Тимур Сегізбаевтің сиқырлы өнері
ХХ ғасыр халқымыз үшін жауырынды мұздатар жауыздықтарымен ғана емес, жүректі жылытар жақсылықтарымен де есте қалды. Мәдениет пен спорт саласындағы марқасқа тұлғаларымыз өткен ғасырдың өзінде-ақ ел намысын ту етіп көтерген еді. Солардың бірі қазақ спортының саңылағы Тимур Сегізбаев болатын.
Қазақ футболының қара шаңырағы саналатын Семей өңірінде туған Тимур Санжарұлы біздің де аладопта алынбаған еншіміз бар екенін дәлелдеп берді. Біз секілді футболға кеш келген халық үшін Тимурдай бір ұлдың туғаны да мақтан. Теңбіл допта өзгемен терезесін теңестіру міндеті де әне сол Тимурлардың мойынында!
Алматының орталық стадионына «Қайраттың» ойынын тамашалауға бара қалсаңыз көрермендер қатарында жасы жетпістен асып, сексенге таяған талай көнекөз жанкүйерді көресіз. Қартайған жастарына қарамай «Қайрат» деп ұрандағанда жанайқайлары жастарды басып озады. Дәл осы футбол сүйер ағаларымзды бүгінгі Исаэль немесе Аршавиннің жанкүйерлері деуге тіптен қимайсың. Менше олар өткен ғасырда ұлт намысы болған “Халық командасы - Қайраттың” қолдаушылары. Анықырақ айтқанда, Тимур Сегізбаевтардың сиқырлы өнеріне арбалғандар екені сөзсіз.
Одақтас республикалар арасында Ресейдің футболы басқаларына қарағанда көш ілгері болды. Тіпті КСРО құрамасы әлемдегі алпауыт ұжымдардың бірі болған. Алайда одақ құрамындағы Қазақстан секілді бодан елдердің спорты озық бола қойған жоқ. Десе де, мың жерден Мәскеуге бағынды дегеніңізбен, ел намысы сөз болған жерде әр ұлт өз ұлының шашбауын көтеретін. Содан да болар «Қайрат» көршілес елдердің командасымен кездесу өткізгенде бүкіл қазақстандықтар тақымын қысып, тілеуін тілейтін болған.
Әрине, «Қайрат» та ел үмітін жерге тастамаған көрінеді. Өзбектің «Пахтакорына» тізесін батырып, Мәскеулік командалармен де күш сынасып тұратын. Сондай сәтте команда сапында жасындай жарқылдаған Тимур Сегізбаев бар қазақтың мақтанышы болған деседі. Қазақ ежелден “бір ұлын мақтаса төбесін көкке тигізетін, жамандаса басын жерге жеткізетін” халық. Әне сол халықтың махаббатына бөленген Сегізбаев есімі қазақтың сайын даласында аңыз болып ескен көрінеді. Ақкөңіл халық сүйген ұлын мақтағанда мәскеуліктерің жолда қалып, тура атақты Пеленің өзімен қатар қойған екен. “Тимур допты қақырата тепкенде қарсылас қақпасы қақ айырлады” деп аңыз ететін болған.
Солай демегенде қайтсын?! Бөтенге бодан болып, өзгеге есесі кетіп жүрген халық өзінен туған бір ұлдың басқадан оза шапқанын көргенде қалай қуанбасын?! КСРО футбол әлемінде Тимур Сегізбаевтің жарқ етіп шыға келуі қазақ халқының айбынын асырып, мерейін бір көтергені шындық. Оның атақты «Спартак» сынды командаларға гол соғуын әр қазақ өз жеңісі ретінде қабылдағаны сөзсіз. Дәл сол сәттегі қуаныш бүгінгі біздің Геннадий Головкиннің жеңісіне қуанғанымыздан әлдеқайда әсерлі болса керек.
Ол заманда футболшылар бүгінгідей ақша үшін, атақ үшін ойнамайтын. Жанкүйерлер де футболды бүгінгідей қызық үшін, болмаса букмекерлік кеңселерден ақша ұтып алу үшін көрмейтін. Ойыншылар ел мен жердің намысы үшін жасыл алаңда жанын салса; көп көрермен солардың тілуін тілеп жандарын шүперекке түйіп отыратын. Осы сөзіміздің дәлелі үшін айта кетейік, «Қайратқа» қолдау көрсету үшін Сәбит Мұқанов, Әбділдә Тәжібаев, Шәкен Айманов, Тұманбай Молдағалиев сынды ұлттың ұлы тұлғалары орталық стадионға жиі баратын болған. Осындай адал жанкүйерлері үшін Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейділда Байшақовтар да бар шеберліктерін шығаруға тырысатын.
Тимур Сегізбаев бар болғаны 29 жасында жасыл алаңға қош айтқан. Жарақат себебінен. Бірақ, футболдағы сол қысқа ғұмырының өзінде шеберлігіне талайды тәнті етіп үлгірген. Тіпті, бодан ұлтты оңай-оспақ мақтай бермейтін мәскеулік мамандардың өзі Тимур ағаның өнеріне тамсанып, талай мақала жазғанын тарих беттері растап отыр. Ол кісінің ойын мәнері жайлы жазған мамандардың көбі, “30-40 метр алыстан голдық пастар шығаруды ұнататын, кейде сондай қашықтықтан қақпаға соққы да бағыттап тұратын” дейді. Әрі пастарының өте дәл, соққыларының сұрапыл болғанын естелік етіп айтады. Осы жерде қазіргі футбол сүйер қауымға түсінікті болу үшін айта кетейік, сіз өнеріне тамсанып жүрген Лука Модрич, Кристиан Эриксондарыңыздың ойын стилі сол біздің Тимур ағаға ұқсайтын болса керек.
Сегізбаевтің сиқырлы өнерін енді сағына еске аламыз. Ол кісінің бақилық болғанына да бір жылдан астам уақыт өтті. Қайғысы мен қуанышы қатар жүретін қазақ осыдан бір жыл бұрын, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қазақтан шыққан алғашқы кәсіби футболшы Тимур Санжарұлы Сегізбаевті соңғы сапарға аттандырған болатын. Ел есінде қалған есіл ер, қазақ футболының қара нарына қандай құрмет көрсетсе де лайық. Осы орайда, соңғы кездері жиі айтылып жүрген Алматыдағы "орталық стадионға" Тимур Сегізбаевтің есімін берсек деген ұсынысты қолдайтынымызды айта кетейік.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz
Фото: uefa.com, sportsffa.kz