Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Көршінің көлеңкесі 31741 111 пікір 26 Сәуір, 2019 сағат 15:27

Қытай тыныш жатқан қазақтың «құйрығын» бекер басты

Бүгін Қазақстан Республикасының экс-президенті, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде өтіп жатқан "Бір белдеу - бір жол" форумына қатысып, үшінші болып сөз сөйледі.

Бұл күнде «Бейжің», "Бір белдеу - бір жол" десе болғаны, біздің есімізге бірден Шыңжаңдағы этникалық қазақтар сап ете түседі.

Кеше «Азаттық» сайыты "Қазақ-қытай қатынасында Назарбаевтың салмағы әлі басым" деген мақала жариялап, онда Елбасымыздың аталған форымда Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың тағдырына қатысты мәселені көтеретіні немесе көтермейтіні туралы сұрау салыпты.

Көпшілікке белгілі, Шыңжаңдағы аз санды мұсылман ұлттардың, оның ішінде этникалық қазақтардың да Қытай үкіметінің саяси қысымына ұшырап, азапты да ауыр күндерді басынан өткізіп жатқалы үш жылдың жүзі болды.

Шынын айту керек, Қазақ билігі бұл мәселеге бей-жай қараған жоқ. Көршілік достық пен стратегиялық әріптестікті сақтап, түскен өтініштер негізінде қалыптасқан сыпайы дипломатиялық жолмен сұрау сала білді...

Бір сөзбен айтқанда, Назарбаев билігі төмендеген жоқ. Кісілігін сақтап, істің соңын сабырмен күтті.

Отбасы мүшелері бір-бірінен бөлініп, арғы бетте қалған ағайындар «Саяси үйрену» лагеріне топ-тобымен тоғытыла бастаған тұста, олардың Атажұрттағы ағайындары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне арыз түсіре бастады.

ҚР Сыртқы істер министрлігі болса, «Сіздің ағаңыз Қытай азаматы болғандықтан сол елдің құзыретті органдары ол кісінің мәселесін Қытайдың ішкі заңнамасына с»йкес қарастыратынын мәлімдеді» деген стандартты жауаппен шектелді.

Себебі, 1963 жылы 18 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының 55-бабының 1-тармағы бойынша бір мемлекет екінші мемлекеттің ішкі істеріне қол сұғу құқығы жоқ.

Сөйтіп, жағдай түсінікті болды.

Біз «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқыладының» кебін киіп, мемлекетімізді жерден алып, көрге тықпадық. Есесіне, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жолға қойған демократия, сөз бостандығы құндылықтарын пайдаланып, қайта сүйікті Отанымызға көмектесуге – аталған мәселені Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған №217 А (III) «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын» негізге ала отырып, халқаралық беделді құқық қорғау ұйымдарының назарына ұсынуға тырыстық. Мұндай сәтте, әрине, азаматтық қоғам атқа мінеді

Құдайға шүкір, ағылшын тіліне судай, ұлтым десе, жанын шүперекке түйген Серікжан Біләшұлы деген ініміз дайын тұр екен, атойлап шыға келді! Шыңжаңдағы «Саяси үйрну» лагеріне топ-тобымен қамалған қазақтардың босап келгендері мен осындағы туыстарының жанайқайын күндіз-түні видиоға жазып алып, интернет желілеріне жүктеді де отырды. Бұл жұмыс үш жылға таяу жалғасты. Ал, ҚР Сыртқы істер министрлігі жұмысын өз бетінше жүргізіп жатты...

Соңы не болды?!

«Amytsty International»,   «Human Rights Watch» бастаған тарихы ұзақ, тәжірбесі мол, беделі күшті халқаралық ұйымдардың өкілдері мен әлемдік БАҚ жұрналистері Алматыға жаңбырша жауды. «Атажұрт еріктілері» мен оның басшысы Серікжан Біләшұлы Қытайдың «Саяси үйрену» лагерлерінің сырын ашуда – бірінші дереккөз, терезе бола білді. Қытайдың аз санды ұлттарға жасап жатқан айуандығынан бүкіл әлем хабар тапты. Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орыны бар мемлекет екенін, қазақтың еларалық заңнамаларға өте жеттік ұлт болып қалыптасып келе жатқанын әйгіледі...

АҚШ салған санкцияның астында қалған Қытай  билігі «Саяси үйрену» лагерлерін «Кәсіби оқыту орталықтары» деп атауға мәжбүр болды.

Тоқ етерін айтқанда, Серікжан Біләш ұсталғанда Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Лу Канг 11 наурызда Reuters ақпарат агенттігіне пікір білдіруі, АҚШ, Германия бастаған алпауыт елдердің өре түрегелуі – ініміздің Қытайдағы қазақ мәселесін қай деңгейге жеткізгендігінің айқын белгісі екенін ел жақсы түсінді.

Байқайсыздар ма, оңғы уақытта Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяодың аяғы күйген тауық құсап тынымы кете бастады. 20 наурызда Елбасымен, 27 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. 2 сәуірде ҚР Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның қабылдауында болды. Қытай Елшісіне Дариға Нұрсұлтанқызы «ҚХР-дағы этникалық қазақтар Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынаста «достық көпірі» деп, Шыңжаңдағы қазақ мәселесін төтесінен қойды. Одан қалса, Чжан Сяо мырза біздің отандық БАҚ арқылы қайта-қайта түсініктеме беріп, берекеге шақырып әлек.

Айтпақшы, өткен жылдың 22 қарашасында Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барып, Бейжіңде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, оған Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылы Қазақстанға ресми сапармен шақырған сәлемін жеткізбеп пе еді.

Ал, биыл 15 қаңтарда ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо журналистерге берген сұхбатында «ХР төрағасы Қазақстанға ресми сапармен келуі мүмкін» деді. «Келеді!» деп, кесіп айта алмады. Демек, Си Цзиньпиннің Қазақстанға келетін, Нұрсұлтан ағасына тура қарайтын беті жоқ деген сөз!

Нұрсұлтан Назарбаев жай адам емес. Ол - Си Цзиньпинді он орайтын Дэн Сяопин секілді әлемдік деңгейіндегі тұлға!

Қазақстан мен Қытай арасындағы, Өзбекстан мен Қытай арасындағы, Қырғызстан мен Қытай арасындағы және Тәжікстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастағы «достық көпірі» Шыңжаңдағы этникалық қазақтар, өзбектер, қырғыздар және тәжіктер болса, ендігі жерде сол «достық көпірді» солқылдатпай ұстап тұратын бірден-бір тетік – «Бір белдеу - бір жол» жобасы болмақ!

Қытай тыныш жатқан қазақтың «құйрығын» бекер басты!

«Бір белдеу - бір жол» жобасына бүкіл Батыс тіс-тырнағымен қарсы!

Бүгін Серікжан Біләшұлының «аузын жапқанымызбен», ертең Ұларбек Дәлей мен Ырысбек Дәбей шығуы мүмкін.

Өр Алтайдың Мамыр бастаған марғасқа ұлдарын Қытай бейкүнә соттады деп, олардың да азу тістері қарш-қарш етіп, арыстандай атылғалы отыр олар.

Қырғыз ағайындардың мінезі екібастан белгілі, екі рет төңкеріс жасаған. Анау-мынаңызға қарамайды, ереуілдетіп шыға келеді. Аш қалса қалады екен, Қытай ашқан алтын кеніңіді өртеп, күлін кһкке ұшырып жіберуден тайынбайды.

Өзбек пен Тәжік те туысқанын тулақша сабатып қойып, қарап тұрмасы тағы анық...

Қысқасы, ала қаптың аузы баяғыда ашылып кетті. Қазаққа тиісем деп, Қытай Түркі тектес халықтардың бірлігін тіпті де нығайтып аларын әу баста бағамдамаса керек?!

Қазір қай елде болса да көп мәселені биліктен гөрі азаматтық қоғам тез шешіп жіберуге құлшынып тұратын заман болғанын Си Цзиньпин мырзаның түсінетін уақыты жетті  деп ойлаймын. Сонымен бірге, ұлтты жоюдың жолы – «Саяси лагерге» қамау емес, үлде мен бүлдеге орау мен салыстырмалы еркіндік беру екенін де жақсы білгені жөн Цзиньпин жолдас!

Сондықтан, бүгін Бежіңде өтіп жатқан «Бір белдеу - бір жол» халқаралық форумында Си Цзиньпин мырза Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтың, Сооронбай Жээнбеков пен Эмомали Рахмоновтың өтінішін айтқызбай, көзінен түсінгені дұрыс болар еді!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

111 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052