«Ауылдағының аузы сасық». Экономикамыз Ресей мен Қытай экспансиясынан қашан құтылады?
«Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ та тимейді» дегендей, күндіз-түні көк жәшіктен жақ жаппай сайрайтындар «еліміздің экономикасы қарыштап дамып жатыр, нарықтық қатынастарға тереңдеп ене бастадық» дегенімен, маңғыстаулық кәсіпкерлердің басына шырақ бір жанбай-ақ қойды. «Шырақ жанады» дегеніңіз не, олар тіпті аузындағы нанынан айырылып қалған жетім баладай күй кешіп, өз үкіметіне өгей ұлдай көзтүрткі болып отыр. Оған мысалды алыстан іздеп керегі жоқ. Бәрін бірдей тізбелемей-ақ, бір ғана деректі келтірсек те, жеткілікті. Өйткені осы бір ғана жағдай арқылы қазіргі таңдағы қазақстандық кәсіпкерлердің басынан кешіп отырған хал-ахуалды қапысыз аңғара аласыз. Ресейдің «Лукойл» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «Юго-Восточная сервисная группа» ЖШС-нің қазіргі таңдағы қарекетіне қарап-ақ осындай ой түюге болады. «Лукойлдың» Пермь өлкесіндегі ең ірі мердігері, 6 мыңдай адам жұмыс істейтін, Ресейде, Қазақстанда және Өзбекстанда орналасқан 13 бірдей өндірістік кәсіпорындарды біріктіретін ірі холдинг «Нефтьсервисхолдинг» (бұдан әрі НСХ) 2007 жылы Қазақстанның «ОңтүстікМұнайГаз» бұрғылау компаниясын сатып алып, Қазақстан нарығына шықты. Сөйтіп, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында НСХ-ның бел баласы «Юго-Восточная сервисная группа» (бұдан әрі ЮВСГ) ЖШС-нің арнайы сервистік орталығы құрылып, өндірістік қызмет көрсету базасы жасақталды. 23.01.2007 ж. №8048-1943-ТОО (ИУ) нөмірлі тіркеу куәлігін иеленген, Игорь Шерстнёв басқаратын бұл ЖШС қазіргі таңда Ақтау қаласының іргесіндегі өндірістік аймақта орналасқан. Қазақстанның басқа банкі құрып қалғандай, Ресей «Сбербанкінің» филиалынан есепшот ашып, өзінің қызметін өркендетіп, жүріп жатыр.
Мейлі ғой, өзінің жеке мүддесімен қоса еліміздің экономикасын дамытуға да үлес қосарлықтай игі іс тындырып, заңды түрде ың-шыңсыз жұмысын жасап жатса, Қазақстан жағы бұл компанияға алғыстан басқа ештеңе айтпас еді. Алайда қазіргі жағдай олай болмай тұр. Осы ЖШС-нің келуімен бірге қазақстандық бірнеше сервистік мекеме қара тақырға отырды. Олардың қатарында ұңғыларға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізумен айналысатын «КапРемСервис» ЖШС, «Catkaz Limited» ЖШС, «Кезби» ЖШС, «Каспиан вен сервис» ЖШС, «Мұнайфильтсервис» ЖШС, «Фортек» ЖШС, «Маңғыстаугеология» АҚ, «Поликамсервис» ЖШС, «Бибісара» ЖШС, «Ақырыс» ЖШС, «Круз» ЖШС, «Абоня» ЖШС, «Дриллинг сервис ltd» ЖШС, «Бұрғылау» ЖШС, «Жөндеу» ЖШС, «Евразия дриллинг» ЖШС, «МАИКС» ЖШС т.б. ондаған кәсіпорындар бар. Яғни ресейлік алпауыт компания дәл осындай сервистік қызмет көрсетумен айналысатын бірнеше маңғыстаулық кәсіпорындардың нанын тартып жеп жатыр. Қалайша?
Марат Камаловтың 2007 жылғы 2 тамыз күнгі «Нефтяные ведомости» бюллетенінде «Исхолдинг» приобрел буровую компанию» деп жалпақ жұрттан сүйінші сұрап жазғанындай, бұл компанияның қолындағы лицензиялық пакет ұңғыларға ағымдағы және күрделі жөндеулерді жүргізуге, оларға өндірістік-геофизикалық зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ мұнай өнеркәсібі құрал-жабдықтарымен жер үстінде сервистік қызмет көрсетуге рұқсат береді. Ал сонда дәл осындай сервистік кәсіпорын Қазақстанда құрып қалып па? Атағы дардай ресейлік компанияның алдында басымызды иіп, бағынышты болып, аттай қалап, алыстан шақыратындай бізге не күн туды?
Әңгіменің түп-төркіні түсінікті болуы үшін бәрін басынан бастайық.
Биылғы жылдың көктемінде (12.03.09) қазақстандық «КапРемСервис» ЖШС-нің директоры Замир Теміртасовтың Қазақстанның «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашевқа жазған хатында біраз шындықтың беті ашылып, талай нәрсенің бүге-шігесіне дейін баяндалды. «Бақсам, бақа екен» демекші, 2004 жылы құрылған, 2007 жылдың ақпан айынан бері Солтүстік Бозашы кен орнында ұңғыларға күрделі жөндеудің ең ауыр да қауіпті жұмыстарын атқарып келген «КапРемСервис» ЖШС 2008 жылдың қыркүйек айында кен орнының бас операторы, Қытай-Ресей бірлескен кәсіпорны – «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалы ұйымдастырған №TSC08/029/O ашық тендерге қатысып, қараулықтың кесірінен оңбай «ұтылады». Алдымен облыстық «Огни Мангистау» газетінде жарияланған хабарламада (04.11.2008 ж., №175) «тендер өтпеген» деп танылады. Сондай-ақ 24.11.2008 ж. күнгі «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалы жолдаған №ТО2-506/24.11. хатында №1, №3 лоттардың өтпегендігі жөнінде айтылады. Тендердің өтпей қалуына байланысты бұған дейін жасалған «КапРемСервис» ЖШС мен «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалы арасындағы келісім-шартты ұзартуды сұрап жазған З.Теміртасовтың хаттарына оператор-компаниядан («Бузачи Оперейтинг Лтд») ешқандай жауап болмайды. З.Теміртасов 2009 жылдың 21 қаңтарында «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясы филиалының бас менеджері Тянь Кэцзяньмен кездескенде, ол бұл мәселе бойынша жауап жазуды өзінің орынбасары В.Ежовқа тапсырғанын айтады. Ал В.Ежов болса төбеден түскендей қылып «КапРемСервис» ЖШС-нің тендерден ұтылғанын, 2009 жылдың 1 сәуірінен бастап Солтүстік Бозашыдағы ұңғыларға күрделі жөндеу жұмыстарын тендерде барлық лоттарды жеңіп алған «Юго-Восточная сервисная группа» жүргізетінін, оның себебі, «КапРемСервис» ЖШС-нің тендерге ұсынған бағалары ресейлік компанияға қарағанда анағұрлым жоғары болғанын айтады.
З.Теміртасовтың тендерге қатысып отырған екі компания екі мемлекеттікі екенін, сондықтан ҚР Индустрия және сауда министрлігінің 30.01.2007 ж. күнгі №30 бұйрығымен бекітілген, жер қойнауын пайдаланудағы қызмет көрсетуде «қазақстандық мазмұнды» қатаң ескеру жөніндегі әдістемеге сәйкес, қазақстандық компанияға басымдық беріліп, осы ережеге байланысты шетелдік (ресейлік) кәсіпорынға қатаң талап қойылуы керектігін айтып, шыр-пыр болған даусын ешкім құлаққа да ілмейді. Бұл жерде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы» ҚР Заңының 63-2-бабының 3-тармағы өрескел бұзылғандығы да ескерілмейді.
Осындай заңсыздықтарды ашып айтып, атап көрсеткен З.Теміртасовтың жан-жаққа жазған хаттарынан ешқандай қайран болмайды. «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалы тырс етіп түсінік берместен жатып алады. Заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орган – прокуратура да шетелдік компанияның алдында дәрменсіздік танытып, бұл мәселені сот арқылы шешу жөнінде кеңес берумен ғана шектеледі. Маңғыстау облыстық әкімшілігінің «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалымен жүргізбек болған келіссөздерінен ешқандай нәтиже шықпайды. Компания филиалы ортақ тіл тауып, түсіністік танытуға ниет те білдірмейді (мұның өзі олардың жергілікті билікті менсінбей, мұрнын шүйіріп қарайтындығын көрсетеді). З.Теміртасов бұл жерде тендерді ұйымдастырушы «Лукойл Оверсиз Холдинг Лтд» компаниясының президенті мен тендердің жеңімпазы «ЮВСГ» ЖШС арасында жең ұшынан жалғасқан құпия байланыс бар екендігіне күдіктенетінін жасырмайды. Өйткені «Лукойл Оверсиз Холдинг Лтд» компаниясының президенті Андрей Кузяев – бұған қоса, «Пермская производственно-финансовая группа» ООО директорлар кеңесінің төрағасы. Ал «ЮВСГ» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы – «Нефтьсервисхолдинг» осы «Пермская производственно-финансовая группа» ООО-ның құрамына кіреді. Яғни «Бузачи Оперейтинг Лтд» компаниясының филиалында Қазақстан заңдарын көпе-көрнеу белден басып өткізілген тендерді шырмауықша шырмап жатқан жіптің бір ұшын осы жерден іздеу керек.
Ең сорақысы сол – З.Теміртасовтың хатына жауап жазған «Лукойл Оверсиз Холдинг Лтд» компаниясы қазақстандық филиалының директоры И.Н.Насыров тендердің өте дұрыс өткендігін айта келіп, беті шылп етпестен «ЮВСГ» ЖШС – Қазақстан заңдарына сәйкес құрылған, Маңғыстау облысында жұмыс орнын ашып, ел қазынасына салығын төлеп отырған қазақстандық кәсіпорын» (?) деп соққан. Оның айтуынша, бұл компанияның ешқандай жергілікті заңдардың талабына қарамастан, тауар сатып алу мен қызмет көрсету үшін қажетті қаражатты бір ғана көзден алуға толық құқы бар және бұл «Лукойл Оверсиз Холдинг Лтд-ның» саясатына толық сай келеді. Сондай-ақ бұл үшін оған ешкімнің де наразылық білдіруге хақы жоқ.
Осы жерде орайы келіп тұрғанда айта кету керек, «Лукойл Оверсиздің» мұндай саясаты бұл компанияның қатысы бар барлық кен орындарында жүргізіліп келеді. Айталық, «Қарақұдық» кен орнындағы ұңғыларға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізумен, бұрғылау жұмыстарымен айналысатын, 100 пайыз акциясы «Лукойл Оверсиз Холдинг Лтд»-ның меншігіндегі мердігерлік компания – «Қарақұдықмұнай» ЖШС-нің қызметін де сол баяғы ЮВСГ жүзеге асырып отыр.
Сөйтіп, айналып келгенде, ЮВСГ-ның артында тұрған қытайлықтар мен ресейліктер өздерін «қазақстандық кәсіпорын» ретінде көрсетіп, сырты жылтыраған, іші қалтыраған арам пиғылды екіжүзді саясатын бетке ұстап, жоғарыда атап өткен «қазақстандық мүддені» (немесе «қазақстандық мазмұн») көздеген ел саясатын қолжаулық қылды.
Тағы бір мысал. Наурыз айының басында Маңғыстау өлкесіне арнайы іссапармен келген бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен бірқатар кәсіпорын меморандумдарға қол қойды. Сол жолы суырылып сөз сөйлеген Ө.Шөкеев бұл меморандумдардың құр сөз күйінде қалмайтынын, алдағы уақытта әрбір кәсіпорынмен жеке-дара келісім-шарттар жасалатынын жария етті. Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаевтың ықпалынан шықпайтын облыстағы жалғыз телеарна «Қазақстан-Ақтау» мен билікке бағынышты басқа да барлық бұқаралық ақпарат құралдары мұны «Отандық кәсіпорындар үлкен жұмыс көлеміне ие болды! Жергілікті жерде жүздеген жұмыс көздері ашылатын болды!» деп жарыса жазып, жасалмаған шаруаның жарнамасын күмпілдетіп жатты.
Демек, бұл – «2008 жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік инвесторларлар кеңесінің отырысында қадап тұрып айтқан «қазақстандық мүдде» мәселесі аяқасты болды» деген сөз. Онда шетелдік компаниялармен жасалатын келісім-шарттарда қазақстандық кәсіпорындардың мүддесін көбірек көздеп, тауар сатып алу мен қызмет көрсету және мамандарды қайта даярлау мәселесінде қазақстандық үлесті арттыру жайы қатаң ескертілген болатын. Бұл не сонда? Елді сыйламау ма? Ал осыны жақсы білетін аяр шетелдіктер кез келген уақытта сатып алуға болатын біздің арсыз шенеуніктерімізді өз мақсаттарына шебер пайдаланып, елді келемеж қылып отыр. Бұған «Республика» сияқты ресейлік саясаттың ықпалындағы ондаған бұқаралық ақпарат құралдарын қосыңыз. (Қараңыз: «Республика» газеті, 2009 жыл, 10 сәуір күнгі №13 (148) саны, Ксения Бондал «То ли давление, то ли просто непрофессионализм?»).
«Аузымды ашқан соң, көмекейімді неге көрсетпейін?» дегендей, ақыры айтқан соң, ақиқатты аяғына дейін айтайық, қытайлық және ресейлік компаниялардың көпе-көрнеу озбырлығы тек мұнымен ғана бітпейді. Біз тек бір ғана мысал келтірдік. Ал Қазақстанның бүкіл батыс өңірі – Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының мұнай-газ саласын, жалпы Орталық Азияның экономикасын қолдарына «толықтай алған» Ресейдің «Лукойл», «Роснефть», «Газпром» сияқты алпауыт компаниялары соңғы кезде бұрынғы – бұрынғы ма, енді тіпті күшейіп, өздерінің жергілікті өкіметпен жасаған келісім-шарттарындағы әлеуметтік бағдарламалардың бәрін жаппай қысқартуға көшті. Оның ішінде өздері жұмыс жасап жатқан жергілікті жерлерде әлеуметтік нысандар салып, жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруден бастап, қол астындағы қазақстандық жұмысшыларды қайта даярлаудан өткізу, оларды өндірістік компанияда жұмыс істегені үшін берілуге тиісті тамақпен, киіммен қамтамасыз ету сияқты «ұсақ-түйектерге» дейін бар. Қазір осының бәрі қысқартылып, ұлты қазақ немесе қазақстандық жұмысшылар жаттың қолында жалшы болып, өз елінде өгей баладай күй кешіп жүр.
Мәселен, сіз қандай мықты маман болсаңыз да, АҚШ-қа немесе Қытайға яки Еуропа мемлекеттеріне барып, жұмысқа орналасуыңыз қиынға түседі. Өйткені дамыған елдерде ең алдымен өз елінің азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал сіздің ой-өрісіңіз бен білім-білігіңіз, кәсіби дәрежеңіз америкалық немесе қытайлық азаматтардан он жерден жоғары болып тұрса да, ол елдің кәсіпорындары алдымен өз елінің маманын жұмысқа алады.
Ал бізде бәрі керісінше. Егер сіз Қазақстанда туып, Қазақстанда тұратын, оның ішінде қазақ болсаңыз, қанша жерден жеті тіл түгіл, жетпіс тіл біліп, заманауи білім мен ғылымның жетістіктерімен жан-жақты қаруланған вундеркинд болсаңыз да, өз-орныңызға лайық мекемеде қызмет жасап, өз еліңіздің экономикасын өркендету ісіне үлес қосуыңызға, оны айтасыз, өзіңізге тиесілі нәпақаңызды тиісті жолмен табуыңызға да мүмкіндігіңіз бар ма? Есесіне, сіздің лақтырған таяғыңызды алып келе алмайтын, қолыңызға су құюға да жарамайтын, шала сауатты, дүмбілез орыс пен қытайдың сіздің төбеңізден төніп, әңгірлеп әмірін жүргізіп, қалаған бағытына малдай қайырып айдап, қай шаруасына да құлша жұмсауға құқығы бар.
Расул Жантайұлы
Маңғыстау облысы
«Жас қазақ» газеті, №23, 12.06.2009