Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әңгіме 4516 1 пікір 25 Наурыз, 2019 сағат 09:49

Оң жол мен сол жол

(ғибратнама)

Алдан деген бала өмір деген жолға шыққан еді. Алғашында қайда барарын білмей ауыл шетінде аңырып  тұрды. Көңіліне "бақыт деген нәрсені іздеу керек" деген ой келді. Бірақ, бақыттың не екенін білмеді. Жүрегінің түбінен "бақыт деген өз жаратушыңды танып, соған табыну" деген сәбидің әлсіз үні естілді. Соған ден қоям дегенше көкірегінде әлгі үннен басым қатты дауыстар жаңғырып "бақыт деген бай болу, бай болсаң бәрі болады!" деген өктем дауыс құлағына жетті. Дәл осы кезде   жанына  жүдеу  жүзді, жұпыны қария келіп:

«Балам, мынау оң жақтағы жолға  түсіп бірге жүрейік!» деп, өтініш жасады.

«Ол жақта не бар?»

«Жемісі таусылмайтын мәңгі жасыл бақ бар».

«Оған қалай жетеміз?»

«Жолда кезіккеннің бәріне жәрдем етіп отырсақ, олар бізге жөн сілтейді, сөйтіп бақты адаспай табамыз».

Бозбаланың көкейіне:

«Түгі жоқ кәрімен бірге  жүріп не табам?» деген ой  сумаң етіп  келе қалды. Ол басын шайқады. Қария жөніне кетті.

Дәл осы сәтте жылмаң жүзді біреу жетіп келді. Әлгі ең алдымен оның қолына  бір бума ақшаны ұстата қойды. Бозбала Алдан бірден:

«Неткен жомарт  жан!» деп таңданып қалды.  Оған көңілі де жібіп сала берді. Енді  не  айтар екен деп  күтті. Жылмаң жүзді:

«Бауырым, көп ақша  табатын жерге барғың келе ме?» деп, елжіреді. Жас жігіт ойындағысын  дөп басқан соң:

«Иә» деді. Ол:

«Олай болса айналаңдағы  ештеңеге де, ешкімге де алаң болмай, тек  сол ақша жаққа қарай жүре берсең, әрі жылдам, әрі дәл барасың» деді. Алданның да тілегені осы емес пе! «Қалай барам, айтыңыз!» деді, батылданып. Жылмаң жүзді:

«Айналаңа  алаң болмауың үшін көзіңді байлауым керек. Бұған көнесің бе?» деді. Жігіт ағасы жастағы Алдан сәл  мүдіріп:

«Жарайды» деп, келісе кетті. Әлгі де  осы  құптауды  іліп алып:

«Ендеше, менің  айтқан  бағытымнан  аумай  жүріп  отырасың» деді. Алдан:

«Қалай қарай?» деп  сұрады. Ол:

«Міне, мына жаққа тек солға қарай  жүріп отыр! Бір кезде  мол  ақшаның үстінен  түсесің» деді,  сөзін шегелеп. Алдан әнтек күдіктенгендей:

«Сіз, өзіңіз  онда болдыңыз ба?» деп,  сұрауға батылы жетті. Жылмаң жүзді:

«Әрине,  сонша көп ақшам  болмаса  мен саған мұнша ақшаны тектен-текке қалай бере салам?!» деді, берген бір  бума ақшасын  нұсқап.

Жағы талғанша тағы қанша сөйледі, жылжып жылдар өтіпті.

Егде тартқан Алдан  басын  изегенін өзі де  білмей қалды. Дәл  осы  сәтті аңдып  тұрған Жылмаң   да жып  еткізіп оның  көзін  байлай қойды да,   сол қолынан жетелеп солға бұрып:

«Енді, еш бөгелмей тарта бер!» деп, бұйырды.

Сәулесіз қалған Алдан қолын қарманып, беті  бұрылған жаққа кібіртіктеп  кете барды. Түнекте  қалған соң күн мен түнді де айырмады,  қанша  жылдар  өткені есінде қалмады,  өзінің қария  жасқа жетіп қалтырап келе жатқанын ғана сезді.

Көз алдына ақшадан  өзге  ештеңе де  елестемейді.  Бір уақытта  оң жақ тұсынан:

«Тоқтаңызшы!» деген мейірімді дауыс естілді. Алдан қария  тұра қалды да  әлгі  беймәлім  дауыспен сөйлесе  бастады.

«Олай  жүруге болмайды!» деді ол.

«Неге?»

«Алдыңызға қарай енді  бірнеше қадам бассаңыз, түпсіз  құрдымға құлайсыз!»

«Өтірік айтып  тұрсың!»

«Сіз маған неге сенбейсіз? Мен  түпсіз аңғарды көріп  тұрмын ғой, ал сіз оны  көріп  тұрған жоқсыз. Өйткені,  көзіңіз байлаулы екен!».

Қарияның есіне Жылмаңның баяғыда айтқан «Ештеңеге, ешкімге де қарама!»  деген сөзі  түсе кетті. Сонан соң, көкейінде «Мынау менің  көп ақшаға жететінімді  біліп қызғанып  тұр»  деген  күдік  туа қалды.

«Мен саған сенбеймін» деді. Бөгде  дауыс:

«Сенбесеңіз көзіңізді шешейін, өзіңіз көріңіз!» деді. Алдан қария:

«Жоқ,  жоқ  маған жолама, жолымнан қаламын!» деп безілдеді. Бөгде дауыс жанашырлық үнмен:

«Сіз,  міне былай оңға қарай  жүрсеңіз  қатерсіз, кең  даңғыл жол алдыңыздан ашылады» деді.

«Ол жақта  маған  мол ақша бар ма?»

«Онда жетсеңіз ақшаның  еш қажеті болмайды.»

«Жоқ, сен мені алдап адастырғалы  тұрсың! Ақшаның керегі  жоқ жер бола ма?! Міне, мені  былай  жіберген адам мұнша ақша берді. Сенікі құр сөз…»  Бөгде дауыс аянышпен:

«Сіз енді, аз уақыттан кейін менің  сөзіме  де сенесіз. Қолыңыздағы ақшаның  да еш керегі  болмайды. Ол кезде менің айтқан ақылымның да  пайдасы  тимейді. Тек, еш жаққа бармайтын түпсіз тереңде жатып  таусылмайтын өкініштің  дәмін  татасыз!» деп,  алыстап кетті.

Қалтыраған қария да қорқынышты,  түпсіз түнек апанның  шетіне жетті...

Міне,  бұл мысал, әпсанадан гөрі күнде  көріп жүрген  шындыққа ұқсайды. Ақырет күнінен, мәңгі өмірден бейғам қалған пенделер мол ақша, даңғаза атақ-даңқ, аз күндік  биік лауазым, жәдігөй марапат-сыйлық, ақылды  алған арақ-шарап, есті шығарған мәнсіз той-томалақ тіпті, күнделікті күйкі тірлік іспетті не түрлі арбаушы «көз байлаушылардың» алдағанына да, құтылмайтын құрдымға айдағанына да сене береді, сене береді... Содан, құрдымға қарай тоқтамай кете береді...

Құтқарушының сөзін құлағына да  ілмейді. Себебі,  адасушының  Алданға ұқсап көкірек көзі  байланған.

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588