Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3575 0 пікір 23 Мамыр, 2011 сағат 05:52

Алма Сұлтанғалиева. Қазақстандағы Ислам – жалған шығармашылық нысаны

Өз бойыңда жоқ білімнің соңынан ерме:

құлақ, көз, жүрек - әр қайсысының сұрауы бар.

Құран, 17:38.

Мағынасын аударған Саблуков Г.С.

 

Араб әлемінде, дұрысырақ айтсақ, араб-мұсылман әлемінде көрініс берген соңғы оқиғалар легі, діни радикалдылық, "хиджаб" мәселесі (біздіңше, мәні тым асыра сілтенген), сол сияқты еліміздің Ислам конфедерациясы ұйымына басшылық етуі исламның Қазақстан қоғамындағы рөлі жайындағы отандық сарапшылардың көзқарас, пікір-ойына жаңаша леп бергендей болды.

Әлбетте, бұл тақырыптың төңірегінде әр бағыттағы пікірталастың туындауы орынды, пікірталас әлі де жалғаса берері кәдік. Алайда, осынау пікірталас барысында айтылып жатқан кейбір сыңар-жырақ, ебедейсіз пікір-ой біздің қоғамдағы ислам жайындағы онсыз да пісіп-жетілмеген көзқарасты одан әрі күрделі ете түскен тәрізді. Яғни, қоғам ішінде "Қазақстандағы ислам нені білдіреді?" деген тақырып төңірегінде кезекті миф бой көтере бастаған түрі бар... Өз тарапымыздан сол мифтерге тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Бірінші миф. Қазақстандағы ислам тарихы жайында

Өз бойыңда жоқ білімнің соңынан ерме:

құлақ, көз, жүрек - әр қайсысының сұрауы бар.

Құран, 17:38.

Мағынасын аударған Саблуков Г.С.

 

Араб әлемінде, дұрысырақ айтсақ, араб-мұсылман әлемінде көрініс берген соңғы оқиғалар легі, діни радикалдылық, "хиджаб" мәселесі (біздіңше, мәні тым асыра сілтенген), сол сияқты еліміздің Ислам конфедерациясы ұйымына басшылық етуі исламның Қазақстан қоғамындағы рөлі жайындағы отандық сарапшылардың көзқарас, пікір-ойына жаңаша леп бергендей болды.

Әлбетте, бұл тақырыптың төңірегінде әр бағыттағы пікірталастың туындауы орынды, пікірталас әлі де жалғаса берері кәдік. Алайда, осынау пікірталас барысында айтылып жатқан кейбір сыңар-жырақ, ебедейсіз пікір-ой біздің қоғамдағы ислам жайындағы онсыз да пісіп-жетілмеген көзқарасты одан әрі күрделі ете түскен тәрізді. Яғни, қоғам ішінде "Қазақстандағы ислам нені білдіреді?" деген тақырып төңірегінде кезекті миф бой көтере бастаған түрі бар... Өз тарапымыздан сол мифтерге тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Бірінші миф. Қазақстандағы ислам тарихы жайында

Негізінен, бұл тұрғыда бізде екі түрлі пікір қалыптасқан: біріншісі - көшпелі тұрмыс қазақ жерінде исламның қалыптасуына септік ете қойған жоқ, қазақ даласындағы исламның кейпі қашанда үстірт, әлсіз болған, сондықтан да қазақтардан "жөнді мұсылман" шықпайды деген тұрғыда. Ал, екінші пікір: ислам қазақтың түп-тамыры мен этномәдениетін қалыптастыруға негіз болған. Ислам қазақ жерінде қалыптаса алған бірден-бір жалғыз дін, ендеше, қазақтың ділі де мұсылман дегенді алға тартады.

Қарап отырсақ, бұл екі пікір де дінді тарихи, әлеуметтік, мәдени мазмұннан бөліп, "өз ішінде қайнап жатқан дүние" ретінде қарастырады. Сол себепті де исламға "әлсіз" не "күшті" деген тұрғыда сипат беретін кереағар пікірлер қазақтардың өмірі мен Қазақстанның тарихындағы исламның мән-мағынасына, рөліне тиісті бағасын беріп тұрған жоқ.

Көшпелі ғұрыпқа негізделген кең далаға ислам діні жеткенге дейінгі кезеңде бұл аумақта көп тармақты деуге болатын өзіндік діни кешен, діни наным-сенім қалыптасқан-ды. Бұл сенім өзіндік салт-жораға негізделді, яғни, ата-баба рухы - әруақтарға сыйыну, Көк Тәңірі мен Жер-Ана Ұмайға табыну, тылсым дүниемен сырласу, ырымшылдық, жоқ-барға нанғыштық, бақсылық, т.т. Ұлы даланың көшпелі халқына зороастризм мен шығыс христиандығы да (несториандық), буддизм де азды-көпті ықпал еткені бар. Исламдандыру процесі де бұл аумақта сегіз ғасырға ұласты, яғни, араб мұсылмандары "жаңа" жерлерге табан тіреген кезеңнен бастап. Айтқандай-ақ кең даланы исламдандыру барысында исламға дейінгі наным-сенімге "найзаның ұшымен" тыйым салу, күштеп жою деген атымен болған емес. Қайта жергілікті халықтың күнделікті өмірімен біте қайнасқан бұл сенім-нанымды ислам мойындады деуге тұрарлық. Содан да бұл аумақта исламның ең төзімді бағыты - ханафизм ғана тұрақтап қалды. Негізі, исламдандыру процесі өзге де араби емес аймақтарда, айталық, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Балқанда, Түркияда, Африкада осы тұрғыда өрбіп жатты. Сөйтіп, бұл аймақтардың әрқайсысында исламға қатысты өз ұғымы, өз нанымы қалыптаса бастады. Яғни, олардың әрқайсысында ислам ұлттық ерекшелікке негізделіп, "түрік және мұсылман", "индонезиялық және мұсылман" деген тұрғыда халықтың этностық және азаматтық болмысының бір бөлігі ретінде қалыптасты. Бұл әр халықтың ұлттық киімінде де көрініс тапқан, айталық, пәкістандық хиджаб камиз шалбар мен иыққа жамылатын шәліден тұрса, араб хиджабы - абайя, ауғандікі - бурка деп бөлінеді. Әдетте адамның этностық болмысы ол шалғайда, шет мемлекетте жүргенде кеңінен көрініс береді. Мысалға, Еуропа мен Солтүстік Америкада белгілі бір аймақтан шыққан азды-көпті мұсылмандық этностық топтардың "өз" мешіттері бар. Тек қана пәкістандық, не тегі араб, не түрік жұрты ғана бара алатын мешіттер бар. Көп жағдайда бұл мешіт имамының шыққан тегіне де қатысты. Сондықтан да исламның елдік (ұлттық) не аймақтық деуге келетін өз келбеті, өз түрі бар деп топшылау қисынға сай, мәселен, исламның азиялық келбеті (ол өз тарапынан оңтүстіказиялық, ортаазиялық және өзге де аумақтар деп бөлінеді), сол сияқты өзіндік мәдениет пен салт-дәстүрге негізделген исламның араби, түрік келбеттері. Бұл арада дін мен мәдениеттің қалайда бір-біріне сай болуы міндет емес. Айталық, "классикалық" исламға қазақтың "қыз қу", айтыс (әсіресе, қыз бен жігіт айтысын алыңыз) сынды салт-дәстүрлері қаншалықты сай келіп жатыр?

Таяу Шығыс аймағында қала өркениеті кеңірек дамып, мұнда исламның кітаби немесе нормалық жағдайы қалыптасқаны белгілі, ал сары даланың көшпелі мәдениетінде тұрмыстық не "халықтық" ислам етек жайды. Яғни, бұл жергілікті халықтың наным-сенімін өз бойына сіңірген синкретикалық ислам болатын. Мысалға, жаңа отаудың табалдырығын аттаған қазақ келіні алдымен сол шаңырақтың әруақтарына, яғни, ата-баба рухына сәлем салып, бас иеді, содан кейін күйеу жігіттің ата-анасына иіліп сәлем береді, ал бұл дәстүр исламның неке дәстүрімен (никах) бекітіледі.

Урбанизация, яғни, даланы қалаландыру процесі дами түскен сайын сары далада діннің нормативті мәдениетін қалыптастыруға жағдай туындады. Өз тарапынан бұл жағдай мұсылман моллалары мен қалпе, қожалардың оңашалануына алып келді, дегенмен бұл оңашаланудың да өзіндік жергілікті ерекшеліктері бар болатын. Исламның ақсүйектері - меншігінде жер телімі бар МҰХАММЕД пайғамбардың тұқымы болып табылатын қазақ қожалары қазақ даласында кең ауқымды әрі ықпалды күш болып қалыптаса алған жоқ. Ал, ортаазиялық көрші аумақтарда қожалар (Шығыс Түркістан қожалары ретінде) саяси билікке тырмысып, қарсы күштер мен қозғалыстарға басшылық етіп жатты.

Екінші миф. Қазақтарға қандай ислам керек деген төңіректе

Қазақтарға "таза" исламға қайта оралу керек, ендеше, қазақтың ежелгі наным-сенімі мен салт-дәстүрлерінен, оның ішінде ата-баба әруағына сыйынудан, қасиетті рух пен табиғат күшіне табынудан, бақсылықтан бас тарту керек.

Бұл пікірге негіз болған көзқарас - исламға дейінгі діндарлық дәстүр исламның жергілікті түрін кемсіте түседі, ол исламның "классикалық" деңгейіне жете алмайды дегеннен туындаған. Алайда, бұл арада "классикалық" ислам ұғымы дегенде қандай ислам меңзеліп отыр? Мұхаммед пайғамбар тұсындағы араби ислам ба, әлде, алғашқы төрт халиф ұсынған нұсқа ма, жоқ, өзге де ұғымдар бар ма? Көріп отырсыздар, бұл арада "таза" ислам ұғымын кең көлемде түсінуге болады. Жалпы, "таза" ислам ұғымы ислам тарихының ең алғашқы кезеңінен бастау алады және де оған уақыт өте ислам қоғамдастығы ішіндегі әртүрлі топтар сілтеме жасап отырған. Айтпақшы, "исламды" жат дәстүрлерден тазартуға ХVІІІ ғасырда Сауд монархиясы идеологиясының негізін қалаған ваххабизм де шақырады. Бұл бағыт кезінде Осман империясындағы монополиялы және консервативті ресми исламына жауап ретінде пайда болған-ды. ХХ ғасырдың 20-30-жылдары колониалдық Египетте пайда болған қарсылық бағыттағы "Мұсылман бауырлар" қозғалысы да мықты қоғам құру негізінде жамағатты "таза" исламға шақырған болатын. Діннің әлеуметі тұрғысынан келгенде, яғни, дінге рационалды білім тұрғысынан қарағанда, ислам болсын, христиандық не өзге де діндерді "таза",  "таза емес" деп бөлген дұрыс емес. Дін белгілі бір мазмұн, сипаттан тыс (аймақтық, ұлттық, этникалық, әлеуметтік, тарихи) бола алмайды, ол қашан да нақтылық нанымға құралады. Ендеше бүгінгі Қазақстандағы исламның рөліне кеңестік секуляризмнің де, дәстүрлі мәдениеттің де өзіндік ықпалы бар деуге болады.

Ал, қазақ исламын "тазарту" дегеніміз, оның бойындағы шынайы қазақи мәдени-әлеуметтік дәстүрлерге тыйым салу деген сөз. Әйтсе де, посткеңестік Қазақстанда "дұрыс" исламды енгізу бағыты қарқынмен жүріп жатыр. Іс жүзінде бұл исламның жергілікті кейпіндегі өзіндік бірегей қалып, мазмұн, ерекшеліктің біртіндеп жойылуына әкеліп соқпақ. Сондықтан да, діннің сыртқы кейіп-келбеті ретінде жергілікті мұсылмандар таңдаған араб және түрік хиджабы мен пәкістандық пенджабтар кең тарауда. Айтпақшы, таяуда Қазақстан мұсылмандарының дін басқармасы "қазақ мәдениеті мен Ислам эстетикасы және принциптеріне сай келетін киім үлгісін шығаруға дизайнерлер арасында байқау жариялау" туралы шешім шығарғаны белгілі. Ендеше, жергілікті дәстүрлерге деген түзу ниет Қазақстандағы ислам қауымдастығының өміріндегі өзге салаларға да ықпал етпей қалмайды деп ойлаймыз.

Үшінші миф. "Білімді" ислам жайында

Қазақстан қоғамы "исламдық реформацияны" емес, "білімді" исламды қажет етеді.

"Білімді", "ағартушылық" ислам идеясы дегенде нақты не ұсынылатыны түсініксіз. Діни сауатты және зайырлы білімге негізделген мінсіз қоғамды аңсау ма? Қалай дегенмен, бүгінгі күні Қазақстандағы білім саласының жағдайы еш сын көтермейтіні баршаға аян. Кезіндегі интеллектуалды әлеует жайында біржолата ұмытуға шақ қалдық. Бұл тұрғыдан келгенде діни білімділік, әсіресе, оның бүгінгі кейпінде догматизм мен привитизмге апарып соғуы әбден мүмкін. Діни блімсіздікті жою ашық схоластикалық қалыпта жүріп жатыр. Яғни, араб әліппесі мен діни мәтіндерді жаттау, исламның дәстүрлік жағына көзсіз бой ұру деген тұрғыда. Жергілікті жағдай аясынан алып қарағанда, діни сауат сапасы он ғасыр бұрын құралған діни мәтіндерді бүгінгі заман талабын ескерместен түсіндіруге ықпал етуде. Іс жүзінде мұның бәрі діни сенімнің  сыртқы келбетін көрсетуден әрі асып жатқан жоқ, яғни, білім ошақтарында намазхана ашып, хиджаб кию, мұсылмандық фитнес-залдар мен пойыздарда мұсылман купелерін ашу, "халал" индустриясын дамыту дегендей. Ашық пікірталастың орнына үнемі діни мәтіндер мен беделді тұлғаларға сілтеме жасаумен шектелу де діни ағартушылықтың бүгінгі сапасын көрсетсе керек. Шындап келгенде бұл исламды ортодоксалды тұрғыдан түсіндіруге дем береді. Сол сияқты, діни мәтіндерді білген адам білімді дінге, шынайы сенімге бір табан жақындай түседі деген де жаңсақтық. Сене білген адамның сенімі қашанда шексіз, ол өзі сенген ақиқатты догматиканың бойынан іздемейтіні анық.

Айтқандай-ақ, бүгінгі таңда мұсылмандар арасында реформадан өткен исламды тарату идесы да бой көтеруде, бірақ, әрине араб-мұсылман әлемінде емес, Еурпа мен АҚШ-та. Бұл идеялардың атауы әртүрлі, мәселен, "исламдық реформация", "либералды ислам", не болмаса "қарсылық ислам". Оларға негіз болып отырған әлеуметтік консерватизм емес, керісінше - рационалдылық, мұсылмандардың мәдени оқшаулануынан бас тарту, бүгінгі әлем жағдайына бейімделу. Бұл үшін діни мәтіндерді жаңа сын сарабынан өткізіп, оларды қазіргі заман аясынан оқып, түсініп, түйсінуге талпыну керек. Мұсылман реформаторы атанған "Ислам және демократияны оқу орталығының" (АҚШ) президенті Радван МАСМУДИ бұл идеяны "ХХІ ғасырға бейімделген жаңа, прогрессивті исламға деген қажеттілік" деп түсіндіреді.

Төртінші миф. Қазақстанның мұсылмандыққа қайта оралуы жайында

Қазақстан мұсылман әлемінің перифериясы болып қалмауы тиіс, Қазақстан мұсылман әлемінде құрметті орынға шығуы керек.

Шындап келгенде, бүгінгі ислам әлемінің "орталығы" қай елдер екені түсініксіз. Айталық, егер исламның қасиетті орындары ортодоксалды мемлекеттердің бірі болып табылатын Сауд Арабиясында екенін ескерсек, онда бұл ел ислам әлемінің "діңгегін" құрағаны ма? Айтқандай-ақ, бұл мемлекет ислам бағдарламаларының әлем бойынша қолдаушы доноры болып есептеледі ("петроислам", яғни, "мұнай исламы" деген сөз тіркесі де осыдан шыққан).

Қазіргі таңда Қазақстанға ислам аясында Таяу Шығыс елдеріне, оның ішінде ең алдымен, "ислам әлемінде" кең тараған араб елдеріне бет түзеу ұсынылуда. Ендеше біз бұл арада араб мұсылман "орталығында" ХХ ғасырдың ортасынан бастап үстемдікке ие бола бастаған ислам моделі жайында да білуге тиіспіз. Осы арада ойланатын басты мәселе - міне, жарты ғасыр бойы бұл модель ортодоксия мен консерватизмді, стагнация, яғни, тоқырауды негіз еткен. Әңгіме исламды айтулы дін ілімі (теологиялық) аясынан түсіндіру турасында, яғни, ресми ислам жайында. Іс жүзінде бұл діни мәтіндерді сынсыз қабылдау, догмаларға табыну (ал, олардың бүгінгі заман талабына сай келмейтіні айдан анық), қалыптасқан біржақты көзқарасқа бүгінгі заман аясынан баға беруден үрей алу дегенді білдіреді. Бұған қоса көптеген ислам елдерінде ресми исламның өкілдері биліктің (авторитарлы) аффилирленген бір құрылымы болып отыр, есесіне олар тыныш та, салиқалы өмір сүру мүмкіндігіне ие болған.

Ал, зайырлы, оның ішінде демократиялық оппозицияны басып-жаншудың салдары оның орнына исламдық саяси топтардың келуіне ықпал етуде. Әрине, олар ислам қағидаларын бүгінгі заман талабына сай етіп жаңарту миссиясын өз мойындарына жүктеуде. Олар "ислами мемлекет", "ислами конституция" идеяларын" (аль-Банна, Құтыб, т.б.)  енгізуге талпынуда. Бірақ, бұл идеялардың жүзеге асуы іс жүзінде қоғамдық мораль мен діни полиция сынды неофундаментализмге апарып соғуы да мүмкін. Өйткені, ислам әлемі "орталықтарындағы" ресми де, ресми емес те ислам өкілдері исламды дәстүрлі, яғни, антимодернизациялық тұрғыдан түсіндіріп отыр. Сөйтіп, ислам "перифириясы" ретіндегі Қазақстанға осы әлемнің тең құқықты бір бөлігі болу  ұсынылуда. Оксфордтағы Ислами зерттеу орталығының профессоры, исламның танымал интеллектуалы Трик РАМАДАНның (Хасан аль-Банның немересі) айтуынша, "Араб әлемінің сәтсіздікке тіреліп, бөлшектеніп кеткеніне шамамен жүз жылдай болды. Әлемдегі барлық аймақтардың ішінде араб әлемінің әлеуметтік, саяси және экономикалық қиындықтардың шырмауынан шыға алмай, тұншығып жатқаны қасіретке толы шындық".

Сондықтан да, өзге елдердің болмысына, тұрмысына көзсіз еліктемес бұрын өз қоғамымыздағы, өз мемлекетіміздегі ислам моделінің рөлін құрып, оған өзімізге тән тарихи, әлеуметтік, саяси және мәдени жағдайымызды негіз еткен дұрыс. Ал, араби ислам өз ішіндегі мәселелер жиынтығын өздері де шеше жатар...

Айтқандай-ақ, біздіңше Қазақстанның Ислам конфедерациясы ұйымына төрағалық етуінің мән-мағынасы біршама артық бағалануда. Бұл ұйым бүгінгі күні өз-өзіне жазып алған салиқалы саяси салмаққа ие болып отыр деп айта алмаймыз. Бұл ұйым, айталық, Араб мемлекеттері лигасы секілді өзге де ұлттық негізді үстем етіп құрылған ұйымдармен қатар бюрократиялық құрылымның бір төбесі деуге тұрарлық. Оның қазіргі күні халықаралық қауымдастық алдында да, өз халықтары арасында да еш ықпалы жоқ. Ұйым аясында көтерілген мәселелер шындап келгенде белгілі бір елдердің деңгейінде шешіліп жатады. Араб елдерінде жалғасып жатқан серпіліс көрінісі де осыдан туындаса керек.

Бесінші миф. Дін - этнос ішінде ыдырау қаупін күшейтеді

Қазақ қауымдастығы өз ішінен ыдырау қаупі алдында тұр, бұған себеп, бір жағынан исламның рөлін әртүрлі негізде түсіну, екіншіден, дінге сенушілер мен сенбейтіндер арасындағы текетірес. Діни болмыстың азаматтық болмысқа сай келмеу қаупі тағы бар.

Үшінші мыңжылдықта әлем мемлекеттерінің біразы азаматтық болмыс діни болмыстан жоғары тұрады дегенді заңдық деңгейде мойындау жөнінде келісе алды. Яғни, сіз ең алдымен, американдық, британдық, малайзиялық, сингапурлық (азамат) болып таныласыз, тек содан кейін ғана мұсылман, христиан, буддист болып танысасыз. Секуляризм деп аталатын осынау принципті Қазақстанның ұстанғанына ондаған жылдар болды, бұл арада кеңес дәуірінен белгілі төтенше шаралардың да өзіндік ықпал-әсері жоқ емес.

Мұсылман елдерінің біразы бұл қағидаға әлі де мойынсұна қойған жоқ, бірақ, Батыста тұрып жатқан білімді ислам идеологтары бұл ұстанымды қабылдауға ден қоюда. Мәселен, Тарик Рамадан мұсылмандарды ең алдымен азаматтық болмысты алға шығаруға, яғни, өзі тұрып жатқан мемлекетке ықтиярлық танытуға шақыруда. Содан кейін барып, діни болмысыңызды таныта беріңіз, дейді ол. Оның пікірінше, діни болмыс ықпалы әр адамның жеке өмірі аясында өрбуі тиіс.

Егер біздің елімізде мемлекет пен қоғам осы мәселе төңірегіндегі басымдықтар жайында ортақ келісімге келе алса, онда діннің негізінде этнос іштен бөлініп, ыдырау қаупі болуы мүмкін емес. Сондықтан да бұл тұрғыда діндарлықтың көтерілуін асыра сілтеуге болмайды. Жалпы, бұл мәселеге қатысты пікірлер неден туындап отыр? Өз тарапымыздан, нақты мәліметтер мен әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне куә болдық деп айта алмаймыз. Мүмкін мұндай зерттеулер жүргізілген де шығар, бірақ, олар қоғам алдында жария етіліп, талқыға түскен жоқ.

Елімізде жаппай діншілдік көрініс бергені рас, бірақ, халық ішіндегі жаппай діншілдік деңгейін дәл қазір дөп басып ешкім де айта алмайды. Себебі, мешіттердегі жұма намазында дінге сенушілер қатары көбейіп, дінге сенушілер санының арта түскені дәлелді өлшем деуге келмейді. Әлбетте, кеңес дәуірімен салысытрғанда бізде қазір исламның рөлі күрт жоғары өсіп отыр. Бірақ, айталық, дінге шынайы сеніп, құлшылық етушілер мен исламды өз болмысының бір бөлігі ретінде қарастыратын этностық мұсылмандардың ара-қатынасын салыстырып көрсек, соңғыларының саны алғашқы топтан кем деп айта алмаймыз. Өйткені, қазақ қоғамындағы діншілдікпен алғаш танысқаннан-ақ бірден көзге түсетіні: көпшілік исламды өз бойындағы этностық болмыспен ұштастырады, яғни, "егер қазақ екенсің, онда мұсылмансың" деген тұрғыда. Және де олардың бәрі де міндетті түрде ислами діл мен діни доктринаға берілген деп тағы айта алмаймыз. Ал, исламды идеялық, моральдық және салттық жүйе негізінде қабылдаған "жаңа мұсылмандар" деп аталатындардың таңдауының артында жеке бастың мәселесі тұр деуге болады. Әрине, көптеген неофиттер секілді оларға да догматизм мен экзальтация тән, олар да өз бойындағы діни таным-сенімін өмір салтымен, киім киісімен, ішкен тамағымен көрсетіп келеді.

Әйтсе де, Қазақстандағы ислами діншілдік белгілі бір вакуум ішінде өмір сүріп жатқан жоқ. Діни алуандылық дәстүрін посткеңестік кезеңде өзге діндердің сансыз ағымдары толықтыра түсті. Нәтижесінде ислам мен православие діни ортаны протестант, кришнаит, буддист, иеговист, ахмадистер мен бахаиттермен, т.т. бөлісуге мәжбүр.

Оның сыртында дәстүрлі емес діндерден туындаған окульттік, экстрасенстік, эзотериялық ілімдер мен бақсылық, дуалық, тәуіптік, балгерлік, феншуй сынды ағымдар да жұрттың назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Айталық, көлігінің ішінде Құран хадистерінің үзіндісі салынған тұмар мен "байлыққа" жол ашатын феншуй тиындарын қатар ілетіндер жетіп артылады. Жалпы, діни алуандылық діни идеялар мен діни практиканы бәсекеге шақыратын нарықтың қалыптасуына апарып соғатыны белгілі, сондықтан да кей азаматтар әр дінге кезек-кезек мойынсұнып, оның "дәмін татуға" талпыныуы да ықтимал. Бүгін ол кришнаит болса, ертең протестант, арғы күні мұсылман болып, солай әр діннің соңына түсіп, аралай береді. Сондықтан да діннің қай-қайсысы болса да, оның ішінде ислам да қалыптасқан жағдайға заман аясынан баға беріп, діни алуандылық пен дәстүрлі емес діндарлық шеңберінде алғырлық пен икемділік таныта білгені абзал.

Алтыншы миф. Мемлекет пен діни ұйымдардың қарым-қатынасы туралы

Мемлекет Қазақстан халқының көпшілігі ұстанып отырған «дәстүрлі конфессияларға» қолдау көрсетуі тисі. Оның бірі ислам қазір дін нарығында шет елдер қаржыландырып отырған дәстүрлі емес діни қоғамдастықтардың алдында «ұтылып» қалып жатыр.

Бұл миф осының алдында келтірілген пікірдің логикалық жалғасы іспетті. Шындап келгенде мемлекеттің дін ісіне араласуына (әсіресе, заңдық тұрғыдан) еш қажеттілік жоқ. Біріншіден, мемлекет өзінің жекелеген қимыл-әрекетінде мұсылман қауымдастығына басымдық беріп отырғаны белгілі. Мәселен, 2010 жылы «Ислам мәдениеті мен біліміне қолдау» қоры құрылды. Екіншіден, жергілікті ислам институттарын қаржыландыруға шет елдер де ортақтас болып отыр. Айталық, еліміздегі мешіттердің бірқатары түрік және араб ислами қорларының қаржысына салынған, ал мұсылман университеті мен кәсіби шыңдау институтында, медреседе тәлім беретін ұстаздардың жартысы Египеттен келген. Египетте және өзге де мұсылман елдерінде қазақстандықтар діни білім алып жатқаны да баршаға аян. Мәселен, Түркияның Діни істер басқармасы Алматы облысында үш ірі мешіт тұрғызды. Ал, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен Пәкістанның халықаралық ислам университеті арасындағы келісім бойынша 2000 жылдан бері Пәкістан университетінде жыл сайын жиырма шақты қазақ студенті білім алады. Сол сияқты, мұсылман ұйымдарының қаржы саласында ашықтықтың болмауы және бұл ұйымдардың ішіндегі әр түрлі қиянат оқиғалар мен асыра сілтеушіліктер жөнінде ашық баспасөзде жазылып жүр, ендеше бұл ұйымдарға бюджеттен ақша бұйырса не болатынын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз. Тек қана ислам ұйымдарына емес, жалпы, қандай да бір діни ұйымға мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық оның негізгі миссиясы, яғни, адам жанын  тазартып, адал етуге кедергі келтіреді, ұйымның бұл істегі ынтасын төмендете түседі. Нәтижесінде, діни орта дамып, алға жылжудың орнына тоқырауға келіп тіреледі. Әлбетте, бұл жағдай қоғам өміріне де ықпал етпей қалмайды. Бұны біз ислами дін топтары мемлекеттік аппараттың бір бөлігі ретінде қалыптасқан араб елдерінде орын алған оқиғалардан-ақ көріп отырмыз. Сөйтіп, қоғам ішінде діннің абырой-беделі төмендеп, алаңға бейресми діни авторитеттер шыға бастайды.

Жетінші миф. Қазақстандағы ислам әлеуметтік тұрғыдан төмен топтар мен бақытсыз жандардың діні ретінде қалыптасуда

Бұл пікірдің пайда болуына кеңестік атеизмнің өзіндік ықпалы бар болса керек, сол жылдары дін - қанаушы таптардың қаналушыларға қарсы идеялық қаруы деп түсіндірілді (бірақ қаналушы да дінді өз қожайынымен күрес барысында қолдана алады делінді). Ал, Қазақстанның бүгінгі болмысы тұрғысынан қарағанда діншілдік бірнеше факторларға қатысты, оның ішінде әлеуметтік-таптық факторға да. Ең алдымен бұл адамның өз-өзін топтық деңгейде емес, тұлғалық тұрғыдан танып-білу дағдарысының салдары дер едік. Кеңес дәуіріндегі өзіндік әлеуметтік қорғау жүйесінің күйреп, қирағанына 20 жылдай болып қалды, ал жаңа Қазақстан қоғамында әлеуметтік байланыс алшақтығы жыл өткен сайын ұлғайя түсуде. Яғни, қираған әлеуметтік жүйенің орнына жаңасы тұрғызылған жоқ. Бұл тұрғыда діншілдіктің өсіп-өнуі белгілі бір топқа деген тиемелдікті көрсетеді, яғни, дінді паналаған адам «жалғыз емеспін» деген тұжырымға тоқталады. Қарап отырсаңыз, көптеген діни қоғамдастықтардың мүшелері (мұсылмандық қана емес, өзгелері де) бір-бірін "бауыр, аға-қарындас" деп таниды және де бұл бекер емес. Оның сыртында адамзат баласы қашанда жоғарыдан келген, белгісіз бір тылсым дүниеге деген қажеттілікті сезінетіні бар. Бірқатар мемлекеттерде (оның ішінде мұсылман елдері де бар) жүргізілген зерттеу қорытындылары көрсеткендей, әлеуметтік тұғыры жоғары, нақты және табиғи ғылымдар саласында білімі бар жандар, мәселен, гуманитарлы білімі барлармен салыстырғанда діни ұйғарым-талаптарды орындауға бейім келеді екен. Әйтсе де, посткеңестік аумақтағы мұсылмандарға атеимз тарихына негізделген өзіндік ерекшеліктер тән екенін де айта кеткен жөн.

Ал, әлеуметтік тұрғыдан төмен саналатын таптардың дінге бір табан жақын тұруының бір көрінісі деп олардың сырт келбетіндегі оқшаулық ерекшеліктерді айтуға болады. Әрине, қалаларда тұрып жатқан орта және жоғары топтағы кәнігі кәсіпшілер арасында хиджап киген қыздар мен пәкістандық пенджаб киген сақалды жігіттерді көре бермейсіз. Бірақ, бұл олардың ішінде діндар адамдар жоқ деген сөз емес. Дінге сенушінің біліми деңгейі мен әлеуметтік тұғыры жоғары болған сайын, ол өз бойындағы діншілдік сезімін, сенім-нанымын өзге жұрттың алдында айғайлап көрсетуге ынталы бола бермейді. Бұл арада әлеуметтік міндеттер деңгейінің жоғары болуы да әсер етуі ықтимал, айталық, кей кеңселер өз қызметкерлерінен тиісті киім үлгісін, яғни, дресс-код талап ететіні белгілі. Есесіне "мұсылманша" киінген жерлесетеріміздің біразын бейресми, айталық, сауда орындары мен ұсақ коммерция, жеке кәсіпкерлік салаларынан байқай аламыз.

Сол сияқты, Қазақстанда демографиялық тұрғыдан алғанда ауыл жұрты қалалықтармен салыстырғанда әлдеқайда діншіл болып келеді деген көзқарас та пікір таластырады. Шындап келгенде ауылдық жерлерде әлеуметтену әдісі ретінде дінге деген қажеттілік қала жағдайымен салыстырғанда біршама төмен, өйткені, ауылдарда адамдар арасындағы әлеуметтік байланыс үзіле қойған жоқ. Оның сыртында ауылдық жерлерде діннің нормативті әдебиетімен, оның ішінде ислами теле бағдарламалармен, Интернет қорларымен ет-жақын танысуға жағдай бола бермейді. Ал, қалаға қоныс аударған кешегі ауыл азаматы қала өміріне тиісті деңгейде бейімделе алмауының нәтижесінде діни топтарға қосылып, діннен (ислам) пана тауып, жаңа байланыс орнатып, жаңа ортаға икемделе түседі десек, бұл, әрине, бөлек әңгіме.

Әрине, исламның Қазақстандағы орны мен рөлінің өзге де маңызды аспектілері жоқ емес, айталық, әртүрлі ағымдар мен топтардан тұратын дәстүрлі емес ислам (оның ішінді тәбліктер, салафиттер, суфистер, т.т. бар), ислам және этнос. Ең бастысы бұл тұрғыдағы қызу пікірталастар мен көзқарастардың талқысы жаңа мифтердің туындауына әкеліп соқпаса болғаны.

Алма Сұлтанғалиева,

«Алтынбек Сәрсенбайұлы Қорының» сарапшысы

«Қазақстан» қоғамдық-саяси апталығы, 19-ншы мамыр

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5441