған еді. Перегуда бұл сұраққа маңдытып жауап бере алмады. «Мен Қазақстан азаматтығын алғым келеді. Мына сот аяқталған соң, сәл демалып алып, қаңтардан бастап азаматтық алуға жүремін» деді.

Енді есептеп көрейікші, Диана Перегуда 1987 жылы туған. Қазір жасы 31-де. Ол 9 жасында Ресейге кеткен. 3,5 жылдан соң Қазақстанға қайтып келген. Демек, Қазақстанға қайтып келген жылы Диана 12 жаста болған. Егер өзі айтқандай, Қазақстан азаматтығын алуды армандап жүрсе, осы 19 жылда Перегудаға паспорт ауыстыруға не кедергі болды?

Одан кейін, ҚР Заңнамалары бойынша, ҚР Қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болған шетел азаматы ҚР азаматтығын емін-еркін ала ала ма? Жоқ.


«ҚР азаматтығы туралы» ҚР 1991 жылғы 20-желтоқсандағы № 1017-ХХІ Заңы бар. Ол Заңға Жаңа рекдация 11.07.2017 жылы № 91-VI Заңымен енгізілген.

Аталған Заңның «ҚР азаматтығына қабылдаудан және ҚР азаматтығын қалпына келтіруден бас тарту негіздері» деп аталатын 17-бабында былай деп жазылған:

Егер Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы өтiнiш білдірген адам:

1) адамзатқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаса, Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне әдейi қарсы шықса;

2) Қазақстан Республикасы аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;

3) ұлттық қауiпсiздiкке, халықтың денсаулығына нұқсан келтiретiн құқыққа қарсы әрекетті жүзеге асырса;

4) ұлтаралық, конфессияаралық және дiни араздықты қоздыратын болса, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тiлiнiң қолданылуына қарсы әрекет жасаса;

7) басқа мемлекеттiң азаматы болса;

9) Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегінен тыс жерлерде қасақана қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен солай деп танылған, соттылығы алынбаған немесе өтелмеген болса;

10-1) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініш бергенге дейінгі бес жыл ішінде бірнеше рет Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзса, ол адамға азаматтық берілмейді деп жазылған.


Әрі қарай, судья тараптардың бір-біріне сұрағы бар-жоғын сұрады. Капитан Сураншев те, адвокат Смағұлова да сұрақ қоймады.

Одан кейін, судья қамқорлық органы өкіліне сөз беріп, Перегуданы елден қууға қатысты пікірін білді. Егде жастағы нәмі орыс кемпір баласы үшін оны Қазақстанда қалдыруды сұрады. «Ол амтистияға ілінгендіктен, ол кінәсіз. Кінәсіз адамды қалай елден шығарып жіберуге болады?», деді "қамқор" апай.

Сот отырысы кезінде Диана Перегуда өзінің баласы туралы айтып, көзіне жас алды. Баласы некесіз туған екен. Баласы туыларда «күйеуінің» туысы қайтыс болып, бұлар Заңды некеге тұра алмаған. Сөйтіп жүргенде айырылысып кеткен. Дегенмен баласының құжатында оның әкесі кім екені анық жазылған. Қазір де материалдық көмек көрсетіп тұрады екен.

«Баламның әкесі менің оны Ресейге алып кетуіме жол бермейді. Маған өзі айтқан. «Диана, алда-жалда бірдеңе бола қалса, баланы саған бермеймін» деген. Менің балам  – барым. Мені баламнан айырмауыңызды сұраймын, құрметті судья. Қазір мені аналық құқымнан айыруды сұрап отыр. Оған жол бермеңіз»,  – деді Перегуда. Перегуданың орыс тілінде айтқандарын сөзбе-сөз аудармадық. Мазмұны осы болды.

Одан кейін Әсел Назарбаеваға қарап: «Әсел, мен сенен кешірім сұраймын. Осы екі жылдың ішінде мен мына соттан әбден шаршадым. Жаңа жылдың қарсаңында осыған нүкте қояйық», – деп тағы жылады.

Айтпақшы, Перегуда баласын осында оқытқысы келетінін де айтты. «Менің балам Қазақстанның мектебіне барғанын қалаймын», – деді.

Бұған қоса Перегуда өзінің Ресеймен еш байланысы жоқ екенін алға тартты. «Мені неге орыс дейтінін түсінбеймін. Менің ешбір құжатымда ұлтым "орыс" деп жазылмаған. Менің тегімде татардың, ұйғырдың, қазақтың қаны бар. Менің осындай қаным бола тұра, ұлтаралық араздықты қоздыруым мүмкін бе? Менің баламның да түр-түсі азиаттық сипатта. Менің Ресеймен еш байланысым жоқ. Менің онда ешкімім жоқ. Барлық туыстарым осында, Қазақстанда»,  – деді және де.

Осы кезде сот залында отырған белсенді Марғұлан Боранбай сөзге араласып, «балаң «мамбет» пе?» деп сұрады. Көзінен сорасы ағып тұрған Диана да, оның адвокаты да дереу өзгеріп сала берді.

Адвокат Смағұлова: «Құрметті судья, мына кісі бізді балағаттап тұр» деп, шағымданды. Сот залында отырған біз, Марғұлан Боранбайдың ешқандай да балағат сөз айтпағанын, тек Перегуданың өз сөзін қайталап тұрғанын айттық.

Олай дейтініміз, осыған дейінгі Перегуданы қылмыстық жауапкершілікке тарту ісі қаралған сотқа дәл осы адвокат Жанар Смағұлова көлдей мақала көтеріп келген. Сөйтіп, Диана айтқан «мамбеты» деген сөздің ешқандай балағат емес, Мұхаммед Пайғамбардың есімі екенін айтқан.

Сонда Диана Перегуда Әселді соққыға жығып жатып, қазақша сөйлеген сатушыларға «мамбеты» дегенде, ол сөз Пайғамбардың есімін ұлықтау болады екен де, бүгін Марғұлан Боранбай айтса, балағат бола ма екен? Парадокс.

Осы бір аз-кем айтыстан соң, судья Смағұлова бізге ескерту жасап, біздің сөзге араласа алмайтынымызды, тек тыңдауға құқымыз барын айтты. Ендігіде сот залынан қуылатынымызды және ескертті.

Сөйтіп, Перегуда 19 жылдан бері күні бүгінге дейін өзі паспортын ұстап жүрген Ресейінен бас тартты. Өзін орыс емеспін деп сөйледі. Азиаттық адам екен. Өзі де, баласы да. Бұның барлығын Диананың өзі бүгінгі сотта айтты.

Тараптарды егжей-тегжейлі тыңдап болған судья Мезгілбаева, шешім шығаруға үзіліс жариялады. Бұл кезде сот залынан ешкім сыртқа шыққан жоқ. Айналасы 10 минутта судья Мезгілбаева сот залына қайта оралды. Оралды да сот үкімін оқыды.

Алматы қалалық ІІД арызы бойынша Диана Перегуданы Қазақстаннан депортациялау туралы талап-арызды қанағаттандырған жоқ. Диана Перегуданың кәмелет жасқа толмаған баласы барын ескере отырып, оны Қазақстанда қалдыру туралы үкім шығарды.

Үкімге 1 ай ішінде шағымдануға, аппеляцияға беруге болатынын ескертті. Осыдан кейін, Диана Перегуда мен оның адвокаты және қамқорлық органының өкілі боп келген адам бар, үшеуі сыртқа шығып кетті.

Біз Алматы қалалық ІІД өкілі, капитан Сураншевтен: «Қайта шағымданасыздар ма?» деп сұрадық. Ол бұл іспен Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің әділет басқармасы айналысатынын айтты. Әрине, егер айналысатын болса... Бұл да сол Сураншевтің сөзі.

Түйін. Бүгінгі сот осылай тәмамдалды. Аяғы ауыр Жайнагүлді әкімшілік тәртіп бұзғаны үшін елден депортациялағанда екі жасар баласына қарамаған, екі баласы үшін елге келген Сайрагүлді сүйрелей алып, шекара асырмақ болғанда міз бақпаған біздің Заң, біздің құзырлы органдар Перегуданың баласына келгенде адамгершілікті Заңнан биік қойды.

Судьяның өзі «кәмелет жасқа толмаған баласы барын ескеріп» сөйледі. Мезгілбаеваның мейірімі төгіліп, Қазақстанның бір емес, бірнеше Заңын өрескел бұзған Перегуда Қазақстанда қалдырылды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270