Зеленский: "Пост кеңестік елдер бізге қарасын!"
Пётр Порошенко Украина президенті сайлауының екінші турындағы қарсыласы Владимир Зеленскийді жеңісімен құттықтады. Бұл туралы ұлттық экзитпол нәтижелері жарияланған баспасөз конференциясында белгілі болды. Сайлау нәтижесі бойынша, Зеленский 73 пайыз, ал Порошенко – 25 пайыз дауысқа ие болған.
Зеленскийдің жеңіске жеткенін экзитпол ғана емес, Украинаның ресми орталық сайлау комиссиясы да растап отыр. Орталық сайлау комиссиясы президенттік сайлаудың екінші турындағы электронды хаттамалардың 52,03 пайызын өңдеп болғанын, қазірше көш басында Зеленскийдің тұрғанын мәлімдеді.
Біз ресми мәліметтерге кезек берейік. Қазір Владимир Зеленский көш бастап тұр, оған тұрғындардың 73,04% дауыс берген. Ал Петр Порошенконы сайлаушылардың 24,61% жақтаған. Жарамсыз болып қалған бюллеттендер саны 2,33 пайызды құраған.
Экзитпол қорытындылары жарияланған уақытта өз штабында мәлімдеме жасаған Зеленский отбасы мен жақтастарына алғыс айтты. Ол посткеңестік елдерді Украинадан үлгі алуға шақырды.
Зеленский: "Мен әлі ресми президент емеспін. Әйтсе де Украинаның азаматы ретінде мынаны айтқым келеді. Бұрынғы Кеңестік елдер, бізге қараңдар! Бәрі де мүмкін (қазір әр ел өз таңдауын жасай алады)!" деді.
Бұның алдында жақтастарының көзінше сөйлеген Порошенко экзитпол нәтижелеріне сенетінін айтып, қарсыласын құттықтауға дайын екенін мәлімдеген. Украина президенті сайлаулардың әділ әрі таза өткенін мойындады.
Ұлттық экзитпол қорытындысы бойынша, шоумен Владимир Зеленскийді Украинаның басты ірі аймақтарында, соның ішінде батыс аймақтары да қолдады. Ол туған Днепропетровск облысында сайлаушылардың 90 пайызы соған дауыс берді. Порошенко Украинаның батысындағы екі облыста ғана алда келеді, қалған барлық облыстарда Зеленский жеңіске жеткен. Сайлау аннексияланған Қырым мен Ресейдің қолдауына ие жікшілдер бақылауындағы Донбасс аудандарында өткізілмеді.
Порошенко саясаттан кетпейтінін, елдің еуропалық тарапта қала беруін жақтайтындығын мәлімдеді. Порошенконың айтуынша, ол Зеленскийге жаңа қызметтегі алғашқы қадамдарын жасауға көмектесуге дайын.
Владимир Зеленский Ресейден украиналық саяси тұтқындардың барлығын қайтаруға әзір екенін мәлімдеген. Ресеймен қандай байланыс орнататыны туралы сұраққа Зеленский "норманд форматындағы" келіссөздерді жалғастыратынын айтты. Зеленскийдің айтуынша, басты мақсат – Донбастағы соғысты доғару.
АҚШ-тың Киевтегі елшілігі Зеленскийді жеңісімен құттықтады. Зеленскийді Еурокеңес басшысы Дональд Туск және НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг те құттықтады. Украина президентінің инаугурациясы 3 маусымда өтеді.
- Владимир Зеленский 1978 жылы туған, 41 жаста. Көпшілікке "95-й квартал" командасының актёр-комигі әрі шоумен ретінде танымал. Бірқатар комедиялық фильмдерге түскен.
Abai.kz