Елбасы ақын Ауыт Мұқибекті құттықтады
Ақын, Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты авторы Ауыт Мұқибектің 50 жас мерейтойы 20 қаңтар күні Елордамызда ерекше атап өтілді. Елім деп өткен елу жылынан есеп берген Ауыт Мұқибекті Елбасының өзі арнайы құттықтады. Ердің еңбегі еленгені осы деп білеміз.
Ауыттың қазақ көшіне сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Бұны біз айтпасақ та арғы бет, бергі беттегі барша ағайын жақсы біледі. Елді елге қоссам деп еңбектеніп жүрген Ауыт Мұқибектің мерейтойына орай порталымызда "Қазақ көшінің бозторғайы" деген атпен мақала жариялап, құттықтаған болатынбыз.
Ерекше айта кетерлігі, Ауытты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мəулен Əшімбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Əбілқасымова қатарлы лауазымды тұлғалар арнайы құттықтады. Ақын азаматтың еңбегін өз еліміз ғана емес, көрші қырғыз ағайындар да жоғары бағалалайтынын байқадық. Бұған дәлел Қырғыз Республикасының аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, "Ата Мекен" партиясының лидері Өмүрбек Текебаев құттықтау хатын жіберді.
Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің Халықаралық Одағының басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерманның Ауыт Мұқибекке арнаған өлеңін де жариялауды жөн көрдік.
АТАҒЫ АУЫТБЕКТІҢ АСПАНДА ТҰР
Таппайтын қазақ десе жаны тыным
Елуге енді кепті Ауыт інім.
Баxадүрі сияқты ол баяғының
Оқ өтпес қалыңынан сауытының.
Атына қанық болған алаш елі
Бұл Ауыт Тұманбайдың баласы еді
Жыр болып ақтарылып жатыр енді
Ішінде шемен болған нала-шері!
Тартатын жастан да сыр, достан да сыр
Атағы Ауытбектің аспанда тұр.
Алдында ұлы көштің аттандаған
Бұл Ауыт -- айнымаған Оспан батыр!
Оспанның ұқпап еді мұңын ешкім
Қадірін азаттықтың біліп өстің.
Су сепкен қанатымен қарлығаштай
Үстінде шырқырайсың ұлы көштің!
Елім деп еміреніп шерге оранған
Қастерлі, қасиетті сендегі арман.
Ауытты ту ғып көкке көтеріңдер
Қандастар қасқалдақтай елге оралған!
Мерейтойын өз деңгейінде атап өткен Ауыт Мұқибек facebook желісіндегі жеке парақшасында ағынан жарыла жазба жариялап, ақ тілектерін арнаған азаматтарға алғысын білдірді.
Осы желідегі жеке парақшамды пайдалана отырып, кешелі-бері 50 жасқа толуыма орай жүрек түкпірінен жарып шыққан ыстық лебіздерін білдіріп, тілеулестік көрсетіп жатқан патша көңілді ағайынға, БАҚ өкілдеріне дəн риза екенімді білдіріп, басымды ием!
Қазақ көшіне сіңірген азғантай еңбегімді бағалап, өз атынан арнайы құттықтау хатын жіберген Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевқа шексіз алғыс айтам!
Елбасымыздың бұл құттықтауын тек маған көрсетілген құрмет қана емес, бүкіл қандастарымызға, алыс-жақын шетелдерде тұратын бес миллионнан астам қазаққа жəне ұлты үшін жан аямай еңбек етіп жүрген мен секілді азаматтарға деген зор қамқорлық деп білем!!
Сондай-ақ, өз аттарынан құттықтау жіберіп, ыстық ықылас танытқан
-- "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мəулен Сағатханұлы Əшімбаевқа;
-- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Ерасылқызы Əбілқасымоваға;
-- Қырғыз Республикасының аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, "Ата Мекен" партиясының лидері Өмүрбек Черкешевич Текебаевқа;
-- Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлына;
-- Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Қанайұлы Тілеуханға;
-- "Отандастар қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті, көрнекі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртай Əбіқайұлы Əбіқаевқа;
- Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екі мəрте шақырылымының экс-депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевке;
-- Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдəулетовке;
-- ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының бас директоры Әлібек Асқарға;
-- "ХАЛЫҚ ҚҰРМЕТІ" медалымен марапаттаған "Құрмет, Абырой, Бірлік" Қоғамдық бірлестігінің төрағасы А. Юсуповқа;
-- Той тізгінін ұстап, бес сағат бойы тік тұрып қызмет атқарған сан-салалы талантты иесі Олжас Сыдықбековке шын жүректен арнайы алғыс айтам!!
Сонымен бірге, осынау мерейтойымды бастан-ақыр ұйымдастырып өткізген, темір тұлпардың кілтін сыйлаған бір топ кəсіпкер азаматтарға айтар рахметім тіпті шексіз!
Сонау Бишкек, Алматы, Талдықорған, Шымкент жəне Көкшетау қалаларынан арнайы ат арылтып келіп, дастарханымның абыройын асқақтатқан ағайын-достарыма қай кезде де ақ жол тілеймін!
Жер бетіндегі қазақ баласы ұшін "Ұлы Дала" Елінің азаматы болудан асқан бақыт жоқ.
Ендеше, мен де сол "Ұлы Дала" Елінің азаматымын!
Құрметпен,
Ауыт Мұқибек
21.01.2019
Астана
Abai.kz