Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Тұлға 5211 2 пікір 3 Сәуір, 2019 сағат 10:28

Осы жұрт Алтынбекті біле ме екен?

Алтынбек Кенжеков актер, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының Халық әртісі. 1941 жылғы 13 маусымда Шымкент облысы (Қазіргі Түркістан облысы) Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген.

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын бітірген. 1959 жылдан бастап Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі, жүзден аса рөлде ойнаған.

Алтынбек Кенжековтің кино саласының дамуына да қосқан үлесі бар. Киноға сіңірген негізгі еңбегі – дубляж. Ол киноэкранда жасаған он шақты рөлдерімен қатар, шетелдік фильмдерді дубляждауда (2000-ға жуық фильм) көп еңбек сіңірген. Дубляждің «Королі».

«Құрмет» орденімен марапатталған. 2001 жылғы 27 желтоқсанда кенеттен қайтыс болды.   

Жақсыбек Құрманбеков, ҚР Мәдениет қайраткері:

- Алғашқы танысқан кезіңіз туралы айта отырсаңыз...

- Алтынбек Кенжековті мен театрға келмей тұрып танығам. Асқар Тоқпанов, Галина Рутковская, Рабиға Қаныбаева үшеуі ә, деп ашқан Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Театр  факультеті болған, сол жерде Хадиша Бөкееваның бөлімінде оқыдық. Мен 1969 жылы түстім, содан кейін 1-2-курстардан кейін театрларға көпшілік сахна баратынбыз. Қатысқанымыз үшін 1 сом беретін. Хадиша апай не ТЮЗ-ға жібереді, не  басқа театрларға жібереді, қай жерде көпшілік сахна бар сол жерге барамыз. Сонда сыртынан көретінбіз барлығын. Ол кісілерді көргенде «Құдай-ау, расымен-ақ тірідей көріп тұрмыз ба?», деп таңырқайтынбыз. Көпшілік сахнасында жүргенде Мәкіл аға (Құланбаев), Қасым аға (Жәкібаев), Алтынбек, Бәйділда Қалтаев бәрі рөл ойнап жүреді. Біз болсақ тіпті, сахнада жүргенімізді ұмытып, олардың сахнадағы шеберлігіне аузымыз ашылып қалатынбыз.

Әңгіме Алтынбек Кенжеков жөнінде ғой, ол кісі көп шешіле бермейтін, өте сөзге сараң. Білімі дегенің ұшан-теңіз, оқымаған кітабы жоқ қой деймін. Қасым аға, Алтынбек Кенжеков, Мәкіл ағам да кітапты көп оқиды, содан кейін, Жантөрин, осылар кітап оқу жағынан бәрінен алда болатын. Оны оқу бар да, содан кейін санаға тоқу, бар ғой, түйіп қалу бар. Мысалы, Жантөринмен жақын араласа алмадым, сырттай білеміз ғой енді. Ал, Алтекең көңілі келген кезде ғана шешіліп сөйлемесе білгенін ортаға салып, ділмәрси  бермейді. Қасым ағам барын ақтарып айтып отырады. Сонау ежелгі заманнан бастап, кім, қашан, қай жерде спектакль қойғанын, бүкіл француз, немістерің, орыстарың, қазақтарыңның ешкім білмейтін тарихын жатқа білетін Қасым Жәкібаев. Кәдірбек Демесінов екеуміз бір театрға келдік. Кәдірбек Демесіновті әскерге алып кетті, сосын қайтып келді. Мені «Научный коммунизм» тапсырмағаным үшін театрға алмай қойды. «Құдайға қарсы», деп «научный коммунизмді» оқудан бас тартқанмын. Содан маған диплом бермей қойды. «Сен коммунистік партияға қарсысың, Совет Үкіметіне қарсысың» деп Арқалыққа айдап жіберді. Арқалыққа барып екі жыл қызмет жасап келдім. Алтекең Байділда Қалтаевқа қатты еліктейтін. Байділдә Қалтаев деген кісі туралы айтсам, «Ол кісі сөйлегенде сөздің тігісін жатқызып сөйлейді. Сөз саптауынан кең даланың кеңістігі, шулап жатқан қазақтың байтақ даласы, сары қымызы, ән-күйі сол күйінде көз алдыңа елестейді», деп менің шешем айтып отыратын.

Алтекең Кеңес Үкіметі кезінде тапсырыспен спектакль қояды ғой, ол кезде «Дико» дегенді ойнадым. Сонда Бәйділда мен Алтекеңнің әр сөзіне ел қол шапалақтайды. Өйткені, олар сөзді жеткізе біледі, сөйлеп тұрған сөзді көз алдыңа елестетеді, не деген құдірет ол!?

Мәриям Жақсымбетова деген актриса болған. Біз бес жылда бір рет «Актерлік шеберліктен» аттестациядан өтеміз ғой, ары қарай жарайды ма, жарамайды ма дегендей. Актерлік шеберлігі тоқырап қалған жоқ па деген сынақ. Сонда Бәйділдә ағамызға «Аққудың айырылуы» деген қағазға жазылған мәтінді берді, ол кісі бір қарап шықты да оқыды дейсің... берді, Ана кісі оқығанда аққудың көлді айналып ұшқаны, қанатын сабалауы, көлдің шуылы көз алдымызға келіп, аузымыз ашылып қалды. Қамыстың арасында аққулардың сұңқылдап келе жатқаны, соның бәрін елестетіп сөйлейді ғой, көз алдыңа. Сол жерде отырған комиссияның өзі көз жасына ие бола алмай қалды. Тіпті, сасқандарынан қол шапалақтап жіберді. Бұлардың бәрі шеттерінен асқан шеберлер. Мына бүгінгі өнерде жүрген жастардың көбі әшейін театрда босқа жүргендер. Әйтеуір келеді, кетеді, үлкен өнер жасап жүргені жоқ ішінде, мәтінді мына бір «өсекханаға» жазып алады, (ұялы телефонды өсекхана деймін өзім).

Бізге Қасым аға (Жәкібаев) әр сөзді дәптерге жаздыратын, қай сөзді қалай оқу керек, қай жерде қандай іркіліс жасау керектігін, сахнаның әртүрлі қойған «үтір-нүктесі» емес, соны үзбей бір сарынмен жеткізіп отыруды, оның арасындағы кейіпкердің көзқарасы, тыныс алуы берілуі керек екенін үйреткен. Қасым аға да, Алтекең де бір рөлдің жүз нұсқасын жасайды ғой. Ең ішіндегі шебері - Бәйділдә Қалтаев, Мәкіл Құланбаев екеуі. Ешкім ешкімге былай ойна, былай істе, деп айтпайды. Бұлардың бәрі дубляждың патшалары. Көркемдік кеңеске емтихан тапсырасың, артық сөз болмауы керек. «Станиславскийді қайта оқымасам, шеберлігім жетпейді», деп жатады кейбір актерлар.

-  Алтынбек ағаның отбасы туралы айтсаңыз...

- Қарағым, енді мынау әртістер деген отбасына өте ыңғайсыз адамдармыз ғой, ол кісінің әйелі кітапханада істейді, өте білімді, өте терең адам. 4 қызы 1 ұлы болды ғой деймін. Қыздары тұрмыс құрып кетті. Былтыр ғана әйелі қайтыс болды. Мен өзім Алтынбек Кенжеков туралы жазғам. Егер қажет болып жатса, бір жерде үйде жатыр, берейін. Осымен төртінші әкімге жаздым, «көшенің атын берсін», деп. «Міне, шешіліп жатыр, берейін деп жатыр, қолымызда қағаздар бар, көше табылмай жатыр», дейді. Әйтеуір, істерінің соңы сұйылып, жоқ болып кетеді. «Әй, мен көше тауып берейін», дедім. Бірнеше хаттары жатыр әкімнің, одан кейін екінші әкімнің «көше іздеп жатырмыз», деген тағы бір хаты жатыр, ұятсыз екен атаңа нәлеттер! «Шешіп жатырмыз, шешіп жатырмыз», дегеннен басқа қолдарынан дым келмейді.  

- Мінезі, ерекшеліктері туралы әңгімеге ауыссақ...

- Мінезі өте-е-е сабырлы, тоқыма тоқитын, өзі тоқиды, содан кейін сағат жөндейтін. Сағат жөндеген деген қиын нәрсе ғой, шұқылап отырып. Не керегі бар сізге, айына театрдан жүз жиырма сом ақы аласыз, гонорар аласыз деймін ғой, сананы, көзді «сосредоточить етеді», дейді. Сонда ойының барлығын бір нүктеге қадап, қадалып қарап отырады ғой. Сахнада ойланып тұрып қарайсың ғой, соған керек дүние екен. Содан кейін мен сол туралы іздеп, оқыдым, Дзержинскийдің көзі неге өткір? Екі сағат, үш сағат қадалып отырып бір нүктеге қарап отырады екен. Актерге сол керек. Ол адамның көзінен не айтқысы келеді, бәрі айтылып тұрады. Ішіндегі жазылып тұрғандардың бәрі оқылып тұрады да көзінен. Көп қой рөлдер. Ол кісілерде рөлді шығара алмаймын деген сөз болмайды. Қазіргі жастар асығып ұйқыдан тұра сала жетіп келеді де соткасына қарайды, жаттаған болады, содан кезегі келгенде сахнаға атып шығады. Дайындықпен келеді ғой адам. Рөлдерді бір қағаз емес, екі-үш қағазға қайта-қайта көшіреді. Алтынбек аға шәйінің үстінде  көзімен бір қарап шығады, содан кезегі келгенше театрда бір тағы қарап шығады, «за стольный»  үстелдің үстінде бір қарайды, содан сөз ішіне сіңіп кеткенше жұмыс жасайды. Сен басқа адамның образын өлсең де жасай алмайсың. Оның ішіне кіру, оның жандүниесіне кіру оңай шаруа емес.
60-70 пайыз жақындауы мүмкін. Оның мінез-құлқын іздейсің, оқисың, іс-қимылын бақылайсың. Неге ол адам жаман болды, неге жақсы болды? қандай қоғамда өсті? Кіммен қалай сөйлесті бәрін зерттейді. Сахнада адам партнердің көзіне қарауы керек. Өтірік айтып тұр ма, шын айтып тұр ма? бірінші ой туады, содан кейін оны қорытасың, сосын айтасың. Ал сен ой түйіп айта алмайсың ғой бірден. Сондықтан, ол кісілердің дайындығы жай емес. Өте ыждағатты, өнерге деген көзқарасы, өнерге деген олардың махаббаты сұмдық енді.

- Басынан өткен қызықты оқиғаларын айтып бере аласыз ба?

- Ол кісі бесінші кластан бастап дубляжға қатысқан. Мінеки, шеберлік қайда жатыр? Содан кейін 11 жыл оқыған. Жоқ, 9 жыл оқыды ғой деймін. Фарида Шарипова, Омархан Қалмырзаев, Әнуарбек Молдабеков, Асанәлі Әшімов, осылардың ішіндегі ең ерекшелері сол жаңағы бесеуі: Бәйділдә Қалтаев, Мәкіл Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Атагелді Смайлов және Мәриям Жақсымбетова. Бұлар бесеуі бес түрлі ғой, солардың сөздің қасиетін білетін, мағынасын терең түсінетініне таңғалам. Мен әлі де сөздің мағынасын түсінбей қалып жатам. Энциклопедияны ашпайтындар көбейіп кетті қазір.

Неге «Дос-Мұқасанның» айтатын әндері көп уақыт өмір сүреді? Өйткені, оның маңыздылығы ұлттық нақышта. Той-думанда жүргендер өздерін өнер адамдарымыз, өнерліміз дейді, қайдағы!?

Алтекеңе бес жыл өткеннен кейін Алтекеңнің ауылына мен, Кәдірбек Демесінов, Нұрқанат Жақыпбаев барып ауылынан Шардарадан көше бердік. Шардарада өзінің туған ауылы бар Отырарда содан Алтынбек Кенжековке көше берілді. Әйелі қайтыс болды, қыздары өнерге барған жоқ. Артынан іздейтін адам жоқ. Мен «Алматыдан Алтекеңе бір көше беріңдер, деп әкімдікке хат жазып» шырылдап-шырылдап, шырылдап, қанатым қайырылып қала бердім.

- Ұлы ше?

- Ұлы Талдықорған жақта электрик болып жүр. Үйленген.

- Соңғы рет қашан көрдіңіз?

- Бірде біздің әртістер орден алды. Қасым Жәкібаев аға Құрмет алды, бұл кісі Парасат алды, Рая Мұхамедиярова ҚР Еңбек сіңірген әртісі дегенді алды. Бәрі соны тойлатып жүрген. Мен ол кезде «Ең әдемі келіншектегі» Жиенбайды ойнаған кезім. Келсем ах-ах!, деп, диванда кетіп бара жатыр екен. Үстіне мұздай су құйып жіберіп едім, а-а!, деп тірілді. Содан үйіне таксимен апардық, таксидің ішінде бұрқылдап, жеткенше біреулерге ренжіп барды. Үйіне түнгі сағат 12-де апарып тастадым. Жеңгеміз аузын шошайтып қарсы алды. Диванға апарып отырғыздық. Содан диванда шалқасынан отырған. Терлеп, су боп кеткен ғой. Таңға дейін сол жерде жатпай отыра беріпті. Содан сағат 4-те звондады маған. «Ой, Алтеке не болды, жәй ма?» дедім. «Сен үйге жетті ма?», деп звондап отырмын», деді. «Жеттім, Алтеке, алаңдамаңыз, үйдемін», дедім. Бар сөйлескеніміз сол. Трубканы қойдық. Сонда маған «кел», деп айтқысы келді ма екен? деп қоямын. «Кел», десе жетіп келер едім ғой. Бір өкінішім сол.

Содан ертесі жұмысқа келсем бір қызымыз:

- «Ойбой-ағау, Алтекеңнен айырылдық!», деп жылап келе жатыр.

- «Не болды?», деп ем...

- «Айырылдық», деді.  «Сағат 6-ға дейін шыдаймын, елді мазаламайын» деп, жүрегі қысылып отыра берген ғой, содан ауырып жүріп кеткен. Жаңа жыл болатын уақытта қайтыс болды.

- Рахметбай аға да сол кезде қайтыс болған ғой.

- Рахметбай да сол Жаңа жыл күні қайтыс болған. Ол кісі бала сияқты өте сенгіш болған. Қыздарға комплимент айтқанда өлтіретін. Алдағаныңа көне салады. Бірде «Рахметбай аға, сізді ана жерде бір қыз күтіп тұр. «Сізбен кездессем», деп келіпті» дедім. «Ой, алдамасаңшы, қой», деді. «Сізді алдап жындымын ба? Көрсеңізші қандай қыз екенін? Күтіп қалды ғой», дедім. Ақырын тұрып барып келді, «Жоқ қой, ой әкең...», деп қайтып келді. Сөйтіп бір алдағанмын. Алтекең де артық сөз сөйлемейді. Сөйлейтін жердің ретін біледі. Біреудің арашалау, біреуді қорғап қалу кезінде тіліп-тіліп айтып тастайды. Айтар ойын қадап, нақты жеткізеді. Өйткені, оқыған білімді адам ғой. Багаж көп қой. Қасым ағамда да багаж көп, Алтынбекте де багаж көп. Мысалы, үшін мен де көп оқимын бірақ мен ұмытып қалам.

Кәдірбек Демесінов, ҚР еңбек сіңірген артисі:

- Алғашқы танысқан кезіңіз туралы айта отырсаңыз...

- Алтынбек ағамыз туралы әңгіме ұзаққа кетеді. Бірақ мен есімдегіні айтайын. Ағамызды мен алғаш рет Консерваторияға оқуға түскен кезде Актер бөлімінде оқып жүргенде көрдім, сол театр мен Консерватория көрші болды. Ең бірінші рет мен сол кісі ойнаған «Ұзақ жол» деген спектакльде көрдім. Режиссері – Қапан Сатыбалдыұлы. Сондағы басты кейіпкер - Сәкен Сейфуллиннің прототипін ойнайды екен. Жұқалау, қағылездеу келген жігіт екен. Енді бізден үлкен ғой ол кісінің жасы. Ең алғаш көргенім сол. 4 жыл ол кезде тәртіп бойынша мынау театрларда жаңа спектакльді тапсыру дейтін  болады. Сол  кезде бізді сабақтан босататын. М.Әуезов театрын да, біздің театрды да. Сол кезде біздің театр мына Абылай хан мен Қабанбай батырдың қиылысында еді. Таяқ тастам жер ғой. Консерваториядан шығып, солардың барлығын көріп отыратынмын. Бір байқағаным, ол кісі репертуарлардан қалмайды екен.  Оның  үстіне көбінесе эпизод емес, басты рөлдерде ойнады. 1973 жылы оқуды бітіргеннен кейін өзіміздің театрға қызметке алындым. «ТЮЗ» деп аталатын. Жаңадан жұмысқа орналасқан адамды білесің ғой, әркімге үрке қарайды. Ұжымға бірден сіңіп кете алмайсың. Бірден рөл бере қоймайды. Көбінесе көпшілік сахнасына қатысамыз. Бірақ, солай бола тұра, сыртынан қарап жүреміз. Сондағы бір байқағаным, театрдың репертуарларын алып жүретін алдыңғы қатарлы адамдар осы Алтынбек Кенжековтер еді. Көптеген басты рөлдерде ойнайды. Ақырын бірте-бірте таныстық басталды.  Бір курста оқыған Әлия Арысбаева деген қыз болды. Кейін марқұм болып кетті. Қызылорда театрының актрисасы еді. Соның күйеуімен Алтекеңдер бірге оқыған екен. Жалпы, Алтекең енді былай ашылып сөйлесе бермейтін кісі. Менің түсінгенім, енді бұл кісі Ұлы Отан соғысы басталғанда іште қалған бала екен. Содан әкесі соғыстан оралмаған, өмір-бақи сол әкесін аңсаумен өткен адам. Айтып, көңіл-күйі түсіп отыратын. Жастау кезде оны аса сезінбедік қой. Енді ойлап қарасаң, адамға үлкен сағыныш болады ғой ол, әкесін көрмей, соғыста қалып қалған адамға. Содан кейін оны, өзінің үлкен бауырлас, емшектес ағалары осы баланы бірінші сыныпқа Алматыға әкелген екен. Мектеп интернатқа орналастырған. Содан кейін бұл кісі музыкалық қабілеті жақсы болғандықтан музыка мектебінің домбыра класында оқыған адам. Бірақ онжылдықты бітіргеннен кейін өзінің таңдауы бойынша осы актерлік жағына ауысқан. Актерлік білім алған. Спектакльдерде де кейбір тұстарды осы кісі емін-еркін меңгеретін. Өйткені, домбыра, нота біледі. Солай бола тұра, актерлік жағына көбірек назар аударса керек. Ал енді бұл кісі ғажап актер. Біздің театрдың ақсақалы марқұм, аса көп ешкімге сыр білдіре қоймайтын, Қазақстанның халық әртісі Қасым Жәкібаевтың айтқаны бар еді. «Біздің Алтошка ондыққа ұратын актер» деп. Өзі дәлме-дәл табады. Өйткені, қалада оқығаннан кейін көп оқиды. Ол жағынан ешкім таласа алмайды. Бірақ, оқығанын ол кісі, мен осындай оқып едім, осындай деп көп ашылып айта бермейді.

- Мінезі...

- Жалпы, мінезінде тұйықтық бар. Ашылып-шашылмайды, ақырын жымиып күліп қояды да жүре береді. Одан кейін енді біз де тәжірибе жинағаннан кейін рөлге іліктік. Одан кейін мынау гастрольдік сапарда партнер болдық, талай рет. Қазақстанның бүкіл бұрыш-бұрышын араладық қой. Сонда байқағаным, «адамның кім екенін білгің келсе, бірге сапарға шық», дейді ғой. Сол сияқты бұл кісі өте төзімді, өте қарапайым, өте жағдайды сезгіш қасиеті бар адам. Көп сөзі жоқ. Жұмысын істейді. Болды. Басы артық төбелеске немесе интригаға ондайға кіріспейді. Ондайдан алыстау адам еді, ақырын күліп қояды да отыра береді.

Енді бұл кісінің таланты туралы, актерлігі туралы айтқым келіп отыр. Жалпы, мен осы кейінгі кезде Қазақстанның біршама театрларын араладым енді. М.Әуезов театры бар, біздің театр бар, бірақ бұл кісі іспеттес, бұл кісінің стиліндегі актерді мен әлі кездестірген жоқпын. Бірақ бұл кісі сан-салалы. Әмбебап болатын. Бұл кісі бүгін трагедия ойнайды, Ертең трагикомедия ойнайды, одан арғы күні драма ойнайды, керек десеңіз мюзикл. Бұл кісі күй талғамайтын. Ол кезде де бар, қазір де бар ғой, ой менің қырым жоқ. Тартпайды деген сияқты ультиматиум қояды. Ол кісіде ондай әңгіме деген болмайтын. Оның ерекшелігі сонда. Содан кейін енді Алла Тағала өзі берген талант қоңыр әдемі үні бар. Естісеңдер мынау «Қазақфильмде» «Дубляж» деген үлкен бөлім болған. Сонда қазір өмірде жоқ қой, марқұм Фарида апамыз Шәріпова, Әне күні ғана өмірден өткен Зәмзәгүл Шәріпова, Мұқтар Бақтыгереев, Атагелді Смайлов, Мәкіл Құланбаев сияқты ірі-ірі тұлғалармен бір қатарда тұратын. Өйткені, өзі өте еңбекқор адам болатын. Еңбегіне де, өзінің талантына да сенетін болуы керек. Содан кейін елдің көбі дауысын іздейді. Сағынышпен. Неге? Ол құры жәй дауыс емес қой. Алла Тағала ішкі жан-дүниесімен құя салғандай. Осыны біздің көптеген жазғыштар дұрыс жаза алмайды. Ол бостан-босқа дауыстан болмайды. Құры сахнаға шығып, ойнай салу деген болмайды. Оны бір тиянақты, ойдың елегінен өткізіп барып, жүрекке түсіру керек. Бұл санаулы актерлар. Одан кейін енді ол кісі де бала болды, жас болды ғой. Қазір мен ой елегінен өткізсем, сол кездегі Қасым Жәкібаев, Нұрмұқан Жантөрин сияқты маңдайға басар мықты-мықты актерларға еліктеп үлгі алған сияқты. Өйткені, стиль жағынан келсең, сол кісілерге жақын болады. Байділдә Қалтаев деген актер болған. Оны Алтекең өмір-бақи төбесіне көтеріп кеткен. Ол кісі бізге ұстаз сияқты. Байділдә Қалтаевтың үніндей Қазақстанда үн жоқ. Ол ғажап. Енді мына «Қазақ радиосында» шамалы бір дүниелер бар. Бұрынғы жазбалар. Бірақ қазір білмеймін. Оны таба қояр ма екен, мына балалар?.

- Алтынбек ағаның дауысын қайдан табуға болады?

- Ол Қазақ радиосында бар, іздесе табады. Көптеген дубляжда. Ал енді жаңа «дауыс, үннен» деп отырмыз ғой. Мысалы үшін, Ресейдің «Служебный роман» деген киносы бар ғой, Андрей Мягков ойнайтын. Алиса Френдлева екеуі. Сонда Алтекең дубляж жасағанда біздің қазақи өлшеммен қарасаң, анау рөлде ойнап жүрген Андрей Мягковтан әлдеқайда жоғары түр. Неге? Кейіпкердің ішкі жан-дүниесін ерекше сезінуде жатыр. Сонда анау кинода қазақшасын көріп отырсаң, ұмытып қаласың ғой, Ресейдің киносы екенін. Қазақтың өзінің төл киносы, төл туындысы секілді көресің. Бұл неге? Бұл құдырет – актердің шеберлігінде. Ғажап!

Содан кейін енді, сендер біле бермейсіңдер. Алтекең, көптеген рөлге жанр таңдамай кіріп кете беретін. Содан кейін кез келген актердің қиялы ұлы классика болуы керек.

Шекспирдің «Гамлеті» қойылды бізде, 1977-1978 жылдары. Сол кездегі Алтекең менің әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кісі өзінің мамандығына деген, өзінің өнерге деген адалдығын, бір, одан кейін өнерге деген құрметі, үшіншіден өзінің жауапкершілігі. Осының бәрін сезінген актер. Мен сол кезде енді жас болсам да, өз құлағыммен естіп, көзіммен көрдім. Қазіргідей асаба, концерт дегендер жоқ қой. Әртістер немен күн көреді? «Қазақ телевидениесі» жалғыз-ақ Қазақстанда ғана бар. Сосын «Қазақтың радиосы», шығармашылық жағынан көп көмек берген. Содан кейін үшіншіден – дубляж. Қазақ тілінде. Осылай шақырып тұратын. Тіпті, осы шақырулардың өзі кейінге қалды. Көрдің ба? Оның да бала-шағасы көп болатын. Бала-шаға асырау оңай ма, ол кезде де қиындық болды көп. Енді нан жеп, су ішу керек қой, дөрекілеу айтқанда. Бірақ, соның барлығын ақылмен шештіре білді, ақылмен көндіре білді. Міне, өнердің құдіреті. Өнердің талабы. Уақытша болса да «Гамлетке» барын салды. Дайындығы қандай, басқа труппалармен, басқа қақ-соқпен жұмысы жоқ. Репетиция біткен кезде плащын не пальтосын киіп алады да зып ете түседі. Анда-мұнда тоқтамайды, үйіне кетеді. Енді сол дайындықтың көбі үйде болатын болуы керек.

Осы еңбек кейін енді ол кейінгі кезде жарқ ете түсті. Қазақстан Жазушылар Одағы бар ғой, ақыны бар, жазушысы, сыншысы түгел қаптап кетті. Театрда ине шаншар орын жоқ. Сол кезде марқұм, Әлжаппар Әбішевтің айтқан сөзі бар еді, «бұл бұрын - Алтынбек еді, қазір - алтын бала болды ғой», деп. Анау рөліне сонша риза болғандығы сонша осы «Гамлетте» біткен кезде мен ұзақ жүрдім. 3-4 сағатқа кетіп қалам. Бір кезде қарасам құр сүлдері ғана қалады ғой. Орнынан тұруға шамасы келмей, талай гримм жасайтын жерде, еденде жатқанын көрдім өзім. «Кішкене демалып алайыншы», деп, бес-он минут жатып алады. Физикалық жағынан, оның үстіне бүкіл жан-дүниені беріп ойнау оңай ма, әбден шаршайды. Жатып-жатып есін жиып, одан кейін барып гриммін сүртеді. Содан кейін киімін киіп үйіне кетіп отырады.

Мысалы, бір спектакль болардың алдында, ол еш нәрсеге қатыспайды. Тамақ ішеді, ұйықтайды, тексті қайталайды, көп ешкіммен сөйлесіп, қарым-қатынас жасамайды. Осылай. Осындай жауапкершілік бар еді. Қазір де бірен-саранында бар, бірақ сұйылып барады. Өйткені, қазір жағдай басқа, уақыт басқаша. Асығыс. «Аттың жалы, түйенің қомында жүргендей» сезінеді, қазіргі адамдар өздерін. Уақыттары жоқ, ұйқы қанбайды. Талай айтып жатырмыз, оны қайталап алайын дегенмен ештеңе шықпайды ғой. Салыстырмалы түрде қарасақ, бәрі кейде үстіртін сияқты болып көрінеді, кейде маған. Оның үстіне қазақтың қара сөзінің мәйегін емген Қалтаев сияқты, қара сөзді қамырша илеген Нұрмұқан Жантөрин сияқты ұстаздарынан көрген Алтекең ешкімге ұқсамайтын өзінің жолын тапты. Өзінің стилі бар. Бұл өнерге өте қажет. Өнер халтураны сүймейді. Алтекең осы жағынан сауатты, өте ақылды кісі еді. Кез келген рөлді бас-аяғын тап-тұйнақтай етіп орындап шығатын. Кейіннен 90-жылдары аласапыран басталып кетті. Бәрі жабылып қалды. Сонда қабағы түсіп кететін. Бірақ айтпайды ішкі сырын. Мен енді түсіндім ол кісіні. Бірінші скрипка болып тұрған адам ғой. Бір жағынан дубляж жағында. Қазақтың радиосы да ақшаға байланысты сирек шақыратын болды. Телевидениені мүлде тоқтап қалды деуге болады сол кезде. Бұл қым-қуыт ақша жетіспей, бірі ашылып, бірі жабылып, қырғын болып жатқан кез. Коммерция деген бәлені өнерде қайдан түсіне қойсын. Өте қиын жағдай болды. Бірақ, айтып отырмын ғой, біздің Алтекең адамдық қасиеттері, төзімділік, келешектен үміт үзбеу сонымен өмір сүрді. Бірақ әттең ғұмыры қысқа болды. 60-ақ жасында кетіп қалды ғой. Алпысын енді тойлайын деп жүрген кезі. Сол үзіліп кетті. Ол бізге байланысты емес, Алланың берген уақыты шектеулі шығар. Алланың маңдайға жазғаны. Бірақ, дей тұрғанмен, пенде ретінде қимайсың. Бұл кісінің өнері ерекше болатын. Бір ғасырда бір ақ туатын адам. Қайталанбас тұлға. Бір ғасырда бір-ақ туады. Бірақ сонымен қатар, осы кәсіби театрда осы қасиетті жастарға айтсаң кейбіреулері ұнатпайды. Өзім жетпісті алқымдап қалғаннан кейін шындығын айтайын, біреудің көңіліне келіп, біреуге жеккөрінішті болғым келмейді. Бірақ, тыңдайтындарға айтып қалам. Өнерге де жалпы, осы Алтекеңдерге ұстаз болған Асқар Тоқпанов бетің бар, жүзің бар демей бір-ақ айтатын. Сол сияқты тұлғалар да жоқ. Қазір енді кейде театрда бас қосып, әңгіме болғанда еске алып отырамыз. Сонда айтамыз, «Әй, осы Алтекең сияқты стилі бөлек, әмбебап (универсал) актерлар жоқ-ау». Бар болғанның өзінде өте сирек. Драманы жақсы меңгеріп отырсақ, екінші жағынан соның бәріне икем болу керек. Мынау, «икемді» деген, көңіліңе келмесін, қазіргі журналисттер үстіртін жазады. Одан да жазбай-ақ қойса, оның театрға түк пайдасы жоқ. Маған талай журналист өкпеледі. Өйткені, маманы бар ғой. Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітіріп жатқан сыншылар бар емес пе, өнер сыншылары солар жазуы керек, рецензияны. Журналист келеді, директор немесе бас директор, режиссерге жолығады да, қарасаң газетке шыққан мақаласының мазмұны ғана шығады. Айналайын-ау, ақшасына билет алып кірген көрермен өзі-ақ сол сюжетті көрмей ма?! Оған әлің жетпесе, тереңіне бара алмаса, онда жазбай-ақ қой. Соны айттың деп маған қарындастарым, бауырларым қылтия салады. Жарайды, онда айтпай-ақ қояйын дедім. Бұл құдірет, терең түсіну. Осы күнге дейін мынау көршілес отырған Ресей театрларын таратпай отыр. Бұл мемлекеттің идеологиясы, біріншіден, екіншіден, ол халыққа керек, үшіншіден, олардың театр қоғамы бар ғой Калягин басқаратын, солар өңшең мықтылар. Жібермей ұстап отыр. Көрдің ба? Ал біздікі әлі күнге дейін әрі-сәрі күй кешіп жатырмыз ғой. Әңгіме Алтекеңнен шығып жатыр ғой.

- Отбасы туралы айта кетсеңіз...

- Өзі көп балалы болды. Жеңгеміз дабыл қаққан, осы бір жылдан асып кетті, ол кісі де қайтыс болып кетті. Соңын күтіп, балаларын әйтеуір Алтекең кеткеннен кейін шашыратпай ұстауға тырысты. Алтекең немерелерін көріп кетті. Топ қыздың ішінде жалғыз ұлым бар деп күлетін. Сол ұлдан немере көрді, қыздардан жиен көрді. Ол кісінің бірге туғандарының бәрі бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түркістан облысы, Шәуілдір ауылында үлкен ағасы тұрды. Бауырмал, ақжарқын, кеңпейіл адам еді. Содан кейінгі бір ағасы Сарыағашта тұрды. Содан кейін тағы бір ағасы Манкент деген жерде тұрды. Содан гастрольдерге барғанда, туыстың аты туыс қой. Ағасына арқа сүйейді ғой. Бізді алып баратын. Оңтүстікті білесің, өте қонақжай ел ғой енді. Содан асты-үстімізге түсіп, дастарқанын жайып, қарсы алады. Содан бір жылдар сонау Шәуілдірге бардық. Күн ыстық. Шаршап келеміз. Ыстық қой ол жақ. Содан үлкен ас келгенше деп бір шәй ішіп аламыз. Көрші-қолаң біз келді деп жиналады. Сол жерде импровизация кетеді, неше түрлі. Көршілер де, өзіміз де мәз боламыз әлгі жерде. Балаларды да ойнатамыз, көршілері де ойнайды. Сондай бір қызықты еді, бір аптадай сауық-сайран салып едік.

Ал енді адам болғаннан кейін, әр адамның өзінің бір кемшілігі болады. Әр адамның өзінің бір мінезі болады. Алтекеңнің қызық бір мінезі бар еді. Бұл кісі актерлікпен қатар, кейінгі кезде режиссерлікті да қатар алып жүрді. Спектакль береді, сол жерде рөлді бөледі ғой, Рөлді беріп, шыққаннан кейін өзгеріп қалады. Секундтың ішінде. Содан кейін таңқаламыз. Басында түсінбей жүрдік. Ағамыздың мұнысы несі?, деп. Өзі байқамай ма, өзінің сондай бір қалыптасқан мінезі бар. Қызық өзі. Рөлді бөліп алғаннан кейін тікеден тік, ешкімге қарамай, шалқайып жүріп алады.

- Ой, аға, Ассалаумағалейкум! десең қолыңды да алмайды. Бір аптадай уақыт өтеді ғой. Сосын сабасына түседі ғой, сосын бәріміз жинала қалғанда, үзілісте, «ай жігіттер, өткен аптада бір қызық оқиға болды. Білесіңдер ма?», деймін. Бәрі арғы жағында «айтшы, айтшы», деп, Алтекеңнің өзі «айтшы, не болып еді», дейді. Әпенді ғой. Содан кейін атын айтпаймын. «Осындай бір кісі, жаңадан спектакль алып, рөлді бергеннен кейін, білесіңдер ме? сәлемімізді алмай кеткен», десем, «Қап, ол кім екен?», дейді өзі. Содан кейін жүрісін салып көрсетемін ғой. «О-ооо!», деп балаларға қосылып, өзі күледі тырқылдап. Мінезін айтайын дегенім ғой. Көзінен жас аққанша күледі. Балалар мені қостайды. Алтекең ғой, мынауыңыз тура деп. Сол жерде оның ақкөңілдігі ғой, басқа біреу болса, «Е, сен не оттап тұрсың?! Кімді мазақтап тұрсың?», деп жақтан бірақ салып жіберуі мүмкін ғой немесе боқтап жіберуі мүмкін. Өйткені, өзің пайымында, адамгершілік деген терең түсінік бар. Оның үстіне ол өнер адамы болғаннан кейін ішкі мәдениеті өте жоғары. Бетімнен қақпайтын, күледі қарқылдап, көзінен жас кетеді. Содан бәрі сұрайды, «Алтеке дұрыс па, солай болды ма?», деп, бізге қосылып ішегі қатып күледі. Сол үшін де інілеріне сыйлы болды ғой. Содан кейін де қақ-соқпен жұмысы жоқ.

Бір жылдары сонау Қарақалпақ еліне бардық. Күн ыстық. +50 градус. Қайнап тұр, әбден әбіржіп, физикалық жағынан жағдайымыз кетіп қалды. Содан енді, стационар дейді. Нүкістің өзінде стационарға беттеп, сонымен екі бригадаға театрды бөледі де, театрдың әдеті. Жіберді. Біреуі осы Қарақалпақ арқылы, Арал, Қазалыға кетті де, біздікі керісінше, Өзбекстан аумағына кірдік. Енді бұрынғы қазақтың жері ғой. Керимек деген аудан бар. Сонау шетте. Қу дала. Егін жоқ. Мал бағылады. Совхоз ғой, бәрі қазақ. Соларды аралап, спектакль қоямыз. Содан кеш батты. Мені қойшы, елдің бәрі азып-тозып шаршаған. Күнде енді бір автобустасың, күнде күн ыстықта спектакль ойнайсың. Ол кезде клуб та жоқ, ыстық жақ қой. Далаға құрған жазғы клуб болады, соның ішінде. Содан енді біткен күні, айттық бір күнгі ұйқыны қидық, одан да біз түнде жүрейік, деп шопырдан сұрап, айттық мәшинені ремонттап қой дедік, жөндеп. Сөйтейік те сағат үште жолға шығайық дедік. Самарқанды бар, Ташкентке де соқтық. Ташкенттен өткеннен кейін шамалы жер ғой, Сарыағаштың аумағы басталады. Қазақстан. Енді үйдегі бала-шағамызды сағынғанбыз. Екі ай жүру деген оңай ма? Содан Ташкентке келіп кірдік. Ташкенттің сыртында бір шәйхана бар болатын, сол жерге отырып, шәй ішіп, кеш батып бара жатыр.

-«Асықпаңдар жігіттер, ет менің қолымда, звондап қойдым, болды, үлкен ағайымның үйі күтіп отыр», деді. Кім жек көреді ондайды? Бір ағасы. Сарыағашта тұратын. Сол үйге қонақ боламыз, түнгісін, таңертең ерте тұрып, Шымкент қайдасың?, деп тартып тұрамыз. Билет алу керек қой, пойызға, әперсе самолетке. Самолетке енді администратор көнбейді ғой.

Содан қызық болды. Айтайын дегенім. Ташкенттен шықтық, Кеш батып кетті, қараңғы түсе бастады. Содан әйтеуір кеш батқанда Сарыағашқа кірдік. Содан келе жатырмыз. «Тоқта», деді. Тоқтап, содан өзі түсіп, біреулерден сұрады. Жергілікті. Содан кейін олар көрсетіп жіберді. Автобус оңға бұрылды. Кеттік. Келе жатырмыз енді. Көшелері осындай ғана. Астымызда «Кубан» деген автобус. Содан келе жатып, «тоқта», дейді. Машинаның алдына түседі де, шалқайып, өзінше болып, шалқайып кетіп барады, жүріңдер деп қояды. Қолы былай. Кетіп бара жатамыз. Барамыз, бір дарбазаға тірелеміз. Дарбазаны қағамыз, барсақ ол үй емес. Анау машина кейін бұрыла алмайды. Жол тар өйткені. Қиналып, енді жүйке жұқарып, сөйтіп келе жатқан адамдар енді күлкі керек.

- Не болды, Алтеке? - деп қоям.

- Әй, ол үй емес екен, деп қолын бір сілтейді. Содан тағы бір үйге барамыз. Тағы да сөйтіп шығады. Сөйтіп 4-5 үйге кірдік қой. Ол үй болмай шықты. Бір кезде енді төрт-бесеуміз қасына бардық. Бардық та:

- Әй, аға, мынау не сұмдық? Өзіңнің туысқаныңның үйін білмейсің. жылда келіп тұрасың ғой, десем. Ол жақта «ш...»-дан бастайды ғой.

- Шешең.., әй мені олар самолетта күтіп алғаннан ішкізеді, сол күйі ішкізіп мені самолетке салып жібереді. Менің қайбір бұның үйі есімде қалыпты, дейді. Ал кеп қыран-топан күлкінің астында қалдық. Автобусқа міне алмай қалдық, жаңағы күлкінің әсерінен. Ол өзі сондай адам еді.

Содан кейін өзі жаңағы үйге күйіп-пісіп жүр. Ішкен 100 грамының қайда кеткенін білмей қалды өзі. Содан қойшы, түн болып кетті ғой. Біреулерден сұрастырып жүріп, жаңағы ағасының үйін таптық. Сөйтсек, жаңағы айтқандай, малды сойған, қазақты білесің ғой. Дастарқанды анау тапшанға жайып тастаған. Ал кеттік, деді. Мына сотка деген жоқ қой ол кезде. Ал кеп күтеді. Біз жоқпыз. Не болды бұларға деп? Содан кейін бір баласы бар екен. Оның бір жолдасының машинасымен, жіберген екен. «Граница» жаққа барып кел, деп. Сол жерде өте алмай тұр ма, автобусы сынып қалды ма?, деп. Ол баласы бізді іздеп кеткен. Содан түнгі сағат 10-11 кезінде келдік қой. Сөйтсек, үлкен дарбаза. Енді ағаларына деген еркелігі бар ғой, жеңгесіне:

- Өй, не деген адамсыңдар-ей! Үлкен жолға, трассаға шығып тұруға болады ғой сендерге! деп айқай салды. Сөйтсе, жеңгесі айтады енді, ұялып жүр ғой.

- Әй, болды енді, сен өзің келіп жүрген үйің емес пе? дейді. Ал кеп күлеміз. Еркелік бар ғой енді, бұл кісі үйінің кенжесі болған адам. Кішкене еркелік бар, жеңгелеріне, ағаларына еркелейді. Сөйтіп қонақта болғанбыз. Соны анда-санда балаларға айтып беремін. Әй, осындай да қызық болған, марқұм Алтынбек Кенжеков сондай адам еді деп. Сөйтсе, өзі кінәлі емес, аналарды кінәлі қылып жүр. Енді келіп жүрген үйі ғой, айтса, айтқандай-ақ. Өте қонақжай үй ғой. Жолдастары күтіп алады. Содан миында қалмайды ғой.

Ал былай, мына өзінің памяты, жады дейміз ғой, есте сақтау қабілеті өте жоғары деңгейде болатын. Мынандай, бір бет, екі бет дүние тұрады. Соны қағып алады. Қағып алмаса, бәсеке деген бар ғой. Фарида апамыз екеуі жарысады. Мықты ғой шебер, бұл кісі де. Сонда бар ғой, 5 минутқа жеткізбейді. Не деген шеберлік. Сол менің айтайын дегенім. Мен мысалы, көпшілік сахнасында жазамын. Әй, әкел бері, әй, ұрып таста, осындай, бір-бір ауыз сөз. Ал ол кісілер мынадай монолог жазады ғой. Сонда кабинетте артқы жақты отырып алып, жаттайсың. қимылдауға болмайды. Микрофон сезімтал ғой. Сонда жұмыс істеу процессі ерекше. Мысалы үшін басқаны білмеймін, менің өзіме осы қатты әсер етті. Мен енді өзіме мақсат қойдым. Іштей. Осы кісі сияқты мен неге жазбаймын? Көрдің ба? Адам, өнер адамы әсіресе, өзін-өзі қамшылай беруі керек екен. Өзіңді-өзің қамшыласаң ғана бірдеңе шығады. Әйтпесе, жалқау қазақтан түк шықпайды. Қарап жата берсең не болады? Енді қазір, Аллаға шүкір, тәубе деп қоямын. Тәубе. Неге десең, сол өзімнің алдыма қойған мақсатым, ұмтылғаным, еңбегім кейін осы кісілердің әсері. Мұқтар Бақтыгереев деген король, дубляждың корольдері еді ғой, бәрі де. Бірақ Алтекең, Мұхаңнан (Мұхтардан) бірде-бір кем болған жоқ. Шебер болатын. Кейін түсіндім, бір күні екеуміз барып қалдық. Сонда:

- Әй, бала, осы бастан үйрен, деді. Басымды изедім. Сонда бір сөзі есімде қалыпты. «Мынау халтура деп қарасаң, халтура болып шығады. Мынау театрдағы профессионал дүние болуы керек деп қарасаң, кәсіби шебер дүние болып шығады». Менің көзім жетті. Мен оны мақтанайын деп айтып отырған жоқпын. Мұхтар Бақтыгереев, Атагелді Смаилов, Алтынбек Кенжеков, Мәкіл Құланбаевты айта берсең көп енді. Басы Байділдә Қалтаевтан бастау алған. Осылардан үйренген тәжірибем, қазір осы күнге дейін жаныма азық. Өзімде сақтаулы. Енді бір он жыл ішінде өзіме үзіліс жасадым. Кішкен денсаулығым да болмады. Үйдің де жағдайы келмеді де, мен өзім дубляжды кішкене сиретіп жібергем. Содан кейін де 15 жылдай, оны мақтан үшін айтып отырған жоқпын, сен түсінсін деп айтып отырмын. Ермек Тұрсыновтың «Шал» дейтін киносы бар. Сонда Тоғызақовты мен жасадым. Анау менің даусым, кино бойынша. Мақтанып, немесе біреуге әлдеқандай болып бұлданбаймын. Ол деген өнер ғой. Жаңағы, Ермек Тұрсыновтың мені ұнатып, 11 актердің ішінен мені алған ғой. Кастинг бойынша. Мен оған сол үшін басымды иемін, риза боламын. Айтты:

- Аға, үніңіз ұнап қалды деді.

- Әрбір кино үшін кастингтен өтесіздер ғой сонда?

- Иә, кастингтан өтеміз. Сосын кейін кино түсіріліп бітіп, шақырды. Содан барсам, бүкіл «Қазақфильм» келіп қолымды алады ғой. Мені әншейінде менсінбей жүргендер келіп құттықтап жатыр. Сонда Жанна Қуанышева айтты, орысшалау ғой өзі:

- «Тоғызақов, это не твоя заслуга. Ты спасибо скажи театральному актеру Демесинову», деді. Сөйтсе, аналардың бәрі келіп бетімнен сүйеді ғой. Ол атақты жазушының баласы. Қасым Тоғызақов деген жазушы болған. Жамбыл Жабаевтың хатшысы болған адам. Соғысты көрген, неше түрлі түрмені де көрген адам. Бірақ, қайсар, қайтпас адам болған. Мынау соның баласы ғой.

Ермек те, қызық сөйлейді өзі. Намыс бар ғой. Менен бір-екі-ақ жас үлкен сонда айтады:

-  Брат, дейді, сендер айтасыңдар, мені асфальтта туды дейсіңдер. Иә, асфальтта тудым. Барған балабақшам орыс. Барған мектебім орыс. Бүкіл ауладағы  қазақтардың барлығы орыстілді. Мен қайдан білем, қазақша? Ол кезде Совет Үкіметі ғой. Қазақ тілін қысқартып тастаған. Құрып бара жатып ілініп қалдық қой, міне енді соның зардабын әлі көріп қаламыз кейді. Сондай уақытта өскен жігіт қой. Оған өкпелеуге болмайды. Қашан көрсе рахмет айтып жүреді. Қандай да бір ролик көрсе менің адресімді беріп жүреді. Мен жақсы жасайды деп. ­Өткенде күледі. Енді сен менің личный актерім болдың деп. Өй, жарайды, дедім күліп.

Осының бәрін айтып отырғандағым не? Осының бәрі өзіңнің кезінде ынта қойып, өзің жасаған дүние ол мәңгілік дүние. Ешқайда қашып кетпейді де. Мен қазір сирек шығып жүрмін. Көрдің бе? Ермек Тұрсыновтың осы қыркүйекте «Киномеханик» деген фильмі болады. Оған мен түскен жоқпын. Бірақ Ермек кастинг жасамай, мені басты рөлге қойып қойыпты. Енді, жақсы кино болады. Көресіңдер. Бұл деген құрмет қой. Мен жас бала емеспін. Жастарда желік болады. Мен түсінем. Атақ алған кезде, жұлдыз болып, мұрнын шүйіріп кетеді. Бірақ, Құдайға шүкір. Мұрнымызды шүйірткізіп кетпегеніне Аллаға мың да бір шүкір деймін.

Алтекең жас кезінде Сәкен Сейфуллинді, ойнады, көптеген мықты, мықты рөлдерді алды. Біздің Ғаниды ойнаған кісі, Ал білесің ба, ол кезде комсомолды да сыйлығын алған Еңбек сіңірген әртісі, деп беріп тастау керек еді. Алтекеңнің құдіреті сонда, ол кісі атақ қумаған адам Өнер қуған адам, Қасым Жәкібаев та сол, Мәкіл Құланбаев та сол. Мен саған айтайын, мен сол спектакльді 1969 жылы көрдім. Сонда Еңбек сіңірген әртіс деген атақты берсе болады ғой. қай уақытта алғанын білесің бе? 80 жылдардың ішінде алды. Екі ортада сана 20 неше жыл өтіп кетті. Ал сол аралықта ол кісі қаншама еңбек етіп, тер төкті, қаншама рөлді сомдады? Классиктердің шығармаларындағы рөлдерді сомдады. Мынау өнер деген өте қиын. Өте нәзік, өте күрделі, осының бәріне шыдамдық керек. Қазір жастардың көбісі шыдамайды. Атақ қуады. Жылдам жұлдыз атансам дейді. Жұлдыз ауруы деген бірдемеге ұшырап жатады. Әрбір рөлді жанын салып, өнер менің өмірім деп барын салып түсінген адамдар ғана өнерді бағалай алады. Қасым Жәкібаев ағамыз екеуі Еңбек сіңірген әртіс деген атақты 80 бірдеңесінші жылдары алды. Қазақстан Халық әртісін, Досхан Жолжақсынов бар ғой, бізде директор болған. Сол өзінің бүкіл авторитетін салып, екеуіне 1996 жылы Халық әртісі деген атақты алып берді. Президент аппараты, Үкіметке барып жүріп. Өйткені, менің курстасым, мені біледі еңбектерімді. Ол терең білетін адам. Осы уақытқа дейін алмаған ба?, деп. Келдің ғой, өзің алып бересің, дедім. Бірақ ол ақтады. Өзінің жігіттігін көрсетті. Ол өзінің азаматтығын көрсетті, ол өзінің актерлігін көрсетті. Соншама еңбекті көріп тұрғаннан кейін енді бала кезден өсті ғой соларды көріп, екеуіне әперді Халық әртісі деген атақты.

- Алтынбек аға, сағат жөндеген дейді, Хоббиі туралы айтасыз ба?

- Ол кісінің хоббиі сағат жөндеу болатын. Ол заманда, «Романтик» деген магнитофон болатын. Қазір мен соны ұстап өтсем, соңымнан ілесіп жұрт өліп қала жаздайтын. Жоқ қой ол кезде. Сол замандағы бар дүние сол екен ғой. Сондай заттар бұзылып қалса, мынау қол сағат, көздегі әшкидің бір жері кетіп қалады ғой, соны бере тұр деп сол сәтте жасап беретін. Бәрін өзі жасайтын. Актерлардың ішіндегі өте ықтиятты, ұқыпты кісі еді. Артық-ауыс киім кимейді өзі. Бірақ таза, үтіктелген, ұқыпты болып киінеді. Қарапайым. Содан кейін ол ағамыздың дәптерін көрсең, бәрін өзі қолдан «печатпен» жазады ғой. Тізіліп, тап-таза. Қисайған әріп таппайсың. Тап-таза, қырқылған жері жоқ. Таза ұстайды. Мына рөлдері де сондай. Содан кейін ол кісі бізге үлгі көрсетті. Печатқа басылған рөл береді ғой. Мысалға мына жерде пәленбай деген әртіске деп. Ол архивте жатыр. Оған Алтекең кішкентай машинка сатып алған. Соған басады, ерінбей, анау қалады. Оны төс қалтасына сиятын қылып, жазып салып алады. Ол жыртылмайды, ол қырқылмайды. Неге? Сыртынан целофанмен қаптап алады ғой. Өмірге сондай көзқараспен қарады. Өмір сүру салты сондай.

Ол кезде аласапыран 90 жылдары қызық болды. Одан кейін Қапшағайдың қарама-қарсынында «Заречная» деген жер бар. Сол жерден жер алды. Теңге жоқ ол кезде, айлықты екі ай, үш айда бір береді. Пакет бар ғой сонымен аласың. Ақшалардың барлығы буылған. Дүкенге барғанда ақшаны санап тұрмайсың ғой. Өзі пакеттің ішінен теріп алады. Сондай заман болды өзі. Енді қысқасы жер алды. Содан барып, Оңтүстіктің балалары пысық келеді ғой. Олар жаңағы жерге жүгері, қияр, қауын егіп, шелекпен су тасып жүріп шығарды. Үлкен кісілер бар, Алтекең бар, олар ептеп «жүзграммдатады» ғой. Мен денсаулыққа байланысты осы ішімдік жағына нашар болдым. Жоқпын. Кейін қойып кеттім. Олар енді кішкене демалады. Таза ауа. Қайтарда «жүзграмдатады» ғой. Содан бір кезде Алтекең жоқ. Балалар отырып, Алтекеңді шақыршы деді. Содан барсам, жаңағылар сияқты жер ғой, атыз-атызға бөлінген. Соның шөбін қолымен жұлған ғой. Қолымен жұлып дестелеген ғой. Әдемілеп тұрып. Мынаның іші тап-таза, түк жоқ. Егілмеген. Құры топырақ жатыр. Бардым да балаларды шақырып келдім. Алтекең классик, Көріңдер не жасағанын?, деп. Ал оңтүстіктің қыздары, балалары ішін басып күледі ғой. Ішегі қатып тұрып. Енді әпенділік қой бір жағы. Шөптің бәрін жиып, оны бұрыштап, әдемілеп, түп-түзу қылып қояды. Бірақ, ананың ішінде түк жоқ. Ал кеп күлеміз. Сонда айтады: «Әй, маған демалғаным керек. Өздері егіп алсын, тазалап қойдым, ал», дейді. Өзі сондай еді.

Тиянақтылық, ұқыптылық жағынан өте қатты мән береді. Ол кісінің ұстаған кітабы, ол кісінің ұстаған газет-журналы, ол кісінің ұстаған рөлдері тап-таза, қалай болса, солай шашылып жатпайды ғой. Кейбіреуінің берген рөлдерінің қағаздары мына қалтасында жартысы, мына қалтасында жартысы, оны таппай, түсіріп алып, қайта көшіріп жатады ғой. Ол кісіде ондай нәрсе деген болған емес. Өте ұқыпты, қағылез болды. Иманды болғыр, бір аунап түсіп жатқан шығар, бүгін. Оны не үшін айтып жатырмын. Ол сендер үшін, кейінгі жастарға үлгі болсын деп айтып жатырмын. Әңгіме болсын, құлақтарында қалсын деп айтып отырмын. Сондай уақытта, сондай талаттанттар өтті. Солай болып еді деген дүние ғой менің айтып отырғаным. Ең құрымағанда біреуі естіп, еліктесе ғой. Бірақ тыңдап жатқаны шамалы. Егер жастар осыны ұғынса мен өзімді бақытты сезінемін. Сол менің айтайын дегенім. Біраз әңгіме айттым-ау деймін.

- Иә, аға, жақсы айттыңыз, күшті.

- Алтекең, айтып отырмын ғой Алматыда оқыды. Мектеп интернатында оқығаннан кейін ол кісі қалада оқыған адам, әлемдік классикамен ерте танысқан адам. Біздерден бірінші оқыған. Орыс тілінде де оқи беретін ол кісі, орыс тіліне жүйрік еді. Біз ауылда оқып, ауылда өстік. Мен әлі күнге дейін қиналамын, орысшадан. Ол неге дейсің ғой? Ойлау жүйесі, ойлау қабілеті қазақша қалыптасқан ғой, театрда. Ал орыстың сөзін ұмытып қалам ба?, деген ой тұрады да мына жерде. Шатастырып алам ба деп. «Оканчание», интонациясын», дұрыс бермеймін ба деген күдік тұрады да басымда. Шатасып қаламын кішкене. Ал қазақтың сөзіне келгенде нанға жаққан майдай қыламыз ғой.

- Әдемі әңгімеңізге рахмет, аға!

Ғазиза Әбдінәбиева, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі:

- Ең алғаш қай кезде көрдіңіз? Алтынбек ағаны алғашқы таныған кезіңіз туралы...

- 2-курс оқып жүрген кезде көпшілік сахнасына келеміз ғой. Сол кезде көрдім Алтынбек ағаны. Алғаш «Жас Абайды» ойнаған. Шәкен Айманов режиссерміз, актеріміз. Сол кісі қойды. Біз енді көпшілік сахнасында ойнаймыз. Содан білемін. Алғаш рет сол кезде көрдім. Содан кейін мені Жастар мен балалар театрына мені актриса қылып қабылдаған. Сол кезде талай спектакльдерде серіктес (партнер) болғанбыз екеуміз. Әсіресе, «Әл-Фарабиде» Әл-Фарабидің соқыр бір шәкіртін ойнады. Шындықты айтқаны үшін көзін ойып алады ма, бірдеңесі бар. Әл-Фараби туралы спектакль болды. Е. Обаев қойды соны ұмытпасам. Сонда мен Қаратас деген қасында жүрген, жақсы көретін қызын ойнадым. Сол кезде екеуміз серіктес болдық. Сосын Сәбит Мұқановтың «Қашқар қызында» Шоқан Уәлихановтың рөлін ойнады. 1970 жылы ма екен, 1972 жылы ма сонда Қашқарияға барғандағы соның ғашық болған қызының рөлін ойнадым. Сол кездегі актер-актриса, партнер-партнерша дегеннің не екенін білдік. Серіктес мықты болмаса ештеңе шығара алмайды жалғыз өзі. Алтынбек ағаның көзіне тік қарай алмайсыз. Өзі қарағанда, көзі ішкі жан-дүниеңді аударып жібереді. Өйткені, оның ақыл-парасаты, білімі, музыкалық қабілеті өте жоғары. Білімі деген ұшан-теңіз, музыкалық білімі терең адам. Домбыраны ерекше шертетін. Күйді ғажап тартатын. Фортепианода да керемет ойнайтын. Соншама әсемдіктің барлығын бойына жинаған адамның көзінен көрініп тұрады барлық жан дүниесінің әсемдігі. Әсемдіктің барлығы ішінде тұрады. Кезінде сонау Мәскеуде оқығаны бар. Түрлі жағдайларға байланысты қайтып келген. Өте білімді, сауатты. Адамға тіке қарай бермейді, көзін төмен салып сөйлеп тұратын. Жақындата бермейді өзі адамды жанына. Көзін төмен салып отырады да анда-санда қарайды. Өте терең. Өзі біздің жандүниемізді қозғап, рөлдеріміздің жақсы шығуына көп септігін тигізген. Менің жеке рөлдерімнің шығуына көп көмегін тигізді. Бұл Қадірбек Демесінов, Досхан Жолжақсынов, Сейітхан Есенқұлов, Нұрқанат Жақыпбаев, көрдіңдер ме, қандай серіктестерім болды, шіркін! Содан кейін менің осылай жүргенім ғой, актриса болып.

Ол кісі комедия жанрына да керемет болатын. Мысалы, «Дөкей келе жатыр» деген Ташимов пе еді, Савин мен Ташимовтың спектакльінде ғажап рөлдер жасады. Комедияда Сәлима Саттарова, Мәкіл Құланбаев, Қасым Жәкібаев, Алтынбек Кенжеков. Бұлар кездескенде сахнада сұмдық бір жағдайлар болатын. Күлкіден қырыласың, түгел. Арасында Сәлима апайым жүреді Саттарова. Ұйғырдың қызы ол, Халық әртісі, актриса, Олар бірін-бірі сахнада түсінгенде, серіктестіктігін білгенде сұмдық-сұмдық болатын. Біз соларды көріп өстік. Міне, алдымызда осындай Ұлылар бастаған керуен жүріп отырды. Сондай үлкен талантты актерларды көріп, өнеге алып, өзімізді соларға қарап тәрбиелеп, бірге жүріп, бірге араласқаннан кейін біздің қазір белгілі дәрежеге жеткеніміз сол ұлы өнер иелерінің арқасы. Алтынбек секілді актерлар әзіргі жүз жылдықта қайталанбайды деп ойлаймын. Мүмкін артық айтамын 100 жыл деп, әзіргі 50 жылда әй, қайталанбайды-ау!

«Гамлетті» ойнады. «Гамлетті» ойнағанда сұмдық бір өзінің ғажап, үлкен шабытпен ойнаған рөлі болды. Өзінің білімінің ақыл-парасаты, өзінің өмірде жинаған тәжірибесінің бәрін соған салды. Оның көзін көру деген сұмдық. Мен онда оның шешесі Гертруданың рөлін ойнадым. Екеуміздің керемет сахналарымыз болды. Ол рөлді Қазақстанда олай ешкім ойнамаған шығар. Кейіндері талай «Гамлеттерді» көріп жүрмін ғой. Маңайына бара алмайды. Қазақ сахнасындағы бұндай «Гамлетті» мен бұрын-соңды көрген емеспін.

- Нешінші жылдары?

- 1978 жылы. «Гамлетті» - марқұм, Маман Байсеркенов пен Жанат Хаджиев екеуі бірігіп қойды. Бұл Алтынбектің ғажап ойнаған рөлі. «Жас Абайды» ойнады. Сосын дубляждары туралы біраз адам айтқан шығар. Дубляждары оның ғажап дүние. Фарида Шәріпова, Алтынбек дегендер алтын дауысты адамдар ғой. Кез келген рөлді «қатырып» жасайды ғой олар. Соның бәрі өздерімен кетті ғой олардың.

- Ерекшеліктері. Мінезі қандай еді?

- (Көзіне жас алып жылап қалды). Өте жақсы адам болатын. Артық сөз айтқанын көрген емеспін. «Ой, Газик, Газик!» деп қояды. Мен даже ақырғы сапарға шығарып салуына барған жоқпын. «Тірі күйде көргенім сол қалпында жүрегімде қалсын», деп ойладым. Қалай ғана қиямын. Соңғы сапарға шығарып салуға да бара алмадым. Бір-екі жылдан кейін барып әйеліне көңіл айттым. Бағиланы керемет жақсы көретін еді. Өзінен бір-екі үш жас үлкен әйелі. Үш-төрт жылдан кейін барып айттым. Кешірші мен келе алмадым, деп. Бізде сондай мәдениетті, парасатты серіктес болғаннан кейін сен де жақсы көруге тырысасың. Өзіңді ұстауың, отырысың бәрі өте мәдениетті болып қалыптасқан еді. Қалай болса, солай талтайып отыра салу деген болмайтын. Ұят болады деп осылай отырамыз. Жаман мінезіміз болса көрсеткіміз келмейді. Ұрыспаймыз ешкіммен. Өйткені, олар белгілі адамдар. Олардың жанында соларға лайықты болуға тырысатынбыз біздер. Өте мәдениетті сөйлей алатын, артық сөзі жоқ. Бөтен сөз айтқанын, біреуге бірдеңе қылыпты дегенін естіген де емеспін, көрген де емеспін. Бір 25 жыл бірге қызмет еттім ғой. Содан кейін мен кетіп қалдым ТЮЗ-дан. «Ой, Газик, ой, Газюшь», деп қояды. Бітті. Біз де сол көзіне тіке қарамай өтіп кетеміз. Бәріміз жақсы білеміз ғой, Алтынбек ағаны.

- Хоббиі туралы білесіз бе?

- Қандай хоббі барын білмедім. Жақын араласқаным жоқ. Тек жұмыста көресің. Қадырбек, Жақсыбек олар «аға, аға», деп жанында жүрді, жақсы біледі. Бірге жүрді ғой бәрі. Мәкіл аға Құланбаев, солардың жанында жүріп өскен балалар ғой олар.

- Сахнадан тыс қызықты оқиғалары болған ба еді?

- Неше түрлі жағдайлар болады. Ұмытып қаласың. Қанша жыл өтіп кеткен. Ол енді басқа біреудің қызықты оқиғасы. Бір өзбектің спектаклін Пұсырманов қойды. Дәрігерді ойнайтын бір актер. Мен адамдардың тіс салатынын білмейді екенмін. Ауызға тіс салады екен ғой, әртістер, мен қайдан білейін. Алғашқы күні, «әкеміз ауырып қалды», деп Жедел жәрдем шақыратын болды. Ортада Мәкіл ағам жатыр. Мен мына жағында тұрмын. Ана жерде Алтынбек тұрады. Сосын дәрігер келіп былай дейді:

- Таххам, махаллям, үшінші саны осы ма?» дейді, өзбектің сөзімен. Сөйтіп еді, ауызынан ақ бірдеме ұшып кетті. Анау былай алды-дағы теріс қарап, ауызына тыға салды. Ештеңе ұқпадым. Театр жарық енді. Көзім бақырайып, жан-жағыма қараймын. Күлкіден өлген жұрт. Менің түрімді көріп Алтынбек аға күлмей сыпайы түр жасап, ақырын шығып кетіп қалды. Сосын мен де айналып шығып кетіп қалдым. Сөйтсем, Мәкіл аға, марқұм:

-Әй, кім бар мына үйде? деп айқайлап жатыр. Біз қырылып жатырмыз да күлкіден. Содан қайтып айналып келеміз де, енді айта берейік десек, күлеміз де теріс айналып кетіп қаламыз. Кәдімгі рөліміз солай болуы тиіс сияқты. Сондай қызық оқиғалар болған.

Ал Досханды күлкіден мүлдем ұстай алмайсың. Бір күлсе қайтпайды. Айғайлап күледі сол жерде. Қойдыра алмайсың. Сондай бір қызықты жағдайлар болған. Етене араласып, бірге жүрмегеннен кейін онша біле бермейсің.

- Отбасы туралы не айтасыз?

- Үш қыз бір ұлы бар ма еді, қазір. Ұмытып қалдым. Соның отбасы туралы білмейді екенмін. Өте сұлу әйелі болды. Өзінен төрт-бес бас үлкен-ау деймін. Білімді, кітапханада істейтін келіншек болды. Оның да бір жақсы жағы болған шығар өнерге деген. Өзі Оңтүстіктің жігіті. Әйелі Павлодар жақтыкы. Орысшалау болатын. Көзі әдемі болатын. Қысқа шашы қиылған. Шылым тартады. Замануи, сондай келіншек болатын. Кейін көрдім ғой, енді қартайып кемпір болыпты. Театрдың 60 жылдығына барғанда ма ТЮЗ-да көріп, кездесіп қалып, сонда көңіл айттым ғой. Үйіне бір рет бардық. Біздің білуімізше, «шашасына шаң жұқпайтын» актер еді. «Арымнан жаным садаға» деген жігіттердің бірі еді. Домбыраны қалай тартатын. Күйді масқара шертетін. Фортепианода қалай ойнайды. Өзі тағы қиын классикаларды ойнайтын. Соны ойнадым-ау, да демейді. Жәй ғана шертіп отыратын. Өзі кіп-кішкентай былай қарасаң. Бірақ, сахнаға шыққанда одан көрікті адам болмай кетеді ғой. Жан дүниесі әдемі адамдар болады сондай. Сахнаға шыққанда құлпырып кететін. Соның бірі осы Алтынбек аға еді, марқұм. Ашылады. Сахна айна ғой, кімнің кім екені белгілі болатын. Бетіңнен, көзіңнен көрініп тұрады ол. Қанша гримдесең де жаба алмайсың оны. Біздің есімізде солай қалды ол. Ауырмай-сырқамай кетіп қалды ғой. Тым-тырыс күйде. Ұйықтап жатқанында кетіп қалған ғой. Ешкімге айтпай. 60 жылдығында бірдеңе берген ғой. Соны алып келіп, жуған дейді. Кәдірбек ағаң айтты, әйтеуір. Ұйықтап жатқанда кетіп қалыпты деп. Есмұқан Обаев досы болатын. Бірге жүрген. Ол туралы бәрін біледі.

Биндарев деген режиссер болды. Өте жақсы кісі. Біздің биікке көтерге режиссеріміздің бірі. Сосын бірдеңелерді жасап-жасап алып, «Ну как ты думаешь Алтынбек?», деп Алтынбектің ағаның бетіне қарайтын, күліп. «Как ты думаешь Алтынбек?», деген анекдот болатын. Сонда ананың ойын білгісі келгені ғой. Яғни, ол үлкен ойдағы жігіт болып тұр ғой. Кішкентай балаларды да жақсы ойнап жүрді. Жігіттерді де, балаларды да, шалдарды да ойнады. Ой несін айтасың? Ғажап актер еді.

Спектакль болатын күні өзімен өзі мәңгіріп жүреді. Ешкіммен сөйлеспей. Рөлге кіреді ғой. Іштей дайындық ол. Қазір балалар жүгіріп келіп сахнаға шыға береді ғой.

Бізге текст береді, оны жаттаймыз. Ол текст мәңгі ойымызда жатталып қалады. Есінде қалады сол. Шатасып кетпейміз.

«Жас Абайды» ойнады. Ш. Айманов репетиция жасады ғой. Сонда режиссердің бірде-бір рет айқайлағанын көрген жоқпын. Ақырын домбырасын шертіп, сүйсініп отырады. Сонда Алтынбек қандай ойнады. Оқудан келетін кезі бар бір. Төбеден жүгіріп келеді. Басында тақиясы бар. Аппақ көйлек. Біз бастапқыда жаңадан оқудан келген қыздармыз. Бізде практика болады. Сол жерде біз бастан-аяқ көруіміз керек. М.Әуезов театрына да келіп көрдік. Тоғжанды Роза Әшірбекова ойнады. Жүргізуші болды.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Байғали Есенәлінің Алтынбек Кенжеков туралы жазғандары:

АЛТЕКЕҢНІҢ ТАНАУЫ

Театр сахнасында жүріп жатқан репертуармен қатар алыс аудандарға шығып өнер көрсетіп жүретін шағын бригадалар болады. Құрамы бес-алты кейде одан да көп актёрлардан тұратын топ  он бес-жиырма күн бірге жүріп, бір спектакль көрсете беруден қатты жалығатын сәттер болады. Өйтпей ше? Ертелі-кеш көз алдыңда бір адамдардың ғана бейнесі. Кешке келіп қонатының қонақ үй. Ол болмаса ауылдық жерде бір үйге тобыңмен түсіп қонып шығасың. Көңілі дархан қазағым барынша сыйлап қонақ етіп-ақ шығарып салады. Таң атқанша думандатып отыратын сәттер қаншама? Бірақ, осының бәрінен мезі болып кететінің соншалықты мына сапардың тезірек аяқталып, отбасыңа, Алматыға жетуді аңсайсың. Ондай сәттерде көңіл көтеріп жүретін орнымен тауып айтар әзілкеш қыз-жігіттердің орыны бөлек әрине. Сондай жігіттің бірі - Бақытжан Әлпейісов.

Ұмытпасам тоқсаныншы жылдардың соңы болатын. «Кубань», деп аталатын қыста - суық, жазда - ыстық автобуспен Жамбыл облысының алыс аудандарын  аралап спектакль көрсетіп жүргенбіз. Кеңес үкіметі жаңа ғана ыдырап, халықтың әл-ауқаты жұтаңдап тұрған кезі. Кейбір ауылдарда дастархан жайып қонақ етпек тұрмақ «Неменеге келдіңдер? Қазір спектакль көретін уақыт па?», деген сөзді де естіп қаласың. Қазіргі бара жатқан еліміз қалай қарсы алар екен?, сұрақ бәріміздің де санамызда болатыны жасырын емес. Бәріміздің жабырқау жүзімізге қарап алған Алтекең (Алтынбек Кенжеков) жарықтық:

- Танауымның жыбырлап отырғаны-ай, ә?!, дейді. Сол-сол-ақ екен Бақытжан елп ете түседі:

- Танауыңнан айналып кетейін сенің!

Оған қалғандар жапа-тармағай қосылады:

- Осындай жақсылықты сездіріп отырған танаудың иесінен айналдық!

- Әкелші танауыңнан сүйіп қояйын!

- Құдай танауыңның тілеуін берсін!

- Құдай танауыңа ұзақ өмір берсін сенің!

Ал, енді танауға көрсетіліп жатқан осынша құрмет пен қошаметтің сыры неде дейсіз ғой?  Алтекеңнің «Танауым жыбырлады», дегені, Өнерге сусап отырған  ауылға бара жатырмыз.  Барған жеріміз көл-көсір дастархан жайып қарсы алады екен, - деп тұспалдағаны. Кейде айтқаны тура келіп сол күн жақсылыққа толы болса Алтекеңнің танауы делдиіп, аспандап кетеді.  Тіпті, ертесіне автобуста келе жатып:

- Әй, бұл танаудың қадірін білмей келген екенбіз-ау!

- Қолымда билік болса осындай танауларға өз қолыммен ескерткіш орнатар едім.

- Бұрын осы танау біртүрлі...пұшықтау көрінуші еді...Сөйтсек нағыз ерге лайық танаудың өзі екен ғой!

- Жолдастар бұл танауды аялайық! Ардақтай білейік! - деп даурығамыз.

- Иесін...Сол танаудың иесін ұмытып кетіп жүрмеңдер!-дейді, Алтекең танауын жоғарырақ көтере түсіп.

- Әрине! Әрине Алтеке. Сен болмасаң бұл танау біздің ортамызда отырар ма еді осылай таңқиып? Бүкіл он екі мүшеңнің ішіндегі ең асылы осы танауың үшін құрбан болуға дайынмын Алтеке! Тек, бұйырсаңыз болғаны Алтеке, деп тізерлей кетеді Бақытжан. Осындай қолдан жасап алған спектакльдерімізді ойнап отырып, өз көңілімізді өзіміз көтереміз. Сөйтіп отырып келесі ауылға да жақындаймыз.

- Алтеке, бүгін не дейді танауың? - деп сұрайды Айтжан Айдарбеков ағамыз шын ықыласымен қарынды денесін түгел бұрып.

- Біртүрлі кеулеңкіреп отырғаны. Бірақ жыбырлап отыр ма? Сол жағы сәл түсініксіздеу болып тұр.

Бәріміз Алтекеңнің танауынан үлкен үміт күтіп, соның жыбырлағанын тілеп телміре қаламыз. Алтекең түшкіріп қалады. Түшкіргені жыбырлағаны ғой. «Оһ!», деп санын шапалақтап қуанып қалады Айтжан аға. Қалғандарымыз іліп ала жөнелеміз. Бұл бір ғана танаудың төңірегіндегі әңгіме. Ал, осы сияқты қолдан құрап алған сценарилеріміз қанша болушы еді. Қандай кезеңде де өз шабытын өзі жанып арқаланып жүретін сол жандарды қалай аңсамассың!? Қалай құрметтемессің?

Алтекеңнің танауы жыбырламақ түгілі қышыма ауыруына шалдықса да өнерімізді керек етпейтін, тіпті азар да безер болып, қарсы алмақ тұрмақ спектакль қойдырмай ат тонын ала қашатын  басшылар болады. Ондай кезде салымыз суға кетіп, амалсыз аудан орталығындағы қонақ үйге қайтамыз. Күні бойы аш құрсақ жүрген, енді түнделетіп босқа өткен күн үшін күйініп келе жатқанда тағы да өз спектаклімізді ойнаймыз. Тағы да Бақытжан бастайды баяғы:

- Қайда әлгі әулиесымақ танау? Көрсетіңдерші көзіме! - дейді ызбарланып. Алтекең үнсіз ғана танауын төмен салып отыра береді.

- Ой, қойшы сол танауды. Қасиеті кетіп алжыған танау ол! - дейді  Айтжан аға кейіген үнмен.

- Ондай өтірікші танауларды сотқа беру керек, адамдардың асқазанын алдағаны үшін! - деп өзеурейді Ерсайын Төлеубаев. Бұл кезде Бақытжан Алтекең отырған тұсқа жақындап келіп қолын қалтасына салып үкім шығарады:

- Шығар бері қылмыскер танауды! Кесіп тастаймын. Кесіп алып терезеден лақтырам. Жатсын ит-құсқа жем болып. Адал достарын алдаған ондай танауға біздің арамызда орын жоқ!

Алтекең араша сұрағандай әркімге қарайды. Сол кезде бағанадан үнсіз отырған жасы жетпістен асқан Мәкіл Құланбаев ағамыз араласатын әзілге. Орынынан тұра келіп:

- Ағайын араша! «Жаңылмайтын жақ, қателеспейтін танау болмайды», - деген. Бүгін жаңылысса ертең оның орнын толтырады. Бүгінше кешірім жасайық. Ол үшін жетпіс жасаған қарт танауымды кепілге қояйын, - деуші еді. Ешқандай көрермені жоқ өзіміз үшін ойнаған спектаклімізге өзіміз қол шапалақтап мәз болып қалушы едік.

Қазір әңгімелеп отырсам әрине баланың ісі сияқты. Ешкімді қызықтырмас та бәлкім. Бірақ сахнада патшаны да, батырды да, ақынды да сомдап жүретін Ұлы дарын иесі - Актёр - деген халықтың ел біле бермейтін осындай кездері де болады.

ТРОСТЫҢ ДА ШІРИТІН УАҚЫТЫ БОЛДЫ

Қазақ театр өнерінің майталмандары Алтынбек Кенжеков пен Чапай Зұлқашев құрдас болатын. Екеуінің арасындағы жарасымды әзіл, тауып айтылған сөздерді күні бүгінге дейін алдынғы толқын ағалардың аузынан естіп жүреміз. Солардың бірі мынау:

Театрдан алатын жалақыны керек жеріне жұмсап қойған соң келесі жалақыға дейін бір-бірінен қарыз ақша ала тұру үйреншікті іс қой. Құрдас болған соң Алтекең мен Чапай ағамыздың арасында да ондай алыс-беріс болып тұрады екен. Әсіресе, жаңа спектакльдің тұсаукесері болып, жуу көбейіп кеткенде қалталарының түбі көрініп қала береді.  Алтынбек ағаға басты рольдер көбірек беріліп, мақтау мен марапатқа қарық болып жүрген кезі болғандықтан ананы сыйлап, мынаны сыйлап Чапай ағамыздан қарыз сұрауын тым жиілетіп жіберсе керек.  Бірде тағы да келіп:

- Чапай құрдас, ер мойынында қыл арқан шірімейді деген... - деп сөзін бастап келе жатқанда, бұған дейін Алтекеңнен мұндай әңгімені талай мәрте естіген Чапай ағамыз тұрып:

- Әй, Алтынбек қыл арқанды сөз қылып қайтесің, сенің мойыныңда тростың да шіритін уақыты болды ғой! - деген екен.

СОНДАҒЫСЫ ЕШКІНІҢ ҚҰМАЛАҒЫ

Автобуспен  күн ұзақ сапарлатып келе жатқанда әртістердің бірі «Қасқыр!» - деп айғай салатын. Алғашында «Қайда?» - деп терезеге  үңіліп, даланы көзбен шарлай бастайтынбыз. Кейін білдік қой әжетті нәрсе қысқандағы көлік жүргізушісіне айтылған мәдениетті ескерту екенін. Ондайда жүргізуші қалың ағашты немесе сай-салалы жерге тоқтай қалатын. Сосын әйелдер бір жаққа, ер азаматтар бір жаққа бөлініп қажеттерін өтеп келеді. Бірде сондай аялдаманың өзінде қызық оқиға болды. Жан-жаққа бөлініп кеткен артистер автобусқа оралсақ Ерсайын ағамыз шала бүлініп Алтекеңе (Алтынбек Кенжековке) кейіп отыр. Алтекеңде дүңкілдеп жауап қатып қояды. Алматыдан шыққалы бері тату-тәтті әңгімелесіп ақ келе жатқан. Бұларға не боп қалды? Екеуінің екпінін басып не болғанын сұрадық. Сөйтсек бәріне кінәлі газет екен. Иә, кәдімгі өзіміз күнде оқып жүрген газетке бола ренжісіп отыр. Ерсайын ағаның оқып отырған газетін дәретке кеткен Алтекең жыртып қойыпты. Соған бола айран асыр болып керісіп отыр.

- Болды, Ерсайын қойсаңшы енді! Бір газет атаңның құны ма еді? Соған бола ашулана ма екен адам? Сен де бала сияқтысың кейде, - деп Айтжан аға басу айтып еді. Ерсайын аға жылап жібере жаздап зарлап қоя берді:

- Ойбай-ау Айтжан аға қалай күймеймін енді? Мына сіздегідей, анау Айдостағыдай домаланған қарны, салбыраған құйрығы  болса бір сәрі. Бір газет емес екі газетті алып кетсе де жарасады. Адам деген шамасына қараса қайтеді екен. Мынау жатқан «Қазақстан пионерін» ала салмай, жолда оқимын деп алып шыққан «Социалистік Қазақстанның» жарты бетін жыртып әкетіпті. Жарты сағат отырып тастайтыны ешкінің құмалағы. Ал, жыртқаны «Социалистік Қазақстанның» жарты беті. Дұрыс па осынысы? - дейді екіленіп. Шыдай алмай қыран-топан күлістік. Жаңа ғана болмашыға бола жанжалдасып отырған ағаларымыздың өзі де бізге қосылып езу тарта бастады. Қайран бала мінезді ағаларым ай!

Әсел Назаралы

Abai.kz

2 пікір