Жұма, 29 Наурыз 2024
Арылу 5030 10 пікір 5 Сәуір, 2019 сағат 09:54

Instagram – өрмекшінің торы...

Көзінде от, жүрегі жалындап тұратын кешегі шоқтығы биік жігіттер мен аяулы қыздарымыздың бүгінгі бейнесі көз қуантарлық емес. Тұнып тұрған - иллюзия. Өзгенің бақыты. Қызыға, қызғана басылған амал жоқтықтың лайктары. Арагідік өзін салыстыру, төмендету, жек көру сезімдері байқалады. Мұңлықтың жасын төгіп ата-аналарын кінәләй жөнеледі. Отбасылық бітіспес конфликт. Шеті, шегі жоқ мәселе.

“Instagram” деген өрмекшінің торындамыз. 20 минут бұрын ғана депрессияның құрсауында отырған жас қыз, бақытты қалыпты селфи жасап, 40 минут фильтрациямен өңдеп, Instagram-ға жіберу функциясын басып қалды. 12 секунд өтті. Келіп түскені небәрі 3 лайк. “Әдемісің”-деген пікір қалдырыпты, бір жазылушы. Қыздың көңіл-күйі әп сәтте өзгеріп сала берді. Енді өмір сүруге болатын сияқты.

Байқаған боларсыз. Миллиондаған “Instagram” қолданушысында дәл осы рефлекс. Психикалық ауытқу салдарынан мыңдаған жүрек соғуын тоқтатып, қыршын жанынан қиылды. Сөзімізді дәйектеп өтсек. Тұтынушылар әлеуметтік желілердің ішінде адамның жүйке-жүйесіне кері әсері жағынан Instagram-ды ең нашар желі деп бағалады. Ұлыбритания ғалымдары арнайы ұйымдастырылған сараптама нәтижесінен кейін осындай қорытындыға келді.

Корольдік денсаулық сақтау қоғамының зерттеу жұмысына 14 пен 24 жас аралығында 1479 адам қатысқан. Олар ең танымал бес әлеуметтік желіге өз пайдаланушыларына келтіретін зияны бойынша баға берулері керек болатын. “Адам денсаулығы мен хал-ахуалына әсері жағынан Instagram мен Snapchat-тың көш бастап тұруы, өкінішті жағдай. Екі платформа да фотосуретке негізделген. Бәлкім, бар мәселе де сонда шығар. Олар өзгенің суреттерін, дене бітімін көріп, өздерін ұсқынсыз санап, іштей күйзеліске ұшырайтын болар” - дейді Корольдік денсаулық сақтау қоғамының басшысы Ширли Крамер.

Корольдік қоғам, сондай-ақ, әлеуметтік желі жасаушыларын, тұтынушыларын ресурстың қызметін шектен тыс пайдаланып жатқаны жөнінде ескертіп отыруды ұсынды.

Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Азапқа қалма езбеден.

Абай атамыз, шамасы тегін айтпаған. Бұл жалғанда сізде бар дүние өзгеде жоқ болуы мүмкін. Өзгеде бар дүние сізде жоқ. Салыстырудың қажеті шамалы. Бар деген батпан ғой. Жылтырақтың бәрі “жауһар” емес. Жылтырамағанның бәрі “жыртық” емес. Әр адам өзінше “ұлы”. Жүрегіңізге сүңгіп, түбін көздесеңіз өз “Меніңізді” табатыныңыз шүбәсіз. Эгоистің “Мені” емес. Жақсылыққа жаны жақынның “Мені”.

Көзіңізді жұмыңыз. Ұялы телефонды көзден таса жерге біршама уақытқа тастаңыз. Сөзсіз өміріңіздің арнасы дұрыс бағытқа қарай ығысады. Сізді ұлы қылатын инстаграм желісіндегі жасанды суреттер емес, сіздің лайықты іс-әрекетіңіз екенін ұмытпағайсыз.

Саяна Сейітқожа

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610