Тоқаев Instagram-да емес, Facebook-те белсенді болуға тиіс
Өткен аптада ҚР Президенті Қ.Тоқаев әкімдерге халықпен етене жақын болу үшін әлеуметтік желіге тіркелуді тапсырды. Сол-ақ екен facebook желісінде әкімдер кезек-кезек парақшаларын ашып, халыққа достық ұсына бастады.
Олардың ішінде бізге белгілісі Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов сынды шенділер бар. Ал, осыған дейін Твиттер желісін белсенді пайдаланып келген Президент мырза енді Instagram желісін де пайдаланбақ. Ашылғанына 17 сағат қана болған президент парақшасына қазірдің өзінде 160 мыңнан астам адам жазылған. Егер желі пайдаланушылары осы қарқынын тоқтатпаса, Тоқаев мырза аз уақытта миллионнан астам оқырмандары бар әншілерді басып озуы мүмкін. Тіпті, көбін басып озды да... Бірақ, инстаграмның аурасы саяси тақырыптарға қаншалықты ыңғайлы?
Сонымен, әкімдерге қайта ойыссақ. Бастапқыда барлық шендінің парақшасына тән ортақ дүние - жазылған посттарында болды. Яғни, барлық әкім парақшасында “Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің әлеуеті күн санап артып келеді. Сондықтан «Facebook» желісінде парақша аштым. Бұл парақша жаңалықтармен бөлісуге, сіздермен конструктивті диалог құруға мүмкіндік беретін тың тәсілдің бірі болады деп ойлаймын” деген пост жазылған. Дұрыс ақ!
Алайда, бізге қызығы – осы парақшаларды әкімдердің өзі жүргізе ме? Оларды сынаған желі қолданушыларына трольдарының қарым-қатынасы қалай болады? Әкімдердің достығында билікті ашық сынап, тіпті, митинг ұйымдастыруға дейін барып жүрген қоғам белсенділері бола ма? Болған күннің өзінде оларға деген қысым екі есе күшейіп кетпей ме?
Қалай десек те, әлеуметтік желі үлкен күш. Мұны қазір билік өкілдері де мойындаған сыңайлы. Ол қазір хат-хабар алмасу үшін ғана емес, қоғамда болып жатқан түрлі саяси-әлеуметтік мәселелерді талқылайтын пікірлер алаңына айналған. Және, сол мәселелерді нақты шешуге де ықпалы зор. Мәселен, әлеуметтік желінің әсерінен қоғамдық резонанс тудырған жуырда болған оқиғаларға тоқталсақ.
- 4 ақпан күні Астанада жалдамалы пәтерде болған өрт салдарынан 5 бала қаза тапты. Осы оқиға әлеуметтік желінің бірнеше күн бас тақырыбына айналды. Олар өзара қаралы күн жариялап, қолдарынан келгенше әлеуметтік көмек те көрсетті. Және, осы салаға тікелей жауапты Мадина Әбілқасымованың қызметтен кетуін талап етті. Көп өтпей экс-президент Н.Назарбаев тұтас Үкіметті отставкаға жіберді. Әрине, бұл жай ғана саяси шешіммен қатар келген сәйкестік деуге де болар, дегенмен, бұл мәселеде әлеуметтік желінің де ықпалы болғанын мойындауға тиіспіз.
- Осы оқиғадан кейін қоғамның күнтәртібіне көпбалалы аналар мәселесі ашық қойыла бастады. Әр жерде аналар бас көтерген үлкен жиындар өтті. Нәтижесінде, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі сәл ұлғайып, тіпті кейбір қалаларда көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүруге, балалары тегін тамақтану мен балабақшаға ақысыз баруға мүмкіндік алды.
- Әлеуметтік желінің ықпалы болған тағы бір оқиға Қарағанды қаласында болған жағдай еді. Естеріңізде болса, қала орталығындағы кафеде болған төбелесте армян жігіті қазақ жігітін өлтірген болатын. Оқиғадан кейін облыс әкімі Ерлан Қошанов бұл мәселені тікелей өз бақылауына алды. Ол қайтыс болған жігіттің әкесімен келісе отырып ұлтараздық татулықты сақтап қалды. Ал, Армян басшысы Никол Пашинян да бұл мәселедегі ұлтаралық татулықты сақтауға мүдделі екенін жеткізді.
Одан бөлек, әлеуметтік желі - қазақша сөйлей алмайтын депутаттарды, қызмет этикасын білмейтін экс-министрлерді де сынның астына алып жатады. Демек, еркін ойдың, ашық пікірдің алаңы. Сондықтан, жаңадан тіркелген әкімдер де біржақты болмай, желіде барынша ашық пікірлерге дайын болса дейміз.
Түйін.
Қош! Қазір қоғамның саяси сауаты артып келеді. Бұл - жақсы құбылыс. Оған да әлеуметтік желінің ықпалы зор десек қателеспейміз. Сондықтан, Тоқаев бастаған билік өкілдері әлеуметтік желіде айтылған қоғам белсенділерінің пікірлерін қолдап, кейбір сындарынан нәтиже шығарса, сәйкесінше, өз ұсыныс-талаптарын да қоя білсе, қоғам үшін көп пайдалы шешімдер қабылдар еді. Сондықтан да, ҚР Президентін біз Instagram-нан ғана емес, Facebook-тен көргіміз келеді. Facebook әлеуметтік желісі қазір демократиялық ойдың ашық алаңы, өйткені...
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz