Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2833 0 пікір 13 Мамыр, 2011 сағат 06:02

Ресей қазақтарының дәл қазіргі таңдағы басты мәселесі ана тілін сақтап қалу - Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Т. Дүйсенбаев

АЛМАТЫ. 13 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -  Қазіргі таңда  әлемнің  40 елінде 5 миллионға жуық қазақтар бар екен. Оның  3 миллионы Қытай мен Өзбекстанда, 1 миллионы Ресейде тұрып жатыр.

Дүниежүзі қазақтарының  25-27 мамыр күндері Астанада өтетін  IV Құрылтайы қарсаңында  Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы  Тоқтарбай Дүйсенбаевты  әңгімеге тартқан едік.

- Тоқтарбай Қадырғалиұлы, Ресей қазақтарының  дәл қазіргі таңда  нақты саны қанша?  Олар қай жерлерде көбірек шоғырланған?

АЛМАТЫ. 13 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -  Қазіргі таңда  әлемнің  40 елінде 5 миллионға жуық қазақтар бар екен. Оның  3 миллионы Қытай мен Өзбекстанда, 1 миллионы Ресейде тұрып жатыр.

Дүниежүзі қазақтарының  25-27 мамыр күндері Астанада өтетін  IV Құрылтайы қарсаңында  Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы  Тоқтарбай Дүйсенбаевты  әңгімеге тартқан едік.

- Тоқтарбай Қадырғалиұлы, Ресей қазақтарының  дәл қазіргі таңда  нақты саны қанша?  Олар қай жерлерде көбірек шоғырланған?

- Мен  өзім Ресейдің Самара облысында дүниеге келген қазақпын.  2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайына қатысқанға дейін менің дүниетанымым мүлде бөлек еді. Кәсіпкер ретінде өз тіршілігімді өзім күйттеп, барымен базар деп, барға қанағат жасап келдім. Қазір   Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының төрағасымын. Бұл  атқарып отырған қызметімнің өзі алып империяда жұтылып бара жатқан 1 миллионнан астам  қазақтың мұңын мұңдап, жырын жырлатып отыр.  Ресейде қазір 89 облыс болса соның 26-сында  қазақтар  тұрады екен.  1992 жылғы халық санағында  қазақтардың саны  1 миллион 150 мың адам болған еді.  2002 жылғы санақта 686 мың  деп  көрсетілді.  Меніңше онда қазақтардың саны дәл көрсетілген жоқ.  Өйткені  санақ парақшасында  ұлттық графа болмады. Қазіргі кезде 2010 жылғы халық санағының қорытындысы шығарылып жатыр. Біз одан үлкен үміттер күтіп отырмыз.  Өйткені онда 2002 жылғы олқылықтар жойылып,  барлық азаматқа өзінің және ата-анасының  ұлтын жазуына   мүмкіндік берілді. Сондай-ақ  осы уақытқа дейін  Қазақстанға қоныс аударғандар қандастармыздың   саны онша көп емес. Сол себепті соңғы Ресейдегі қазақтар  10 жылда 10-15 пайызға өсті деп ойлаймын.  Олардың  отбасында 5-6 бала болмаса да  орта есеппен  бәрінде 2-3 бала  бар.

Қазақтардың ең көп шоғырланған  жерлері мыналар:  Астраханда  - 170 мың, Орынборда - 135 мың, Омбыда - 110 мың, Саратовта 100 мың, Волгаградта - 60 мың, Челябіде - 40 мың, Алтай Республикасында - 20 мың, Түменде - 20 мың, Новосібірде - 20 мың, Қорғанда - 15 Самарада - 15 мың, Уфада - 10 мың, Алтай өлкесінде - 10 мың, Санк-Петерборда - 10 мың, Мәскеу қаласы мен Мәскеу  облысында - 10 мың, Якутияда - 2,5 мың, Мурманскіде - 1  мыңдай қазақ бар деп шамалап отырмыз. Тұрғындарының 50-85 пайызын қазақтар құрайтын аудандар бар. Мәселен  Астрахан облысындағы Кросноярск ауданының 85 пайызы қазақтар.

- Санақта мансап үшін өз ұлтын орыс деп жазатындар болуы мүмкін бе?

- Біреулер қорқып, біреулер ұялып жазбауы мүмкін. Бірақ олардың үлесі өте аз. Бұл аралас некедегі отбасыларда ғана болады деп ойлаймын. Жалпы Ресейдегі қазақтардың 5 пайызы аралас некеде. Бұл үрдіс онда 1985-90 жылдардан басталды.

- Ресей қазақтарының қазіргі таңдағы ең өзекті мәселесі не?

- Бүгінгі таңда федералддық ұлттық-мәдени автономия басшылығының алдында тұрған басты  міндет - Ресейдегі  қазақтардың  ана тілін   өз балаларына  үйретуіне жағдай жасау болып отыр. Әзірге бұл  біз үшін үлкен арман боп тұр. Оны ашық  айтпасақ та, әрдайым  іштей ойлап жүрміз.   Қазір бізде қарым-қатынасқа орта жоқ.  Мен үйде балаларыммен жұмыстан келген соң 1-2 сағат қазақша сөйлесемін. Қалған уақытта олар  орыс тілінде сөйлейді.

- Ресей қазақтарының арасында ана тілін білмейтіндер көп пе?

- Ана тілін білетіндер саны жыл өткен сайын азайып келе жатыр.  Ересектер күні бойы жұмыста болғандықтан балаларымыздың ана тілінде сөйлеп,  араласатын ортасы шектеулі. Бұған   қазақ мектебінің болмауы да өз ықпалын тигізіп отыр. Ресейде әлі күнге дейін бірде бір қазақ мектебі жоқ.   Астрахан, Орынбор облыстарындағы кейбір аудандарда ғана қазақ тілі  факультативтік сабақ ретінде өткізіледі.  Конститутция бойынша Ресейде әр азамат ұлттық тілін үйренуге құқы бар. Егер мектепте бір сыныпта 5-10 қазақ баласы болып,  олардың ата-аналары «балалармызға ана тілі керек» деп  өтініш жазса мемлекет  жағдай жасауға міндетті.  Бірақ мұндай өтініштер  бізде  жазылып жатқан жоқ. Біреулер қорқады, енді біреулер заңды білмейді. «Ресейде тұрамыз, бізге қазақ тілінің керегі жоқ» дейтін қазақтар да бар. Ата заң  бойынша бізде бала 18 жасқа келгенше оған ата-ата-анасы жауапты. Олар балаларының факультативтік сабаққа тұрақты барып тұруын қадағалауға  міндетті. Егер бармаса мектеп басшылығы оны жауып тастайды. 

- Ресей қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы қашан құрылды? Оның қоғамдық ұйымдардан қандай артықшылығы бар? Ұлттық-мәдени автономия құрудың тәртібі қалай?

- 1996 жылы қоғамдық ұйымдар туралы жаңа  заң қабылданған болатын.  Қазір  Ресейде 18 федералды ұлттық-мәдени автономия бар. Біз оны ең соңғы боп  2007 жылы құрдық. Оның кешеуілдеп қалғанының бірнеше себебі болды.  Бастапқыда өзіміз заңды жақсы білмедік. Одан кейін бірінші Омбыда, одан кейін  Орынборда  әрекет жасап көрдік.  Автономия деген атаудан қорқатындар көп болған соң 26 аймақтық қоғамдық ұйымдар бірігіп 2005 жылы Бүкілресейлік үйлестіру ұйымын құрамыз деп келіскен едік.   Заң бойынша  89 облыстың жартысында қоғамдық ұйымдар  болуы керек екен. Сонда ғана оны құруға болады. Ал федералды ұлттық-мәдени автономияға бүкіл аймақта автономия құру  міндетті емес.  Оны біреулер түсініп жатыр, біреулер түсінбей жатыр.  Ресей қазақтарына қазір қоғамдық ұйымдардың  бәрінің автономия мәртебесін алғаны керек боп тұр. Заң бойынша автономия дәрежесі  федералдық, аймақтық   және жергілікті деген үш сатыдан тұрады.  Әрқайсысының өз орны бар.  Оларға  мемлекет  бюджеттен ақша береді. Ал қоғамдық ұйымдарға жарғылары бір болса  бюджеттен қаржы берілмейді.   Мәселен, Астраханда аймақтық та  облыстық қоғамдық ұйым бар. Ұлттық-мәдени автономия болмаған соң олар жергілікті әкімшіліктен ақша ала алмай отыр.

Заң бойынша алдымен әр ауданда жергілікті ұлттық-мәдени автономиялар құрылады. Олар аймақтық автономияны бекітеді. Ол бір облыста біреу ғана  болады. Ал аймақтық бұл автономиялар бүкіл Ресейде 1 федералды автономияны құрады.  Бізде қазір бір жерде қоғамдық ұйым болса, екінші  жерде автономиялар жұмыс жасауда.  Федералды ұлттық-мәдени автономияны құрғанда бізде  5 аймақтық автономия болды.  Қазір 9 аймақтық, 20-дай жергілікті  автономия бар.  Олар   Самара, Омбы, Орынбор, Түмен, Мәскеу және Мәскеу облысы, Татарстан, Саратов, Алтай өлкесінде орналасқан.

- Ресей қазақтарының тұрмыстық және әлеуметтік-экономикалық жағдайлары қалай?

- 1975 жылға дейін қазақтар негізінен ауылдық жерде тұрды. «Орыс тілін біл, жақсы оқы,  кейін нан сұрап жей алмай қаласың» деген науқан басталған кезде бәрімізге оқудың соңына түсіп, бәрінен озып кеттік қой. Ауылдағы балалардың 70 пайызы жоғары білім алды.  Қызмет, үй берген соң  1960 жылдан бастап бұрын бір сайдың етегінде жеке ауыл  боп отыратын қазақтар орталыққа жақындап, өздері үй салып, біртіндеп қалаға ағыла бастады. Соның нәтижесінде   қазақтар  шоғырланып тұратын ауылдар да біртіндеп азайып келе жатыр.

Кеңес уақытында мал дәрігері, инженер, механиктер  көп болатын. Қазір бізде барлық мамандық иесі  бар.  Мәселен Самара облысындағы 16 жоғары оқу орнында 1 мың қазақ студенттері оқып жатыр. Бәрі осында туып өскен.  Ал оған басқа облыстардан  келгендерді  қоссақ бұл сан одан ары ұлғая берері анық.

- Ресейдегі қазақтар арасында қандай да бір әлеуметтік зерттеу жұмыстары жүргізіле ме?

- Мұндай зерттеу жұмысы керек. Бірақ оны кім жасау керектігін білмейміз. Ойымызда бар. Әзірге өз тарапымыздан ешқандай зерттеу жұмысы жүргізілген жоқ. Қазақстан тарапынан да мұндай іс-шаралар байқалмайды. Тек 2007 жылы  Мәскеу мемлекеттік университетіндегі бір жоба бойынша Елена Ларина деген ғалым  «Қазіргі қазақтар қалай тұрады?», «Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қандай?» деген мәселелер бойынша  Самара мен  Орынбор облыстарында бір  зерттеу жұмысын жүргізді.

Ресейдегі  қазақ жастарының 90 пайызы Қазақстан тарихын, қазақ тілін білмейді. Тіпті Абайдың кім екенінен хабарсыз.  Менің өзім Мұхтар Әуезовтың  «Абай жолын»  2002 жылы ғана оқыдым. Оны маған қазақстандық достарым сыйлаған болатын. Содан кейін ғана Абайды біршама тани бастадым.  Егер жастар Абайдың кім екенін білсе,  тілді білмесе де ішінен қазақпын дейді. Сондықтан Ресейдегі қазақ балаларына алдымен  Абайды орыс тілінде  жеткізу керек деп ойлаймын.  Бізде  танылмаған, әлі ашылмаған талант көп. Оларды қайда жіберуді білмейміз. Кейде Қазақстанға  алып кетсе ғой деп армандаймын.  Ертең оның бәрі  жоғалып кетеді ғой. Өйткені олар Ресейге керек емес. Егер орнымен пайдаланса бұл жастар Қазақстанға қанша пайда әкелер еді. Сыртта жүріп біз де көріп, біліп жүрміз Қазақстанның қарыштап өсіп жатқанын.  Енді Қазақ өкіметі сыртта жүрген дарынды жастарға да көз қырын салып, қанатының астына алса жақсы болар еді.  «Нұрлы көш» жақсы бағдарлама. Енді ата жұртқа қайта оралған қандастарға белгілі бір уақыта дейін тұратын бейімдеу орталықтары құрылып,  ынталандыру шарасы жасалса нұр үстіне  нұр болар еді. Мәселен, олардың жинаған  ақшасы үй алуға жетпеуі мүмкін, мұндай жағдайда 10 жылдан 20 жылға дейін кредит беріп, оны қайтару кезіндегі бастапқы 2 жылына жеңілдік берсе Қазақстанға көшіп келетін отбасылар  аз болмас еді. Сондай-ақ  Ресейде Қазан, Самара, Мәскеу, және Новосібір қалаларында 4 авиациялық  институт бар.  Біздің балалар онда оқып, жоғары білім алса да  келешегі жоқ. Егер мамандар дайындауға қатысты жақсы бағдарлама болса Ресейдегі қазақтар балаларын кез-келген мамандыққа оқытар еді. Ресейде қазір   білім алу тегін.  Бұл Қазақстан экономикасы үшін баға жетпес үлкен капитал болады ғой.

- Бір сөзіңізде сыртта жүрсек те бәрін көріп, біліп жүрміз деп қалдыңыз. Ресейдегі орыстар Қазақстанды қалай қабылдайды?

- Олардың көбі Қазақстанда не боп жатқанын білмейді.  Біз білеміз, қанымыз  қазақ болған соң.  Спутниктік табақтар арқылы Қазақстан арналарын көріп, ондағы жаңалықтарға әрдайым құлағымызды түріп жүреміз. Дегенмен Қазақстан туралы ақпарат  радио мен телевидениеде әлі аз.

- Қос азаматтық туралы пікіріңіз қандай?

- Қос азаматтыққа мен қарсымын. Оған ешқандай қажеттілік жоқ. Қазақстан халқы онсыз да аз. Қазірдің өзінде Ресейде де Қазақстанда қос-қостап үй алып, бірнеше отбасын құрып, кімнің тарысы піссе соның тауығы болы жүргендер жеткілікті.  Бұл жақсы нәрсе емес. 

- Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайынан  не күтесіздер?

- Ең алдымен    жалпы білім беретін мектептерде  қазақ тілін оқыту  мәселесінің  шешілуін.  Қазір Ресей мектептерінде 80-90 пайызға дейін қазақ балалары оқитын аудандар  болса да  бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Ол кеңестік дәуірде де болған жоқ. Енді осы мәселе  екі мемлекеттің басшылары арасында талқыланып, бір саяси шешім қабылданса екен дейміз. Мысалы  Қазақстанда мыңдаған орыс мектептері бар. Олардың бәрі мемлекеттік бюдждеттен қаржыланырылады. Олардың ана тілін,  мәдениетін дамытуға да қомақты қаржы бөлініп келе жатыр. Ресейде де  барлық облыста түгел болмаса  да қазақтар жиі тұратын аудандарда қазақ мектебін ашуға, болмаса  мектеп  бағдарламасында оқылатын міндетті пәндер қатарына  енгізуге болады деп ойлаймын. Ресейдің дамып, өркенденуіне ондағы  қазақтардың да  қосқан үлесі бар ғой. Егер президенттер тарапынан қандай да бір  шешімдер қабылданып жатса,  Ресейдің Білім миинстрілігі  қазақ тіліне оң қабақ танытып, көңіл бөледі деп ойлаймын. Бұл жалпы екі елге де тиімді. Ресейліктер демографиялық ахуалын одан  сайын құлдыраудан сақтап, екі халықтың арасындағы қарым-қатынастың одан ары тереңдете  түсуге  мүмкіндік алады. Қазақстан болса кейбір қажетті мамандарын Ресей қазақтары арасынан тауып, өз мұқтажынан шығар еді.

-Әңгімеңізге рахмет! Тілеген барлық арман-тілектеріңіз толық орнындалсын!

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502