Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2261 0 пікір 18 Мамыр, 2011 сағат 09:13

НАР ХАН

Абылай ханның  300 жылдығына арналған конференцияда сөйленді

Серік  Ерғали,

мәдениеттанушы

Сабалақ тәңірқұт

Абылай - Салқам Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болып, Жәңгір хан қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барғаны белгілі. Кәзіргіше айтқанда, Абылайдың бабасы оппозициялық ұстаныммен шетелге кеткен.

Уәлибақының шөбересі болып келетін Әбілмансұр саяси мәртебеден ажыраған төре ретінде әлеуметтік жоқ-жітік көруге тура келді.Ол арып-ашса да, сол кездегі қазақ элитасының басты өкілі Төле биді сағалаған. Алба-жұлба болып, Ұлы жүздің бас биінің қолына келуі кездейсоқ па? Жоқ. Ол өзінің төре екенін әрі саяси және тарихи миссиясын жақсы ұғып өскен. Оның төре тұқымы екенін Төленің де білмеуі мүмкін емес. Ол біле-тұра оны өз қолына алып, тіл-көз бен жау көзден сақтау үшін «Сабалақ» (кәзіргіше ол - бүркеншік) атап, түйесін бақтырды, сынады, бақылады, тәрбиеледі, сара жолға салып, саяси алаңға итермеледі.

Абылай ханның  300 жылдығына арналған конференцияда сөйленді

Серік  Ерғали,

мәдениеттанушы

Сабалақ тәңірқұт

Абылай - Салқам Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болып, Жәңгір хан қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барғаны белгілі. Кәзіргіше айтқанда, Абылайдың бабасы оппозициялық ұстаныммен шетелге кеткен.

Уәлибақының шөбересі болып келетін Әбілмансұр саяси мәртебеден ажыраған төре ретінде әлеуметтік жоқ-жітік көруге тура келді.Ол арып-ашса да, сол кездегі қазақ элитасының басты өкілі Төле биді сағалаған. Алба-жұлба болып, Ұлы жүздің бас биінің қолына келуі кездейсоқ па? Жоқ. Ол өзінің төре екенін әрі саяси және тарихи миссиясын жақсы ұғып өскен. Оның төре тұқымы екенін Төленің де білмеуі мүмкін емес. Ол біле-тұра оны өз қолына алып, тіл-көз бен жау көзден сақтау үшін «Сабалақ» (кәзіргіше ол - бүркеншік) атап, түйесін бақтырды, сынады, бақылады, тәрбиеледі, сара жолға салып, саяси алаңға итермеледі.

Ежелгі түркілік саяси өмірде, көпті көріп-түйген ақсақал, марқұм Жағда Бабалықұлы ашып кеткен «Тәңірқұт» институты болған. Тәңірқұт - елдің болашақтағы басшы болып туу пешенесіне жазылған тұлғалық қасиеті пен қабылеті, Тәңірден тікелей түскен батасы. Ондай тұлғаны абыздар ғана айыра алған, осы қасиетті сәби кезінен танып, абыздар бала төрені тәрбиелеуді ерте қолға алған. Ол үдеріс бертін келе қазақта «аталық» (төрелікке тәрбиелеу) үрдісіне айналып кеткенге ұқсайды. Шамасы, Төле абыз Әбілмансұрдың тәңірқұт екенін жазбай таныған болуы керек.

Ол Төле бидің түйесін текке бағып жүрмеген сықылды, Сабалақ та өзінің миссиясын жастайынан жақсы білген, Төле абыз оған білгізген және оны рухани шыңдап, әскери қабылетін әзірлеген сыңайлы. Сабалақтың Төленің түйесі мен Әбілмәмбет төренің жылқысын  бақтыруы далалық әскери мектеп қана емес, саяси кірісім (подход) болып табылады.Себебі, жылқы мен түйені бағу жартылай әскери дағдыны талап ететіні өз алдына, ол малдың кімдікі екендігі, әрине, бұл мәселенің саяси сипаттығында. Оның үстіне одан әрі Сабалақтың Бөгенбай батыр жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқаны да халық ауызындағы бөлек әңгіме.

 

Абылай  сардар

Сабалақ он бес жасынан қазақ-жоңғар соғысына қатысып, жиырма жасында далалық соғыс мектебін толық меңгерген сарбаз болып шынығады. Бүгінгіше айтқанда, әскери жоғары мектепті бітіреді. Үмбетей жыраудың, т.б. далалық әдебиеттің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай 20 жасында қан майданда ерлігімен танылады. Бұқар жыраудың Абылайға «Сен жиырмаға  жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің» деуі осының дәлелі.

Бізге жеткен ақпарат бойынша, Әбілмансұр жиырма жас шамасында «беймәлім жас сарбаз» ретінде жек пе жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің туысы  Шарышты өлтіреді. Алайда, жек пе жектің ережесі бойынша оған кез келген батыл әрі епті адам шыға бермейді.Жек пе жекке сынақтан өткен, батырға лайық, соғыстың шешуші кезеңі болып табылатын жеке сайыста жеңуге қабылетті, іріктелген, әскери кеңесте кандидатурасы бекітілген адам ғана шығады.Демек, «Сабалақ» деп Төле би еркелеткен  Әбілмансұрдың беймәлімдігі оның бұрын жек пе жекке шығып көрмегендігінде ғана болса керек.Ал, «Абылайлап» талай шапқан ол жаппай шайқаста бұған дейін өзін танытқан айтулы сарбаз болғандығын беймәлімдікке балауға болмайды.

Жалпы, көшегендердегі Батырлық институты өзін соғыста батырлығымен көрсеткендерге емес, әуелі жек пе жекте жеңіске жетіп, әскери мәселеде елге шешуші ұпай не жеңіс әперген тұлғаға берілетін әскери титул-атақ екендігі ұмытылып бара жатқандай.

Осы жек пе жектен соң, «Абылай» ұранын өзіне дарытқан, әруақ желеп, Алла қолдаған Әбілмансұрға «Абылай батыр» атағы берілген болуы керек. Ал, бұл атақ оны сардарлық, яғни, қолбасшылық деңгейге көтерген. Оның батырлық атағының тарихтағы хандық титулы бүркемелеп, ол атағы жайылмаған, дұрысы: Абылай батырды оның хандық қабылеті басып кеткен.

 

Абылай ханзада

Дала заңына сәйкес жоғарыда аталған жек пе жек Абылайды соғыс жағдайында - сардар, саяси ортада - сұлтан ретінде мойындатқан оқиға деп есептеген дұрыс. Оның жек пе жекке шығуының өзі оны халыққа төре екендігін әйгілеген оқиға болуы керек.

Сабалақты жек пе жекке шығарту Төле би мен Әбілмәмбет ханның келіскен саясаты деуге болады. Себебі, оның төре екендігін біле тұра, екеуі де оған өзін қалыптасқан ахуалға сәйкес  сұлтандық легитимдігін ақтауға мүмкіндік берген. Бұл қисын бұдан әрі Абылайдың сұлтан ретінде ғана емес, ханзада есебінде саяси ортадан ойып орын алуына мүмкін болған жайттан туындап тұр. Әйтпесе, Абылай Төленің маңында Ұлы жүздің бас батыры немесе сұлтаны болып жүре берер еді ғой. Шамасы, Абылайдың бас лоббиі Төле абыз оны Қазақ хандығының бас ордасы болып табылатын Орта жүздің ханзадасы, болашақ Қазақ ханы болуына барын салып, Әбілмәмбеттің көзін жеткізген.

Әрине, Абылай сұлтанның электорат алдындағы сүйкімі (легитимдігі) жоңғармен болған соғыста жасалған алғышарттан бастау алды. Оның әскери қайраткерлігі, қолбасшылық қабылеті 1730-40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Оны Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп...» деп суреттейді. Бұл соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Каракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, т.б. белгілі сардарлары, яғни қазақтың генералитеті тізе қоса катысады, сөйтіп, Абылай ханзада хандықтың әскери ортасында айырықша абыройға ие болғаны өз алдына. Бұл - Абылай ханзаданың соғыстағы таза абыройы мен шынайы ерлігіне сәйкес өз электоратын ғана емес, саяси әрі әскери элитаны өзіне қарата білгендігінің дәлелі болып табылады.

 

Абылай - хан

Абылайдың ханзада болуы оның мансапқорлығы арқасында емес, далалық қатал ереже мен сынақтан өту және сұрапыл заманның талабына саймасай бола алғандығының арқасы еді. Дәуірінің талабы мен сұранысын Әз-Тәукенің немересі Әбілмәмбет хан қанағаттандыра алмады.Шамасы, оны Әбілмәмбеттің өзі де мойындаған және мұрагерді өз руласы Әз Тәукенің ұрпағынан таба алмай, Уәлибақы тұқымына тоқтауға мәжбүр болған. Бұл -  Әбілмәмбеттің даналығы мен көрегенді деу керек, әйтпесе, оның өз ортасын саяси таласқа салуына мүмкіндігі болмады деуге келмес. Ханның өз осалдығын мойындаған кемеңгерлігі мен Абылай лоббиінің тегеуріндіігі хандық тізгінді  Тәуке тұқымынан Уәлибақы ұрпағы - Абылайдың қолына көшірді. Бізге жеткен мәлімет бойынша, Абылайдың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет өзін кеңесші хан дәрежесімен шектепті.Сөйтіп, Абылай тағдыры алауыз болған алаштың ауызбірлігін бекіту көрінісі де болған еді. Бұл - қазақ тарихындағы аса сирек Ұлттық диалогтың керемет көрінісі мен үлгісі болатын! Тіпті, Далалық демократияның салтанаты деген жөн! Бұл - «қазақ -жікшіл, қазақ қоғамы - жүзшіл» дейтін бүгінгі біржақты уәжге берілген он сегізінші ғасырдағы жауап!

Бүгінгі қоғамда далалық мемлекет үлгісінен ат-тонын ала қашу үрдісі бар. Хандықты жабайы да әумесер диктатура есебінде елестету орын алған. Алайда, мәселе хандықта емес, соның тұтушыларында (носитель) болар. Абылай бабамыз алашы үшін өзін де аямады - тұтқынға түсті, халқы үшін бауыр еті баласын да аманатқа тапсырды. Ақыры далиған Даланы алашына аман-есен қалдыру жолында жан алысып, жан берісті.

Шын мәнінде Абылай заманы қазақ халқының төрт құбыладан қысым көрген, хандықтың да, халықтың да жойылу қаупы төнген кезең еді. Осынау  қысылтаяң тарихи жағдайды сол кездің дуалы ауызы бір ауыз өлеңмен былай бейнелепті:

«Былай барсаң Қоқан бар,
Қоқаңдаған әкең бар.
Былай барсаң қалмақ бар,
Күшіңді еппен алмақ бар.
Былай барсаң Қытай бар,
Жапырағыңды бұтай бар.
Былай барсаң орыс бар,
Балаңды берсең қоныс бар.

Хан Абылай алашты қырық жылдан аса басқарды. Осы жылдарда ол елдің аумағын түгендеп шекарасын қымтаумен болды. Соның бүгінгі бір мысалы - Нарынқолдан Қордайға дейінгі қазақ-қырғыз шекарасы әлі күнге мызғымай, бүгінгі мемлекеттік шекараға ұласуы - айбынды бабадан қалған мол мұраның бірі.

Абылай хан өзінен бұрынғы тарлан саясатшылар Мәде, Бумын, Күлтегін, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Едіге, Тоқтамыс, Әз Жәнібек, Керей, Бабыр, Есім хан, Қасым хан сияқты, өмірінің барлық сәтінде өнеге болған Дала баскерінің (лидерінің) жарқын тұлғасы еді. Ол биліктің бал дәмін тата алмады, елін өзі аңсаған жаңа саяси-экономикалық жолға салып үлгере алмады, сол кездегі объективтік ахуал үлгертпеді. Соның кесірін әлі күнге тартып келеміз. Абылай хан - Түркілердің қара шаңырағын Қазақтың құт мекеніне айналдыруға бар ғұмырын арнап, ауыр жүкті көтеруге қыңқ етпеген, өзін халқынан бір мысқал жоғары қоймай, жеке басының мүддесін көздемеген, тарихтан жасанды орын алуға ұмтылмаған, бар қуаты мен ғұмырын сарп ете, ұлтының зары мен сорын көтерген нар тұлға. Нар ханымыз болатын.

 

Жезқазған қаласы.

14 мамыр 2011 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522