«Нұр Отан» жас өнертапқыштарды марапаттады
Бүгін «Нұр Отан» партиясы жас өнертапқыштар арасындағы республикалық «NURINTECH» инновациялық жобалар байқауының қорытындысын жариялады.
Жас ғалымдарды жеңістерімен құттықтаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев олардың ғылыми жұмыстары лайықты жалғасын тауып, ел дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді.
– Байқау Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған жоба. Оның басты мақсаты – талантты, болашағынан үміт күттіретін, ғылым мен инновацияда тың идеяларды қолға алып, жұмыс істеп жүрген жастарымызды қолдау, оларға өз бастамаларын табысты жүзеге асыруға жағдай туғызу, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол марапаттау салтанатының «Astana Hub» ІТ-стартаптар технопаркінде өтуі де тегін емес екенін айтты.
– «NURINTECH» байқауының жеңімпаздарын марапаттауды осы алаңда өткізу арқылы жас новаторларға «Astana Hub» алаңын көрсетіп, оның мүмкіндігімен таныстыруды мақсат тұттық. Сондықтан алдағы уақытта жастарымыз өз жобаларын осы алаңда әрі қарай дамытып, кеңейтіп, кешенді түрде іске асырады деп сенеміз, – деген Мәулен Әшімбаев жыл сайын байқауға қатысушылардың қатары өсіп келе жатқанын жеткізді.
Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасары жастарға өз күштеріне сеніп, ойлары мен идеяларын жүзеге асыру жолында табандылық танытып, арманына жету үшін аянбай еңбек ету керектігін де айтты.
Биыл қатарынан үшінші рет ұйымдастырылған байқауда үш аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Нақты айтқанда, 1-орын алған жас ғалымдарға 1 миллион теңге сыйақы тағайындалса, 2-орын иегерлеріне – 500 мың, 3-орын алған өнертапқыштарға 250 мың теңгеден берілді. Байқаудың жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады. Одан бөлек, қостанайлық 11-сынып оқушысы Петр Шилов байқаудың арнайы жүлдесі – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің грантын ұтып алды.
Abai.kz