Ағайынды қиын таңдауға тіреп қоймайық!
Осы жерде сайлауға қатысты өз бастамаларын көтеріп жатқан, өздерін ұсынып, өзін демократ әрі оппозиция санайтын ағайынға бір өтініш: сайлау келеді, кетеді, біздің күрес жалғаса бермек! Сондықтан да жеке басқа барысып, бір-бірімізді мансұқ етіп, ғайбат сөз айтып, ат құйрығын кесіспейік!
Бізге бірлік керек! Әсіресе, дәл бүгінгі аса жауапты шақта бізді бірге жүр деп түсініп, қолдап келе жатқан ағайынды шатастырмайық, қиын таңдауға тіреп қоймайық!
Бәріміз де қолдауға, сый-құрметке лайықтымыз! Талай жыл мойымай, қуғын-сүргінге шыдап, оппозициялық ұстанымнан таймай келеміз. Бәлкім, саяси күрестің стратегиясы мен тактикасына қатысты әртүрлі көзқарас болуы мүмкін. Бірақ қазіргі бір адамға табынған саяси жүйені түбегейлі өзгертуге қатысты ортақ пікіріміз біздің бірлігіміздің іргетасы болуы тиіс.
Сайлауда бір-бірімізді қолдайық!
Ал өзара түсінбеушілікті 9 маусымнан кейін асықпай отырып, талқылап, талдайық!
Өзімнің жеке басыма қатысты ғайбат сөз айтып жүрген кейбір әріптестерге айтар сөзім осы...
Әміржан Қосанның facebook парақшасынан
Abai.kz