Дәурен Қуат. Баһадүр хан бабаларым менің
Ұлы Хан бабаларымыз тақымы ісіп тақта отыра алмапты. Бәрі шетінен көк найзасын көлденең ұстап жортқан аламан, шетінен жортуыл болыпты. Баһадүр болыпты. Ел іргесін көсілтіп, байсын өлкені бауырыма басып қаламын деген жорық жолында жеті ханымыз шейіт кетеді. Бала шағасы, үрім бұтағымен.
Әуелгі ханымыз - Жошы әулетінің ұрпағы Орыстан туған Болаттың ұлы Керей хан. Керей мен Жәнібек соңдарынан қалың қол ертіп Қозы-Басы тауының басына төре таңбалы қызыл байрағын тіккенде орда қазақ хандығы Керей бабамыздың тәлейіне бұйырыпты. Ортағасырлық ғұлама тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулаттың куәлігіне жүгінсек, бұл оқиға бүгінгі замандық жылнама бетінен 1456 жылды көрсетеді.
Ұлы Хан бабаларымыз тақымы ісіп тақта отыра алмапты. Бәрі шетінен көк найзасын көлденең ұстап жортқан аламан, шетінен жортуыл болыпты. Баһадүр болыпты. Ел іргесін көсілтіп, байсын өлкені бауырыма басып қаламын деген жорық жолында жеті ханымыз шейіт кетеді. Бала шағасы, үрім бұтағымен.
Әуелгі ханымыз - Жошы әулетінің ұрпағы Орыстан туған Болаттың ұлы Керей хан. Керей мен Жәнібек соңдарынан қалың қол ертіп Қозы-Басы тауының басына төре таңбалы қызыл байрағын тіккенде орда қазақ хандығы Керей бабамыздың тәлейіне бұйырыпты. Ортағасырлық ғұлама тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулаттың куәлігіне жүгінсек, бұл оқиға бүгінгі замандық жылнама бетінен 1456 жылды көрсетеді.
Қазақ Ордасы даңықты Алтын Орданың оң қанаты, яғни Азия бөлігіндегі Көк Орда ұлысының шегінде дүниеге келген. Бас Орда ішінен күйреп ыдырай бастаған тұста бір-біріне бүйідей тиіп бүліншілікке жол берген сол қанат, яғни Алтын Орданың қазіргі Шығыс Еуропа, Қырым бетіндегі ұлысы, Еділді ен жайлаған елі уақытқа жұтылып, кеңістікке сіңіп кетті. Уақыт пен кеңістік соншама байтақ ұлысты оп-оңай жұтып қойған жоқ; өзара қырқысқан, бақ талас бәсеке жұртқа айналған ағайынды сырттан аңдып баққан жаудың жемсауына салды да отырды, салды да отырды. Мұса ұлы Мамай би мен Жаңбыршы Ағыс батыр сияқты ант аттап, антұрғандардың кесірінен тұтастығын жойып, енді бүгін жер бетінде қалар қалмасы белгісіздікке тірелген ноғай дейтін бауырыңыздың басындағы кеп жоғарыдағы сөзімізге мыңанан бір мысал. Әгәрәки дейміз ғой осындайда, Керей мен Жәнібек ат ойнатып шықпағанда мынау ұлан асыр өлкеде «шекара болмаған» деп шекелей сөйлейтін бүгінгі біздер кім болар едік? Ібір-сібірде ит жегіп, ирек қамшылаған жақұт жақынымыздың жанында жүрер ме едік, әлде, балық аулап, бақа бағып, құрт құмырсқа, шаян шайнап шүршіттің ығында отырар ма едік? Тәуба, бағымызға алтын құрсақ аналар Керей мен Жәнібектей оғыландарды туып беріпті. Тәңірі маңдайымызға көне Түркі әлемінен «Қазақбайдың баласы» атанып шаңырақ көтеріп, бөлек отау тігуді жазыпты. Жихан көшінің қатарындамыз. Бірде ілгері, бірде кейін келеміз. Қазақтың ілгері кетіп ілкімді орай тапқан, кейін кетіп кежегесі кері тартқан тағдыры Григориан жыл санауының Бір мың да тоғыз жүз тоқсан бірінен басталған жоқ. Сөзімізге дәйек үшін баһадүр хан бабалар билік құрған заманалар белесін көктей шолып өтелік.
Жәнібек хан. Әз-Жәнібек
Керей ханның немере інісі, ол да Жошы әулетінен тараған Құйыршық ханның ұлы Болат ханның бел баласы Жәнібек хан өз заманында даналығымен, көрегендігімен, әділетті әміршілдігімен Әз-Жәнібек хан аталыпты. Әз-Жәнібек (қазіргі саяси тілдің тәмсіліне салсақ) мемлекетшіл тұлғалар институтының іргетасын құйған адам. Асыл ұрық.
«Қазақ Ордасының құдіретті әміршілері, қазақ халқының ұлы перезенттері: Қасым хан, Хақ-Назар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз-Тәуке хан, Абылай хан, ең соңы Кенесары хан, ұлы ғалымымыз Шоқан, Алаш Орда көсемі Әлихан Бөкейхан - барлығы да осы әулие Әз-Жәнібек ханның тікелей ұрпақтары» деп жазады классик жазушымыз Мұхтар Мағауин (М. Мағауин, Шығармалар жинағы, 11 том 19 бет).
Билікті ішіп-жеу, талап алып талтаңдап басу деп қана түсінетін шірік түсініктегі бейбақтар қауымынан қазақ рухын аршып алғысы келетін ізденгіш ғалымдар буыны табылып жатса, Әз-Жәнібек әулетінің тегін, Әз-Жәнібектен тараған мемлекетшіл тұлғалар тарихын індете зерттеуді ұсынар едік. Өйткені, әкімдік жүйеге кездейсоқ киліккен қортық саналы адамдар тобыры көбейген сайын қазақ қоғамы сордан көз ашпасы анық.
Керей мен Жәнібек біртұтас қазақ халқының ұранын көтерді, байрағын тікті, ордасын бекітті. Өздерінен кейін қарындас жұртының қамын түнде ұйықтамай, күндіз күлмей ойлайтын бектерге жөн көрсетіп, жосық ұсынды. Ұлы хан аталарымыздың рухына мәңгілік тағзым!
Бұрындық хан
Керейдің ұлы Бұрындық хан. Бұрындық Жәнібек хан дүниеден қайтқан соң таққа отырады. Бұрындық хан есімі ауызға алынса, бұрынғы-соңғыдан білетінін жат елдің жылнамашылары қалдырған жазбалардан айтып шыға келетіндер «Бұрындық емес, Бұлдырық» деп бұра тартуға дайын. Ондағысы «бұлдырық», яғни, «белгісіз», «бар-жоғы күмәнді», «талыстай таққа тығылған қоянжүрек біреу» дегенді меңзеген түрлері. Жоқ, Бұрындық хан болған! Хан болғанда - Көк Орданың бұрынғы астанасы Сығанақты жайлап, Әзірет Сұлтан дүрбесі тұрған Түркістан, Ақ-Қорған, Арқұқ сияқты маңызды қалалар мен қорған шаһарлардың төбесінен құс ұшырмай билеген хан. Бұрындықтың ерлігін со замандағы Әбілхайыр ханның немересі Мұхамед Шәйбанидің дүниені дүбірге толтырып атқа қонумен байланыстырған абзал. Арыстан жүректі Шәйбани Бұрындықтың тепкінемен Сырдан кетіп Мәуреннахрдағы Ақсақ Темір әулетін шабады. Соңынан түріктің (қазіргі қазақтың) біраз руларын ерте кетеді. Бұ заманда өзбек ішінде жүрген қоңырат, қыпшақ, қаңлы, наймандар бір кезде Шәйбанидің қолына ерген жұрт болса керек.
Бұрындық хан тұсында «тақсыз хан» аталған Қасым сұлтан ерлігімен елді баурайды. 1510 жылы Қасым сұлтанды бас қолбасылыққа тағайындаған Бұрындық Орта Азияның тежеусіз әміршісіне айналып бара жатқан Мұхамед Шәйбани хандығын тас-талқан қылады. Бұрындық бабамыз өз заманының терең ойшылы, кемел саясаткері. Қасым сұлтанның ерлігін танып, парасатын терең пайымдаған хан Бұрындық тағын сұлтан інісіне аманат етіп табыстап, өзі пір жолын таңдайды. Сөйтіп Мәуреннахр бетіне өтіп, тақуалықпен ғұмырын өткереді. Бұдан соң Бұрындық пір Қасым ханның ақылманы, пәлсапашы кеңесшісі болуы да мүмкін ғой. Ең кереметі - ол қан майдандардан қайнап шыққан Қасымдай қазақтың ұлы ханының жолына көлденең тұрған жоқ, батасын берді, батиқасын айтты.
«Бұғаулы санаңнан бұлқын, қазақ, Бұрындықтай ханыңа тәу ет!» дейміз ғұлама бабамыз турасындағы қысқа әңгімеміздің қайырмасында.
Қасқа жолды Қасым хан
Әз-Жәнібек ханның белінен тамып, Жаған-Бегімнің алтын құрсағына біткен қазақтың ұлы ханы - Қасым 1445 жылы дүниеге келген көрінеді. Кешегі Тоқтамыс, Орыс хан, Барақ хандардың ерлігі ескірмеген, түркінің қиқуы аспан астын қыран қанатындай тілгілеген күндердің рухымен туған ер Қасым ширек ғасырға жуық ел билеген заманында Қазақ ордасының төңірегін ымырамен, береке бірлікпен ұстапты. Жорықпен күні өткен хан бабалардың тұсында ат белінен түспей ас ішкен жұрт байырқаланып, ұрпақ өсіріп, экономикалық әлеуетін күшейтіп тыныс табуға тиіс еді. Қасым хан халқына керегін қапысыз түсініпті. Жұртын ұйыстырып, аймағын тұтастыру үшін Қазақ Ордасының астаналарын да бірнеше рет көшірген. Алдымен Алатаудың теріскей бетін, бүгінгі Талдықорған қаласының маңын астана сайлайды. Бұндағы жұртын астана халқы етіп алапатын көтеріп алған соң Шуға беттейді, Ұлытау барады, Арқаны қоныстайды, Жайықтың жағасын жайлап, заманындағы Алтын Орданың астанасы Сарайшыққа барып ат басын тірейді. Көк Орда болса да көкейінде тұр, Қасым ханның көңілі әріге - іргелі Алтын Орда мемлекетінің территориялық шегіне тартса керек. Өйткені Қасым заманының тарихшылары «Дәшті Қыпшақтың жалғыз әміршісі қазір Қасым хан» деген куәлік сөздер жазыпты (Махмұд бен Уәли. «Бахр әл-асрар»)
Қасым хан ұлы бабасы Шыңғыс хан сияқты өз хандығына жаңа низам ұсынады. Бұл кейін ел аузында «Қасым ханның қасқа жолы» аталып кеткен Қазақ Ордасындағы алғашқы Ата заң еді.
Қасым хан 1520 жылдар шамасында Сарайшықта дүние салыпты.
Көзімізбен көрдік, Сарайшық қаласының археологтар қазып шығарған орнын Жайық өзені жалмап жатыр. Көне астанамыз ашық аспанның астында күн мен жаңбар, желден тозып мүжіліп бітуге айналған. Ал, хан Қасымның мәйіті Атырау жеріндегі «Сарайшық» ауылының жанындағы «Жеті хан» қорымында.
Ел ішін алатайдай бүлдірмей берекемен ұстаудың қыры мен сырын, алысты ойлап әрекет етудің үлгісін Қасым хан билік құрған заманнан іздеу керек. Құрғақ жерден құрақ тапқандай өңмеңдейтіндерге өнеге - Қасым хан дәуірі. Ұлы хан бабамыздың рухына мәңгілік тағзым!
Тайыр хан
Әз-Жәнібектің ұлы Әдіктің баласы Тайыр Қасым ханнан кейін Қазақ Ордасының тағын иеленеді. Тайырдан бұрын Орда билігі Қасымның ұлы Момышқа тиген екен. Бірақ Момыш жылға толар толмас бұрын кенеттен қаза құшады. Мағауиннің жазуында Момыш жорық барысында бастырылып өледі. Мүмкін. Бірақ, хан мінген тұлпардың қол шапқанда сүрініп ат тұяғының астында қалуы сәл қисынсыз сияқты. Шамасы, Момыш кісі қолынан опат тапқан. Себебі, қазақтың тайқы маңдайына біткен Тайыр хан тым тәкаппар, билікқұмар жан болып шығады. Алтын Орданың ыдырауына тап келген Бердібек хан секілді ол да айналасындағы бектерден бәсекелес іздеп пәле қуа бергенге ұқсайды. Қасым ханнан даңқын асыру үшін бе, әлде жағдай соны талап етті ме, Тайыр төңірегіндегі елге де тыншсыз хан атанады. Жоңғармен ата кегін қуып жұртты соғысқа бастайды. Сыртқы күштермен аянбай соғысқанымен қарауындағы қарашы халқын ығыр етіп, ақырында қырғыздың бауырынан пана тауып бақилық болады.
Өзін билікпен бірге туғандай сезініп, белден басып тірлік жасайтын бейбақтарға Тайыр ханның тағдыры да сабақ болсын дейміз де, тоғыз ұлымен бірге шейіт кеткен баһадүр Тоғым хан туралы әңгімемізге көшеміз.
Тоғым хан
Әз-Жәнібектің немересі Жәдік сұлтанның ұлы - Тоғым хан. Тоғым хан хан сайланысымен Тайыр хан жасап кеткен топалаңға кезігеді. Терістіктен қалмақ, шығыстан моғол, оңтүстіктен өзбек қылышын жалаңдатып қанат жайып, қазаны тола бастаған Қазақ Ордасына қарай ұмтылады. Баһадүр Тоғым хан өзбек ханы Үбайдолла мен моғол ханы Әбдірашитпен Ыстықкөлдің шығыс жақ бетіндегі Санташ деген жерде қидаласқан майдан құрады. Тоғым әскерінің қанатында алты арыстың бірі - қырғыз халқының жау жүрек ұлдары тұрады. Төрт халықтың ала балта суырысып алысқан аламан соғысы таң қылаң бере басталып, түн жарымында әскерінің саны қисапсыз көп өзбек-моғолдың жеңісімен аяқталады. Санташ соғысында Тоғым ер тоғыз сары атанған ұлдарымен, 37 сұлтанымен бірге шейіт болады. Бұл «Тарихтың 944 жылы, 18 сафар, қазіргі есеп бойынша 1537 жылы 27 шілдеде болған оқиға» деп белгілейді тарихшы жазушымыз Мұхтар Мағауин (М. Мағауин. Шығармалар жинағы, 11 том, 31 бет).
Тоғыз ұл, отыз жеті сұлтанымен шейіт болған баһадүр Тоғым ханның ерлік өлімі Қазақ Ордасының қайтадан қайратына мініп, қаһарын тігуіне зор ықпал етеді.Ұлы баһадүр ханның өлмес рухы жер құшып қалған жұртын желеп-жебеп атқа қондырады. Тарих сахнасына Хақ-Назар, Тәуекел, Есім сияқты ерлер шығады. Тоғым ханның өр рухын сезінген бүгінгі ұрпағы да сілкініп оянар, телісі мен тентегін жөнге салар. Иншалла!!!
Ахмет - Өзбек хан. Бұйдаш хан
Тоғым ханның майдан беріп жүріп ғазиз жаннан кешкен тағдыры жауын қуантқанымен қазақтың рухын жасыта алмапты. Аруақтап атқа қонған Ахмет-Өзбек хан түбі бір туыс ноғайдың шапқыншылығына қарсы соғыста қасқайып өледі. Бұйдаш хан 1559 жылдар шамасында Мәуреннахрға жорық жасап бара жатқанда қандауыз тосқауылға ұшырап әулетімен тегіс көз жұмады.
Ахмет-Өзбек хан да, Бұйдаш хан да халқының басына түскен қиын-қыстау заманның кәрінен тайсалған жоқ, сауға сұрап, елін, жерін, қаласын тұтастай жау қолына бере салған жоқ. Майдан даласында өлім құшқан баһадүр хандардың ерлігі Хақ-Назардай ханның таққа мінуіне жол ашып кетті. Өйткені Қасым хан тұсында ен далада еркін өскен ұрпақтың білек күші толысып, белі бекіп үлгерген еді. Жеңілістің ащы дәмі мен қылыштай жанылған жігердің құрышында Көк Орда империясының кеңістігін тілеген Қазақ Ордасының амбициясы оянып келе жатты.
Хақ-Назар хан
Расында, Хақ-Назар хан Қасым ағасының ізімен еліміздің осы күнгі батыс аймағына қарай ләшкер тартып жөнеледі. Алдымен Қасым ханға қараған ноғай ордасының үлкен бір бөлігін үйіріп әкеліп үйіріне қайтадан қосады. Ресейге бағынбай сар далада садақ тартып жүрген башқұрттың белді руларын өзіне қаратады. Қазақ Ордасының батыс шекарасын баяғы Еділ-Жайық екі өзеннің бойына жеткізеді. Кері қайтып Сібірде Көшім ханды талқандап, Моғолстанға қарсы зор майдан бастайды. Моғолстан бағытындағы соғыста жоғарыда баяндалған жеңімпаз Әбдірашит ханның баласы Әбділатипті қасындағы ондаған мың түменімен қосып қойып басын шабады. Қырығыз халқын құзырына қаратып «қазақ-қырғыздың ханы» аталады. Қазақ Ордасының ең қатерлі жауы Бұқар-Өзбек хандығын жаулаудың қамына кіріседі. Ақсақ Темір, Мұхамед Шәйбани сияқты Орта Азиядан шыққан теріс азу Абдолла хан Өзбек-Бұқар хандығын билеп тұрған кез екен дейді. Сән-салтанатқа малынып, байлыққа мелдектеген Абдолла ерігіп отырып екі жүз, үш жүз мың түмен қол шығарып жорыққа жібере салатын құдіретке жеткен заман екен ол. Сондай Абдолланның кекір басын аяғымен теуіп қайтуға аттанған баһадүр Хақ-Назар хан Ташкент уәлаятының әміршісі, опасыз Бабасұлтанның қастығынан қаза табады.
Жау қолына өтіп кеткен Түркістан мен Сауранды Қазақ Ордасының бауырына басып, анталған қас дұшпанының бетін қайтарған баһадүр Хақ-Назар хан 1580 жылы 23 көкек-сәуір айында дүние салыпты. Майдан даласында. Жорыққа аттанып бара жатып.
Шейіт болған қазақ хандарын жыл сайын 23 сәуірде еске алып, ерлік дәрпін мадақтап, ас беріп, Құран хатым түсіру - бүгінгі ұрпақ парызы ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралардың біріне айналуы керек қой деп ойлаймыз.
Шығай хан
Хақ-Назар хан опасыз Бабасұлтанның қолынан қаза тапқан кезде алдымен дабыл қағып ес жиған Шығай хан болыпты. Шығай хан - Әз-Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның перезенті. Анасының есімі - Абайқан бегім, қалмақ. (М. Мағауин. Шығармалар жинағы, 11 том, 36 бет).
Жасы сексенге таяған Шығай хан Бабасұлтандай аяр жауы екпін алып бара жатқанын тез пайымдап дипломатиялық амалдарды қолданып бағады. Сөйтіп ол алдымен Абдолла ханмен бітім жасасып, Орта Азияға қауіп төндіре бастаған Бабасұлтанға қарсы соғысады. Бабасұлтан бұл кезде Түркістанды қазақтардан тартып алса керек. Қазақ Ордасы мен Өзбек-Бұқар одағы асып-тасыған Бабасұлтанды алғашқы ұрыс барысында-ақ ықытыра жөнеледі. Аталған одақтың Бабасұлтан әмірлігіне қарай бағытталған әскери қимылдарының бәрін Шығайдың атадан озып туған оғыланы Тәуекел сұлтан басқарады. Қазақ Ордасы мен Өзбек-Бұқар қолының соққыларына төтеп бере алмаған Бабасұлтан Арқаға қашады. Сары Арқаның сайын төсіне сіңіп жоғалуды ойлаған Бабасұлтанды соңынан аз ғана қолмен қуып шыққан Тәуекел сұлтан Кеңгір өзенінің бойында қуып жетіп қанды жебенің ұшына байлайды. Шығай сұлтанның саяси тактикасының нәтижесінде Өзбек-Бұқар ханы Абдолла тарапынан қолдау таппай, Қазақ Ордасының аламаны атқан жебеден ажалын құшқан Бабасұлтан өз көрін өзі қазып өледі.
Бабасұлтанның басын алған Сұлтан ұлының даңқы асып, мерейі үстем шыққанын көріп ел-жұртымен бірге қуанған Шығай хан тағын тастап, баяғы Бұрындық ізімен пір жолына түседі.
Тәуекел хан
1583 жылы атадан мұра алтын таққа отырған Тәуекел хан алдымен Сібір жағын шепте ұстайды. Абдолламен одақтас Көшім ханды көзге ілмей керей Уан ханның тұқымы Сейдақ бекті қолдайды. О заманда от қаруын сүйретіп орыстың отаршыл жасағы сібірлетіп келе жатқан еді. Бағзыдағы аңдысқан дұшпан, кешеге дейін бізді бұратана санап бұтына да қыспаған айлалы залым жаудың алдын кес кестеуді Тәуекел хан сол кездің өзінде-ақ ойласа керек. Тәуекелдің алдымен қиыр шығысқа қадалуында әлгіндей мән жатқанын бүгін осылай пайымдаған дұрыс шығар. Бұл аралықта Тайыр хан тұсынан қазаққа шабуды әдетке айналдыра бастаған қара қалмақты ескермесе және болмайды. Баһадүр хан Ұзын Оқты Ондан сұлтанға бастатып 1585 жылы қалмаққа қарсы қалың қол аттандырады. Қазақ пен қалмақтың кезекті қақтығысында Тәуекел ханның ағасы Ондан сұлтан шейіт болады, бірақ жеңіс туын қазақ қолы желбіретіп оралады. Қазақ Ордасының қолдауымен Сейдақ бек Сібрдің Ескер қаласына бекіген соң баһахдүр Тәуекел хан Абдолла одақтасының асқынған кеудесін басудың қамына кіріседі. Абдолла расымен аспан астында шалқалаған атақты хан тәжін киіп отырса керек ол уақытта. «Шынында да, Абдолланың билігіндегі Бұқар-Өзбек хандығы, қазіргі шекаралық бөлініс жүйесімен айтсақ, Иранның терістік шығыс бөлігі мен Ауғанстанды түгелге жуық, Пәкістанның біраз жерін және Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстанды тұтасымен қамтып отырған. Бұл - бұдан екі ғасыр бұрынғы жыртқыш Ақсақ Темір империясының қайтадан қалпына келген көрінісі болатын» деп жазады Мағауин (М. Мағауин. Шығармалар жинағы. 11 том, 40 бет). Онымен шектелмей Абдолла хан Түркістан мен Ташкентке өз адамдарын сайлап Қазақ Ордасының тап іргесіне тежеусіз билігін орната бастайды. Соған жауап ретінде 1586 жылы Тәуекел хан атқа қонып Орта Азияға келте жорық жасайды да Бұқар әскерін тапап өтіп Сайрам түбінен қайтады. Тәукелдің келте жорығынан рухтанған көшпелі қазақ-өзбектер (баяғы Мұхамед Шәйбаниге еріп кеткен қоңырат, найман, қыпшақ тайпалары болса керек) азаттық күресіне шығады. Шығай ханның саяси тактикасы мен дипломатиясына жетік Тәуекел хан Өзбек-Бұқар ұлысына есесі кетіп жүрген Иран шахы Аббасты өзіне одақтас етіп алып бірге қимылдайды. Абдолла хандығының қыр-сырын әбден түйіп біткен соң Тәуекел 1598 жылы шешуші жорыққа сайланып аттанады. Абдолланың өзбек, тәжік, түрікпен, пүштұн сарбаздарынан құрылған жеңімпаз әскерінің қабырғасын күйретіп Сырдарияның екі жағасын бүкіл атырабымен, Түркістан, Сауран, Арқұқ, Отырар, Сайрам сияқты қалаларды Қазақ Ордасына қайтарып алады. Абдолланы күйіктен өлтіріп, Мәуреннахрға жорық бастайды. Тоқсан мың қол ерткен баһадүр хан Ферғана жазирасын кешіп өтіп, Ақсақ Темірдің астанасы Самарқанттың қақпасын ашады. Самарқантқа інісі Еңсегей бойлы Ер Есімді қалдырып жетпіс мың қолмен Бұхарды біржола тізе бүктіріп, Бұхара қаласын алуға ұмтылады. Міне, осы Бұхара шахарының бекінісінде Тәукел хан қатты жарадар болады. Сөйтіп Ташкентке жетіп, ұлыс ұрпағымен ризаласып, фәни дүниге хош айтысып кете барады.
Тәуекел хан заманында Қазақ Ордасы қайраты тасып, қарымы ұзарған, керегесі кеңіп, іргесі кеңіген, дабысы алысқа кеткен ел болды. Баһадүр Тәуекел ханның қазақ тарихындағы орыны, іс-әрекеті, жихангерлігі терең зерттеліп зердемізде тоқылуы керек. Тәуелсіз мемлекетіңнің тәу етер тұлғасы - Тәуекел хан!
Еңсегей бойлы Есім хан
«Есім ханның ескі жолы». Қасым ханнан көп кейін таққа отырса да Есім ханның жолы неге «ескі»? Гәп мынада болса керек. Есім хан ес жиып әбден құтырынған Қалмақ еліне соғысқа аттанғанда Ташкенттегі туысы, қатағанның ханы - Тұрсын Түркістан мен Сайрамды күйретеді. Қорғансыз қатын баланы ұлардай шулатып, елді тоз тоз етеді. Сол кезде жорықтан жеңіспен оралған Есім хан екпінін тежемеген бетте барып қатағанды шабады. Бойы арбаның күпшегінен асқан еркек кіндікті екі ұлыс қатаған сөйтіп Есімнің қолынан қырғын тауыпты. Осы күні қазақ ішінде «Руға кірмейміз» дейтін Әулиеата, Шымкент жақтағы шанышқылылар Тұрсын ханның емес, Еңсегей бойлы Есімнің қалың қолымен ілесіп қалмақты қанға бояған ер қатағанның бір бұтағы болса керек. Алтын Орданың тарихынан есіңізге түскен шығар, опасыздық жасаған дұшпандарын ұлы қаған Шыңғыс хан да осылай жазалаушы еді ғой. Қатағанның тағы бір бұтағы, Шығыс Түркістанға аяқ салған Сұлтанғазы төренің қарауындағы қатағандар кейінгі заманда ұйғырға сіңіп «долан» атанып жүр.
Тәуекелден кейін алапаты асқан айбынды елдің іргесін қымтап ұстау үшін де Еңсегей бойлы Ер Есім Шыңғыс бабасының жолын, «ескі» жолды, қатаң ұстанған деп білеміз. Өйткені, Тәуекелден соң Қазақ Ордасына қарап ірі шахарлар мен ұлыстар қалған-ды. Олардың кез келген сәтте Ордаға қарсы әрекеттерге баруы әбден мүмкін еді. Сондықтан, жаудың тіліне еріп Тұрсын хан сияқты сатқындық жасайтын опасыздыр мен оның қарашы халқы әлгіндей жаза кешуі тиіс болды.
Абдолла хан өліп, Бұқар мемлекетіне Жошы ханның он үшінші ұрпағы Тоқай Темірден тарайтын Хажы Тархан әулетінің басы Пір Мұхамед хан сайланғанда, Есім хан мен Пір Мұхамед арасында 1598 жылы келісім жасалады. Келісім нәтижесінде Сырдарияның бойы, егіз дарияның жағалауындағы отызға жуық қала, Қызылқұм мен Ферғана жазығы Қазақ Ордасына қарайды. Бұқар-Өзбек иелігіне Самарқант қана тиеді. Кейін Ферғананы, Ташкентті, өзге де маңызды бекіністер мен бұтағында бұлбұл сайраған бақты-бақшалы кенттерді, Совет өкіметінің тұсында Қызылқұмды тұтас, Мырзашөлді тегіс беріп шықтық. Ең соңында, берідегі шекара бөлінісінде, ежелден қазақтар қоныстанған ауылдарды да өзбек ағайынға беріп құтылдық.
Тарихымызға оралайық.
Есім хан Мәуреннахр мен Дәшті Қыпшақ арасындағы тарихи келісімге (немесе Бұқар-Өзбек пен Қазақ Ордасы десекте болады) қол жеткізген соң Шығыс Түркістанға көз тігеді. Өйткені, қазақтар аға хан Қасым ханның тұсында Моғолстан империясы - Үндістанға, Иранға, атақты Жібек Жолына мән бере бастаған еді. Оның үстіне Тәуекел хан Күнес пен Текес әм Іле бойындағы жұртын байтақ ордасына қосып, өрісін шалқытып кеткен. (1847 жылғы Шәуешек келісімінің қисынсыз салдарынан қайран құйқалы өлке қытай мемлекетінің меншігіне өтіп кетті). Тап сол уақытта уәдесінен айныған Бұқар хандығы әуелгі шартты бұзып Қазақ Ордасымен жеті рет қырқысып, жеті рет ойсырай жеңіліп үлгереді. Жеңімпаз Есім хан жет реткі соғыстан соң Шығыс Түркістанға ден қоюға мүмкіндік алады. Ташкентке Тұрсын сұлтанды (бірақ ол өзін кейін хан жариялап Қазақ Ордасының тұтастығына іртікі салады), Әндіжанға Абылай сұлтанды бек сайлаған Есім ханның пәрмені Моғолстанның Тұрфан, Чалыш уәлаяттарына жүре бастайды. Әйткенменде, Тұрсын ханның Бұқар билеушісі Имамқұлы мен Моғолстанның аға ханы Абақпен астыртын сыбайластығы үлкен жорыққа кедергі болады. Моғол қалмақтарымен соғысып оралғанда Тұрсын хан әлгіндей опасыздық жасап, Қазақ Ордасының іргесін сөгіп кетеді. «Қатағанда хан Тұрсын - Хан Тұрсынды ант ұрсын» деген сөз содан қалған.
Есім хан тұсында Қазақ Ордасы империялық саясат ұстана бастағанын байқаймыз. Империялық саясат Қасқа жолды Қасым ханнан, Хақ-Назар ханнан, баһадүр Тәуекел ханнан Еңсегей бойлы Ер Есімге сабақ үзбей жеткен еді. Қазақты ақтабан шұбырындыға ұшыратып, үштен бірін жер бетінен жойып жіберген ойрат-қалмақ Есім ханның тұсында 1627-1628 жылдары сол ақтабан шұбырындыны өз басынан кешіпті. Амал қане, Алаштың оңынан туған айы Есім хан мен Салқам Жәңгірден соң бетін кері бұрып кеткенге ұқсайды.
Салқам Жәңгір
Есім хан тақтан түспеген, бірақ биліктен тыс қалған күңгірт жылдарда жарқ етіп шыққан айбоз ұл - Салқам Жәңгір хан. Есім хан ауыр науқасқа ұшырап төсек тартып жатты ма, әлде не, әмір етуден шеттеп, елдің ішкі-сыртқы ісіне ұлы Жәңгір ие болады.
Әр қилы әңгіме деректерде Салқам Жәңгір ойрат-қалмақтың отыз мың әскерін алты жүз қолмен тас-талқан етіп, күлін көкке ұшырып жіберіпті деп айтылады. Отыз мың түменге алт жүз қолдың қарсы шығуы қисынсыз шығар, бірақ, «күлін көкке ұшырып жіберіпті» дейтін сөз шындыққа жанасады. Себебі, Салқам Жәңгір Тәуекел ханның кезінде басталған Ресей мен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасты жалғастыра жүріп орыстың от шашатын қаруына қол жеткізген еді.
1652 жылы қазақ-ойраттың кезекті бір қақтығысында шейіт болғанға дейін Салқам Жәңгір бел шешпей майдан даласында, ұлы дүбір қалың қолдың ортасында жүреді. Салқам Жәңгір билік құрған заманда қатерлі жаудың қатарына Бұқар-Өзбек емес, ойрат-қалмақ - Жоңғар хандығы шығады. Моңғолдың он екі ұлысы Батұр тайшы тіккен қыл құйрықты қызыл тудың астына бірігіп басты жау Қазақ Ордасы деп таниды. От қаруды орыстан алып қана қоймай, қолға түскен ұсталарға соқтырып жасап шығара да бастайды. Сөйтіп әбден жасанған жау 1643 жылы Қазақ Ордасына кеп тиеді. Бұл кездерде өзбекпен одақтасып үлгерген Салқам Жәңгір Жалаңтөс аталық пен өзбек қосынын қанатына алып жоңғардың туын жығып қайтарады.
Мағауин ақсақал 1644 жылы Салқам Жәңгір Бұқар хандығы мен Ұлы Моғол империясының арасындағы жойқын күреске белсене араласты деп жазады. Салқам Жәңгір хан Моғолға қарсы Бұқардың Нәдір Мұхамед ханына жүз мың әскер беріпті!
Салқам Жәңгір хан ғана емес, батыр қолбасшы, Қазақ Ордасының тарихында соғыс өнерін қапсыз меңгерген, соғыс техникасын жетілдірген тұлға ретінде әйгіленуге тиіс. Еліміздің қорғаныс саласында Салқам Жәңгірдің есімі ерекше ұлықталуы керек. Ол екі жүз жылға созылған қазақ-қалмақ соғысында өзі хандық құрған дәуірде қазақ жерінің сынық сүйемін жау қолына берген жоқ. Аға хандар аманатын адал атқарып, ұрпағына ұлы мұраттар жолын айқындап кетті.
Тәуке хан
Тәуке хан ұлы хандар санатымен салыстырғанда иіні бостау, қазіргі тілмен айтқанда, «демокартияшыл» хан болғанға ұқсайды. Ұқсайды емес, тарихи шындық солай. Тәуке хан ең бірінші болып төрелер жосығына тоқтам салып билікке билер институтын енгізген адам. Ұлы жүзге Үйсін Төле, орта жүзге Қаз дауысты Қазыбек, кіші жүзге алшын Әйтеке, қырғызға Қараш, құрамаға Мұхамед, қарақалпаққа Сасық би болады. Тәуке заманында алты арыстың үшеуі: қырығыз, қарақалпақ, құрама іргесін бөлек салады. Жоңғар да тыным таптырмай шауып Қазақ Ордасының жазиралы өлкесі Арыс, Шу бойына дейін жетіп, қалаларды өртеп үйіндіге айналдырады.
Тәуке хан заманындағы билердің билігінде де қалың қазақ бірнеше рет ұйысып жауға қарсы тұра алған. Бірінде Әбілқайыр бастап Бұлантыда, енді бірінде Итішпестің көлі - Аңырақайда жоңғарды жеңіп шығады. Бірақ, жеңістің арты таққа таласпен тарқап Әбілқайыр өкпелеп кетеді. Әз-Жәнібектің тікелей ұрпағы Әбілқайыр таққа лайық болса да билер жағы Болатты құп көреді. Болаттан кейін Қайып сұлтан хан болады. Қайып сұлтанның кезінде қазақ хандығы бүлініп ыдырағанның үстіне ыдырай береді. Абылай алаш жұртының ханы атанғанша әр жерде Әбілқайыр, Сәмеке, Жолбарыс, Әбілмәмбет, Барақ сұлтан «жарты патша» болып жарлық шашып жүргенін кейінгі тарих пен ел аузындағы әңгімелер баян етеді.
Абылай ханның ерлігі, ел билеу дәстүрінде ескіні жаңаға жалғап, даналықпен ғұмыр өткергені, алысты арбап, жақынды барлап, халқына қорған бола білгені, Қасым хан, Хақ-Назар, Тәукел хан, Ер Есімдердің даңқына жетпесе де өз заманынан асып туған бекзат болмысы туралы азды-көпті жазылып, жұрт зердесіне жетіп жатыр. Соған да мың шүкір дей келіп, баһадүр хан бабаларымз туралы қысқа шолуымызды түйіндегенді жөн көрдік.
P.S. Тәуелсіздік алып мәре-сәре болып жатқан жылдарымызды еске түсірейікші, апта сайын демей-ақ қоялық, ай сайын, ай озса жыл сайын бір батырдың туған күнін тойлаудан, ас беріп ат шаптырудан шаршамайтын едік қой. Соңара бәрін ұмыта бастадық. Қас батырлардың мемлекеттік деңгейде аталып өткен мерей жасы бірте-бірте облыс, аудан, қала берді ауыл-аймақ деңгейіне түсіп кетті. Содан кейін-ақ, әр ауылдан батыр мен бағлан қаптады. «Біздің бұл бабамыз пәлен деген соғыста түгілен деген қалмақтың батырын найзасымен түйреп түсіріпті» деп кеуде қағатын жұрт қайда барсаңда. Сөйтіп батырлар ғана ұлықталуға тиіс мереке сайқымазақ келекеге айналды. Бұның бәрі жүйесіздіктің салдары екен. Оған әлі мән бермей келеміз.
Бір қызығы, батырлар дәріптелсе де хандардың есімі атаусыз қалды. Әлі де солай. Неге? Сонда мынау ұлы далада батырлар ғана өмір сүрген бе? Хандар болмаса, ұлы хандардың саяси билігі болмаса, батыр елді баурап, етегін қымтап тұра ала ма? Ойымызша, бүгінгі тарихшылар мен идеологтар қазақ тарихындағы хандар ролін; ұлы хандардың ел билеу жосығын әдейі елемейтін секілді. Сол себептен де тарихқа қиыс, хан бабалар рухына қиянат сөздер билік тарапынан жиі айтылып қалады. Әйткенменде, ұлы тарих жаңсақ сөзбен, жаңылған жақты кешіре біледі. Сондықтан, мектеп оқулықтарынан бастап ғылми, рухани айналымдағы ақпарат көздерінің бәрінде хандар дәуірінің тарихын енгізіп, баһадүр хан бабаларымызды ұлықтауға мүмкіндігіміз бар.
«Абай-ақпарат»