Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 7053 2 пікір 26 Наурыз, 2019 сағат 14:45

Мо Ян. "Шығармаға да иіс керек"

(Париж ұлттық кітапханасында жасалған баяндама)

«Көзімді таңып тастаса да, иіскеп отырып, Корсика аралын тауып аламын» деген екен Напоелон. Өйткені, Корсика аралында бір түрлі өсімдіктің иісі ауаға айырықша таралатын болса керек.

Бұрынғы Кеңес одағының жазушысы Шолохов «Тынық дон» трилогиясында арқырай аққан Донның иісі, сайын сахарадағы жас шөптің, қураған ٴшөптің, шірген шөптің иісі, жылқының тер иісі, казактардың денесінен шыққан бұрқыраған иіс сияқты түрлі-түрлі иістерді суреттеу арқылы өзінің иісшілдігін байқатқан еді. Трилогияның алғы сөзінде: «Аһ! Дон-анам, Донның казак даласының иісінен айналдым»,– деп жазған. Шындығына келсек, оның айызы қана суреттеп  отырғанының барлығы ата мекеннің иісі еді.

Қытай мен Ресейдің шекарасындағы Уссури өзенінде жасайтын кета балығы теңіздің шыңырау түбінде кәмелетке жеткен соң, уылдырық шашар кезде, ағынға қарсы жүзіп,  сансыз кедергілерді бұзып өтіп, өзінің алғаш өсіп-өрбіген жеріне қайта оралады екен. Балықтардың бойындағы мұндай қабілеттің қайдан пайда болатынына адам баласының ақыл-парасаты жетер емес.  Бірнеше жылдан бері, балық топтарын зерттеуші биологтар осы бір жұмбақтың сырын ақыры шешіп шықты. Асылында, балықтарда адам баласыныкі сияқты  көзге көрініп тұратын  мұрын болмағанымен, бірақ олар айырықша дамыған иісшілдігі мен еске сақтау  қуатына сүйеніп, уылдырқ кезінде есінде  қалған иісті қуалап, теңіздің жағаны ұрған сұрапыл толқындарынан аман- есен өтіп, құрбан беруден қорықпай, өсіп-өнген ана-өзенін тауып, ұрпақ қалдыру міндетін өтеп болысымен армансыз өліп кетеді екен.

Салыстырып қарағанда, кета балығының өмірі жазушының  өмірімен ұқсап кетеді. Жазушының жасампаздығының өзі ата-мекенінің иісін сағыну, ата-мекенін іздеу емес пе?..

Дыбыс жазғыш, бейне түсіргіш, ғаламтор техникасы жарыққа шыққан бүгінгі күнде прозалық шығармаларда кездесетін  табиғат, портрет, жай-күйді бейнелеудегі суреткерлік өнер ауыр сынға ұшырауда. Шебер тілмен қанша майын тамыза отырып суреттегеніңізбен, адам бейнесін түсіретін аппаратқа жете алуыңыз мүмкін емес. Әйтседе, қаншалықты дамыған бейне түсіру аппараты болса да,  иісті жеткізіп беруге келгенде аппарат қаламгердің алдында әлсіздік танытып отыр. Дәл осы қасиетті өзім сияқты қазіргі заманымыздағы прозашылардың ең басты артықшылығы деп білемін. Әйтседе, бұл да ұзаққа бармайтынға ұқсайды. Өйткені, көп ұзамай ойына келгенін істейтін ғалымдар иіс алғышты да тауып шығатын тәрізді. Иіс шығара алатын кино мен телефильмдер көп өтпей-ақ дүниеге келетін сыңайлы. Осындай аппарат табылмай тұрғанда, иісі бұрқыраған шығармаларымызды тезірек жазып тастағанымыз жөн-ау.

Мен өзіндік иісі бар прозалық  шығармаларды оқуды ұнатамын. Прозалық иісі бар шығарма жақсы шығарма. Ал, өзіне тән иісі бар шығарма ең таңдаулы прозалық туынды болмақ. Жазған кітабына иіс сіңіре алған жазушы жақсы жазушы. Ал, кітабына өзіне тән ғана иісін сіңіре алған жазушы ең таңдаулы жазушы.

Жазушының мұрны иісшіл болуы керек. Бірақ иісшіл адам атаулының барлығы жазушы бола бермейді. Тазы иісшіл болғанымен, ол жазушы емес қой. Мықты жазушылардың көбі  мұрын қабыну ауруынан зардап шеккенімен, өзіне тән жұпар иісті шығармаларды жазуына бөгет бола алған емес. Менің  айтпағым, жазушы адамның иіске қатысты түйсігі күшті болғаны жөн. Жасампаздық қабілеті күшті болған жазушы өзінің суреттеп отырған адамы мен көрністеріне иіс бере алуы қажет. Иісі жоқ нәрсе болған күнде де, қиялдау қуатына сүйену арқылы иіс беруі керек. Бұған келтірер мысалдар көп.

Неміс жазушсы Патрик Зюсканд өзінің «Иіссу: қанды қолдың әңгімесі» атты романында, елден ерек иісшіл бір ғажайып адам туралы  айтады. Ол алуан түрлі иістерді іздеп, иіссу жасайтын талант иесі. Мұндай адамдар тек Парижде ғана туады. Оның иіссшіл мұрнына дүниедегі түрлі иістің қандай болатыны белгілі еді. Жалпақ жаһандағы иіс атаулыны қайта-қайта салыстырып шыққан ол ақырында дүниедегі ең хош иіс балдырған қыздың бойынан шығатын  иіс деп біледі. Сонымен ол өзінің ерекше иісшілдігі арқылы 24 бұла қызды өлтіріп, олардың бойындағы иісті жинап, ғажайып бір иіссу жасайды да, сол суды үстіне шашып алады. Ал, оның маңындағылар әлгінің сиқысыз, сүйкімсіз екенін ұмытып, оған естері кете құмартады. Адам өлтіргені менмұндалап тұрса да, оның қанішер екеніне сенгілері келмейді. Қастандыққа ұшыраған қыздардың әкелері де оған құмартқаны сонша, оны қыздарынан да артық жақсы көріп кетеді. Жан баласынан таланты асқан осы бір «құбыжық жан» адамзаттың иіс түйсігін кім меңгере алса, бұл дүниені ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтындығына әбден сенген еді.

Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романындағы бір кейіпкердің ішінен шыққан «желі» жайнап тұрған гүлді демде қуратып тастаса, тас қараңғы түнде иіскеп жүріп, өзі жақсы көретін әйелді таба алады.

Фолькнердің «Шұрқан мен дүрлігуіндегі» бір кейіпкер суықтың иісін сезе алады. Іс жүзінде, суықта иіс болмақ емес. Әйтседе, Фолькнер былай жазған екен: «Бұл бізге ешқандай да оғаш сезіліп тұрған жоқ. Өйткені, суықтың иісін сезе алған кейіпкердің өзі бір есалаң адам еді».

Жоғарда айтып өткен мысалдарым мен қысқаша талдауларым арқылы прозалық шығармаларда шынтуайтында екі түрлі иіс болатынын, былайша айтқанда, прозалық шығармада иістің екі түрлі жазу тәсілі барын аңғара аламыз. Мұның бір түрі – реалистік суреттеу, жазушының тұрмыстан алған тәжірибесі бойынша, әсіресе, ата-мекенің иісі, заттарды суреттеу арқылы оған иіс беру мен иіс арқылы заттарды суреттеуі. Енді бір түрі – жазушы  қиялдау қуатына сүйенеді, иіссіз нәрселерге иіс береді, өзінде иісі бар заттарға өзге бір заттың иісін сіңіреді. Суықта иіс болмайды, өйткені, суықтың өзі зат емес. Бірақ Фолькнер  суыққа иіс берген екен. Өлім зат емес, өлімде иіс болмайды, бірақ Гарсия  Маркес өзінің кейіпкерін өлімнің иісін сезе алатын етіп жазған еді.

Әрине, жалаң иіске сүйеніп қана бір шығарманы жазуға болмайды. Қаламды қолға алған заман өзіңнің иіс сезу, көру, есту, сезіну немесе жоғарыда аталған сезінулерден жоғары орында тұратын сезгірлік сынды барлық сезімталдығыңды іске қоса алғаныңда барып прозалық шығармаңда өмірлік леп, иіс болуы мүмкін. Сонда ғана шығармаң жансыз әріп үйіндісіне айналып қалмайды, қайта иісі, дыбысы, жылуы, пішіні, сезімі бар тіршілік иесіне айнала алады. Алғаш жазушылықпен айналыса бастағанда,  төмендегідей қиншылыққа тап болатынымыз бар. Тұрмыста туған нақты оқиғалар күрделі, адам жанына тіке әсер ететіндей болса да, оны қағаз бетіне өрнектеп, әңгімеге айналдырып, қайта оқып шыққанымызда, дәм-татусыз, жалған бірдеңе болып қалады. Ал, классикалық шығармаларды оқығанымызда оқиғаны автордың ойша құрастырғанын біле тұрсақ та, жан-дүниемізге тереңінен ықпал ететіні бар.  Неге дейсіз ғой? Негесі сол, мәселенің тетігі, тұрмыста болған нақты оқиғаны баяндау барысында, қашанда өзіміздің жасампаздықпен шұғылданушы екенімізді ұмытып қаламыз, өзіміздің мұрнымызды, көзімізді, құлағымызды толық пайдаланбаймыз. Классикалық шығармалардың авторлары оқиғаны ойдан құрастырса да, бізге нақты болған оқиғадай сезілетіні олар (классикалық туындылардың авторлары) өздерінің барлық сезім мүшелерін іске қосумен бірге, қиялдау қуатын да керекке жаратып, алмағайып әсер қалдыра алады. Адам баласының құртқа айналмайтынын біле тұрсақ та, Кафканың «Азу» деген әңгімесіндегі бас кейіпкердің құртқа айналып кеткеніне сенетімізде осыдан.

Кино өнері дамыған соң, адамдар прозалық шығарманың болашағы үшін бас қатыра бастады. Елу жылдың алдында, Қытайда прозалық шығарма болашақта тоқырайды деп сәуегейлік болжам жасағандар да болды. Бірақ прозалық шығарма әлі өмір сүруде. Теледидар отбасы атаулының барлығын қамтып, прозалық шығарманың тағдыры хәл үстінде қалғандай, оқырманның басым көбі теледидарға телмірген сияқты болғанымен, әлі де прозалық шығарма оқитын адамдар бар. Прозалық шығарма әлі бақиға аттана қойған жоқ. Ал, ғаламтор техникасы прозалық шығармаға бәсеке жариялаған сияқты болып еді, бірақ, ол прозалық шығарманың басқаша бір жазылу тәсілі мен кітаптың дәстүрлі тарау жолына ұқсамайтын өзгеше жолын дайындап берумен ғана шектелді.

Прозалық шығарма жазудан басқа қолымнан ештеңе келмейтін адам болғандықтан, прозалық шығарманың болашағының бұлыңғыр екенін көзіммен көріп тұрсам да, мұны мойындағым келмейді, қайта прозалық шығарманың орнын басқа көркемөнер немесе техника баса алмақ емес деп білемін. Иіс сіміру құралы табылса да, бәрібір ол көркем шығарманың орнын баса алмақ емес. Өйткені, иіс сіміру аспабы дүниеде бар иісті сіміре алғанымен, дүниедегі иіс  атаулының барлығын өз қалпында шығара алмақ емес. Мұнысы бейне түсіру аппараты дүниедегі зат атаулының бейнесін түсіре алғанымен, дүниеде жоқ бейнені қойып бере алмайтынына ұқсап қалады. Бірақ жазушының қиялдау қуаты жоқты бар қыла алады. Жазушы өзінің елден ерек қиялдау қуатына сүйене отырып, дүниеде болмайтын иісті, жоқ затты барға айналдырды. Бұл біздің кәсібіміздің мәңгілікке жалғасатындығының белгісі.

Кезінде неміс жазушысы Томас Манн Кафканың әңгімелер жинағын Эинштейінге ұсынған екен, ол ертесі әлгі кітапты: «Адам баласының миы  мұншалық дарежеде күрделі болмауы керек еді ғой», – деп Томас Маннның өзіне қайтарып беріпті. Біздің Кафка дүниедегі ең әйгілі ғалымды жеңген екен. Бұл біздің осы саланың мақтанышы болмақ. Олай болса, біз барлық сезім мүшелерімізді әрекетке келтіріп, өзіндік лебі, иісі, жылуы бар, керемет ойларға толы шығармалары жазуға тиіспіз. Әрйне, жазушы өзінің шығармасындағы иіс, түс, температура, пішін дегендердің барлығын сөз арқылы өрнектеуі тиіс. Осының барлығы тіл байлығына сүйенеді. Тіл болмаса, мұның барлығы да жоққа тән. Әдеби шығарманы аударуға болатын себебі басты мазмұн тіл арқылы баяндалатындығында. Сондықтан да, аударуға қолайлы болу үшін, прозашылардың барлығы өз сезімін шынайы бейнелеп, жанды дүниені бар нәрсеге, шыныдыққа келтіреді. Сезіне алған екен, сезім болады. Тіршілік сезімі болмаған шығарма адам жанына әсер ете алмақ емес.

Уссури ٴдариясындағы кета балығы сияқты ана - өзеннің иісін қуалап, тайсалмай, талмай алға тарта берейік.

Тым ерте замандағы жершарының иісін еске ٴтүсіріп көрейікші. Ол заманда жершарында алып динозаврлар жортып жүргендіктен, олардың сасық иісі бүкіл жершарында мүңкіп тұрушы еді. Біреулер динозаврлардың түбіне жеткені өздерінің сасық иісі дейді.

Миымызда сақталып қалған барлық иіс атаулыны тауып шығалық. Сол иіс бойынша өткен күндерімізді, жырақта қалған махаббатымызды, қызығымыз бен шыжығымызды, балалық балдырған шағымызды, анамызды, бәрін - бәрін еске түсірелік.  Маделина тоқашын арқау етіп,  басынан өткендері жайлы 15 томдық роман жазған Марсел Фрост сияқты өткен күндерге қайта бір неге үңілмеске?!

Қытайдың мықты жазушысы Фу Сұңлин  «Лияужай аңыздары» атты шығармасында бір соқыр софы жайлы әңгіме айтады. Әлгі софы мақалалардың жақсы, жаманын иіскеп біліп қояды екен. Ордалық емтиханға қатысуға келген оқымыстылардың барлығы өз мақалаларын оған иіскетуге әкеледі. Нашар жазылған мақалаларды иіскеген сәтте софы лақылдатып құсады екен. Оның айтуынша, нашар мақаладан шірік иіс шығып тұратын болса керек. Бірақ артынан оның құсқысын келтірген мақалалардың барлығы таңдаудан өтеді де, хош иісі бар дегендері қалып қояды.

Тайуан аралында тұратын Бұнұн ұлтында мынандай бір аңыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Аңызда, мәлім бір қыстақтың астында ерекше иісшіл бір тайпа жасайды екен. Бұл тайпаның адамдары тамақты дайындап алып, одан ауыз тимей тұрып, ортаға қойып, қоралай отырып, тамақтың иісін ішке сіміреді екен. Олар бүкілдей хош иіске сүйеніп тіршілік етеді дейді. Жер бетінде жасайтындар осы тайпаның иіскеп кеткен тамағын үнемі ұрлап алатын көрінеді. Өз кезінде бұл туралы бір әңгіме жазған едім. Аталған әңгімемде өзімді үнемі жер астына түсіп, тамақ ұрлайтын бала ретінде суреттедім. Әңгімем жарияланған соң, қатты өкініп қалдым. Өзімді қарапайым жер бетіндегі адам ретінде суреттегеннен гөрі, жер астындағы иісшіл тайпаның бір мүшесі ретінде бейнелеген болсам бұл әңгімем, тіпті, керемет болар еді.

Қытай тілінен аударған – Мұрат Қасенұлы

«Қазақ әдебиеті» газетінің №11 алынды.

Abai.kz

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572