Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әліпби 5750 2 пікір 29 Қаңтар, 2019 сағат 07:45

Жаңа емленің жаңашылдығы неде?

Жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жаңа Емле ережелері жарияланып, халыққа таныстырылғаны мәлім. Жаңа Емленің қалың жұртшылыққа ұсынылуын, оны құрастыру барысындағы ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып, халық санасына жаңа сілкініс әкелетін ең басты «нормативті қағидалардың» толыққанды аяқталуын ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырды. Ал Емле ережелерін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары ғылыми теориялық принциптерге сүйене отырып, құрастырып шықты. Жаңа Емле ережелерін осы екі мекеменің ұйымдаса отырып, бірлесе отырып атқарған үлкен еңбегінің жемісі дей аламыз.

Емле жарыққа шыққаннан кейін, ел көкейіндегі басты сұрақ – Емлені кімдер құрастырды, тілші ғалымдарға басымдық берілді ме, емленің жаңашылдығы неде?. Жалпы әлемдік тәжірибе бойынша Емле ережелерін халықпен санаспай-ақ, арнайы құрылған топ мүшелері дайындайды да, заң жүзінде қолданысқа ендіреді. Халық соған бағынады. Ал біздегі артықшылық Емле ережесі қоғамдық талқылаудан және бірнеше рет сарапшылар сұрыптауынан өтіп барып мақұлданды, әрі ереже түзу ісін  қазақ жазу тарихын тереңінен зерттеген ғалымдар мен тілдің әр саласының мықты мамандары қолға алған болатын.

Атап айтқанда, қазақ жазуының ғылыми ортологиялық негізін қалаған академик Рәбиға Сыздық апайымыздың кеңесшілігімен, Нұргелді Уәли, Зейнеп Базарбаева, Айман Алдаш, Бағдан Момынова, Қыздархан Рысберген, Құралай Күдеринова, Анар Фазылжан, Алмагүл Хабиева, Айнұр Сейтбекова, Айгүл Әмірбекова, Жанар Жұмабаева сынды жазу теориясының мамандары мен білікті жас ғалымдар құрастырып шықты. Құрастырылған Емле ережелерін сараптаудан өткізіп, ұтымды ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салған сарапшылар қатарында белгілі ғалымдар Әлімхан Жүнісбек, Таңат Аяпова, Анар Салқынбай, Жантас Жақып, Қаламқас Қалыбаева, Қалдыгүл Есенова, Нұрсәуле Рсалиева, Қасиет Молғаждаров сынды т.б. ғалымдар легі болды, сонымен қатар 9 тәуелсіз сарапшы жазылымдағы шешімі қиын күрделі әрі даулы мәселелерге қатысты өз көзқарастарын білдіріп, Емленің дұрыс бағытта жасалуына зор үлес қосты.

Жаңа Емлеге дейін де жазба тіліміздің нормаланған жүйесі, тұрақтанған өзіндік қағидалары болды. Сондықтан жаңа Емленің басым бөлігінде дәстүрлі жазу нормасы сақталды деп айта аламыз. Жаңа Емленің ең басты жаңашылдығы ретінде мыналарды атап көрсетуге болады:

1) Әліпбидегі таңбалар аты халықтық атаумен беріліп, үйретілетін болады (б-бы, д-ды, ң-ың, р-ыр т.б.);

2) Қазақ тілінің ерекшеліктері мен заңдылықтары сақталатын ұлттық сипаттағы төл жазу жүйеміз болады;

3) Жазуымыз орыс орфографиясына деген тәуелділіктен арылады (ономастикалық, терминологиялық т.б. салаларда).

4) Төлқұжатта (паспорт) латын стандартымен жазылған аты-жөніміздегі қателіктер жөнделеді.

Әліпби ауыстырғанда жазуға реформа жасалатыны мәлім, сондықтан Емле ережелеріндегі бірқатар өзгерістер қалың жұртшылыққа бірдей ұнауы да, ұнамауы да, түрлі сын, пікірлердің орын алуы да заңды нәрсе. Емле жарыққа шыққаннан кейін сын айтушылар тарапынан қозғалып отырған негізгі мәселелер мыналар болып отыр:

1) И мен у дыбыстарын қосар әріппен жазуды Емлеге енгізу. Қазақ тіліндегі и мен у дыбыстарының анықтамасы мен таңбалануына қатысты дау-дамай қазақ жазу тарихында бірнеше жылдарға созылғаны мәлім, жаңа әліпби қабылданар тұстан бастап бұл мәселе қайтадан көтеріліп келе жатыр. Яғни сұу, оқұу, ұуақыт, Үуәлій, сүурет, ійт, қыйсық, қыйылыс, Ыйнабат, шыйыршықтанұу түрінде тарқатып таңбалауымыз керек деген көзқарас ұстанушылар бар. Бұл мәселе Емле құрастыру барысында да біршама дау-дамайға ұласып, орфографиялық топ мүшелері мен сарапшылар көзқарасы екіге бөлінгенін ашық айта кеткен жөн. Жаңа Емле ережесі бойынша ый, ій, ұу, үу  дыбыстар тіркесі, бұрынғыдай сөздің барлық буынында бір ғана таңбамен (и, у) жазылады. Бұндай шешім тарих көрсеткен «тағылым, дәлел, уәжге» (Н.Уәлиұлы) сүйеніп барып қабылданып отыр. Араб, латын, кирилл жазуларында бір сөздің өзі қиын/қыйын, тұу/ту, оқыу/оқұу/оқу, тоқыу/тоқұу/тоқу деп әртүрлі жазылып, қазақ орфографиясын ала-құлалыққа ұшыратқаны мәлім. 1957 жылы қабылданған ережеден кейін қазақ жазуы ондай қиындықтардан құтылып, бірізге түсті. Ғалым Н.Уәлиұлы атап көрсеткендей: «Егер өмір сынынан алған тәжірибеден тағылым алмасақ, күні ертең-ақ баяғы ала-құлалық қайталанбай қоймас. Тағылымға тоқтамасақ, тағы да тайғақ кешуде жүреміз. Дәлелу да, и де А.Байтұрсынұлы айтқандай, жарты дауысты. Тұу дегенде у жарты дауысты, ұ қысқа дауысты, екеуі де еріндік. Осы қасиеттері жағынан бірегейленіп, бір бүтінге айналған дыбыстық бірлік. Тұу деп жазсаңыз да, ту деп жазсаңыз да айтылымында айырма жоқ. Уәж – әңгіме тек бу, су, ту сияқты бір буынды сөздер ғана емес. Халықаралық терминдер мен прецедентті атауларды да қосар ый/ій, ұу/үу түрінде жазып көрдік: кріймійнологійа, үуниверсійтет, т.б. Оппоненттер тарапынан «тек төл сөздерімізді ғана қосар әріппен жазамыз» деген уәж айтылды. Бұндай уәжге тоқталу қиын. Мыңдаған жазарманымыз иман/ыйман, уәзипа/үуәзипа, Уәлихан/Үуәлійхан т.б. сөздер мен атауларды төл ме, төл емес пе деп сұрыптап отырмақ па?» (Н.Уәлиұлы. Емле ережелерінің танымдық-тағылымдық негіздері туралы // «Латын әліпбиіне көшу: ғылыми-қоғамдық негіздер, даму процесі және басты мәселелер» атты жинақ. –Астана, 2018). Осындай себептермен, и мен у-ды қосар әріппен таңбалау ұсынысы қабылданған жоқ. Бұл бір. Екіншіден, «Тіл-қазына» орталығы тарапынан жүргізілген сынама-сауалнама нәтижесі бойынша, халықтың басым бөлігі и мен у-ды бір ғана таңбамен жазуды қолдап, тарқатып жазудан бас тартты. Үшіншіден, бастауыш сынып мұғалімдеріне жүргізілген арнайы сынама-cауалнама бойынша, қатысушы ұстаздардың да түгелге жуығы қарсылық білдірді. Бұдан бір дыбыс сияқты болып естілетін у мен й-ді екі әріппен жазып, балаларға үйретудің ауырлығын, бірізді сауаттылыққа кері әсер ету мүмкіндігінің жоғары екенін аңғаруға болады. Жаңа Емледе и мен у-дың қосар емес, бір ғана әріппен жазылуының негізгі себептері осылар.

2) Сын айтушылар тарапынан қозғалып отырған келесі бір мәселе Емледегі шеттілдік сөздердің жазылымы. Әрине, бұл сөздерді жетпіс жылдан астам орыс орфографиясымен таңбалап, орыс орфоэпиясымен айтып үйреніп қалған халық үшін оларды «сындырудың» Емледегі үлгілері өрескел болып қабылдануы да заңдылық. Өйткені қаншама жыл бөгде тілдің ықпалымен жазылып келген сөздерді ұлттық тілдің айтылу ерекшелігімен сындырудың бірізді механизмі тілімізде жойылып кеткен. Профессор Айман Алдаш атап көрсеткендей, шеттілдік сөздердің Емлесін түзу барысында: «Қазақ әдеби тілінің құрамындағы өзге тілден енген сөздердің ғылыми негіздемелерін анықтаудың, қазірге дейін қалыптасқан емле нормаларын тың тұрғыдан тиянақтаудың айрықша маңыздылығы мен өзектілігі» қатты байқалды (А.Алдаш. Шеттілдік сөздердің латыннегізді әліпби бойынша орфографиялануы // «Латын әліпбиіне көшу: ғылыми-қоғамдық негіздер, даму процесі және басты мәселелер» атты жинақ. –Астана, 2018). Жаңа Емле бойынша шеттілдік сөздерді «сындырудың» бірізді тетіктері мен стандартты үлгісін тауып, ұсынған ғалым Анар Фазылжан «өзге тілден енген сөздерді тіліміздің дыбыстық ерек­ше­лігіне икемдеп жазу ұлттық жазуға әкелетінін, алайда алғашқы аралық кезеңде жаңа жазуға жұртшылықтың санасы трансформацияланып жатқан кезде шеттен енген сөздерді қазақшалауға сақтық­пен қарау қажеттілігін» көтерген болатын (Латынға көшуде ұлттық ерекшелік сақталуы керек. Айқын, 28 тамыз, 2018). Сондықтан да ондай сөздердің емлесі осы күнге дейінгі жазу ережелерімен үйлестіріліп, жартылай сындырылды: манөвр, актөр, компүтер, валүта, асфәлт, бәлзам, т.б. Өйткені ғалым Құралай Күдеринова атап көрсеткендей: «Шеттілдік сөздерді таңбалауда бүгінгі кирилл жазу санасында жатталып қалған ұр­пақ пен кирилл жазуын білмейтін келе­шек ұрпақты тоғыстыратын емле жасау басты назарда болды» (Қ.Күдеринова. Жаңа емле – сындарлы қадам. Егемен Қазақстан, 22 қаңтар, 2019).

Қорыта айтқанда, жаңа Емле ережелерінің жарыққа шығуы – тәуелсіз елдің, тәуелсіз жазуына деген алғашқы қадамы болып табылады. Жаңа Емленің тек мақұлданғанын ескерсек, оны бекіткенге дейін әлі де толықтыра, жетілдіре түсуге мүмкіндік бар деген сөз.

Гүлфар Мамырбек, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054