Жексенбі, 24 Қараша 2024
Бір сауал 6309 10 пікір 12 Ақпан, 2019 сағат 10:27

Биыл өтуі тиіс Халық санағы не үшін кейінге шегерілді?

Биыл өтуі тиіс Халық санағы бір жылға шегерілді деп хабарлайды Sputnik сайты. Қазір осы мәселеге байланысты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер үкімет қаулысын қарастырып жатқан көрінеді. Егер, қаулы қабылданса, халық санағы 2020 жылы 5 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтеді.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда халық санағы екі рет өткен. Алғаш 1999 жылы болған халық санағында қала және ауыл тұрғындарының саны 14 981 900 адамды құраған. Ал, осы санақты жүргізу үшін мемлекет қазынасынан 1 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты.

Екінші санақ 2009 жылдың ақпан-наурыз айларында жүргізілді. Ол кездегі нәтиже бойынша Қазақстан Республикасындағы халықтың саны 17 200 000 адам болған. Он жыл бұрынғы санақты жүргізуге бюджеттен 6 млрд теңге бөлінген.

Ал, биыл өтуі тиіс санаққа мемлекет қазынасынан 8,8 миллиард теңге бөлінген болатын. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бұл санақтың электронды форматта өтетінін де мәлімдеген еді. Алайда, министрлікке қарасты статистика комитеті “Ұлттық санаққа дайындалу мен жүргізу жұмыстарына байланысты бірқатар ұйымдастырушылық және нұсқамалық жағдайларды ескере келе, Қазақстан халқының санағын 2020 жылдың басында өткізу шешімі қабылданды",-  деп мәлімдеді.

 

Әзімбай Ғали, саясаттанушы-демограф:

Санақтың не үшін шегерілгенін білмейді екенмін. Бірақ, қашан өтсе де бұл санақта алдыңғы қателіктер қайталанбауы керек.

Біріншіден, санаққа бөлінген ақша ұрланбаса. Осының алдындағы санақтың ақшасы ұрланғанын білеміз. Соның салдарынан санақ сәтті болып шыққан жоқ.

Екіншіден, санақтың нәтижесі саяси мақсаттармен бұрмаланбау керек. Себебі, қазір бізге нақты дерек қажет. Және, ұлттық идентификация, ассимилация үрдістері толық қамтылса деген ойым бар.

Әрине, халық саны туралы статистика комитетінің нақты деректері бар ғой. Бірақ, есігіңді ашып, хал-жағдайыңды сұрап, тек қана санақтың емес, сол отбасының әлеуметтік жағдайы туралы да тиянақты есеп алынса дұрыс болады. Өйткені алдыңғы есеп өтірік болған. Он жылда не өзгергені туралы нақты деректер алынуы керек.

 

Дос Көшім, саясаткер:

Санақтың қай кезде өтетіні аса маңызды емес. Мәселе, қандай мақсатпен шегерілгенінде деп ойлаймын. Ол сондай бір үлкен жұмыс емес. Сондықтан бұған алдын-ала дайындалуымыз керек дегенді онша түсінбеймін.

Әрине кейбір азаматтар бұл кезектен тыс сайлауға байланысты шегерілді деп ойлауы мүмкін. Алайда, кезектен тыс сайлаудың болмайтынын Президенттің өзі айтты. Сондықтан мұның астарында басқа дүние жатуы мүмкін. Жалпы, бұл мәселеге нақты бірдеңе айту қиын.

Түйін.

Халық санағы қай уақытта, қалай өтсе де, қазақ халқының саны саяси мақсаттармен бұрмаланбауы тиіс. Және, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің  де саны нақты көрсетілуі қажет. Сондай-ақ, шеттегі қандастардың да Отанға оралуына барынша жағдай жасалса дейміз. Ең бастысы, еліміздегі демографиялық ахуалдың жақсаруына үлес қосып отырған көпбалалы аналардың жағдайына бей-жай қарауға болмайтынын түсінуге тиіспіз.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5596