Сенбі, 23 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 10527 59 пікір 16 Қаңтар, 2019 сағат 11:54

Қалаға - Қабанбайдың, әуежайға - Әлиханның аты берілсін

Жуырда редакциямызға Шығыс Қазақстаннан екі бірдей хат келді. Порталда жариялап, шығыстағы жұрттың үніне үн қосуымызды сұрапты. Біз хаттың мазмұнымен танысып шықтық. Мұндай маңызды мәселеде Алаштың алтын мінбері болған Abai.kz порталы үнсіз қалған емес, қалмайды да.

Үшбу хатқа оралайық, екі хат та ШҚО-ны басқарып отырған Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің атына жолданыпты. Енді соларды рет-ретімен жазайық.

Алтайдағы ағайын ел қала атауын Усть-Каменогорск деген тілге бөтен, кірме атаудан арылтып, Семейдегі әуежайға Әлихан Бөкейхан есімін беруді сұрапты.

Усть-Каменогорскке – Қабанбай батырдың есімі берілсін

Әуелгі хат Семей аймақтық «Ақ жол» партиясының төрағасы Рахат Алтайдан келді. Онда Усть-Каменогорск деген орысша атаудан арылып, қалаға Қабанбай батырдың есімін беруді сұрапты.

Усть-Каменогорск деген орыстың атауы екенін жақсы білесіздер. 1720 жылы М.Лихарев бастаған ресейлік экспедиция келген. Сөйтіп, Үлбі өзенінің Ертіске құйған жерінде Усть-Каменогорская деген бекініс салады. Бұл сөз «устье каменных гор» тіркесінен алынған екен. Жергілікті қазақтар бұл атауды Өскемен деп атап кеткен. Міне, Рахат Алтай бастаған шығыстағы бір қауым ел осы бір кірме атаудан Рухани жаңғыру жылында арылмағанда, енді қашан құтылмамыз, деп отыр.

Семейдегі әуежайға Әлихан Бөкейханның аты берілсін

Одан кейінгі хат та Даниал Кенжетайұлының атына бағытталыпты. Онда Алаштың астанасы болған Семей қаласындағы әуежайға «Алашорда» немесе Алашорда көсемі болған Әлихан Бөкейханның есімін беруді сұраған. Хаттың мазмұны міне:

Құрметті Даниал Кенжетайұлы!

-Сіз, Қазақстан Республикасының Үкіметін басқарған саяси тұлғасыз. Шығыс Қазақстан облысына әкім болып халыққа қызмет атқарып жатқаныңызға да біраз уақыт болды. Осы кезеңде Семей қаласының абаттанып, экономикасының дамуына үнемі қолдау көрсетіп келесіз. Өткен жылы «Алаш» партиясының 100 жылдық мерекесі қарсаңында Сіздің қолдауыңызбен Әлихан Бөкейханның ескерткіші қаламызда орнады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев та «Алаш арыстарының еңбегін халыққа насихаттау перзенттік парызымыз», - деп биік мінбелерден неше мәрте айтқанына халық куә. Семей қаласының әкімінің орынбасары Н.В.Шарова ханым Семей қаласындағы әуежайға ат беру туралы мәселе бойынша ел ағаларын кеңсесіне шақырып кеңес өткізді. Жиналғандар Семей, Абай, Әлихан Бөкейхан, Алаш Орда атауларын айтып пікір білдірді. Мәжіліске қатысушылардың басым көпшілігі «Алаш Орда» немесе Әлихан Бөкейхан атындағы әуежай болып аталсын деген ұсыныс білдірді. Бұл ұсынысты біз де қолдаймыз. Әуежайға Алаш Орда немесе Әлихан Бөкейханның аты берілгенін қалаймыз.

Хатқа қол қойғандар:

Нұрқасым Қ. – Алаш арыстары қоғамдық қорының төрағасы;

Горельников Я.В. – Ф.М.Достоевский атындағы орыс драма театрының директоры;

Тулеков Б.Х. – Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театырының директоры;

Бейсенбаев С. – «Ақылдастар» ауыл ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы;

Арғынғазин Д.С. – Семей қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы;

Рахат Алтай – Семей аймақтық «Ақ жол» партиясының төрағасы;

Адианов Б.Т. – Шығыс Қазақстан облыстық маслихатының депутаты;

Құсайынов К.М. – Семей қалалық маслихатының депутаты;

Райымбек тегі К. – «Достық» үйінің ардагерлер кеңесінің төрағасы;

Садықов М.М. – Республикалық «Ақжолтай» гәзетінің жауапты хатшысы;

Мерей Қарт – ҚР Жазушылар одағының Семей өңірлік филиалының төрағасы.

Abai.kz

59 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377