Амангелді Айталы. Тәуелсіздік және дін (жалғасы)
Жаңа діни ағымдар шабуылы
Жаңа діни ағымдар шабуылы
Жаһандану заманының ерекшеліктерінің бірі - миссионерлік қызметтің қарқындап өсіп, әртүрлі сарындағы діни бірлестіктердің әлемге тарауы. Ғылыми-публицистикалық басылымдарда жаңа діни бірлестіктерді «секта», «тоталитарлық секта», «балама діндер», «дәстүрлі емес діндер» немесе «іріткі салушы культтер», тіпті «жаңа ғасыр діндері» деп атайды. Соңғы жиырма жылдан бері Қазақстанда көптеген жаңа діни ағымдар пайда болды. «Жаңа» дегенмен бұлардың басым көпшілігі жаңадан пайда болған жоқ, тек қазақ топырағына шетелдерден келген, біздің ел үшін ғана жаңа діни ағымдар. Олардың ішінде біздің елде ең көп тарағаны - протестант діни топтары. Олар әртүрлі, ала-құлалығы соншалықты, тіпті оларды бүгін топтастыру, жүйелеу оңай да емес, саны 1300-ге таяп қалды. Басты мақсаты - қазақтарды, басқа да ұлттарды протестант дінін ұстанушыларға айналдыру. Бүгінде «қазақстандықтардың бір пайызы - протестант дінін ұстанушылар» деген дерек бар. Басқа да діни ағымдар белсенді миссионерлік қызмет атқарып жатыр. Протестанттар Алматы, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында кеңінен тараған. Сондықтан еліміз шетел миссионерлерінің белсенді әрекетінің алаңына айналған. Бүгінде Қазақстанда 25 елден 367 миссионерлер жұмыс жасайды: олар - АҚШ, Израиль, Словакия, Польша, ФРГ, Оңтүстік Корея, Украина, Италия, Ресей Федерациясынан, тағы да басқа елдерден келгендер. Миссионерлер, негізінен, ірі қалаларда, облыс орталықтарында шоғырланған. Протестант қауымдастықтарының санына байланысты миссионерлердің де саны өсуде. Мысалы, Ақмола облысында 317 қауымдастыққа 34 миссионер, Ақтөбе облысында 114-ке - 13, Қарағанды облысында 419-ға - 52, Қостанайда 188-ге - 21, Павлодар облысында 172-ге - 125, Солтүстік Қазақстан облысында 223-ке - 38. Соңғы жылдары қаптаған миссионерлер заңға қайшы әрекеттерге жиі баратын болды. 2009 жылы 80 заң бұзушылыққа жол берілді. «Евангелистік христиан Баптистер, «Табиғи жамағат», басқа да бірлестіктер жергілікті атқарушы органдарда миссионерлік қызметін тіркеусіз жүргізуге тырысады. Сондай-ақ діни бірлестіктерді тіркеу мен оларға жер телімдерін бөлуде елімізде сыбайлас жемқорлық белең алғаны да белгілі.
Бүгінгі миссионерлер кімдер?
Олар - арнайы психологиялық дайындықтан өткен, шетелдерде арнайы дайындалған мамандар. Әдебиетте оларды кейде «жаңа» миссионерлер деп те атайды. Бұлар - әккі, тәжірибе жинаған, арбау, азғыру әдістерін терең игерген, адамды еліктіргіш кабілеттері мол адамдар. Бүгін миссионерлердің тәжірибесін жинақтайтын, стратегия мен тактикасын талдайтын миссиология ілімі қалыптасты. Миссионерлердің ғылыми журналдары, ғылыми мектептері, екі жүзден астам агенттіктер жұмыс жасайды. Діни уағыздары төңірегінде пікірталас болғанмен, миссионерлік - біртұтас қозғалыс.
Қазақстанда миссионерлік қызмет белгілі бір стратегиялық мақсатқа бейімделіп, маңызды жерлер нысанаға алынып отыр. Әлемде олар өз жұмыстарын ірі халықаралық сауда орталықтарында, табиғи байлығы мол жерлерге орналастырады, кішігірім мемлекеттерге, қалаларға бара бермейді. Қазақстанда олар өндірістік өлкелерде тарихи Отанынан жырақта тұратын орыс, неміс, поляк, украин диаспораларына зор мән береді. Этностар мидай араласып, ұлтсызданған, тілінен, мәдениетінен, дінінен қол үзе бастаған, кедейленген ортада оларға жұмыс жасауға қолайлы. Жаңа діни ағымдар «күнәдан құтқарамыз» деп шын ниеттерін бүркемелеп, жасырып, түптің түбінде, билікке қол жеткізгісі келетіндігі жасырын емес. Қазақстан - бүгін олар үшін дін жағынан игеретін «тың» территория, адамдық материал тұрғысынан да, табиғи байлық тұрғысынан да «шикізат көзі». Қазақстанды үлкен геосаяси экспансияның дәл ортасында орналасқан мемлекет деп бағалаулары тегін емес.
«Жаңа діни ағымдар» сырттан қаржылық қолдау алатынына аса назар аударған жөн. Жылына 20 млрд. долларға дейін қаржылық қолдау алады. Біздің дәстүрлі діндеріміздің ондай көмек алмайтыны, сондықтан олармен бәсекелесе алмайтыны тағы да белгілі. Олар қаржыға шіркеулер салады, газеттер шығарады. Әлемдік қаржылық дағдарыстан толық шыққаннан кейін сырттан көмек күшейіп, олардың белсенділігі тез артуы да мүмкін. Ең бір қиындығы, сол қаржыны бақылауға біздің мемлекеттің мүмкіндігі жоқ, себебі қаржы жеке адамдардың банкідегі есепшотына түседі. Ал заң бойынша оны бақылауға тыйым салынған.
Олардың басты мақсаттарына қалай да діни қауымдастықтардың санын өсіру, өз қатарын көбейту арқылы қол жеткізуге ұмтылуда. Қазақстан халқымен жұмыс барысында қоғамды жасына, әлеуметтік және этностық тобына қарай жіктейді. Бір жағынан, өз іліміне бойұсынушылардың діни білімін тереңдету болса, екінші жағынан, атеистерді, дінге бейжай қарайтындарды өз ықпалдарына икемдеу болып отыр. Үшіншіден, православие, мұсылман деушілердің де діни білімі таяздығын ескеріп, оларды да нысанаға алады, әсіресе, қазақ, ұйғыр, орыстармен жұмыс жасайды. Ресми саясат ұстанымын, толеранттылық, төзімділік, сыйластық, келісім деген адамгершілік талаптарын өз мүдделеріне икемді пайдалана алады. Төзімділіктің жалпақшешейлік, қошаметшіл, құрдай жорғалау еместігін біз де ескере бермейміз.
Бүгін протестантизмге өтушілер қазақ арасында да көрініс алды. Протестанттар дұғаларын қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр тілінде оқиды, қазақтардан пасторлар дайындап, діни уағызды шетелдіктер емес, қазақтар айтатын болды. Протестант-пасторлардың жетпіс пайызы қазақтардан дайындап, қазақтардың қолымен қазақтарды протестантизм дініне аудару стратегиясы қолға алынуда. Осылай ұлт, отбасы дініне қарай жікке бөліне бастады. Протестанттар бүгін Інжілден гөрі Құран сүрелеріне көп сүйенетін болды. Олардың іліміне икемді қазақ әйелдері болып отыр. Ол жалғызбастылыққа, тұрмыс ауыртпалығына да байланысты. Ең қиыны, олар балаларын да сол дінге тартады. Кейде протестанттар өз жұмыстарын жасырып жүргізеді, қоғамдық қорлар, мектептер, спорттық секциялар, үйірмелер құрады. Мысалы, Ақмола облысының Қызылжар ауылында мектепте үй шаруашылығы үйірмесінде дін таратқан.
Әрине, протестанттар ертең ел басқаруға келетін жастарды өздерінің дін жолына аударуға көп мән беріп отыр. Жалпы, жастардың дүниетанымы, саяси бағыт-бағдары, ұлттық ұстанымына ықпал ету әлемдік стратегияға айналды. Бүгін әлемде 2 млн. астам студент өз елінен жырақта, шетелде білім алып жатыр. АҚШ-та 600 мың, Англияда 300 мың, Германияда 230 мың, Францияда 130 мың, Қытайда 150 мың студент оқиды. Қазақстаннан 20 мыңнан астам студент шетелде білім алуда. Бұл мемлекеттер жастарға білім беріп қана қоймай, олардың бойына батыстық мәдени, саяси құндылықтарын сіңіреді. Жастарға негізгі ықпал ететін жолдары - діни әдебиет, теледидар, радио, интернет, хабарландыру, жарнамалар. Мәселен, «Иегова куәгерлері» діни әдебиетті үш жүз тілде таратады, оның ішінде қазақ тілі де бар. Радио екі жүз он бір тілде, аптасына сегіз мың жарым сағат хабар таратады. Жуық арада радио әлемнің тоқсан жеті пайызын қамтитын болады. Жерсеріктері арқылы әлемді түгел қамтуға евангелистер мүмкіндік алып отыр. Олардың назарындағы ең маңызды он аймақтың бірі - Еуразия. «Кеше коммунизм үстемдік құрған аймақты күнәдан тазарту - парызымыз» дейді протестанттар.
2003 жылы қыркүйек айында Брюссель қаласында өткен діни сенім мәселесіне арналған әлемдік парламентаралық конференциясында Еуропаның Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі, америкалық Колли Дурхэм «Біз атеизм құрсауынан азат болған Қазақстан сияқты елдерге қолұшын созып, оларға дін таңдауға мүмкіндік жасап жатырмыз» деген-ді. Ол «көмек» деп Қазақстанға ағылып келіп жатқан әртүрлі жаңа діни ағымдарды айтып отыр. «Егер осы бағытпен жұмыс жасай берсек» дейді ол, «олар америкалықтарша ойлап, америкалықтарша өмір сүретін болады». Сөз жоқ, бұл ашық айтылған қитұрқы пікірге біздер, сонымен бірге Ресей, Египет, Беларусь, Тәжікстан, басқа да елдердің депутаттары тойтарыс бердік, себебі қауіпке осы елдер де үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр. Барлық елдерді бір ізге салып, бір дінге сендіріп, бір қолда ұстауға ешкім де келіспейді. Гегельдің «Егер адамдардың барлығы бір ойда болса, онда ешкімнің ештеңе ойламағаны» деп айтқаны бар. Бүгінгі адамзаттың басты қызығы - әртүрлі тілде сөйлеп, әртүрлі дәстүрлі діндерде болып, әртүрлі мәдениет пен салтқа бас иіп, бір сөзбен айтқанда, алуан түрлі өркениет аясында болуында.
Миссионерлердің пайымдауынша, діндер қуғын-сүргінге ұшырап, халықтар дәстүрлі діндерінен біраз уақыт қол үзіп қалғандықтан, бүгін постсоциалистік кеңістікте тек тарихи діндер емес, барлық діндерге қызығушылық танытып отыр, осы ахуалды олар пайдаланып қалуға тиісті.
Бүгін жаңа діни ағымдар ақысыз ағылшын тілін үйретуге, қайырымдылық шараларына зор мән береді. Осыдан кейбіреулер «оларды қолдау қажет» деген пікірлер де айтылып жүр. Дегенмен тек біздің елде ғана емес, көптеген Еуропа елдерінде жаңа діни ағымдар төңірегінде үлкен алаңдаушылық бар. Дабыл қағушылар тек дәстүрлі діндер тарапынан ғана емес, мемлекеттік, оның ішінде мемлекетаралық органдар да бар. Сондай-ақ мәселе тек протестантизм ағымдарына ғана байланысты емес, басқа да қауымдастықтар да елдерді ойландырып отыр. Ең алғаш Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-та жаңа діни ағымдар қызметіне байланысты үлкен алаңдаушылық байқалған болатын. Бұл дінаралық бәсекелестіктен туған қайшылықтар емес. Әлем елге іріткі салатын діни ағымдар дейтін топтарды деструктивті секталар, кейде культтер деп атайды, сондықтан олардың қызметін заң тетіктерімен шектейтін болды. Мысалға, саентология шіркеуін алайық. Данияда саентология діни мәртебесінен айырылды. Канадада саентологияға өте көп айыппұл салынды. Италияда саентология қылмыстық ұйым деп танылды. Оның 29 мүшесі сотталды. Испанияда қылмыстық іс көтерілді. Германия мен Францияда саентология қылмыстық ұйым деп танылып, Францияда олардың бірқатар басшылары абақтыға жабылды, алаяқтық жасау мен адамдарды өздерін-өздері өлтіруге жеткізгендіктері үшін айыпталды. Ал АҚШ-та саентологияға тағылған кінә мен сот шешімдері туралы әңгіме - өз алдына бөлек тарих. Грецияда Афины соты 1997 жылы саентологияға тыйым салды. Саентологияның қылмыстық істерін осылай жалғастыра беруге болады. Еуропаның Парламент Ассамблеясы 1994, 1996, 1999 жылдары, одан кейін де секталар және жаңа діни қозғалыстар туралы шешімдер қабылдады. Ол құжаттарда секталар мен діни ағымдардың белсенділігіне алаңдаушық білдіріп, олардан төніп тұрған қауіпті елге түсіндіруді мақсат еткен. Әр елдің мәдени дәстүрлері мен заң жүйесі алуан түрлі болғандықтан, Парламент Ассамблеясы әр мемлекет өз шешімдеріне қарай іс-қимыл жасауын қалайды.
Еуроодақ елдерінде адам құқы бұзылуының әртүрлі көріністері байқалады: отбасындағы қатыгездік қарым-қатынас, жыныстық қатынасқа икемдеу, адамдарды сату, зорлық-зомбылыққа итермелеу, нәсілдік көзқарас тарату, заңсыз емшілік қызмет жасау.
Ресейдің Дінтану зерттеу орталығы мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірігіп, жаңа діни ағымдардың ілімі мен қызметі туралы ақпарат береді, ағартушылықпен айналысады, әдебиеттер шығарып таратады, дәрістер оқиды. Орталықтың жетекшісі А.Дворкиннің айтуынша, «секталардан шығудың жолы - оған кірмеу, ықпалына ілінбеу». Егер сектанттардан елді алдын ала сақтандырсақ, нақты ақпарат берсек, халық қайта-қайта сектаға шақырудың немен бітетінін ескертсек, адамдар олардың алдамшы сөзіне ермес еді дейді. Оның зерттеуі бойынша, психологиялық тұрғыдан жеке адам сектаға бірте-бірте енеді. Ең алдымен, әрбір адам осы күнге дейінгі өмірін түгел адасу, қате деп есептеп, бұрын оның ақ дегені енді қара екен, қара дегені ақ, жаман дегені жақсы, жақсы дегені жаман екенін мойындауға тиісті. Ата-ана, отбасы, бұрынғы достарын дос емес, жау екен деп түсіну қажет екен. Осылай адам екінші кезеңге өтеді, қоғамнан оқшаулана бастайды, жігер-қайраты әлсіреп, белгілі бір жаттанды сөздерді қайталай береді, бірте-бірте еркінен айырылып, тілалғыш, айтқанды екі етпейтін адам болып шығады. Соңғы кезеңде ол толықтай жаңа ағымға беріліп, бар күшін салып оған жұмыс жасап, ұйқыдан, тамақ ішуден қалады. Барлық секталар осылай темір тәртіпке негізделмегенмен, осындай қауымдастықтардың көптігіне Ресей ғалымдарының біразы назар аударады. («Религоведение», Ростов-на Дону, 2009, 373-375-бет.)
1995 жылдың 23 желтоқсанында секталардың қауіпті жұмысының салдарынан Францияда 16 адам қаза тапты, оның үшеуі сәбилер еді. Осы да, басқа да уақиғаларға байланысты Еуропарламенттің 1999 маусымында секталар туралы арнаулы қаулысы қабылданды. Онда бірқатар секталардың қауіпті әрекеттеріне назар аударылды. Әртүрлі эзотерикалық (құпия) топқа кірген ата-аналары балаларымен қатыгездік қарым-қатынас орнатқан, зорлау, идеологиялық ықпал салдарынан балалар мектепке бармай, мемлекеттік бақылаудан да тыс қалған. Секталардан жапа шеккендерді психологиялық, әлеуметтік жағынан өмірге қайтару үшін көптеген еуропалық елдерде мемлекеттік емес ұйымдар пайда болды. Мысалы, Францияның «Отбасы мен жеке адамды қорғау» Ассоциациясының жарнамасында секта қитұрқы жолдармен адамдарға өздерінің ілімін таңып, оны психологиялық жолдармен аздырады: зорланып дінге қызмет істеп, ұйқыдан қалған, тойып тамақ ішпеген адамның денсаулығына зиян келеді; сектаның ілімімен шектелген адамның ой-өрісі тарылады; адамдармен пікір алмасуы шектеледі, қоғамға тұтас қас, жау деп қарау адамдарды әлеуметтік тұрғыдан оқшауланып, отбасының бұзылуына әкеледі; балалар ата-аналарынан, ата-аналары бір-бірінен ажырасып, қоғам жікке бөлінеді (Сонда, 288-289-беттер).
Католиктердің жаңа діни ағымдарға көзқарасын 1991 жылы кардинал Франциска Аринзе жетпіс бес епископ конференцияларының материалдары мен бес континенттің мамандарының зерттеулері негізінде бірқатар жаңа діни ағымдарды қауіпті деп есептеді. Кардинал Аринзе олардың сонымен бірге елдің тұтастығына жік салатынына, адамдардың санасына ықпал етіп қоймай, олардың отбасынан қол үзуіне, қаржылары мен дүние-мүлкіне ие болатынына баса назар аударды (Сонда, 389-бет). Сондай-ақ ол материалда «жаңа» дінге кіргендерге олардан шығуға тыйым салып, адамдарды тұтқында ұстағандай қоғамнан шектегені, соның салдарынан секта мүшелерінің жаппай өздерін-өздері өлтіруге дейін барғандары туралы деректер келтірді (Сонда, 391-бет).
Аринзе ресми Ватиканды орынды-орынсыз сынау, епископтардың арасындағы даулар, олардың оғаш мінез-құлықтары, сондай-ақ католик діндегілердің Інжілді терең меңгермегендігі секталарға үлкен күш беретіндігіне назар аударады. Діндер бәсекелестігі заманында Құдайға құлшылық ету жолында діни сана мен жергілікті ұлттық дәстүрлердің үйлесіміне мән берілуін кардинал талап етеді.
2004, 2005, 2007 жылдары «Діни сенім бостандығы және бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасы» заңына толықтырулар енгізілді. Депутат ретінде бір байқағаным, діндер мәселесінде Қазақстан, басқа да тәуелсіздік алған жас мемлекеттердің заңнамасы мен еуропалық стандарттардың үйлесе бермейтіндігі. Қазақтар сияқты отарланған ұлттар үшін дәстүрлі құндылықтар, ұлт мәдениетін, дәстүрлі дінін қолдау өте маңызды. Еуропа мемлекеттерінің де бүгін христиандық құндылықтарға зор мән беретіндігін айттық. Ал Қазақстанға келгенде еуропалықтар, әсіресе, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері, оларды қолдайтын елдегі кейбір заңгерлер діндердің құқы бірдей деген желеумен елдің қалауымен есептеспей, дәстүрлі діндерді емес, еуропалықтардың қолдайтын, болмаса тіпті Еуропадан қуылған діни ағымдарды Қазақстанға тықпалайды. Біздің қоғам бүгін бұған алаңдауда.
Ресей қоғамының алаңдаушылығы 1997 жылы конфессиялар мен мемлекет арақатынастарына үлкен өзгерістер енгізуге әкелді. Тым либералдық курстан әкімшілік-реттеушілік бағытқа бет алды. Егер 1997 жылға дейін Ресейдің діндер саласындағы заңнамасы жалпы діни жаңаруды қолдаса, енді жаңа заңда діндерді «дәстүрлі» және «дәстүрлі емес» деп жіктеп, бірқатар діни ағымдарға заңдастыруға тосқауыл қоюға негіздер жасалынды. Осылай мемлекеттік діни саясат саласында жаңа стандарт өмірге келді. Заңда христиандық, Ислам, буддизм, иудаизм Ресей халықтарының бөлінбес тарихи мұрасы ретінде құрметтелінеді деп мойындайды. Бірте-бірте мұны барлық ТМД елдері қабылдады. Бұрынғы кеңестік, казіргі жаңа тәуелсіз мемлекеттердің діни бостандық туралы заңдарында шетелден келген діни ағымдарды шектеуге, дәстүрлі діндерді қорғауға бет алады. Арменияда Армян Апостолдық Қасиетті Шіркеуі ұлттық шіркеу деп танылды. 2007 жылдың көкек айында Армения Республикасы мен Армян шіркеуі қарым- қатынасы жөнінде заң қабылдады. Оған сәйкес Армян шіркеуінің ауруханалар, балалар үйлері, интернаттар, әскери бөлімшелері мен абақтыларда өз өкілін тағайындауға құқы бар. Басқа діни топтар ондай мүмкіншілікке тек мемлекеттің рұқсатымен ғана ие болды.
Әзірбайжан заңына байланысты шетелдіктер мен азаматтығы жоқтар діни насихатпен айналыса алмайды.
Украина заңының 24-бабына сәйкес миссионерлік қызметін тек мемлекеттік органдармен келісім негізінде жүргізеді.
Түрікменстан заңының 20-бабына байланысты шетелден ағылып келіп жатқан діни әдебиетті тек ғылыми сараптамадан өткеннен кейін ғана елге таратуға рұқсат беріледі. Ал заңның 8-бабына сәйкес діни ұйымның жетекшісі болып жоғары діни білімі бар Түрікменстан азаматы бола алады.
Беларусь Республикасының заңының 22-бабына сәйкес әдебиет және басқа да материалды тек дінтану сараптамасынан кейін ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Діни ұйымының жетекшісі болып тек Беларусь Республикасы азаматы бола алады. 2003 жылы «Беларусь Республикасы мен Беларусь Православие Шіркеуі келісімі туралы» заң қабылданды. Заң белорус халқының рухани, мәдени және мемлекеттік дәстүрінің тарихи қалыптасуы мен дамуы барысындағы Беларусь Православие Шіркеуінің маңызын ескере отырып қабылдағанына назар аударады. Сондай-ақ мемлекет Беларусь Православие Шіркеуінің тарихи тәжірибесі, рухани әлеуеті мен көпғасырлық мәдени мұрасының бұрын да, бүгін де белорус халқының рухани, мәдени, ұлттық дәстүрлеріне ықпал ететіндігін мойындады. Ал Беларусь Православие Шіркеуі Беларусь мемлекетін рухани және мәдени дәстүрлердің сақталуының кепілі ретінде танып, қоғамдық тәртіп, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қағидаларды қамтамасыз етуде мемлекетпен келісімге мүдделі екенін мойындады. Мемлекет пен Беларусь Православие Шіркеуі келісімінің басты бағыттары мыналар: қоғамдағы адамгершілік ахуал, тәрбие және білім, мәдениет, шығармашылық қызмет, тарихи және мәдени мұраны қорғау, денсаулық, қайырымдылық пен мейірімділік, отбасы институтын қорғау, ана мен бала, еркінен айырылған адамдармен жұмыс, әскери қызметкерлермен тәрбие, әлеуметтік және психологиялық жұмыс, қоршаған ортаны қорғау. Келісімге сәйкес бірлескен бағдарламалар қабылданған. Беларусь Православие Шіркеуі мен әртүрлі министрліктер, сондай-ақ епиархия мен облыстық, аудандық атқарушы органдар бірлескен іс-әрекеттері туралы жоспарлар мақұлдаған. (Социологические исследования; 2006, №2, 128-135-беттер).
Сонымен бүгін Еуропа мен көптеген ТМД елдерінде тоталитарлық секталармен заңға сүйенген ымырасыз, қатаң идеологиялық, рухани күрес жүріп жатыр.
Қазақстан Республикасының «Діни сенім және діни бірлестіктер туралы» заңы 1992 жылы 15 қаңтарда қабылданды. Бұл заңның басты мақсаты зорлап таңылған кеңестік атеистік идеологиядан еркіндік алу еді. Сондай-ақ дінді саясаттандыруға жол бермеу болды. Бүгін қоғамдық пікір бұл заңды жетілдіруді талап етіп отыр. Басты мәселенің бірі - тоталитарлық секталардың зардабынан халықты қорғау. Дегенмен біз әлі өз ұстанымымызды толық айқындамай, кейде тіпті абыржып, кауіп-қатерден сескенетін сияқтымыз. Ел тағы бір мәселеге назар аударады. Еліміздегі католиктерге жағдай туғызатын Ватикан мен Қазақстан Республикасы арасында келісімге қол қойылған, ал тарихи діндеріміз Ислам және православиемен әлі ондай келісім жасалған жоқ.
Іріткі салушылар тек дәстүрлі діндерге ғана қарсы жұмыс жүргізіп жатқан жоқ, қоғамдық және әлеуметтік институттарға, мемлекеттік конституциялық құрылымына қауіп төнгізіп тұрғандығына ел алаңдап отыр. Космополитизм, «Құдай мен діндер бірлігі», «адамзат бірлігі», «жаңа нәсіл» идеяларының астарында мың ғасырлық рухани құндылықтарды шеттету, бірте-бірте ығыстыру ниеті жатыр. XXI ғасырда дәстүрлі әдеп, адами қағидалар тозған, олар адамды енді жалықтырады, тарихи діндер бар болғаны «салт-дәстүр» діндері, адамның «жаны» емес, тек «тән» діндері дей келіп, деструктивтік секталар адамдарды «ұлт», «мемлекет» деген бұғаудан азат ететін жаңарудың «жаңа» жолына шақырады. Бұл - тәуелсіздігімізге де төнген қауіп. Бүгін интеллигенцияның, жалпы азаматтардың Казақстан қоғамы жікке бөлінудің алдында тұр деп қауіптен сақтандыруы орынды.
Сонымен бірге бүгін басқа да пікірлер айтылуда. Дәстүрлі емес діндердің тарауы - демократияландырудың көрінісі, сондықтан оларды шектеу демократияны шектеумен бірдей делінеді. Сөз жоқ, діни сенім бостандығы - азаматтық қоғамның басты қағидасы. Бірақ өзін дін деп жариялаған бірлестіктің бәрі игілік, мейірімділік әкелмейтіні белгілі болды. Діни сенім бостандығын бүркемелеп, әртүрлі іріткі салушы культтердің тым еркіндік алуына, миссионерлердің шамадан тыс белсенділігіне, олардың артында Батыстың мықты қаржылы қолдаушыларының барлығына біздің қоғам аса зор алаңдаушылық білдіруде.
Елдің, жерінің тұтастығы, шекарасының мызғымайтындығы сияқты, оның рухани тұтастығы мен бірлігіне де қол сұғуға болмайтындығы ақиқат. Онсыз ұлтты, елді аман сақтау мүмкін емес. Бұл - әлемдік қағида. Рухы биік ел ғана қоғамның еркіндігі мен дінін, діни сенім бостандығын, халқының наным-сенімін қорғай алады. Діндерді сыйлай отырып, сонымен бірге оларды қадағалауға, қажет болса, оларды шектеу қажеті бар.
Қоғамның сана-сезіміне, тәрбиесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Біздің кешегі тарихымыздан сабақ алсақ та болар. Жүздеген ұлттардың тарихын түбегейлі өзгерту үшін В.И.Ленинге - он бес жыл, Адольф Гитлерге - 10, Аятолла Хомейниге - 20 жыл қажет болды. Осы тұлғаларды алғашқыда халық елге бақыт әкелушілер деп таныса, бүгін олардың ілімінің әртүрлі деңгейде зардабын шегуде. Сырттан келіп, іші-бауырымызға кіретін арамыздағы «ақылшылардың» артында да мықты лоббилер тұр.
Ата Заңымыз біреу, ал діндер көп, заң алдында олардың құқы бірдей болғанмен, өмірде олар шын мәнінде бірдей емес. Ғасырлар бойы елімізге рухани тірек, өркениетіміздің қазығы болған және бола беретін, мәдениет құрушы, орны бөлек Ислам діні бар, оны сектамен қатар қоюға тіпті болмайды.
Соңғы жылдары Қазақстанда да «Деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» құрылды. Оның деректері бойынша, Қазақстанда мыңнан астам «деструктивтік», былайша айтқанда, елге іріткі салатын секталар бар. Осы секталардан жапа шеккендерге Ассоциацияға біріккен 18 орталықтан көмек көрсетіледі («Дін және құқық», Алматы, 2010, 42-бет). Секта әрекетіне тап болған адамдар отбасының қайғысына айналып, олар көмекке мұқтаж болып отыр.
1. Менің жұбайым сектаға түсіп қалды. Ол жерге біздің пәтерімізден заттар, еңбекақы (шәкіртақы, зейнетақы) апарып береді.
2. Менің әйелім сектаға барады және менің қарсылығыма қарамай ол жерге кәмелетке толмаған баламызды да апарып жүр.
3. Кәсіпорын басшысы сектаға қатысады, барлық жұмыскерлерді жиналысқа қатысуға мәжбүрлейді («Бүгінгі күнгі дін». Астана, 2008, 48-50-беттер). Осы сияқты арыздар өте көп.
Ақтөбе қаласында деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсететін «Жарық» атты «Ақпараттық-консультативтік орталық» жұмыс жасауда. 2010-2011 жылдары елуден астам азамат әртүрлі, психологиялық, заң тұрғысынан өз сұраулары бойынша көмек алған. Олар, негізінен, «Иегова Куәгерлері», «Жаңа өмір», «Береке», «Благодать» сияқты жаңа христиандық ағымдар, басқа да әртүрлі бағыттағы дәстүрлі емес жаңа діни ағымдары өкілдерінен зиян көргендер. Дүние-мүлкінен айырылған, денсаулықтарына зиян келген, өмірлеріне қауіп төнген, балаларын сектаға тарту сияқты жапа шеккендер жәрдем күтеді. Секталар интернет, компьютерлік графика, ағылшын тілі тобын құрып, жастарды тартуда. Шымкентте іріткі салушы культтер қызметінің салдарынан ата-аналары қан құюға бас тартқандықтан, олардың баласы қайтыс болды. Әскери борышын өтеуден бас тарту, ерлі-зайыптылардың ажырасуы, анасының не әкесінің отбасынан қол үзуі, отбасындағы қатыгездік туралы жағдайлар өте көп тіркелуде («Бүгінгі күнгі дін». Астана, 2008, 20-22-беттер).
Еліміздегі діни ахуалдың күрделенуінің себебін тек тоталитарлық секталардың шабуылынан көру біржақты түсінік болар. Ашығын айтсақ, жаңа діни ағымдардың біздің елімізде тарауының себебі, бір жағынан, діни, заң тұрғысынан да сауатымыздың тайыздығынан болса, екінші жағынан, дәстүрлі дін өкілдерінің білімінің жетілмегендігінен болып отыр. Таза бұлақтан сусындай алмаған жастар лай суды ішуге мәжбүр болып жүр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында Н.Назарбаев «ойлары мүлдем бөтен түрлі діни секталар мен ұйымдардың кіруінен сақтайтын» шараларға аса назар аударды. Біздің халық қоғамға зиян келтіретін діни қауымдастықтарды шектеуге байланысты заңға өзгерістер мен толықтыруды, болмаса дін саласында тіпті жаңа заң күтуде.
Соңы
Амангелді Айталы,
Ақтөбе мемлекеттік педагогика
институтының профессоры,
философия ғылымдарының докторы
«Ана тілі» газеті