Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа мәжілісі өтті
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Жиналыста ведомство басшысы Дәурен Абаев баяндама жасады.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өткен бір жылда атқарылған іс-шаралар мен қоғамдағы маңызды оқиғалар жайлы жан-жақты баяндады.
Ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында алдымен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалу барысы сөз болды. Биыл елімізде мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды түрде көрсетілген. Ал келер жылы көрсеткішті 90 пайызға жеткізілу көзделіп отыр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерді түгелдей интернетпен қамту жайы қозғалды. Оның айтуынша, шалғай жатқан ауылдарға талшықты-оптикалық желілер арқылы сапалы интернетті тарту жұмыстары да жалғаса береді. Өткен жылы 144 мыңнан астам адамды қамтитын 56 ауылды елді мекен сапалы интернетпен қамтылды. Негізгі мақсат - 1 249 елдімекенді кең жолақты желімен қамтамасыз ету. Жобаны жүзеге асыру барысында 20 мың шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық желі құрылысын салу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, елімізде мемлекеттік порталдарды біріктіру көзделіп отыр. Сол арқылы маңызды ақпараттарды бір жүйеден алуға мүмкіндік туады.
– Қазіргі уақытта электрондық үкімет порталына 8 млн адам тіркелген. 18 жыл ел тұрғындарына 30 млн қызмет түрі электронды түрде көрсетілді. Электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ зерттеу қорытындысына сай Қазақстан 39 орыннан көрінді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш, - деді Дәурен Абаев.
Бұған қоса, шалғайда жатқан ауылдарға тек отандық телеарналар көрсетіліп, тұрғындарға спутниктік қондырғылар тегін таратылады. Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы былтыр толық цифрлық телехабар тарату жүйесіне көшті. Ақпарат және коммуникациялар министрінің айтуынша, өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі бұл. Ендігі кезек Алматы, Павлодар және Қостанай өңірлерінде. Себебі бұл аймақ тұрғындары, әсіресе шалғайдағы елді мекендер отандық телеарнаны тамашалап, радио желіні таңдайтын болады. Яғни күн сайын тек Қазақстанның әнұраны орындалып, өскелең ұрпақ қазақ ертегілеріне құлақ түреді әрі әуезді әнге тербеліп өседі.
- Өткен жылы Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының 300 мыңнан аса тұрғыны бар 12 шекаралық аймағына қазақ радиосы мен Шалқардың хабарлары тарай бастады. Қазтелерадиоға осы жұмысты ерекше бақылауға ұстауды тапсырамын. Бұл біздің ұлттық ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей ықпалы бар шаруа. Еліміздің ең шалғай жерлерін мекендеп отырған адамдар радио қабылдағыш арқылы Қытай немесе Ресейдің емес, Қазақстанның радиосына құлақ түруі тиіс. Бұл министрліктің ұйытқы болуымен қазақ тілінде түсірілген көп бөлімді фильмдер. Ұзын-саны - 46. Барлығы дерлік көрермендердің оң бағасын алған. Айта кетейік, көрші мемлекеттерде отандық телерналар көрсетілетін болды. Мәселен, «Хабар» Агенттігі Ресейдегі қандастарымыз қоныстанған елді мекендерде ақпарат таратады, - деді министр.
Алқа отырысында сөз болған тағы бір мәселе, әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерде таралып жүрген оқушылар төбелесі жайлы видеоларды жою жайы болды. Мұндай ұсынысты бұған дейін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтқан болатын. Сағадиевтің ұсынысына сай зорлық-зомбылық сипатындағы видеоларды бұғаттау бағытында жұмыс істелетіні айтылды.
- Енді, біз барлық мәселелерді шеше алмаймыз. Иә, Білім және ғылым министрлігінің өтініштерін қарау мерзімін, жалпы осы саладағы әкімшілік процедураларды бір сағатқа дейін қысқарттық. Алайда әлеуметтік желінің әкімшісі де бар.Сондықтан видеоны бұғаттау уақыты созылып кетуі мүмкін. Бірақ онымен біреу зорлық-зомбылық фактілерін жасырайын деп отырған жоқ. Біз әрбір әрекеттің заңды түрде қаралғанын қалаймыз, - деді ақпарат және коммуникациялар министрі.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан журналистерді аккредитациялау ісі жайлы айтты. Ол бұл мәселе бойынша ережеге түзетулер енгізу ортақ келісім жүзінде ғана жүзеге асу керек деп мәлімдеді.
- Вице-министр Нұргүл Мәуберлиноваға жобаны талқылау жұмыстарын ұйымдастыруды, журналистердің ұсыныстары мен ескертулерін жинақтауды ұсынамын. Бұл ережелер ортақ келісім негізінде, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің пікірін есепке ала отырып қабылдануы керек, – деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.
Жиналыста ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мемлекеттік органдардың базаларын интеграциялау арқылы анықтамаларды барынша қысқарту қажеттігін айтты.
- Мен Фейсбук желісіндегі парақшама анықтамаларды алып тастау туралы жазғанда біраз адамдар осы бастаманы қолдады. Шынымен де, анықтамаларды мүлдем алып тастау қажет. Былай қарасаң, оның бәрін жинаудың да қажеті шамалы. Дәурен Әскербекұлы (ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі - авт.), осы мәселені жан-жақты зерделеп, мемлекеттік органдардың базаларын интеграциялау арқылы анықтамаларды барынша қысқартуымыз керек. Әйтпесе, анықтаманы бір мемлекеттік органнан аламыз да, оны екіншісіне апарып береміз. Олар өздері де бір-біріне қажетті анықтамаларды жібере алады, - деді А.Жұмағалиев
Сондай-ақ 5G технологиясын пилоттық негізде іске қосу мәселесі талқыланды. Айта кетейік, биыл мемлекеттік қызметкерлердің смартфон ұстауына рұқсат берілуі мүмкін. Министрдің айтуынша, ведомствода жаңашылдық сынақ түрінде енгізілген.
Министрдің айтуынша, бүгінде әлем бойынша ұялы байланыстың жаңа үлгісі - 5G желісін енгізу мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Соның арқасында фильмдерді бірнеше секундтың ішінде жүктеу мүмкін болмақ. Басқа да теxнологияларды жан-жақты дамытуға болады.
- Биыл Қазақстанда 5G теxнологиясын сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Осыдан кейін аталған желіні республика бойынша енгізу мерзімі анықталатын болады, - деді Дәурен Абаев.
Abai.kz