Жексенбі, 24 Қараша 2024
Бір сауал 8145 23 пікір 29 Наурыз, 2019 сағат 14:51

Кемпірқосақ па, «кембірқосақ» па?

Лайсаң, қарасуық наурыз айы орталаған уақыт. Аспанды ала-құла көктем бұлттары торлап, ескек жел екпіндей соқты. "Қардың басын қар алар жауып тұрып" дейтін уақыт қой, құс қанаты дейтін көктемнің ұсақ қарын күтіп барлық жан-жануар бүрісе қалғандай... Аяқ астынан жел саябырсып, себелеп ұсақ жауын басталып кетті. Кәдімгі жаңбыр, бірақ ерекше жаңбыр - биылғы көктемнің алғашқы жаңбыры! Ұзақ қыстан кейін келіп жеткен көктемнің алғашқы хабаршысы.

Сыбырлап терезеге тиіп, жыбырлап төмен сырғып ағып жатқан тамшылар сонааау балалық шақты еске түсірді... Тапал қоржын там... сайларына қар сүрленген қоңыр таулар... үлкен тасудың алдында тына қалған Базар өзені... сіркіреген алғашқы көктем жаңбыры... Апамыз марқұм бәрімізді далаға қуып шығар еді, "шығыңдар, үйге тығылмай, төсеңдер жаңбырға жалаң  бастарыңды, дендерің сау болады"... Ол кісінің айтқаны-заң, мойнымыздан су сорғалап далада сүмірейіп тұрар едік. Апамның өзі де әппақ шаштарынан су сорғалап жүзі нұрланып, ауызы жыбырлап ұзааақ тұрар еді... Қазір ойласам, жарықтық тілеу тілейді екен ғой. Бір тамшыны бір періште әкеледі, солар пенденің тілеуін көкке алып кетеді деуші еді... Апамның тілеуі қабыл болды ма екен, бәріміз сол ұядан аман-есен ұшып-ұшып кеттік қой.

Әлі есімде сол жылғы көктем, шамамен төрт-бес жаста болуым керек. Сіркіреген ақ жауын аяқ астынан тына қалды. Көше жөнелген көктем бұлттарының арасынан күннің көзі көрінді де  өзеннің ар жағындағы тау бөктеріне кемпірқосақ түзіле қалды. Тура қолмен қойғандай көздің жауын алып құлпырды дейсің! "Апааау, алақай, кемпірқосақ,әне,әне". Қуанышымда шек жоқ, құдды сол табиғат құбылысын өзім жасап келгендей жетісіп жүрмін. Содан кешке атамның сеңсең тонына оранып жатып ап апамнан сұраймын ғой, "кемпірқосақ деген немене, неге олай аталған" деп. Ішімнен ойлап қоям, әп-әйбәт осы көрініске кемпірдің не қатысы бар екен деп. Ішіне жарты шелек су сиятын ауыр шәугімнен буы бұрқыраған қою шәйді баса құйған апам ұзағынан көсілер еді. "Еее, балам-ай, атаң қазақ солай атап кеткен ғой, кемпірқосақ деп, әйтпесе оған кемпірдің ешқандай қатысы жоқ. Түнгі жұлдыздарды қорадағы қойындай түстеп-түгендеп, бес саусағындай білетін аталарың мұны да әбден зерттеген ғой. Анықтап қарап бұл Нұрдың жеті түстен түзілетінін тапқан екен. Және оның төртеуі негізгі түс те, үшеуі қосалқы түс, яки  үш түс жұбымен біреуі жалқы түс. Былайша айтқанда үшеуі қосағымен, біреуі кем - қосақсыз. Содан барып КЕМБІРҚОСАҚ деген сөз шыққан. Бара-бара ауызекі сөзде кемпірқосақ болып қалыптасып кеткен".

Құрттың ұсақ сынықтарын тісіне басып қойып, апам шәйді ұзақ ішеді. Әңгімесі де ұзақ. Мүмкін басқалары тыңдап отқан шығар, ал мен аузымнан сілекейім ағып ұйықтап кеткелі қай заман... Бәлкім осы кезде қарсы тауға шығып кемпірқосаққа өрмелеп кеткен де болуым мүмкін... Содан бері жарты ғасырдай уақыт өтіп те кетіпті. Таулар орнында, өзен ағып жатыр, міне кемпірқосақ та тұр түзіліп, тек Апам жоқ, Атам да... Жаңбырға бастарын төсеп сексенге, тоқсанға аман жетіп еді, бірақ кәрілік деген дертке алғашқы жаңбыр суы көмектеспейді екен... Иманды болсын, жарықтықтар! Біздерге ең алғаш табиғат құпияларының сырын ашып, ең алғаш қалам ұстатып еді...

Сонымен, хош, бір ойды бір ой қозғайды, қазіргі әңгіме кемпірқосақ жайында емес пе еді? Кейін ес кіріп, етек жапқаннан кейін достардан сұрадым ғой, сендерде қалай айтылады деп. Қырғыз досым айтады, "бізде ол - КҮНДҮН ЖЕБЕСИ" деп («күннің жебесі» дегені болу керек), өзбек әкам айтады "бізде оны КӘМАЛАК дейді" деп. Орыс тамырым бұл құбылысты баяғыдан РАДУГА деп атап, өзінше қуанады екен... Мен үндемедім, Апамның әңгімесін бастан-аяқ айтып отырам ба... Сосын ойландым, соншалықты дарынды халқымыз, алғыр халқымыз, ат қоюға шебер халқымыз осы бір табиғат құбылысына басқа бір балама ат қалдырмады ма екен. Әлде бар шығар, біз естімей жүрген, қысқа-нұсқа, балалардың да айтуына қолайлы дегендей. Ол жағын енді көзқарақты оқырмандардың еншісіне қалдырдым...

Берікбол Сыддық

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555