Бүгін «Қазақ әдебиеті» газеті 85 жасқа толды
Биыл «Қазақ әдебиеті» газетіне – 85 жыл. Сексеннің сеңгіріне шыққан ата басылым - қазақ руханиятының алтын діңгегіне айналғаны ақиқат. Басылымның алғашқы редакторы Ғабит Мүсірепов болса, ақылдастар алқасында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты ұлт қайраткерлері қызмет атқарған.
Газеттің алғашқы саны 1934 жылдың 10-қаңтарында шыққан екен. Бұл басылымға тән бір ерекшелік – құрылған кезінен бастап партияның немесе сол кездегі идеологиялық атаулардан ада болғанында. Ал, газеттің маңдайшасында «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деп жазылыпты. Осылайша, ұлт мәдениетін көтеруді мақсат тұтқан басылым 1940 жылға дейін шығып тұрған. Бірақ, бастапқы жылдары газеттің белгілі бір ретпен шығатын жүйесі болмады. Әр жылдағы саны әр түрлі жарық көріп тұрған. Мысалы, 1934 жылы 31 саны шықса, 1935 жылы - 35, 1936 жылы - 50, 1937 жылы - 54, 1938 жылы - 17, 1939 жылы - 2, 1940 жылы - 6 саны жарық көрді.
Газеттің 1936 жылғы алғашқы санында бірінші беттің маңдайшасына «бес күнде бір рет шығады» деген мәлімет келтірілген. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл жүйе сақталмады. Басылымның әр нөмірі арасындағы уақыт мөлшері 6-9 күн, кейде 10-13 күнге созылған.
Ал, басылымның таралымы алғашқы жылдары – 1934 жылы 1 мыңнан 3 мың көлемінде болса, 1935 жылы 3500-ге жеткен.
“Қазақ әдебиеті” 1940 жылы белгісіз себептермен жарық көруін тоқтатқан. Тек, арада он бес жыл өткен соң ғана қайта жарыққа шығады. Сол жылы Сырбай Мәуленовтың редакторлығымен газеттің 51 саны жарық көреді. Ал, 1956 жылдан бастап қазіргі күнге дейін аптасына бір рет шығатын жүйе қалыптасқан. Газет сол кезеңдегі ұлттың өзекті мәселелерін де батыл көтере білді. Мәселен, Р.Бердібаевтың «Ең үлкен мәдени байлық» (1956, 22 сәуір), Ә.Нарымбетовтың «Ана тілін ардақтайық» (1956, 1 маусым), М.Қаратаевтың «Қайта қарауды қажет ететін мәселе» (1956, 10 тамыз), Партия тарихы институтының бір топ ғылыми қызметкерлері – Т.Кәкішев, Р.Сәрсенбаев, Х.Хасенов, Т.Әлімқұлов, А.Байшин, А.Мұқтаров, Қ.Әбілдаев, Қ.Әлиасқаров қол қойған «Тіл мәдениеті» (1956, 17 тамыз) атты атышулы мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді. Бұл жарияланымдар сол кездегі қазақ қоғамын дүр сілкіндірген еді.
Алайда, сол материалдар үшін ҚКП Орталық Комитеті 1956 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінің қателіктері туралы» жасырын қаулы қабылдап, газеттің «саяси қателігі» үшін редактор С.Мәуленов Орталық Комитетте жазаға тартылады.
Алайда, елдің рухани-мәдени әлеуетінің дамуына зор үлес қосып, ақын-жазушылардың шығармаларын үздіксіз насихаттап келе жатқан ата басылым қандай кезеңде де өз бағытынан жаңылған емес. Тіпті, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза басқарып тұрған кезде қазақ журналистикасына «Шерханның шекпенінен шыққан» дейтін бір толқынды алып келді.
Бүгінде, жазушы Дәурен Қуат басқарып отырған «Қазақ әдебиеті» газеті заманға сай басқаша сипат алған. Таралымы 10 мыңнан асатын басылым жас қаламгерлердің шығармаларынан бөлек, шетел әдебиетін кеңінен насихаттап, ағылшын, жапон т.б әлемдік классикаларды қазақ тілінде сөйлетіп келеді.
Біз 85 жыл бойы ұлттың жоғын жоқтап келе жатқан һәм өзге басылымдар секілді ешқашан аты да, заты да өзгермеген Ата-басылымды мерейлі мерекесімен құттықтаймыз!
«Қазақ әдебиеті» газетінің алар асуы аласармасын!
Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы