Ел көзінен тасада «Думан» шерушілері қалай жазаланды?
«Думан» оқиғасынан 10 күн өткеннен кейін ғана ресми билік мәлімдеме жасады: заңсыз әрекетке барғаны үшін 259 адам ішкі істер бөлімдеріне жеткізілген, 71 адамға әкімшілік хаттама толтырылған, шеруде белсенділік танытқан 56 адам әкімшілік тәртіппен қамауға алынып, 7 адамға айыппұл салынған. Мұны ІІМ әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков 11 мамыр күні өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Бірақ, әдеттегідей, бұл жолы да шеру кезінде сойылға жығылған, ауруханаға түскен, жазықсыз жапа шеккен бірде-бір адам туралы мәлімет айтылған жоқ.
«Думандағы» шу бір қарағанда ду етіп, қайта сөнген жалынға ұқсайды. Бүгінгі биліктің жер саясатына қарсы жұрт амалсыз бос жатқан жерді басып алды. Баспананың зары, ақыры, осындай қадам жасауға жеткізді. Ал оны биліктің айтқанын асыра орындайтын күштік құрылымдар бір түннің ішінде ойран-топырын шығарып, таратып тынды. Осымен жалын сөнген сияқты. Шындығында, солай ма?
Аңдасаңыз, «Думан» оқиғасының оты әлі бықсып жатыр. Асыра сілтеу - жұртты жанынан түңілдірді. Қосақ арасында кетіп, жазықсыз жапа шеккендер әділдікті қайдан іздерін білмей ділгіріп жүр. Сойылға жығылып, тепкінің астында қалғандардың жанында жара, денесінде өшпейтін дақ қалды.

Мәселен, Бақытжан Мергенбаев жиынға жер іздеп емес, шерушілерге күш қолданылатынын естігеннен кейін барған. Мұны оған СОБР-дағы бір танысы ескертіпті. Және «Думандағы» дүрбелеңде таныстары болса, тездетіп алып кетуін сұраған. Ал таныс деген көп қой, мұндайда кім есіңе түсе қойсын. Бақытжан не болса да, барып көрмекке, қолынан келгенше көпке ара түспекке бекінген екен. Бірақ оны қамауға алу туралы бұйрықты сол күнгі 1,5 мың әскери жауынгер мен полицейге басшылық еткен, Алматы ОІІБ басшыларының бірі Нұрлан Мәсімовтің өзі беріпті. Сонымен Бақытжан Мергенбаев 8 күн қамауда жатып шықты. Одан бері 10 күнге жуық уақыт өтсе де, ол әлі дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Атын атамауды өтінген облыстық аурухананың дәрігері: «Табанынан өткен сыз екі бүйрегіне шапқан. Оның үстіне, қапастағы алғашқы төрт күнде Бақытжан ас ішуден бас тартыпты. Осы жайттар оның ішкі ағзасына ғана кері әсер етіп қоймай, жүйкесіне де салмақ түсірген», - деп отыр.
Қосақ арасында кеткендердің ішінде шеруге еш қатысы жоқ бейбақтар да аз емес. Бақытжан Мергенбаевтың айтуынша, түнде түзге шыққан «Думан» тұрғындарының да бірсыпырасын ұстап әкеткен. Шаш ал десе, бас алатын полицейлер автобус жүргізушілеріне де тарпа бас салған.
№65 бағыттық автобустың бес жүргізушісі соңғы аялдамаға тоқтағаны үшін ғана «кінәлі» болып, түске дейін қамауда жатқан. Перизат Азанбаева - СОБР-дың сойылынан әлі айыға алмай жүрген жандардың бірі. Ол басынан ашық жарақат алып, көп қан жоғалтқан. Және миы шайқалған. Мұны дәрігердің берген анықтамасы куәландырады. Бір отбасының асыраушысы сол оқиғадан бері екі апта өтсе де, жұмысқа шыға алмай, әлі үйінде отыр.
Осыдан кейін «Думандағы» дүрбелең бейбіт жолмен тарқады, ешкімге күш көрсетілген жоқ дегенге кім сенеді? Қарап отырсаңыз, билік бұл жолы шеруді тездетіп таратып қана қоймай, жұрттың үрейін алып, есін шығарғысы, қорқытып-үркіткісі келген сияқты. Қара түнде қасқырша шабу қарекеті осыған меңзейді. Мұны бір десек, екіншіден, оқиға өте сала «Думандағы» үйлерге тінту жүргізілген. Яғни әр үйде қанша адамның тіркеуде тұрғаны, қаншасының пәтер жалдайтыны есепке алынған. Енді осы дерек бойынша пәтерін жалға бергендер үкіметке салық төлемек. Демек, пәтерақы да көтерілетіні анық. Сонда бұл не? Бұл - жайымен жүрмей жер басып алмақ болған «бұзақы топты» жазалаудың тағы бір түрі. Әйтпесе «Думандағы» жұрттың тең жартысы пәтер жалдап тұратынын жергілікті биліктің бұған дейін білмей келуі мүмкін емес. Әу бастан-ақ «Думан» ықшамауданы ауылдан келген үйсіз-күйсіз ағайынға баспана болып келеді. Рас, қара қазақтың кіндігі бұл шағын ауданға байланып қалған жоқ. «Думанға» ұйлығудың бір-ақ себебі бар: қаладан гөрі, бұл жерде пәтерақы арзан. Енді оның да құны көтерілейін деп тұр.
Осының бәрі, айналып келгенде қарапайым жұрттың зығырданын қайнататын-ақ мәселе. Ал билік халықтың талап-тілегін әзірге тек тоқпақпен ғана шешіп келеді. Бірақ оның ұзаққа созылуы тіпті де мүмкін емес. Қашан ауылдың жағдайы көтеріліп, қаладағы нөпір азайғанша, «Жер туралы» Заңға өзгеріс еніп, қазаққа да қала маңынан тоқымдай жер тигенше, бұқараның бас көтергені - көтерген.
Перизат Азанбаева, жәбірленуші
1 мамыр күні жұмыстан келсем, елдің бәрі «Думанның» жанынан 4 сотықтан жер беріп жатыр деп шулап жүр екен. Төрт баламды өзім асырап отырған анамын. Күйеуімнің денсаулығы жоқ. Жұмыс істемейді. Баспананың зарын әбден тартқанбыз. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істеймін. Айлығым - 20 мың теңге. Ол неге жетеді? Міне, көріп отырсыздар, таудың басында пәтер жалдап тұрамыз. Сосын мен де бардым. Көпшілік түнімен отыруды қош көрді. Полиция: «Тәртіп бұзбасаңдар, отыра берің-дер», - деген. Бірақ қайдан, түннің жарымында жау тигендей қылды ғой. Жапатармағай қаштық. Басымнан тиген соққыдан сүрініп құлағанымды білем. Есімді жиған соң, сүйретілген күйі ауруханаға қарай жүре бердім. Үсті-басымды қан жуып кеткен. Әйтеуір көретін жарығым бар екен, тура аурухананың жанына жеткенде есімнен таныппын. Келесі күні нейрохирургия бөліміне ауыстырды. Басымның жарылған жерін тікті. Бірақ екі қолым көтертпейді. Аяғымның көгерген жерлері әлі кеткен жоқ.
Бақытжан Мергенбаев,
«Бесағаш» ауылының тұрғыны:
Мен «Бесағаш» ауылының учаскелік полициясының жанында тұрғанмын. Нұрлан Мәсімовтің: «Сен кімсің?» деп өзі сұрады. Не болса да, осында қалуды ойлап: «Журналиспін», - дедім. «Мынаны таңға дейін ұстаңдар!» - деп өзі бұйрық берді. Жала жауып отырғызып отыр ғой. Хаттаманы «полицияға балағат сөз айтты» деп толтырыпты. Әкімшілік жазаға тартылған 40 адамның біразы менімен бірге отырды. Олардың көрген сұмдықтарын естісең, жағаңды ұстайсың. Біреуін жанып жатқан отқа лақтырып жіберген. Тепкінің астында қалғандары да бар. 8 күннен кейін АІІБ бастығына кірдім. «Сендер қатаң жаза қолдандыңдар. Бекер тұрған адамды апарып қамадыңдар, балағат сөз айтты деп жала жаптыңдар. Бас прокуратураға хат жазам», - дедім.
«Жазсаң, жаз. Оны бірақ ешкім қарамайды», - дейді беті бүлк етпей. Сонымен, не керек, енді рұқсат етілмеген шеруге қатыссақ, ұлтараздығын тудыратын қандай да бір шарадан көрініп қалсақ, бас бостандығымыздан айырылуымыз мүмкін екенін ескертіп шығарып салды ғой. Сонда мен енді үйден шықпай, бұрышта кітап оқып қана отыруым керек екен. Қалай, ә, ойлары!?
Сансызбай НҰРБАБА,
«D»
Общественная позиция»
(проект «DAT» № 18 (101) 18 мамыр 2011 жыл