«Ардагерлер одағы» Мұхтар Тайжанды президенттікке ұсынбақ
«Ардагерлер одағы» дейтін ұйым алда болатын кезектен тыс президент сайлауына экономист Мұхтар Тайжанның кандидатурасын ұсынатынын хабарлады.
Десе де соңғы шешімді ұйымның енді ұйымдастырылатын кезектен тыс жиынында айтпақ екен. Мұхтар Тайжанның кандидатурасын ұсынып отырған ұйым – «Ардагерлер одағы» (Союз ветеранов) деп аталады. Тәжік-ауған шекарасында болған әскери қақтығысқа қатысқан бұрынғы әскерилердің құрған ұйымы көрінеді.
Экономист Мұхтар Болатханұлының кандидатурасын ұсыну туралы аталған республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы, гвардияның запастағы подполковнигі Мұрат Мұхамеджанов айтқан. «Іnbusiness.kz» сайты солай деп жазады.
«Біздің жоғарғы орган (кеңес) Конституциялық заңның екінші бабына сәйкес бір ғана кандидатты, біздің республикалық ұйымның мүшесі емес, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанды Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде ұсынып отыр», дейді подполковник Мұрат Мұхамеджанов.
Айта кетейік, бұл республикалық ұйымның соңғы шешімі емес. Жиын нақты ұсынылатын кандидатты жалпы жиналыста, дауысқа салу арқылы анықтайды. Соңғы шешім сол жиыннан соң белгілі болады. Ал жиынның қашан және қай жерде өтетіні туралы кейінірек анықталмақ.
Әзірге бары осы. Аталған ұйым президенттікке Мұхтар Тайжанның кандидатурасын ұсынды деген ақпарат әлемжеліге тарады. Біз Мұхтар Болатханұлының өзімен пікірлесіп, бұл шешім туралы ойын сұрамақ болдық. Алайда байланыс орната алмадық. Алдағы уақта Мұхтар мырзаның өз ойын да сұрап білетін боламыз.
Abai.kz