Жексенбі, 13 Қазан 2024
Біздің шенеунік 7225 16 пікір 3 Қаңтар, 2019 сағат 09:53

Архимед Cара Алпысқызына жағымпазданып жүр ме?

Құдайға шүкір, бір айға созылып, әбден әбігерге түсірген Жаңа жылға дайындық та аяқталып, бақандай төрт күн тойлаған мерекеміз де өтті-ау, әйтеуір. Өзге жерлерді білмеймін, бір жыл бойы сарсыла күтетін бұл мерекені бар сән-салтанатымен атап өтуде біздің облыс қалған өңірлерді шаң қаптырды десе де болғандай. Жаңа жыл алдында облысымызда өзге облыстардағы секілді бұл мерекеге өзіндік жақсы бір, жан жадыратар сыйлықтар жасалатын шығар деп ойлаған едік. Қазір шыны керек, халқымыз шат-шадыман өмір сүріп отыр, жегені алдында, жемегені артында, аузынан ақ май аққан заман дей алмас едік. Сондықтан да бұл жолғы мереке ең болмаса қарапайымдау ғана, көрпесіне қарай көсіле отырып өткізілер дегенбіз. 

Алайда бұл үмітіміз бекер болып шықты. Біздегі атынан ат үркетін фирмалардың ғана емес, бюджетке қарап алақан жайып отырған, өлместің күйін кешкен мекемесымақтардың өзі бұл мерекені өздерінше керемет кооперативтік кештер өткізіп, мәз-мәйрам болып жатты. Ақыры мұның аяғы 400 адам жиналған ат шаптырымдай мейрамханада қып-қызыл төбелеспен аяқталды. Араққа тойып алған қазақтың нарқасқа жігіттері бірін-бірі аяусыз тепкілеп тынды.

Жарайды, жастардікі балалыққа бергісіз шалалық делік. Оған ақаңның да қызуы әсер еткен шығар. Ал енді осы мерекені жұрттың барлығының бәрі де қуана қарсы алатындай етіп өткізуіне не кедергі еді? Өзге жақтың игі істерінен неге үлгі алмасқа? Мәселен, Маңғыстау облысында кооперативтік кештерді өткізбейміз деп шешкен көрінеді. Ал Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мұндай отырыстың орнына Семей мен Өскемендегі балалар үйіне сыйлық жасауды ұйғарыпты.

Архимед Мұханбетов, Қостанай облысының әкімі

Ал біздің облыстың билік басындағылар мұндайдан мүлдем бейхабар болар. Жаңа жыл алдында мұндай бастамалардың бірін де естіген жоқпыз. Біздің Архимед әкіміміз ең болмаса ана Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың істегенін қайталап, осындағы бизнес өкілдерінен кооперативтік кештер өткізудің орнына облыстағы кедей-кепшікке қол ұшын беру керектігін еске де сала алмады. Жалпы Архимед Мұханбетовті кінәлай алмаймыз. Ол кісі тым мәдениетті, аса сыпайы адам ғой, мұндай сөздерді асау кәсіпкерлер көңіліне алып қалар деп ойласа керек. Содан да бата алмаған шығар.

Алайда Архимед әкіміміз дархан кісі ғой, Жаңа жылдық мерекеге кететін шығындарды онша есептеп жатпайды. Осы мерекеге арналған шыршаны безендіру, от шашу ұйымдастыру секілді шараларға анау-мынау емес, бюджеттен бақандай 25 миллион теңге бөлу керек деп еді, сөзге келген жоқ, келісе салды. Ұсақталып қайтеді. Қостанай - бай өлке. Кейбір көре алмаушылардың: «Ойбай, анау Ақтау мен Орал қалалары бұған небәрі 4 миллион ғана жұмсапты ғой. Тараз да қатты шашылған жоқ, олар 6,5 миллионға да тойлап жатыр. Тіпті Талдықорғанның өзі 15 миллионнан аса алмапты» деген сөздерін құлаққа да ілмейді. Дұрыс істейді. Әркімнің қаңқу сөздеріне көңіл бөле берсең, халық үшін жұмыс істеуден қаларсың.

Ал енді осы әкіміздің Жаңа жыл алдындағы бір «мырзалығын» облыс халқы әлі күнге дейін аузынан тастамай жүр. Ол кісі мереке алдында осындағы «Жанұя» деревня үлгісіндегі балалар үйіне 2 миллион теңгелік сыйлықтық сертификат табыс етті. Әрине, біз қандай да сыйлықтың артық болмайтынын түсінеміз. Алайда  ол ненің есебінен берілді, кімнің қалтасынан шықты деген сауалдар жауапсыз қалды. Ол ақша әкімнің қалтасынан шықпайтыны кім-кімге де аян. Ал енді мұндай сияпат бюджет есебінен жасалса, ол неге осындағы барлық баспасөз бетінде ерекше даңғыра етіледі? «Жанұя» қаржыдан еш уақытта таршылық көрген емес. Мұны балалар үйінің басшылығы өздеріне жыл сайын бюджеттен 88 миллион теңге бөлінетінін, сондықтан да қазір мұнда барлық жағдай жасалғанын ашық айтты.

Мүмкін, әкім балаларға сыйлық жасағысы келсе, неге анау күнін әзер көріп отырған осындағы «Дельфин» балалар үйі секілді көңілі жарымжан балапандардың көңілін неге көтеріп тастамасқа?  Оны аз десе осындағы онкологиялық сырқатқа ұшыраған нәрестелердің емделетін орындарының тарлығынан шетел асып кететініне жаны ашымай ма? Мүмкін оларға осындағы бір ғимаратты беріп, Жаңа жылдық сыйлық жасаса, талай жұрттың алғысын арқаламас па еді? Әлде «Жанұяның» Сара Алпысқызының тікелей бақылауында екенін ескеріп, осы сый-сияпат арқылы бір көзге түсіп қалғысы келді ме екен?

Қалай болғанда өзгелерді қайдам, біздің облыстағы дүркіреп өткен мерекеден көңілге біраз кіреуке түскенін жасыра алмаймыз.

Жайберген Болатов

Abai.kz

  

16 пікір