Ауылшаруашылығы саласында берілген шағын несие көлемі 62 млрд теңгені құраған
Президент Н.Назарбаевтың “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты халыққа үндеуінің төртінші бағыты – «шағын несие беруді көбейту» деп аталады. Яғни, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие берудің тиімді тетігі.
Жалпы, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бірнеше жобалар қабылданған. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарлама бастау алғаннан бері Алматы облысының кәсіпкерлеріне 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Нәтижесінде аймақта 7,8 мың жұмыс орны ашылды. Ал Қостанайда 3,6 мың шағын және орта бизнес нысанында 6,6 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған
Ал, ауылшаруашылығында 2018 жылы бекітілген бюджетте шағын несие беру бағдарламасына жалпы — 42 млрд теңге, оның ішінде ауылдық жерлерге — 31 млрд теңге және қалалар мен моноқалалар үшін — 11 млрд теңге қарастырылған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаржыландыру 20 млрд теңгеге ұлғайтылып, биылғы жылы 62 млрд теңгені құраған.
Шағын несие берудің сапалы әсерін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ соңғы қарыз алушыға қаражат жеткізуді уақытылы жоспарлау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қосымша бөлінетін 20 млрд теңгеден ауылдар мен шағын қалалардағы несиелендіруге шамамен 14 млрд теңгені бөлуді ұсынған болатын. Осы соманың 10 млрд теңгесін ауыл шаруашылығының ірі қайта өңдеу кәсіпорындары маңындағы «зәкірлік» кооперация жобаларын іске асыруға бағыттау ұсынылады. Қалған 6 млрд теңгені қалалар мен моноқалалардағы несиелендіруге жұмсау ұсынылады.
Сонымен қатар, бизнес-жобаларды қорғау және шағын несиелерді алу үшін жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар алдымен «Бастау–Бизнес» жобасы бойынша оқуы керек екен. Қосымша бөлінетін қаражатты ескере отырып, кәсіпкерлік негіздерін оқытуға жалпы трансферттер есебінен кем дегенде 1,2 млрд теңге бөлу ұсынылған еді.
Сондай-ақ, қала мен ауыл үшін несие берудің лимиттерін қайта қарауды және шағын несиелерді соңғы тұтынушыға жеткізу тетіктерін пысықтау қажеттілігі бар.
«Жеңілдікті шағын несиелер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласы мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жобаларына – 7 жылға дейін, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі жылына 6% аспайтындай етіп беріледі. Кепілдік жеткіліксіз болған жағдайда, Бағдарлама қатысушылары несиелік міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету түрінде кепілдік алуға құқылы. Жалпы, ұсынылған тетіктерді жүзеге асыру үшін бағдарламаға, сондай-ақ қалалар мен ауылдық жерлерде шағын несие беру ережелеріне өзгерістер енгізілді.
Abai.kz