Құмандардың Улаш тайпасы және олардың түркілермен байланысы
10 ақпан - әйгілі түркітанушы Мандоки Қоңыр Иштванның туған күні. Қазақ пен мажардың тел ұлы атанған ғалым тірі болса биыл 75 жасқа толар еді. Біз осы айтулы датаға орай қазақтың қоңыр ұлының "Құмандардың Улаш тайпасы және олардың түркілермен байланысы" атты еңбегін жариялап отырмыз. Алдағы уақытта мұнан өзге де материалдарын оқырман назарына ұсынатын боламыз.
Abai.kz ақпараттық порталы
Бала кезі. Иштван Қоңыр
Бірінен соң біріне ұласқан халықтар миграциясы дәуірінде бірқатар Ішкі Азиялық** салт атты көшпелі халықтар шығыстағы Атажұртынан қопарыла көшіп, бірте-бірте батысқа қарай ойысты. Бірнеше мың жылға жалғасқан, бірде орасан үлкен толқын тудырған, бірде көптеген халықты қатарынан қамтыған халықтардың жойқын миграциясы Еуразияның аридтік (қуаң) зонасының батыс шебі – Карпат қойнауы мен Дунай бойының төменгі жазығына дейін келіп жетті.
Алайда, көшпелі жұрттың барлығы да бұл қияметті ұзақ жолды басып өткен жоқ. Айталық, олардың арасынан көптеген тайпа өз атақоныс-мекенінен сәл ғана жылжыды. Миграцияның басталар тұсында қолайлы мекенге кез келсе, сол аумақта-ақ көшпелі мемлекетін құруға әрекеттенеді. Әр түрлі тектен таралған, тіптен тілі де ұқсамайтын көптеген тайпалық одақтан құрылған көшпелі империяларға жиі өзгеріс пен тұрақсыздық тән. Мұндай одақтар бір күшті билеуші арқасында мүлдем беймәлім түрде, елеусіз дүниеге келеді де, күтпеген жерден күшейіп, билігі мен өктемдігін мейлінше ұлғайтуға тырысады. Сонан кейін адамның жаны мен қанын құрбан етіп, бірнеше ғасыр бойы гүлденіп тұрады да, ақырында кенет немесе баяу үдеумен қауқарынан айырыла, күйреп тынады. Бір одақтастықтың осылайша бытыраған тайпаларының орнын шығыстан жаңадан келген басқа бір тайпа басады: оны өз тайпалық одағына сіңіреді немесе жайылымы мен қонысын тартып алып, өздерін батысқа қарай ығыстырып қуады. Осылайша, кезінде үлкен империяларға тоғысқан көшпелілердің тайпалық одағының бірқатар жекеленген тайпалары мен рулары өзінің ту бастағы мекенденген аумағынан мүлдем алысқа, мекеніне айналған байтақ қуаң даланың ең соңғы шебіне дейін қоныс аударуға тура келді.
Көшпелілердің батысқа қарай бет алған кейбір тобы жекедара тайпа, жұрт ретінде емес, керісінше бір халықтың ядросын (мәйегін) құраған ең үлкен және ең әлуетті тайпа әу бастан бірге қозғалып, батысқа қарай көшу, жылысу жолын бірге (ыңтымақта) өткізеді. Бір сәт толастамайтын шабыс пен соғыс барысында олар азды-көпті руынан, мүмкін бірлі-екілі тайпасынан айырылады. Бірақ, оның есесіне басқа халықтың үлкенді-кішілі бөлігін өзінің құрамына ілестіріп, қосып алады. Осылайша, олар күшпен жаулаған немесе өздігінен ілескен жаулаушы тайпалық одақтың құрамына еніп толығымен сіңісіп кетеді. Дегенмен, бір кездері өздерінің шығу тегі туралы мәлімет беретін тайпа мен ру аттарын ұзақ уақыт бойы жадында сақтайды. Жаулап алу арқылы бірте-бірте күшейе түскен көшпелілер ұлысы шығыстағы көршілерінің оқтын-оқтын тұтқиыл шабуылына қарсы тұрып қана қоймай батысқа қарай қанат жайып ұлғая түседі.
Бұл ұлғаю, қанат жаюдың өзі-ақ ары қарайғы олардың шекара шебін анықтайды: көшіп-қонып жүрген салт атты, мал өсіруші көшпелілер үшін ендігі кезекте батыс өңірде тек Карпат қойнауы ғана қолайлы қоныс мекен деп танылды. Онан әріге, батысқа қарай олжа табу тақсатында жорық жасау ниеті тым аз болды. Осылайша, халықтар миграциясының көптеген дәуірінде көшпелілер қолайлы қоныс ретінде Карпат қойнауын таңдады. Дәл осында бірнеше ғасырға жалғасқан, ұзақ та, қияметті миграциялық жорықтың аяқталар тұсында өздерінің ұлысын, дәлірек айтсақ, мемлекеттілігін дүниеге әкелді. Олардың қатарында скифтер, сарматтар, кейінгі Атилла (Еділ) патшаның ғұндары, онан кейінгі Баян хаған бастаған аварлар, ақыр соңында осы жерге біржолата қоныс тепкен мадьярлар бар.
Арпад Патша бастаған мадьярларының Карпат қойнауына ауа көшіп қоныстануымен көшпелі жұрттардың бұл өңірге бағытталған миграциясы толыстаған жоқ. Мадьярлардан соң іле-шала бұл үрдісті Леведиядағы (мадьяр тілінде-Етелкөз) қоныс-мекенінен Мажарстанға, бір бөлігі Балқанға жеткен печенектер жалғастырды. Онан кейінгі лекте (Карпат қойнауына) азғана топпен жеткен уздар (оғыздар), кейін бөсермендер (мұсылмандар) мен кализдар миграцияны жалғастырды. Ең ақырында Ішкі Азиядан шығып, Қара теңіздің теріскей жағалауындағы қуан даланы басып өтіп, Карпатқа дейін келіп жеткен құмандар бұл өңірге қоныстанған халықтардың ең соңғы толқыны болды. Бақташылықпен шұғылданатын атты көшпелілер – құмандар мемлекетінің батыс шекарасы ХІІІ ғасырдың басында Дунайдың төменгі ағысына дейін жетті. Осы тұста шығыстан қауіп төндіріп келе жатқан жаулаушыларға қарсы тұруға қауқарсыз, олардың тегеуіріне төтеп бере алмайтынын сезген құмандардың бір бөлігі Мажарстан елінен сауға табады.
Құман тайпалары мен дәйекті түрде жаңара түскен тайпалық одағының тарихын қазірге дейін (мақала 1976 ж. жарық көрген – Х.Б.) толығымен саралап үлгерген жоқ. Көне тарихнамалық жазбалар аз болғандықтан құман жұртының негізгі арқауын құраған тайпалардың шығу тегі, қоныс-аудару мәселелерінде тек болжамдар ғана бар. Жеңіске жеткен шайқастары мен жорықтары барысында олар бірқатар бөгде тайпаларды өзіне қосып алды. Бірақ, жеңіліске ұшыраған кездерде олардың құрамынан үлкенді-кішілі тобы бөлініп қалды. Сондықтан ежелгі дереккөздер өзгерістер мен құбылыстарды дәлме-дәл баяндап бере алмайды.
Кейбір араб дереккөздері бойынша құман тайпалық одағы тоғыз, басқа бір жазбаларды он бір, тіптен он төрт тайпадан құралғандығы туралы айтылады. Ал отандық (мадьяр – Х.Б.) дереккөздері құмандардың жеті тайпасы туралы баяндайды. Бірақ, бұл мәліметтерді саралап, сын тезінен өткізбестен сол қалпында қабылдауға жарамайды. Аталған сандар көне және қазіргі халықтар да бірдей бақ, құт әкелетін сиқырлы сан деп есептеледі. Біршама көп тайпалардың одағынан құралған олар өздерін үнемі жеті, тоғыз немесе он бір тайпадан тұратындығын әспеттейді. Бұл, Карпатқа қоныс тепкен мадьярлар тайпаларына байланысты да байқалады. Дәстүр бойынша мадьяр тайпалық одағын жеті тайпа құрайды. Сондықтан да бір-бірінен шығу тегі мүлде бөлек Kүрт және Дьюрмат тайпаларын Константин Перпирогенитос (Богородный) жазбаларында ортақ атпен беруге мәжбүр. Дәл солай мадьярлар келіп қосылған түрік тілді кабарлардын үш рудан тұратын жұртын мадьярлардың сегізінші тайпасы ретінде атайды. Оның себебін сиқырлы жеті санының киесіне қалмау деп түсінеді.
Жоғарыда айтылғандай, латын тілінде жазылған отандық құжаттар – шығыстық жазбаларға қарама-қайшы, яғни Мажарстанға қоныстанған құмандардың жеті тайпасы туралы баяндайды. Бірақ, жетеуінің атын бірдей тізбелей алмайды. Бар болғаны, бұл деректерден құмандардың төрт тайпасының ғана атын кездестіреміз: Борчул, Олаш, Чортан, Коор немесе Коол. Басқа тайпа аттары туралы жазба құжаттар ешқандай мәлімет бермейді . Сонда басқа тайпалардың аты қалай және мажарстандық құмандар шынымен жеті тайпадан ғана тұрды ма? Мадьяр тіліндегі көне жазба құжаттар бұл сауалға әзірше жауап бере алмайды. Оған бола көне жәдігер құжаттарды жазушыларды кінәләй алмаймыз. Себебі, жазбаларда атышулы, даулы істерге араластығы бар тайпалардың аты аталды дегенмен дауласушы, жауласушы жақтың құжаттары толығымен бізге жетті деп айту қиын. Егер бұл мәселеде бізге бір нәрсе жәрдем етсе, ол - құмандар тұратын аймақтағы жер-су атаулары мен адам есімдері, фамилиялары. Халық, тайпа, ру атаулары, әсіресе, түрік тектестер арасында көбіне жер атауларында сақталып қалатыны баршаға аян. Үлкен аймақ немесе белгілі кішкене өңірге ат беруде ең оңайы – сол жерді иемденген, мекендеген тайпа мен ру атауын беру. Мадьярлардың қазіргі қонысындағы жер-су атауларынан ондағы алғаш халықтың арқауын құраған тайпалардың атауын байқаймыз. Айталық, Каполнашниек, Белмедиер, Фузешдьюрмат, Тисакүрт, Дьөндьөштариан, Будаиенө, Самошкер, Дунакеси және т.б. Бұл атаулар аталған тайпалардың бір кездегі қонысы немесе олардың қай жаққа, қалай бытырап, тарап кеткені туралы хабар береді.
Дәл солайша, құман тайпаларының атаулары, мекен қонысы туралы толығырақ мәліметті жазба жәдігерлер, құжаттық материал, және құмандар мекендейтін аумақтағы жер-су аттарының көмегіне сүйене отырып анықтай аламыз. Бірақ, Құманиялық*** жер-су атаулары арасынан тек мына жағдайда ғана тайпа мен рулардың шығу тегі туралы егер олар Мажарстан аумағына қоныстанар алдындағы мәліметтерде кездессе немесе құмандармен көнеде байланыста болған жағдайда ғана сөз қозғай аламыз. Бәлкім, құмандардаң кейін келген түрік тайпаларының атауынан (мүмкін қыпшақ текті) алынған жер-су аттарын құман текті делінуі мүмкін. Құмания өңірінен мұндайлардың бірқатарын кездестіре аламыз. Мысалы, Үлкен Құмания (түпнұсқа тілде Надькуншаг Х.Б.) өңірінде құман текті ру, тайпа атауын алған Карцагтағы Салгор (қазіргі атауы Задор), Токсаба, Конгрулу, Кунмадараштағы Жалайир, Кишуйсаллаш шекарасындағы Байандор, Печене, ал Кіші Құманиядағы Төртел, Тазлар, Бодоглар және т.б.
Бұл мақала аты аталғандар туралы емес, керісінше жазба деректерде сөз болған, дәлірек атап айтсақ Үлкен Кұманиялық Олаш тайпасы туралы сөз қозғаймыз. Бұл тайпаның аты алғаш рет 1328- жылғы (1328 – 1329 :. «… Demeterius… ludex Cumanorum genere Olass…”) мадьяр құжат хаттарында, кейін 1344 жылғы (1344: «… capitaneus Comanorum generacionis Olas…») жазбада ұшырасады. Шын мәнінде Олаш құмандардың көне тайпасына ұқсайды. Бұл туралы ХІІ ғасыр басындағы орыс жылнамаларында өте жиі сөз болады: Мысалы, 1103-жылы Улаш, 1184 жылғы жылнамада Улашевичи (Улаш ұлдары, Ұлаш тайпасының ұлдары) түрінде аталады. Бұл атаудың түпнұсқа формасы Улаш сөзінің алғашқы мағынасы «ұласу, бірігу, одаққа топтасу» деген мағынаны білдіреді және түрік тілдерінде де осыған ұқсас мағына береді.
ХІІІ ғ. екінші жартысында түрік және моңғол жұрттарының шығу тегі туралы аңыз, шежіре туралы жазған парсының әйгілі жылнамашысы әрі дәрігер Рашид-әд-дин еңбектерінен көп мәліметтерге қанық боламыз. Оның еңбектеріндегі түріктерге қатысты бөлігінде Салгур тайпасынан тараған Улаш бек туралы баяндалады. Ол – Оғыз хағанның шөбересі Див-Иавгу хан әскербасшыларының бірі.
XVII ғ. екінші жартысында түркімендердің шығу тегі, шежіресі туралы жазған еңбегінде Әбілғазы Баһадүр (Хиуа әміршісі) хан – бұл айтылған атауларды дәлме-дәл, бірақ сәл ғана құбылтып келтіреді. Он Диб Бакуй хан әскерінің басы, Салур (бұл Салгур атауының түркіменше варианты) тайпасынан шыққан Улаш бек деп келтіреді. Сондай-ақ, түркімен, анадолы түріктері мен әзірбайжандарға ортақ қаһармандық дастаны - «Деде Қорқытта» Улаш пен Салур атауын бірге аталады.
Тарихқа сүйенсек, оғыздар —б.з.д. 209-174 жылдар аралығында салтанат құрған Оғыз хан құрған Ішкі Азияның кең байтақ аумағында әрлі-берлі ойқастап жүрген, көшпелі түрік тайпаларының бас қосып бірігуінен пайда болған жұрттардың мұрагері еді. Оғыздардың атақты қолбасшысы Салур Қазан ханның әкесі Улаш хан еді (сөз арасында айта кетер жайт, эпос бойынша Салур Қазан ханның қайын атасы Байандор хан. Мажарстандағы Кишуйсаллаш шекарасында Байандор атты мекен бар. Ескертпе Мандоки Қоңардікі - Б.Х.)
Бұл дәстүрлерде, генезистік аңыз-әпсаналарда және қаһармандық дастандарда көне тайпа атауы ретінде барлығы, персонофикациялана (тұлғалана) отырып, тарихи образдарды біздің заманымыздың адамдарына түсті. Мұндағы әке-бала-немере және басқадай түрде аталған ежелгі тайпа, ру атауларын осылайша ауыздан-ауызға беріле отырып ғасырлар бойы өз жүлгесін үзбестен санаттан да, санадан да өшірмей әспеттеп келді
Сондықтан да, бұл аңыздар мен тарихи баянды ештеңеге тұрмайтын, қарабайыр ертегі ретінде емес, керісінше тарихи дереккөзі бола алатындығын тарихи бастаухаттар және ономастикалық зерттеулер растай түседі. Айталық, XIV- XVIII ғғ. кіші Азиядағы Тарсус өңірінде өмір сүрген түркімендердің жетекші бір тайпасы Улаш аталады. Бұл тайпа туралы 1469 жылғы хатқа түскен дерек бойынша Салур руы 10, Байандур руы 41 атадан құралатындығы туралы мәліметпен қоса олардың атаулары тізбеленеді. Бұлар Венгрияның Үлкен Құмания өңіріндегі Улаш, Задор, Байандор атауымен сабақтастығын көрсетеді. Немесе XIV ғ. кіші Азиялық Чукур- Оба өңірін жаулап алған Үш-Ок (үш оқ, үш жебе) атты түркімен тайпалық одағының бір тайпасы Улаш екендігі көп мәселені аңғартып тұрғандай. Тіптен, Улаштарды алеппелік түркімендер арасынан да кездестіреміз: Бегділі тайпасының бір руының атауы Улаш, Дүлқадыр тайпасының құрамында Улаш та, Печенек руы да бар. (Мұндағы соңғысы тағы да үлкен Құманияда кездесетін атау: Кишуйсаллаш қаласының жиегінде Девавания күре жолынан батысқа қарай Мариалапош және Мариалака арасындағы аумақ Печене немесе Печене аралы деп аталады).
Улаш атауы Түркияда ауыл (кой) атауы ретінде де ұшырасады. Бұрынырақта, тіптен ежелде Тракия мен Дрина (Дрипополи) аймағын мекендеген түріктердің бір бекетін (деревнясын) 1488 ж, дәлірек айтсақ 1540 ж. Улашлар деп атаған екен (Бір кездегі бұл тарихи атау бүгінде басқаша аталады).
Бірақ, Түркияда Улаш деп аталатын бірқатар көйлерді (ауылдарды) кездестіреміз. Бұрындар олардың атауы онан да көп болуы мүмкін, бірақ олардың қазіргі атауы біршама өзгеріске ұшыраған. Ондай тұпнұсқасын сақтағандар арасында, Ичел, Анкара, Родосто (Текірдағ), Тоқат, Муғла, Артвин уалаяттарында бір-бір, Мардсен уалатында үшеуін, тіптен Сuвaс уалаятында бір ауданның әкімшілік орталығы Улаш деп аталады. Ал, Улашлы (лы,лі түрік тіліндегі жер-су атауларында жиі кездесетін суффикс) түріндегі ауыл атаулары өте көп деуге болады. Айталық, Қожаелі, Невшехир, Мардин, Газиантеп, Сиирт уалаяттарында ұшырасады. Улашлар аталатын ауыл екеу ғана – Болу және Күтахиа аймағында мұндай бір-бір атаулар бар.
Улаш атауына ұқсас тарихи жәдігерлерде де, әпсаналарда, шежірелік аңыз-әпсаналарда, батырлар жырында Салгур немесе Салур атпен мәлім. Кіші Азияда Салур атты он жеті ауылды кездестіреміз: Анталияда үшеу, Кония, Маниса, Токатта екі-екі, Болу, Испарта, Чорум, Кайсері, Чанкири, Самсун, Иозғат, Ерзінжан уалаяттарында Улаш аталатын бір-бір ауыл бар. Ал түркімендерде ең үлкен тайпасы, әрі кілем тоқумен және сұлу да сымбатты ат өсірумен атағы шыққан Салор тайпасы бар. Қырым татарларының бір тайпасының аты да Салғур. Оның айқын дәлелі Қырым түбіндегі жер-су атаулары. (Бұл атаудың Салур немесе Салор деліну атаудың түрік диалектикалық варианттары). Салгур тайпасынан делінетіндер мажарстандық құмандар арасынан да ұшырасады және Улаштар тәрізді қазіргі Надькуншаг (Үлкен Құмания) жерінде орналасқан: Карцаг қаласына жақын жердегі Задор атауы (бұрындар көне варианты Загор, немесе Залгор түрінде ұшырасады) көнеде Салғур атауынан пайда болған. Құман тайпалар одағының ішіндегі Улаш және Салғур тайпаларын кіші азиялық түркімендердегідей өзара бір-біріне тығыз туыстық сабақтастық байланыстырады, шамасы сондықтан да Надькунпаг (Үлкен Құмания) өңіріне бір-біріне жақын орналасқан болуы ықтимал.
Олар шамасы құмандардан Орта Азияда қыпшақ (кұман) – уз (оғыз) соғысы кезінде айырылысқан «кейін кіші Азияға көшіп кеткен Улаш тайпасының мұрагерлерінің көп ізін Түркия жерінен табамыз. Олардың кейінгі ұрпақтары бүгінде де бір кездегі құман қауымының дәстүрін, туыстығын, халықтың өнер мәдениетінің бірталай элементін сақтап қалған. Бұл туралы Барток Бела халық әндерін жинақтау мақсатымен Түркиядағы зерттеу сапары кезінде 1936 жылдың қараша айында Улаш тайпасының құрамына енетін иүрүк-түріктер арасынан мадьяр халық әндерінің кейбір үлгілеріне ұқсас түрік музыкалық фольклорының үлгілерін хатқа түсірген. Ары қарай Барток Беланың өзін сөйлетсек: «Қай жерде де бізге үлкен ізгі құрмет көрсеткендігін зор тебіреніспен еске аламыз. Оңтүстік Анатолияда, Сирия шекарасына жақын өңірде Иүрүктердің қыстауы орналасқан. Иүруктер – көшпелі түрік тайпасы. Қыста оңтүстікте жазық делінетін таулы-дөңес өңірді қыстаса, жазда Таурус биік тауларына қарай көшеді. Мұндай аса көне тіршілік формасын сақтап, жалғастырып отырған адамдар музыкадағы көнелікті де тамаша сақтаған деуге болады. Сондықтан да, алғашқы түрік халық әндерін жинақтауға осы өңір таңдалып алынды… Адана қаласы тірек нүктесі болды. Онда алғашқы екі күнді өткізіп, жемісті нәтижеге көп жеткіздік.
Алғашқы жоспарымыз бойынша сапардың төртінші күні Аданадан 80 шақырымдағы Османие атты үлкен ауылға жеттік. Османие мен оған көршілес бірнеше ауылдың тұрғындары осыдан 70 жыл бұрын қандай бір себеппен мәжбүрлі түрде қоныс аударған «Улаш» атты тайпаның өкілдері екен.
Түстен кейін Османиеге келген біз сағат төрттер шамасында бір шаруаның ауласынан бірақ шықтық. Өз басым қатты қуандым. Ақыр соңында армандаған мәлімет берушіні тапқандай болдым, әрі сол мәдениетті сақтаи отырған шаруаның үйіне бас сұққаныма қуандым! Отағасы 70 жасар Әли Бәкір.
Отағасы 70 жасар Әли Бекіроғлы Бекір аса қонақжайлылықпен қарсы алды. Оның жас шамасын сұрағанымызда, ол тәкаппарлықпен тісі жоқ болса да, нені де болса шайнайтындығын, 70 жасар болса да тау мен таста қоянша жортатындығын мақтана жеткізді. Ол кеменге деп аталатын көлемі скрипкадай, бірақ контрабас тәрізді ұстап ойнайтын шекті ыспапты меңгерген . Аспаптың құлақ күйі де скрипка тәрізді тек «е» ішегін «d» - ге көктеу қажет. Қария ешбір қысылып-қымтырылмастан өзінің кішкентай ауласында саз аспабын заулатып ойнай жөнелді. Бейнебір көне заман тұңғиығында соғыс, шайқас туралы күй шерткендей…
Мен өз құлағыма өзім сенбедім: бейнебір мадьярдың көне әуенінің бір варианты тәрізді. Қуанышқа кенелген мен Бекір ақсақалдың әні мен күйін таспаға түсіріп алдым… (Барток мұнан кейін мәлімет берушінің Улаш тайпасынан екендігін айтты да, мадьяр халық әніне ұқсас сазды ойнады. Мен оның құмандардың ауылы туралы жырланатын саллокөз өңіріндегі хонтрузешдьиарматтық халық әніне ұқсатқандығын айтады – Мандоки Қоңыр ескертпесі – Х.Б. )
…Күн еңкейген соң ісімізді аяқтауға тура келді. Қарияның отбасындағылар да кешкі асын ішуі керек. Әрі бұл кезде Рамазан айы еді. Күннің атысынан батқанға дейін бір ай бойы ішу, жеуден бас тартатын нағыз діндарға «құранның» әсем шешен тілімен айтқанда қара жіп ақ жіптен айырылмайтындай қараңғылық түскенде ауыз ашуға болады. Бұл өңірдің тұрғындары аса діндар, кердендеген мырзалар да ораза тұтады…
Бекір ақсақалдан естіген екінші әуенім – тағы да мадьяр әніне ұқсас екендігі мені қайран қалдырды. Әуенді еркектер бөлмесінен шықты, оған әйелдерге кіруіне болмайды. Кейінірек ақсақалдың ұлы және онда жиналған жандар бір-бірлеп ән шырқады. Жаным сүйетін іспен айналысып, олардың ән әуенін жинап, мен бұл кешті ерекше ләззатпен өткіздім…
Келесі күні…. Жуық маңдағы ауыл – Чардакқа арбамен жөнелдік. Ондағылар Бекірдің әуенін білетін болып шықты. Бұл мен үшін маңызы зор мәлімет болды. Себебі, бұл әуендер кездейсоқ сақталған сиректік емес, керісінше осы өңірде кең таралғандығы белгілі болды… Ғылыми тұрғыдан аса құнды, әрі мәнді нәтижеге қол жеткізгендеймін.
Сапарымның тағы бір олжасы - өзім жүріп өткен 80 км шарадағы аумақта белгілі бір сипаттағы ерекше ән әуенін таптым. Жинақтаған 90-дай әннің 20-сы көне әуен түріне жатады. Бұл ән әуенінің құрылымы мадьярдың көне әуендерімен туыстас екендігі байқалады, яғни әуеннің бәсең құрылымымен ұқсас. Немесе әуен жоғарғы дыбыспен басталып, бірте-бірте бәсендей отырып, ән аяқталар тұста төмендей береді.
Ал, қалған 70 әуен бірегей емес, әр түрлі сипатта. Араларында мадьярлардың әуеніне ұқсас «өзгермелі нүктелі» деп атап кеткен ритм де кездеседі… Анкарада болған кезімді 13 жасар қызметші қыздан жазып алған 6 әуеннің екеуі мадьярлардың «он бірінші ритм» аталатын ырғағына өте жақын екендігін байқадым…
Бүгінгі Түркия жері қазіргі Германия аумағынан екі есе үлкен. Мұндай үлкен аумақтан жиналған 90 әуенді негізге ала отырып, қорытынды шығару үстірт болатындығы белгілі. Бірақ, бұл қол жеткізген азғана олжамыздың 20 пайызы мадьярдың көне деректерімен шендестіруге жетерліктей. Бұл дегеніміз, болашақта осы бағытта жүйелі түрде біршама материалдар жинақтасақ, әлдеқандай көп ұқсастықтар мен ортақтастықтарды анықтауға мүмкін болатындығын көрсететіндей. Мұндай ұқсастықтар мен ортақтастықтар кездейсоқтық емес екендігі белгілі. Айталық, югослвиялықтар мен олтүстіктегі және батыстағы славяндарда, гректерде мұндай ән әуені ырғағының ізі де жоқ, керісінше болғарлардан оның кейбір элементін кездестіруге болады. Ән әуенінің мұндай құрылымы мен ырғағы тек мадьярлармен бірге Трансилваниядағы және молдавиядағы мадьярлармен аралас-құралас румындардың арасында, тіптен черемистерде ұшырасады. Әсіресе, солтүстік түрік халықтарында кең таралғандығын ескерсек бұл әуендер өте көне, мыңдаған жылдар бұрыңғы түрік музыкасының стилінің сорабтары екендігі белгілі (Nepdalgyujtes Torokorszagban: Bartok Bela Osszegyujtett Irasai I., Budapest, 1966. 507-517 old / Түркиядағы ән зерттеулер. Барток Бела жинағындағы әндер).
Барток Беланың 40 жыл бұрынғы жүріп өткен сапарында жинаған азғана дерегінің негізінде жасаған қорытындысын сонан бері оның ізімен Түркияда болған мадьярдың көптеген зерттеушілерінің мыңдаған мыңдаған жазбалары қуаттап отыр. Бартоктың ізбасараларының зерттеуі арқылы мадьярлардың халықтық музыка қазынасында «өте көне, мыңдаған жылдар бұрыңғы түрік музыкасының стилімен» қоса басқадай салыстырмалы түрде жас, жаңа стилдегі түрік музыкасының пласты да бар екендігіне көз жеткіздік. Мадьяр музыка фольклорындағы бұл пластыны 730 жыл бұрын Мажарстанға қоныс аударған құмандар арқылы жетіп, мұраға қалған. Барток Беланың зерттеуі арқылы тарих тұңғиығыда бір-бірінен ажырап қалған туысқандар қайта табысып, үлкен жаңалыққа кенелді. Осылайша, уақыт пен кеңістік аясынан тыс 800-900 жыл бұрынғы дәстүр қайтадан тіріліп, көне қыпшақ әуені Түркиядағы Чукур-Овада және Мажарстандағы Үлкен Құманияда қайта асқақтады: УЛАШ !!!
* — Мандоки Қоңырдың назарларыңызға ұсынылып отырған мақаласы Венгрияның «Иаскуншаг» журналының 1976 жылғы №22 санында (54-59 б) жарияланған. Мақаланы қазақ тіліне аудару жұмысына «Сорос-Қазақстан» қорының №11600 (Literature support) гранты қолдау болды. Сол үшін аталған қорға ризашылық құрметімізді білдереміз.—Аудармашыдан.
* *— батыстық тарихнамада Еуразияның Хинган тауларынан басталып, Карпат қойнауына дейін созылған қуаң зонасын шартты түрде «Ішкі Азия» деген жағрафиялық-мәдени аймаққа топтастырады. Бұл идеяның алғашқы ғылыми тұжырымын ұсынған америкалық алтаист-ғылым Денис Синор. – Ауд.
*** —қазіргі Мажарстан (Венгрия) аумағының негізінен алғанда Тиса мен Дунай дариясы арасындағы тарихи мәдени-георграфиялық аймақ Куншаг (Соmania, Cumania) Құмания деп аталады. Азғантай аумақ Кіші және Үлкен Кұманияға бөленеді (түпнұсқа тілде Кишкуншаг және Надькуншаг) –Ауд.
Материалды дайындаған Бабақұмар Хинаят
Abai.kz