Дүйсенбі, 22 Сәуір 2019
Әліпби 1522 25 пікір 12 Сәуір, 2019 сағат 09:06

Сәдуақасұлы шығармаларындағы сындырылған орыс сөздері

Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қараш, М.Шоқай,
М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамбетұлы,
Қ.Кемеңгерұлы, С.Қожанұлы, С.Сәдуақасұлы т.б. сынды ұлт қайраткерлері
өмір сүрген кезең, өткен ғасырдың алғашқы ширегі ұлт мәдениеті мен тілінің
дамуына үлкен ілгерілеулер әкелді. Әсіресе ХІХ ғасырда қазақ
публицистикасының пайда болуы қазақ тілінің жазуының қалыптасуына,
ұлттық әліпби мен ұлттық терминологияның пайда болуына, ғылым мен
әдебиеттің өркендеуіне, қазақ тілінің ұлттық тіл ретінде дамуына, біршама
бірізділікке, ортақ нормаға түсуіне жол ашты.

Сол кезеңдерде отандық басылымдарда жиі жарияланып, қоғам дамуына үзбей үн қосып отырған ұлт қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының еңбектеріне талдау жүргізетін болсақ, тек автордың жеке шығармашылық тілін сипаттап қана қоймай, тұтас кезеңнің тілдік жағдайының бейнесін біршама айқындай түсеміз деп ойлаймыз. Бұл қазіргі таңдағы латын қаріпті жаңа әліпбиді қабылдау, сөйтіп, ұлттық емле мен ұлттық жазуымызды жаңғырту кезеңіндегі өзекті мәселелерді шешуге өзіндік үлес қосар деп санаймыз.

1929-1938 жылдар аралығында орыс тілі арқылы енген сөздердің
көпшілігі қазақ тілінің айтылымы бойынша жазылды, яғни кірме сөздер қазақ
тілінің фонетикалық заңдарына бағындырылып, грамматикалық
нормаларына сәйкестендіріліп, сөз жасау формаларына икемделді. Сөйтіп,
1938 жылға дейін кірме сөздер қазақ тілінің заңдылықтарына толықтай
бағындырылды, дыбыстық құрамы мен тұлғасы өзгеріп, сындырылды
(қазақшаланды). Мәселен,

«Сатсыйалды құрылыс»;

Ілетір (литр);

Ысталин (Сталин);

Тырактыр (трактор);

Пұрокұурор/пұркұурор (прокурор);

Текіс (текст);

Мәшійнійс (машинист)

Кіредійт (кредит) т.б.

Сындыру арқылы қазақ тіліне біраз сөз енген болатын.

Пәуеске (повозка);

Бөтелке (бутылка);

Шот (счет);

Шөтке (щетка);

Тәрелке (тарелка);

Болыс (волость);

Самаурын (самовар)

Күпәйке (фуфайка)

Шіркеу (церковь)

1929 жылғы әліпби жобасында:

- «бір дыбыс – бір әріп» принципі қатаң сақталды;

- түркі халықтары ұстанған принцип қатал ұсталды;

- оқуға қолайлы, жазуға оңай, өте қарапайым;

- кірме әріптер жоқ болды.

Ең басты мәселе орыс сөздерінің дұрыс орфографиялануы болды.

Осы кезеңдері әдебиет, публицистика саласына қалам тартқан С.Сәдуақасұлы да өз шығармалары мен мақалаларында орыс сөздерін жазуда сындырып, қазақ тілінің заңдылығына бейімдеп жазуды берік ұстанды.

Енді төменде жазушының сындыра қолданған сөздерін статистикалық
мәліметтермен қоса көрсетпекпіз. Мәселен «автономия» сөзін жазушы
түпнұсқа түрінде – 16 рет, қосымшалы формасын – 3 рет қолданса,
аптаномиа – 10, аптономия – 12 рет, туынды формасын – 1 рет қолданады.

автономия/зт - 16

автономиялы/сн - 3

аптаномиа/зт – 10

аптономия/зт -12

аптономияшылдық/зт – 1

Қазіргі уақыттағы «артист» сөзінің сындырылып қолданылып жүрген
«әртіс» нұсқасы С.Сәдуақасұлы шығармаларында «әртес», «әртестік» болып
игеріліп жазылған.

әртес/зт – 1

әртестік/зт – 1

«Артист» түпнұсқа варианты мәтінде кездеспеді.

Сол кезеңдердегі белсенді сөздердің бірі - «большевик» сөзі түпнұсқа
вариантта – 4, «балшеуек» нұсқасында – 3 рет қолданылған.

большевик/зт - 4

балшеуек/зт – 3

«Губерния» сөзі түпнұсқада – 9 рет, губерна/зт – 17, губерне – 78,

гүбірна/зт – 2 рет кездесті.

губерна/зт – 17

губерне – 78

гүбірна/зт – 2

губерния/зт – 9

гүбернелік/сн – 2

гүбірналық/сн – 1

гүбірнелік/сн – 1

губерниялық/сн - 1

Көріп отқанымыздай, «губерне» варианты басқа нұсқаларынан жиі
қолданылған. Түрленген формалары да түпнұсқа және сындырылып әртүрлі
нұсқада кездеседі.

Қазіргі «география» сөзі «жағрафия» түрінде 6 рет қолданылады.

Орыс тілінен енген «завод» сөзі түпнұсқада – 7 рет кездессе, зауыт
нұсқасында – 28 рет, яғни 4 есе жиі кездеседі. Түрленген формада жаңа
қолданыс – «зауытшік» сөзі 2 рет қолданылған.

завод/зт - 7

зауыт/зт - 28

зауытшік/зт – 2

Демек, бұл деректерден көретініміз, бұл сөздің «зауыт» нұсқасында
игерілуі сол кезеңде-ақ жүзеге асқан. Алайда, кейін кирилл әліпбиіне көшкен
кезеңде түпнұсқалық принципіне сәйкес көп уақыт бойы «завод» түрінде
жазылып келіп, кейінгі жылдары қайтадан бұрынғы игерілген нұсқасына
толықтай көшкендігі белгілі.

Осы сияқты қазір игеріліп кірігіп кеткен «шенеунік» сөзі де дәл осы
нұсқада жазушы тілінде кездеседі.

шенеунік/зт – 2

Мұндай в дыбысын у-мен беру басқа да сөздерде көрініс тапқан.

Мысалы:

прауалы/сн – 1 (правалы)

прауа/зт – 1 (права)

прауление/зт - 1

В-ның у-мен берілуіне «совет» сөзінің сындырылған нұсқаларын да
жатқызуға болады. Мысалы:

саует/зт – 12

сәует/зт – 1

совет/зт – 65

Сөз басында у-мен келуіне мына сөзді келтіреміз:
уистабке/зт-1 (выставка)
Сөз соңына қарай у-мен емес, б-мен берілген.

Қазіргі кезде в-ның орнына у алынып жүрген «еуропа» сөзі
С.Сәдуақасұлы шығармаларында а-мен беріледі. Мысалы:

ауропаша – 1

ауропашылатып – 1

Жазушының е-ні а-мен ауыстыруында да қисын бар сияқты, өйткені еу
дыбыс тіркесі үйлесімсіз дыбыстар, мұндай қолданыс қазақ тілінде сөз
басында кездесе бермейді.

Сол кезеңдегі маңызды терминдердің бірі «кооперация» сөзі жазушы
шығармаларында түпнұсқа формасында мүлдем кездеспейді. Оның
сындырылған нұсқаларының кездесу жиілігі төмендегідей.

каператса/зт – 1

каператсия/зт – 39

капратсия/зт – 20

капранса/зт -2

капрансиа/зт – 2

кәпірәтсия/зт – 2

Ең жиі қолданылған «каператсия» сөзінде орыстың қатар келетін оо дыбыстары а-мен, ц дыбысы т және с-мен ауыстырылып алынған. Яғни ХХ ғасыр басында ц-мен келетін орыс сөздерін жеке с-дан гөрі, тс әріп
тіркесімен алып қолдану басым деуге болады.

Ал мына «комиссариат» сөзі бірлі-жарым сөзде сындырылып
жазылғанмен, негізінен түпнұсқа вариантында кездеседі.

комиссариат/зт - 34

кемесериет/зт - 2

кемесерт/зт – 1

Осы сияқты «конференция» сөзі де түпнұсқада – 13 рет, сындырылған
нұсқада – 1 рет қана қолданылған.

конференция/зт - 13

конперенсия/зт – 1

Сындырылған нұсқада, көріп отырғанымыздай, орыстың ф және ц дыбыстары қазақ тілінде бар әріптермен жазылады.

«Милиция» сөзі түпнұсқада – 7 рет, сындырылып «мілітса» – 3 рет
кездеседі.

милиция/зт - 7

мілітса/зт – 3

Бұл сөзде орыс тілінен енген и, ц, я дыбыстары толығымен қазақ тілінің
дыбыстарымен ауыстырылып, түбегейлі сындырылған. Қазіргі латын қарпіне
көшуде терминдерді игеру қарсаңында осы «мілітса» сөзіндей етіп
сындырған дұрыс болар еді. Осындай түбегейлі сындыру жолымен тілімізге
біршама сөздер кірігіп кеткені белгілі. Мысалы, бөкебай, самаурын, бөшке,
тәрелке т.б. Мұның қатарына С.Сәдуақасұлы шығармаларынан «нашалнік»
сөзін де жатқызуға болады. Орыстың ч, и дыбыстары ш мен і дыбыстарына
ауыстырылып, жіңішкелік белгі алынып тасталған.
нашалнік/зт – 1 рет кездеседі.

С.Сәдуақасұлы шығармаларында ай аттары да сындырылып қолданыс
тапқан. Мысалы:

нойабір/зт – 1

октәбір/зт – 5

өктәбір/зт – 2

сентәбір/зт -2

януар/зт – 3

Көріп отырғанымыздай, я дыбысы дауысты дыбыстан кейін – йа-мен
беріліп, дауыссыз дыбыстан кейін ә дыбысына сындырылған. Екі дауыссыз
арасында қысаң дауыссыз дыбыс кірістірілген. Осы сияқты сындыру үлгілері
жаңадан жасалып жатқан емледе де көрініс тапқан. Мысалы, карөл, актөр,
парөл, ансәмбл т.б. [1]. «Ансәмбл» деп сындыруда қазіргі жаңа емледе
С.Сәдуақасұлы шығармасындағы ай аттарын сындырғанда қолданылған тәсіл – дауыссыз дыбыстардың арасында дауысты дыбыс қосу үлгісін алу қажет деп ойлаймыз. Яғни ансабль сөзін – ансәмбіл деп і қысаң дауыстыны қосып жазған дұрыс болар еді.

«Фабрика» соңғы а дыбысы түсіп қалған варинты көп кездескен. Бұл
жаңа емледегі газета сөзін – газет деп берген сындыру тәсіліне келеді.

Мұндай соңғы әріпті жазбау тәсілі С.Сәдуақасұлы еңбектерінде мынадай
сөздерде кездесті:

трибун/зт -1

школ/зт - 22

Жаңа емледе: «§92. Шеттілдік сөздердің соңындағы а әрпі сөз
мағынасына әсер етпеген жағдайда түсіріліп жазылады. Қосымшалар соңғы
буынға үйлесіп жалғанады: gazet (-tiń, -i, -ke, -ter), mınýt (-tyń, -y, -qa, -tar), sıfr
(-dyń, -y, -ǵa, -lar), kordınat (-tyń, -y, -qa, -tar), kapsýl (-dyń, -y, -ǵa, -dar),
kardıogram (-nyń, -y, -ǵa, -dar)» [1].

паберік/зт – 1

пабрик/зт – 9

фабрика/зт - 4

фабрик/зт – 15

Жазушы шығармаларында тіпті буын ортасына да дауысты дыбыс
кірістіріліп берілген нұсқасы да кездеседі, мысалы: паберік.
Осылар сияқты дауысты дыбыстар қосып сындырылған сөздер
біршама. Олар:

ысталауай/зт – 5 (столовый)

істүктір/зт - 2 (инструктор)

пылан/зт – 8 (план)

пыратакол/зт – 2 (протокол)

пыртакол/зт – 1 (протокол)

пүркерер/зт -1 (прокурор)

Бұдан, С.Садуақасұлының орыс сөздерін сындыруда қазақ тілінің
заңдылықтарына сүйенгенін көреміз. Ол заңдылық – буын ішінде дауыссыз
екі дыбыстың қатар тұрмауы.

Орыстың щ дыбысымен келетін сөздерде де түпнұсқамен бірге, бір не
екі ш-мен беру кездеседі. Қазіргі жаңа емледе де термин сөздердегі щ
дыбысын бір ш-мен беру туралы ереже бар. Алайда жаңа әліпбиде ш дыбысы қосәріппен (диграфпен – sh) берілген.

памешшік/зт – 1

памешік/зт -2

помещик/зт - 2

С.Сәдуақасұлы шығармаларында орыстың ч дыбысын да қазақшалап
ш-мен беру де орын алған және қазақ тілінің қосымшаларымен түрлендірген.
Мысалы:

помыш/зт – 3 (помочь)

помыштап/үс – 1

Жаңа емледе орыстың жіңішкелік, жуандық белгілерін алмау туралы
ереже бар. С.Сәдуақасұлы шығармаларында бұл белгілер алынбай
қолданылған сөздер де түпнұсқа және сындырылған вариантта кездеседі.

сиез/зт -10

съезд/зт – 25

уйез/зт -25

уезд/зт – 1

Сонымен қатар жаңа емледе съезд, журналист, повесть сияқты
сөздерде соңғы дауыссыз дыбыс алынбайтыны туралы айтылады.
С.Сәдуақасұлы еңбектерінде «съезд» сөзінің «сиез» түрінде кездесуі қазіргі
жаңа емленің сүйеніп отырған бастапқы арналары екендігі даусыз.
Сонымен, С.Сәдуақасұлы шығармаларында орыс сөздерінің қазақ
тілінің дыбыс жүйесіне бағындырылып жазылған, яғни сындырылған
нұсқалары көптеп кездеседі. Олардың кейбірі түпнұсқа варианттарымен
жарыспалы түрде қолданылса, енді бірі тек сындырылған нұсқада ғана
кездеседі. Сындыру кезінде сөздердің әртүрлі жазылуы да байқалады, яғни
бірнеше тұрпатта сындырылып отырған.

Орыс тілінен енген сөздер бірнеше тұрпатта жазылуы тек С.Сәдуақасұлы шығармаларына ғана емес, сол кезеңдегі қазақ тілінде
жазылған мәтіндердің бәріне дерлік тән құбылыс болды. Сондықтан 1938
жылы әліпби және емлеге бірнеше өзгерістер енгізіледі. Орыс тілінен енген
сөздер түпнұсқалыққа негізделе бастайды. Осы жылдардан бастап қазақ
әліпбиіне в, ф, х әріптері, кейіннен олардың саны екі есе өсіп кеткені белгілі.
Сонымен, 1920-1940 жылдары қолданылған орыс тілінен енген сөздер
қазақ тілінің заңдылығына бағындырылып жазылды. Қазақ жазу жүйесі
ұлттық сипатта болды. Алайда олар бірнеше нұсқада жазылғандықтан,
проблема туғызды. 1933 жылы бүкілодақтық пленумда Пальмбах кірме
сөздердің адам танымастай өзгеріске түскендігі туралы айтады. Сөйтіп, 1938
жылы «қазақ әліпбиі мен орфографиясын біраз өзгерту туралы» қаулы
жарыққа шығады. Осы қаулыда жасалған ережеден кейін орыс тілінен енген
сөздер түпнұсқалыққа жақындық принципі бойынша жазыла бастады
(колхоз, химия, хлор, вагон, вокзал, физика, актив, театр т.б.); Сөйтіп, қазақ
әліпбиіне в, ъ, ь, ц, щ, я, ю, ч тәрізді әріптер алдымен халықаралық
терминдерді, советизмдерді, онимдерді орыс орфографиясымен жазу үшін
енгізілді. 1939 жылы орыс графикасына негізделген қазақ әліпби жүйесіне
көшіру жедел түрде жүргізіле бастады; ь, ъ белгілері жаппай енгізілді.
Қазақ тілінің ұлттық жазуын қайта қалпына келтіру, жаңғырту тұсында,
латын қарпіне көшу кезеңінде терминдерді, шеттілдік сөздерді қазақ тілінің
дыбыстау жүйесіне бағындырып жазу принципі қойылып отыр. Осы ретте
С.Сәдуақасұлы шығармаларында кездескен сындырылып жазылған сөздер
жаңа жазуға көшуде өзіндік үлесін қосады деп ойлаймыз.

Әдебиеттер:

1 Жаңа әліпби негізіндегі қазақ емле ережелері. – Алматы, 2018.

Айман Жаңабекова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д.

Abai.kz

25 пікір