Есенғали Раушанов. Ақпан
Әлқисса, 1645 жылы Әбілғазы баһадүр хан әрісі парсы, берісі түркі жұртындағы Шыңғыс ұрпақтарының арасында ұзаққа созылған текетіресте ірілі-ұсақты қарсыластарының қай қайсынан да өктем шығып, Хиуаның тағына отырды. Профессор Самат Өтениязовтың сілтемесіне сенсек, бұл жерде оған қол жинап беріп, қолтығынан демеген қазақтың Есім ханы деседі. Есім ханның сол қарсаңда Бұхар хандарымен қырғиқабақ болғаны рас. Мақсат – Бұхардың өңменіне құрулы мылтық, құрсанған жауды тақап қойып, алыстан аңысын аңдып отыру болған сықылды. Бұған дейін Хорезм ойпатындағы мемлекеттерде қазақ баласы хан болған жоқ еді деп жазады шежірешілер. Тағы бір тарихшылар Әбілғазыны қазақ деу қалай болар екен, қазаққа жиен еді десек ше деп қия тартады. Қазақ әскерінің әдепкіде қарсы келген отырықшыларды қатігездікпен қырып-жойғаны мәлім. Олжалау, барымталау, сыдырымталау бәрі де болған сыңайлы. Осындай аламандық Хиуаға Әбілғазы баһадүрдің шешесі, Арал маңындағы қазақтардың билеушісі – Жанғазы сұлтанның қызы – Мейірбану ханымның қайтып келуімен сап тыйылады. Тақ таласы басталарда Әбілғазы шешесі мен бала-шағасын Арал маңындағы нағашыларына жіберген болатын. Ел оны «Үлкен ханым» дейді екен. Үрей билеген елдің көңілі орнығады. Сұңғыла кейуана келе салысымен Хиуаның бүткіл кедей-кепшік, жоқ-жітік, жетім-жесір, ғәріп-ғәсірлеріне жұма сайын садақа таратады. Оларды «менің перзенттерім» деп атайды. Сөйтіп Хиуада қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман орнайды. Әттең, барлық ләззатты шақтардың тез бітіп қалатыны секілді, бұл дәуір де ұзаққа созылмады. Неге? Әбілғазының жергілікті елден өзі сайлап алған Бас уәзірі – пәлен деген шайықтың түген деген шөпшегі баласын үйлендіретін болып, хан сарайын тойға шақырады. Үлкен ханым әдеттегі «құтты болсыннан» соң қазақы әңгімеге көшіп: «Келін қай жақтың қызы?», – деп сұрайды емес пе: «Келін бөтен емес, өзімізден», – дейді Бас уәзір. «Өзіміздені несі?», – деп сұрайды секем алған үлкен ханым. «Келін өзімнің інімнің қызы», – дейді Бас уәзір. Өмірінде мұндайды естімеген Мейірбану «Астағыпыраллалап» шалқасынан түсіп, талып қалады. Ертеңіне есін жиған ол баласын шақырып, бұдан былай Хиуа хандығында туысаралық неке деген сұмдық болмасын деп фарман [жарлық] шығаруын талап етеді. «Бұл елде атам заманнан келе жатқан ғадет солай, қазір бірден төбеге ұрғандай Жарлық шығарсақ, халық қозғалып кетеді, сабыр сақталық, ақырындап оған да жетерміз» деген баласының бипаздығына шарт ашуланған Үлкен ханым көк шатырлы күміс арбасын жектіріп, сол күні Аралға қайта көшіп кетеді. Туысаралық неке Шығыста ғана емес, Еуропа бекзадаларында, әсіресе ағылшын ақсүйектерінде көп болған. «Бір емшек ембегендер арасындағы неке Һалал дүр» деген фетвәні айтасыз, ертеде қабы бір, сабы бір адамдар да жұптасқан. Мысалы, атақты Клеопатраның алғашқы күйеуі өзінің туған інісі еді деп нақтылайды перғауын зерттеушілер. «Туыстардың өзара құда болуы секілді зиянды әдеттер қазаққа кешірек сіңген кейбір тайпаларда кейінге дейін сақталды» деп жазады ақын әрі көсемсөзші Аманхан Әлім. Зиянды демекші, кешегі Кеңес өкіметі тұсында Өзбек теледидары бұны тозығы жеткен салт деп танып, топтама хабарлар жүргізді.
Ақпанды «қарғалар» айы деген сөз осы айда аталмыш құстардың жұптасатынынан шықса керек. Орнитологтардың зерттеуі бойынша, жұптаспас бұрын «қарғаның қыз ұзатуы» деген кезең бар. Бұл дағы кезек кезегімен келетін «құралайдың салқыны», «отамалы», «бес қонақ», «теке бұрқылдақ», «итбалақтың кіндік кесері», т.б. толып жатқан кезеңдер секілді өзінше бір аралық. Алда біз аталмыш аралықтардың кейбіріне тоқталатын боламыз. Сөйтіп, ата қарға бас болып, ана қарға хош көріп, «бойжеткен қыздарын» яки қанаты қатайып, буыны бекіген «қыз» қарғаларды улап-шулап басқа тобырға шығарып салады. Ұзамай басқа топ «қыздарын» бері ұзатады. Құдды құдіреті күшті Табиғат Ананың өзі туысаралақ некеге тыйым салудың үлгісін құстардан бастаған секілді.
«Күйойнаққа» түсерде екеу-екеу жұптасып, түу сонау зеңгір көкке тіке атылып шығып, көзден ғайып болады. Қарға емес, қаршыға дерсің. Содан соң сақпанның тасындай зырқырап төбеден тік құлап келе жатады. Енді бір сәт тасқа соғылып сүйегі шашылып қалар ма екен десеңіз, қайқаң қағып қайта көтеріледі. Қайта көтеріліп, көлбей ұшады. Күтпеген жерден жұбын жазбаған күйі ағаш басына қона қалып, қауырсындарын тарақтай бастайды. Сіз қарғалардың «неке биін» емес, бейне әскери ұшақтар парадын көріп тұрғандайсыз. Орыс ағайындар айтатын «высший пилотаждың» неше түрлі формалары көз алдыңызда өтіп жатады. «Қарға жыры» деген өлеңнен бір шумақ:
Ақпан аппақ, мен қарамын,
аспан көк,
Ақпан жырын бастарда,
Қалқам,
сен де әнге қосыл, жасқанба.
Біздің неке қиылады Жерде емес,
Аспанда.
Ұзақ қарғалар мен сауысқандар да ертең келетін көктемді күтпей, осы айда ұя салуды бастайды. Дұрысы ұя салуды емес, ұя тоқуды бастайды. Құс ұялары әрбір бұтақты, әрбір шыбықты, әрбір мамықты салмағына, түр-түсіне, иісіне, мықтылығына, майысқақтығына, ұзынды-қысқалығына қарай бөліп, бөлшектеп, шебер қиюластырып асқан ыждаһаттылықпен тоқылған инженерлік конструкция.
Жылқы малы да солай, қазақ айта беретін «жақсы айғыр үйіріне шаппайды» деген сөздің растығы дәлелді қажет етпейді. Кешегі құлындар жыл айналып тай болып, одан құнан шығар тұста «үйірді тазалау науқаны» жүреді. Демек, текті айғыр өз «кіндігінен тараған» байталдарды үйірден қуып шығады. Көнбей енесінің бауырына қайта тығылғандарын тістелеп, тепкілеп, ұзап кеткенше қуалайды. Байтал бұдан соң қайтып беттемейді. Олар енді басқа үйірге барып қосылып, басқа айғырдан құлындайды. Ақпанның айқай боранында ақ қарды аспанға көтеріп, үйірін шырқ үйіріп жүрген қабан құлақ қақпан бел айғырларды көргенде жылқыны бұрынғы қазақтардың «адамнан зият жануар» дейтіні еріксіз еске түседі. Қақпан бел дегеннен еске түседі, осы күнгі жылқылардың арғы тегі бұдан елу миллион жылдай бұрын өмір сүрген эогиппус дейтұғын мақұлық, кәдімгі мысық секілді жиырылып, жазылып, секіреді екен. Олай болатыны, бел омыртқасының орнында серіппелі сүйектер болса керек.
Жылқы дегеннен шығады, халық жадындағы ақпан айы туралы көп мәлімет жылқыға байланысты сақталған. Бір екі мысал: Сіз бен біз Шолпан жұлдызын әдетте «таң жұлдызы» деп атаймыз. Бірақ Шолпан кей жылдары қыста (көбінесе ақпанда) күннің батысынан туады және оның бұл туысын шаруақор қазақ ежелден ұнатпаған. Мысалы, өткен қарашаның, яки 2017 жылдың қарашасынан осы жылғы қарашаның алғашқы аптасынан шейін батыстан, Алматы жағдайында Борандай жақтан туып жүрді. Кейбір есепшілер мұны жамандыққа жорыды. «Қазақ даласында бұл сұмдық жетпіс жылдан бері тұңғыш рет қайталанып отыр, құдай сақтасын, соңы қайырлы болғайдағы» деп сарыуайымға салынғандарды көзіміз көрді. Ал шындығында бұл қайталанып тұратын құбылыс. Аспантану ілімі бұның соңы апатқа апарады дегенді түбегейлі жоққа шығарады. Шолпанмен таласа Сарыжұлдыз Талғар шоқыларын баурайлап, яки шығыстан туып, оңтүстікке қарай жылжып отырды. Бұл жұлдызды Шымкент, Жамбыл жақтың қазақтары Есекқырған дейді (Мақтаарал, Мырзашөл, Түркістан, Қызылқұм, Жаңақорған қазақтары Ешекқырылған дейді), шығысқазақстандықтар Сарыжұлдыз десе, батысқазақстандықтар көбінесе Өмірзая деп атайды. Осының қай-қайсысы да әуелгі аты ұмытылып, кейін пайда болған немесе дәл мағынасын бере алмайтын атаулар секілді. Ол туралы сәл кейінірек айтатын боламыз.
Шаруаға жәйлі болатын жылы Шолпан әдеттегідей таң ата шығыстан туады дейді малшылар. Ал Батыстан туса, оны Шолпан деп әспеттеме, оны Долықатын (кей жерлерде Тұлқатын) деп түсін дегенді айтатын да сол малшылар. Қазақ қайда жүрсе де қасынан қалжыңын қалдырмайды ғой, сондай әңгіменің бірі: Ертеде ақпанның ақ түтегі жұт болып кеп, Құрымбай деген жылқышының тай-құлыны түгел қырыла бастаса керек, осы пәленің бәрін жұлдыздан көрген Құрымбай аспанға қарап құрығын шошайтып: «Жүзіқара, әттең аспандасың, жерде болсаң ұстап алып күн шыққанша... сабар едім», – деп кіжінсе керек. Ұзамай таң жұлдызы шығыстан туып, күн жайлана бастайды. Сонда аңқау Құрымбай: «Қатынбысың деген, қорықпаса сыйламайды», – депті. «Құрымбайжанның құрығы аман болса, әлі талай асау жуасыр» деген мысқыл содан қалған деседі.
Ол ақпанда күн батар-батпастан туады. Тағы бір әжуа әңгімеде ауыл үйдің қожанасырлау молдасы ерте туған Шолпанға қарап: «Бала әлі малды жайлаған жоқ, келіннің шәугімі әлі қайнаған жоқ, намаздігер болмай шақшиып шыға келдің, дәрет суымды сен жылытып бересің бе, бәдбақыт», – деп жұлдызға құманын лақтырыпты деседі.
Әлбетте, жұлдыздардың осылай орналасуын қағида деп қабылдамау керек. Аспан әлемі әр жылда әрқалай құбылуы мүмкін. «Қыдырма жұлдыз (Шолпанды айтады) қырын келді, Ақпан-тоқпан ұрын келді» дегенде халық осы өзгерістерді меңзеген.
Ал енді манағы Шолпан сияқты қызыл іңірден жарқырай туатын Сарыжұлдызға (Есекқырған, Өмірзая) келелік. Оны сіз бен бізге астрономия пәні Юпитер деп оқытты. Біреулер Шолпанмен шатастыратын бұл жұлдыз хақында ғылыми еңбектерден бастап, көркем шығармаларда да көп мәлімет кездестіресіз. Сондықтан оған тоқталуды жөн көрмедім. Айтпағымыз – қазақта Олпан деген жұлдыз бар. Оңтүстік қазақтары Болпан деп те атайды. Аңыздарда Олпан Шолпанның сіңлісі екен дейді. Аспан зерттеушілері оны өте көмескі, көзге көріне бермейтін жұлдыз деп зерттейді. Күмән туғызады. Көзге көрінбесе, ел оның несін сөз қылады? Біздің ойымызша, осы Сарыжұлдыз Олпан болмаса не етті?! Тағы айтпағымыз, оның аты Олпан да, Болпан да емес – ҰЛПАН. Өзіңіз ойлаңызшы, қазақ қызға Олпан не Болпан деп айт қоймайды ғой. Есекқырған дейді. Есегі несі, тәңірім-ау?! Ұлпан десеңіз, сөз басқа. Ұлпан деген ат керемет емес пе? Өз басым тағы Кемпірқосақ деген атты да тіпті қабылдай алмаймын... Әдемі керілген аспан көпіріне басқа басқа, кемпірдің не қатысы бар деп менен де бұрын айтқандар болған. Ұлы Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» атты махаббат дастаны барын білесіз. Иә, біз бұл шығарманы жұрт айтып жүргендей повесть деп те, роман деп те емес, дастан ретінде қабылдаймыз. Ғашықтық дастаны! Әлем әдебиеті мен өнерінде «Кеш келген махаббат» («Поздняя любовь») атты талай шығармалар барынан хабардарсыз. Біз Ғабеңнің аяулы «Ұлпанын» сондай биіктен көрінген асыл туынды деп бағалаймыз. Ақтөбе облысында Ұлпан атты бекет бар. Жергілікті өлкетанушылардың кейбір деректеріне сенсек, Ғабең жырлаған Ұлпан ару сол маңда туған көрінеді, біреулер бұл оның жерленген жері дейді. Қалай болғанда да халық кеш келген махаббат иелеріне кейбір желауыздар секілді кекеп-мұқап емес, құрметпен қарағаны ақиқат. Сүю деген ұлы сезім ұлы адамдарға ғана тән болса керек.
Ақпан осындай ай.
Қарт Каспийде жүзге жуық арал барын білесіз. Соның Қазақстан яки Маңғыстау бөлігіндегі бес аралдың бірі Құлалы деп аталады. Ол омырауын Жайықтың құламасына төсеп тұр, содан болар қыстың қақаған аязында да қатпайтын Каспийдің осы бөлігі ақпанда мұз құрсауға оранады. Ақпанның оныншы жұлдызы мен он бесі аралығы Құлалыда итбалық күшіктейді. Кей жылдары бұдан сәл ерте не кеш күшіктеуі де мүмкін. Жарық дүниеге шыққан мезет «ақүрпектер» бауырын мұзға төсеп жата қалатын көрінеді. Адайлар «итбалықтың күшіктері» демейді, «ақүрпектері» деп еркелетеді, сондай-ақ итбалық демей, «ескек аяқ» деп ат қойған да сол балықшылар. Сол екі аралықта күн қатты суытады. Әдеттегі аяздан гөрі өткір суық өзгенің өңменінен өтсе де итбалық үшін, оның жаңа туған «ақүрпектері» үшін де жәйлі мезгіл. Жатып-жатып бауырын жерден көтеріп алғанда бағанағы қаны тамшылаған жас кіндік мұзға жабысып, үзіліп түседі. Әрі қарай тастай суға сүңгіп ойнап, өмір айдынына құлаш ұрып жүзіп кете барады. Кіндігі кесілген соң-ақ дереу жер бауырлап жылжып суға ұмтылуын көрудің өзі бір ғанибет. Осы аралықты Маңғыстауда «Итбалықтың кіндік қатары» деп атайды. Өмір заңы осылай, тіршілік тынысы бір сәт те тоқтамайды, тіпті қақаған қыста да, оны айтасыз мұз үстінде де өмір жалғасуда. Әттең... Ертеректе естіген бір әңгіме естен кетпейді. Орыс көпестерін итбалықтың майы мен терісі қызықтырғаны мәлім. Ал енді оны аулаудың орыстар ойлап тапқан «ең қарапайым әрі тиімді тәсілін» білесіз бе?! Көзіңізге елестетіңізші: Ақпан айы. Қара жойқын теңіз. Дауыл. Дүние астан-кестең. Жел құтырып тұр. Ескек аяқтылар күнімен-түнімен жаңа туған «ақүрпектеріне» жем іздеп жағаға өкпесі өшіп, қанаты талып әрең жетеді. Дүниедегі ең керемет той Ана мен баланың табысу тойы емес пе? Күн қаһарына мініп тұрса да, Құлалыда мейрам, Құлалы шаттық құшағында. Кенет қолдарын сүймен ұстаған бір топ адам тасадан шыға келеді де итбалықтарды қаратұмсықтан ұрып, аралды қан сасытып қыра бастайды. Жаңа ғана анасымен қауышып мәз-мейрам болған ақүрпектер бауырымен жылжып теңізге қарай қашады. Темір сүйменділер оларды да құтқармайды. Мұздың беті қан-жоса. Жаңа туған сәбилер шырқырайды. Алпыс әйел қатар тұрып жылағандай аза бойың қаза болады. Сай сүйегің сырқырайды. Итбалық күшіктері тура нәрестелерге ұқсап жылайды. Оған қарап жатқан адам жоқ. Қас пен көздің арасында ананы ана, баланы бала деп қарамай қырып салады.
«Түлкі түгінен жазады» деген – осы, оның майы мен терісіне қызыққан өндірісшілер осындай қатігездікке дейін барған. Итбалықтың «кіндік қатары» туралы әңгіме көп. Орыс әліпбиі бойынша «р» әріпі кездеспейтін айлардың қай-қайсысында да оның майы мың бір дертке дауа, әсіресе балықшыларда жиі кездесетін өкпе ауруы үшін таптырмас ем, ал орыс күнпарағындағы май, июнь, июль, август айларында ішсеңіз, үсті-басыңыз май сасығаны сонша адам түгіл хайуан түстік жерден үрке қашатын көрінеді.
Жергілікті қазақтар Ақкетік, орыстар Форт-Шевченко атап кеткен осы бір шағын шаһардың тарихы да, жағырапиясы да, табиғаты да, ауа райы да басқа қалаларға қарағанда өзгерек. Мұндағы қазақтардың отырықшы өмірге үйренгеніне бір жүз алпыс, бір жүз жетпіс жылға жуықтады. Шаһар туралы, балықшылар өмірі хақында «Түпқараған» аудандық газетінің редакторы Мелана қарындасымыз бізге көп мәлімет берді.
Осы аймақта «итбалықтың кіндік қатарынан» кейін яки ақпанның орта шамасында келетін тағы бір амалды ел «қасқыр жұп» дейді. Неге «қасқыр жұп?» қасқыр ешқашан екі рет жұп құрмайды екен. Ұйыққан қасқырды қазақ атпайды. Кек сақтап, өршеленіп кетеді деп ойлаған. Құртқаның наласы жаман деп сенген. Егер алда-жалда оқ шығарса екеуін де атып тастайтын болған көрінеді, себебі біреуі аман қалса, ол ауылға тыныштық жоқ. Қаншығы, яки құртқасы бір-ақ рет бөлтіріктейді. Бәлки, осы қасиеттеріне қайыл қалғандықтан болар, қазақ оны қадірлей білген. Расында, бұл бір бөлек жыртқыш. Міне, Тарбағатай, Сауыр, Сайқан аңшылары айтқан әңгімелердің бір парасы:
Құртқаны жұбы барын біле тұра бөтен арлан маңайласа, ол тірі кетпеген. Құртқаның өзі әлгі «сарыауызды» өз «күйеуінің» көзінше жарып тастайды деседі. Намыс дейсіз бе, жарға адалдық дейсіз бе, қасқырдың осындай қасиеттерін білетіндер жыр ғып айтады.
Қасқырды көзін әлі ашпаған күшік кезінен асырасаң да еркелемейді, құйрығын бұлғаңдатып, итше қыңсылау оған жат.
Ит байғұс бөлтірікті бауырына басады, ал қасқыр ешқашан иттің күшігін бауырына баспайды, емізбейді де.
Қасқырдың асығы мен иттің асығы бір-біріне ұқсамайды.
Бөлтірігіне тамағын құсып береді.
Жазатайым қолға түсіріп, терісін тірідей сыпырып алсаңыз да оған саратан заузада да шыбын-шіркей жоламайды, құрттамайды, ол маңға басқа хайуандарды айтпағанда, сырттан төбеттің өзі жоламайды. Жоламайды емес, жолай алмайды.
Терісін тірідей сыпырып жатқанда да дыбыс шығармайды.
Бұрынғы қазақтың «қасқырдың терісінен айырсаң айырарсың, бірақ тектілігінен айыра алмайсың» дейтіні содан болса керек.
Қасқыр ешқашан өлексе жемейді, ұстаған жемтігімен ыстықтай қоректенеді, бір жегенде он-он бес келідей ет жейді.
Оның тісі тиген мал екінші рет оңалып, қатарға қосылмайды екен, сондықтан ондай малдарды дереу сойып алған.
Бөтен дыбысты 10 шықырымнан ести алатын қабілеті бар. Сондықтан аңшылар қансонарға шыққанда мылтық ұңғысын жауып, шүберекпен таңып алады, мақсат қасқырға дәрі иісін сездірмеу.
Аунаған, тезек тастаған жеріне, сарып кеткен маңға 3, 7, 14, 21 күнде қайта айналып бір соғады деседі.
Тік кеп қалса ұзындығы 2-3 метр жарлардан аяғын жұқпай секіріп өткенін көзімен көргендер бар.
Боранды күндері 100 шақырымға дейін жортады.
Жел күшейіп, соңы қарға айналады. Арлан қасқырлардың өзара күш сынасып, оның соңы кейде бірін-бірі талап өлтіретін кезі де дәл осы шақ. Бір қызығы, түлкі, мәлін, шибөрілер оның айдалада сіресіп қатып жатқан өлігіне де жолай алмайтын көрінеді. Тек сауысқан ғана көзін ойып жейді дейді. Басқа аймақтарда «бөрісырғақ немесе «ыңқыма» (орыстар мұны «брачный период» дейді) деген аттармен таныс бұл кезеңде қасқырлар шағылысатын көрінеді. Бірақ бұл бөрілер күнпараққа сәйкес жұптасады немесе дәл осы мезгілден басқа кезде шағылыспайды деген тұжырым емес. Әдетте аймақтардың ауа райына қарай аталмыш «бөрісырғақ» қаңтар мен сәуір айының аралығында әртүрлі кезеңдерде болады деп жазады түз тағысын зерттеуші ғалымдар.
Ақпан. Жан-жағыңызға қарасаңыз, көктемнің ауылы алыс секілді. Қыс әлі қаһарға мініп тұр. Сықырлаған қасат қар. Түнгі аяздың беті жаман. Өзен біткен мұздың құрсауында. Тіршілік көші тоқтап қалған секілді. Бұл айдың қаңтардан айырмашылығы шамалы сықылды.
«Көктем қашан келеді?» деп мұңаясыз.
Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілетін болды-ау деп торығасыз.
«Боз тоқтыда құйрық қалды, бойжеткенде бұғақ қалды» деп қырланатын ақпан – осы. Қырланады деген «қырына алады» яки «қырын қарайды», «қаһарын төгеді» дегеннен шықты ма екен?
Ақпан қанша қаһарлы болса да, қыстың басқа айларына қарағанда оның мейірім, шапағатқа толы сәттері көп. Иә, қанша қатыгез десек те бұл айдың өзіне тән жылылығы бар. Мысалы, сарышымшықтың тап бұлай сайрағанын сіз басқа кезде естіген жоқсыз. Әттең, тыңдағыңыз жоқ.
Айдарлы самырқұстың дәл осылай дүр етіп ұшып, ұзамай топ болып қайта қонуын ақпаннан басқа қай айда көріп едіңіз. Оны айтасыз, самырқұс ақпаннан басқа айда Алматыда көп тұрақтамайды да. Таудағы арқар мен тау ешкінің соңынан шұбырған құстар өзінше бір әлем.
Айдың ақырына таман аңғарып қарар болсаңыз, шатырдан салбырап тұрған мұз сүңгілердің бұрынғыдай емес, жұқалтаң тартып, жіңішкере бастағанын байқайсыз.
Сарышымшық байғұс өзгеше бір әуенге салғысы келеді-ақ, әттең дауысы жетпей тұр. Шамасын білмей, басқа нотаға түсіп кетіп, енді не істерін білмей абдыраған бала әншіге ұқсайды.
Дегенмен оған бір сәт құлақ түріңізші. Жаңалығы бар сияқты, соны бірінші боп сізге айтқысы келеді. Елден бұрын жеткізсем дейді, бірақ оны ешкім тыңдамайды. Ең соңғы рет ән сап тұрғандай жанталаса, ышқына, аласұра сайрайды. Қырғыз ағайындарда «Келер-келер Кенесары жүзге келер, жүзге келсе Кене хан өзі-ақ өлер» деген ескі сөз бар. Мұның айтпағы да сол: «Қырқына шыдап қырық біріне шыдамай не көрінді?!», – дейді. Әттең, ойын жеткізе алмайды. «Ей, ағайындар, маған құлақ салыңдаршы. Қайда асығып барасыңдар? Түу, неге тыңдамайсыңдар? Менің айтпағым, менің айтпағым бар ғой, ә, менің айтпағым ше, көкем келе жатыр. Менің көкемді сендер білетін едіңдер ғой, неге қуанбайсыңдар. Менің көкемнің аты – КӨКТЕМ!».
Ол сөйтіп асығып-аптығып, абдырап-сасып, ұшып-қонып, жанын қоярға жер таппай жүргенде күтпеген жерден бағанағы мұз сүңгі жерге үзіліп түсіп, быт-шыт болады. «Шөлмек қырық күн сынбайды, бір күнде сынады» деген рас болғаны ғой, сол-ақ екен қатқан мұздың көбесі қақырап сала берді. Сосын алғашқы тамшы тамады. Үркіп ұшқан құстар ағаш басына шығып, шырқай жөнеледі. Жер дүние у да шу. Біздің қаламызда сайрауық құстар не деген көп еді?! Біздің қаламыз не деген көркем қала еді?! Қалай байқамай келгенбіз, тоба?!
Сарышымшық болса қуанышын ұрлатып алып, көп ішінде көрінбей қала береді. «Ағайындар-ау, көктемнің хабарын алғаш айтқан мен емес пе едім?» деген өкпесін ешкім естімейді де. Оның басқа құстар жылы жер, жәйлі мекен іздеп кеткенде ақ қар көк мұзға оранған өз шаһарында қалғанын, қыстай тоңып шашырап, қауіп-қатерге басын тігіп, осы сәттің келетінін айтумен болғанын, басқасын былай қойғанда адамдарға ең жақын құс екенін де ешкім ескермейді. Оны ешкім елемейді. Оны ешкім тыңдамайды. Жылда солай.
Есенғали Раушанов
«Қазақ әдебиеті» газеті. №6 (3640)
8.02.2019 жыл
Abai.kz