Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әліпби 4121 7 пікір 19 Наурыз, 2019 сағат 12:07

Емле мәселесіндегі Жүсіпбек Аймауытұлының ұстанымдарын мысалға алуымыз керек

Жазу тарихында қазақ халқы үш рет әліпби ауыстырды. Әліпби мәселесі бойынша қазақ қоғамында екі рет қызу тартыс орын алғаны мәлім. Біріншісі, 1910 жылдардан басталған талас – араб әліпбиін өзгеріссіз қолдану немесе А.Байтұрсынұлының әліпбиін пайдалану; екіншісі, 1920 жылдардың аяғында болған тартыс – араб әліпбиін қолданыстан шығармау немесе латын әліпбиін қабылдау. Бұл екі кезеңде миссионерлердің орыс әліпбиін ендіруге деген талпынысы да қатар жүрді.

Әліпбиге қатысты қызу пікірталастан ұлтым деген ұлы тұлғалардың ешқайсысы да сырт қалған жоқ. Себебі, жазу мәдени-рухани дүниенің негізгі кілті болатынын, сондықтан әліпби халықтың болашағымен тығыз байланысты екенін барлық зиялылар тереңінен ұғынып, өз пікірлерін ашық түрде білдіріп отырды. Ал латын жазуынан кириллицаға көшу мәселесі Алаш көсемдерінің, ұлттың қамын ойлаған ұлы тұлғалардың көзін біржола құртқаннан кейін, яғни 1937 жылдары қайта көтеріле бастайды. Бұл кезде ұлт болашағын ойлаған азаматтардың барлығының көзі жойылғандықтан, қарсылық көрсетер зиялы қауымның әлсіреуі себепті, орыс жазуын «халықтың сұрауы бойынша» деген сылтаумен еш қиындықсыз қабылдата салды. 1940 жылы 13 қарашада «Латындандырылған қазақ жазбасын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Онда «Қазақ елінің өтініштері негізінде орыс графикасына көшірілу қанағаттандырылсын» деген мазмұнда көрсетіліп, ешқандай зорлықсыз, керісінше, халық қалауы бойынша орыс әліпбиін қабылдады деген тұрпатта бұйрық шығарылған еді.

Жазу мен емле мәселелеріндегі түйткілдерді талқылауда қазақ зиялылары баспасөз беттерінде дүркін-дүркін мақала жариялап, өз пікірлерін халық назарына ұсынып отырған болатын. Емле ережелерінің қолайлы, жазуға ыңғайлы болуын жиі көтергендердің бірі Жүсіпбек Аймауытұлы. Ұлт тұлғасының бір ғасыр бұрын айтқан ұсыныстарының жазудың жүйеленуіне айтарлықтай ықпал еткенін байқауға болады.

Емлені оңайлату жобасы

(Жаңа мектеп, 1928, № 4,5)

Емлеміздің кейбір қиын жерлерін тәжірибеден көріп жүрміз. Қиынды оңайлатпасақ, хат тану, жазу көпке қонымды дәулет бола алмайды. Оңайлату керек дегенде сүйенетін дәлеліміз мыналар:

А) Жазу деген сөздің шартты таңбасы, сөздегі болар болмас барлық дыбысты жазу мен таңбалау мүмкін емес. Сондықтан болмашы күдікті дыбыстар (әріптер) жазуға оралғы болмауы керек.

Б) Тіл өсіп өнетін зат. Хат жазу тасқа басылып, кітапқа орнығып ескі ережемен есептесіп, артта қалып отыратын тартбақы зат. Дүниеде өзгермейтін зат жоқ. Тіл өзгерсе, өрлесе, сонымен қабат артын ала болса да хат та өзгеріп отыруы керек.

Ш) Жазу үйретуден мақсұт – жұрттың бәрін тіл заңын түбірлеп тексерерлік тіл ғалымы қылып шығару емес. Көрген-білгенін, кешіргенін, ойлаған ойын сөзбен, сөзін таңбамен өзгелерге білдірту, өзі де ұмытпайтын қылу, тіл заңына сүйеніп жүйеленген емле оқымыстылар, ғалымдар еншісі. Жазу көптікі болу үшін тіл заңына сүйене бермей, оңай болу керек. Ереже неғұрлым аз болса, соғұрлым жазу оңай болады.

Е) Жазуда артық буын, артық әріп болмауы керек. Сөздің буынын өлшейтін өлшеуіш тіл заңы да емес, болмашы естілуі де емес өлең өлшеуі болу керек.  Өлеңде екі дауысты дыбыс қатар келсе, бір дауысты бір (буын) болып айтылады. Қара сөзде де солай. Сөз ықшамдық тілейді. Жазуда ықшам болған жөн, ықшам болған сайын жазуға да, тануға да жеңіл болмақ.

Ғ) Үндестік заңына (сингорманизм) тіл атаулыны бағындырам деп, жалпы көпке байырғы боп кеткен тілдерді бұзбауға керек. Жаңа жат тілдерді жаурыпа тілінен аса алыстатпау керек. Жат тілдермен араға кедергіні көбейте беру мәдениеттен алыстатады. Қара халықтың еріксіз сіңіріп алып жатқан тілдері көп. Ешбір заңмен ондай тілді қуып шыға алмаймыз.

Осы сияқты дәлелдерге сүйеніп, емлеміздің өзгертерлік кезеңдері соңғылар деп шамалаймыз:

1) «У» жарты дауысты, жазаласа дауыссыз деген ереже жоғалып, ол дауысты қатарына кірсін. Үш түрлі (бау, сұу, асыу) жазылмай, бірақ түрде «у» (бау, су, асу) жазылсын. Ережеге сүйеніп емес шартпен солай болған жөн.

2) «И» да дауысты боп аталып, жалғыз жазылсын. Бәрібір тай, үй болып жазылсын. М+и жазсақ мый деп оқымай май, мұй, мой немесе бій ағалар деп оқушы ма еді? Өзін «ый» шолақ «й» деп «ы» жалғап бүйректен сирақ шығарудың қажеті жоқ. Артық әріптің керегі жоқ. Жоққа тәндік нәзік дыбысты қалдырмай жазбақшымыз. Ондай дыбысшылдықтың жазуға кесірінен басқа пайдасы жоқ.

3) Сол дыбысшылдық салдарынан сөз басында болар болмас «ы» естіледі деп зары, рақат, рай, рұқсат, лайық, лаж, лақ деген сөздердің басына «ы» жалғап жазып жүрміз. Бұ да жарамайды. Орысшада сондай болмашы дыбысқа түк жазылмайды. Өзгеде жоқ дыбыс бізде бар, біздің тіл заңымыз өзгеше деп жоқтан өзгеге мақтанудың орны жоқ. Орыстың кей сөзін қазақша жаз десең біздің «дыбысшылдар» ыждал, ісделал, ылгота, ырыжий деп жазар еді. Естіліп тұр қайтсін. Бұл басқа жазылатын «ы» -лар өлең өлшеуінде де артық буын боп шығады. Сондықтан орынсыз «ы»-ларды жазбау керек.

4) Кейде естілуінше жазылатын дыбыстардың таңбасын ереже қуалап сөзді өзгертіп, түбірінің ата тегін іздеп басқаша жаздырамыз. Ол өте мөте «б», «п» жөнінен. Ықпақ, аппақ, әліппе, шаппақ деген сөздерде түбірін қуғандықтан «б» жазғызамыз, естілуі «п». Бұрын «д» мен «т» шатаса беруші еді. Оны «т» естілген жерде «т» жазылсын деп ана жылы қаулы қылды. Ойға жүгіртсек соған тете «п» боп естілген жерде «п» жазылсын деп қаулы қылу керек еді. Бұған келгенде тетелестік далада қалған. Түбір сөздің дыбыстары өзгермейді, өзгертпей жазамыз деген ереженің керегі жоқ. Өзгермесе ақ – ағы, төк – төгіп, тап – тауып, қақ – қағып, қап – қауып дегенде түбір неге өзгеріп отыр? Бұл дұрыс емес. Естілуінше аппақ, шаппақ боп жазылған жоқ. Әдет әдет емес жоқ әдет.

5) «Тұн»-ды «тұғұн»-нан шығарып, баратұн, алатұн қып жазу дұрыс емес, естілуінше баратын, алатын боп жазылу керек.

11) Әліппемізден шығарылған һ, х дыбыстары қайта қосылуы керек. Бұлар жоқ дегенмен бар дыбыстар, қазақ ішіне қожа-молда, араб-парсы тілдері тарағаннан бері бұл дыбыстар ел құлағына сіңген. Бұл дыбыстар өзге жаурыпа жұрттарында бар. Өзге жұрттардың тілінен ат-тонымызды ала қашпайтын болсақ, ойдың жүректің тоқсан тараулы толқынын, ырғағын әдебиетке, әуезге түсіргіміз келсе, тіліміз, дыбысымыз өркендесін, өссін, түрленсін десек жаттан ауысқан дыбыстардан қашпай, байырғы малдай баға беру керек. Кім біледі бір кезде в, ч дыбыстарын да сіңіріп алмасымызды. Өскемен, Зайсан қазақтарында ч дыбысы бар. Оған күлмеу керек, қарсы алу керек, ол тілдің, құлақтың ұстара бастағаны.

Гүлфар Мамырбек, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық топтың мүшесі

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5628