Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 14620 6 пікір 6 Мамыр, 2019 сағат 11:27

Тоқаев – ердің сойы, елдің қамқоры

Ардың атымен бастадық!

Екі сөзіміздің екеуінде шындық, біреуінде – өтірік жоқ.

1. Біліктік қасиеттері

Ертеден, заман бейнетін елмен қатар көруді маңдайына жазған әулет екен, қазақ қасіретін де басқамен бірге басынан толық кешті. Кейін, пешенесіне жаңа қоғам орнату, алаш мемлекетін құру дәуірінде өмір сүру бақыты бұйырды.

Өзі – жақсы дәстүр жалғасы, сойы – ұлт құндылықтарын қастерлеген қасиетті шаңырақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, шын мәнісінде, кешегі ата-бабаларынан бастап бүгінге шейін халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан отбасы перзенті.

Әкесі де (Кемел Тоқаев) еліне елеулі, халқына қалаулы тұлға.

Қазақстан Республикасының іргетасын қалаушы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіздікті қалыптастыру және нығайту жылдары, жас мемлекетіміздің ең жауапты, ең күрделі кезеңдерінде, білікті маман, тәжірибелі мемлекетшіл тұлғалар тапшы тұстарда, сенімді серігі, анық қолдаушысы, тіпті, талантты шәкірті бола білді.

Таланты ерте танылған Елші.

Бір кезде жарты әлемді билеген Кеңес Одағы Қасым-Жомарт Тоқаевты кәсіпқой дипломат ретінде аса жоғары бағалады. Ол қызметтік баспалдақтардың қарапайымынан Елшіліктердің лауазымды басшылары қатарына дейін жылдам өсті.

Әулет, ағайын-туыс, қала берді, ұлт мақтанышына айналып келе жатты. Бірақ, ешқашан құламайтындай көрінген, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты Одақ ыдырап, қағаз қораптай шашылып қалды. Қазақстан Тәуелсіздік жариялады. Жас маман, алғыр да сұңғыла дипломат елге де қажет еді.

Парасатты адам. Білімді, білікті әрі қазірдің өзінде Президент. Кеңес Одағы кезінде оқыған-тоқыған, көрген-білгені арқасында, бәйге шауып, топ жарып шыққан сұңғыла қазақтың азы болды. Сол аздың – бірі емес, бірегейі еді.

Мәртебесі аса жоғары оқуға түсті, ең озық ұстаздар дәрісіне құлақ түрді, өрелі ортада қалыптасты, білім жарыстырған қарымды, қабілетті шоғырдың алды болды, бірнеше тіл меңгерді, көрген тәлімін көкірегіне түйді. Бірақ, арманы әлі алда, қол созған мұраты жолда еді, ол мектеп қабырғасынан ұлт мүддесіне қызмет етуді ойлады, әке тәрбиесі, ата өсиеті, баба аманаты осы болатын.

Елдестіруді, мемлекет басқаруды біледі. Үлкен де ұзақ мектептен көз алдымызда өтті.

2. Кісілікті қасиеттері

Қасымжомарт Кемелұлы – қазақтың азапты жылдарын өз басынан өткерсе де, мойымаған, мойынсынбаған, керісінше, қайта түлеп, ілгері ұмтылған, жалпы ұлт мүддесімен қатар, өз жеке бақыты үшін жанқиярлықпен аяусыз күрескен, жүздеген, мыңдаған қазақ шаңырағының, отбасының бір бел баласы болды.

Елдің қайғысын түсіне білетін, алаштың хал-ахуалын тани алатын, қаланы да, ауылды да бөліп-жармай, қатар бағалап, Қазақстанды Әлем биігінен, Әлемді Қазақстан биігінен көрген, ұққан, қадіріне жеткен, кең масштабта пайымдайтын іс-тәжірибесі, саяси кемел сауаты, орнықты пікірі, тұрақты позициясы, өзгермейтін ұстын-ұстанымы бар, үміткер жұрт арасындағы ең білікті, ең білімді, тіпті, бірден бір жүйрік, байсалды да терең тұлға.

Киіз туырлықты қазақты, қара орман халықты адастырмайтын, көшті бастауға көшелі көзқарасы, кешенді ой-пайымы, ең бастысы, нақты жоспары қолында, атқаратын қызметі, жүретін жолы, басатын қадамы анық, кешегі ұлт қайраткерлері тәрізді иығына түскен ауыр жүкті ауырсынбай тік көтере тұрып, жүріп кете алатын оны бүгінгі заманның сайыпқыраны дерсіз.

3. Ұлтқа қызмет

Қазақ үшін қастерлі ұғымдар Тәуелсіздік пен Егемендік екенін айтып, жазып өткен зиялы әке Кемел Тоқаевтан оңашада, оқшау сәттерде шытырманға толы жайттарды біліп, өткені мен кеткені асыл арманға бай, тілеуқор жұрт тарихынан салиқалы сан әңгіме естіді, шерлі шежіреге қанық, ұлт қазынасына, руханиятына терең бойлап өсті, қашанда екеуара сұқбаттары – құнарлы тақырып өзегіне қарай ойыса беруші еді, елдің тірегі – атамекені, Ұлы Дала, Ұлы Отан арқасүйері ер-азаматы екені, қонақта, үйде, дастарқан басында жиі көтеріліп, қиссалардай айтылып, дастандардай шертілетін еді. Рух қайнары, Темірқазық  бастауы – бостан ел, гүлденген жер, еркін халық –  қадірлі әкенің ұлт тағдыры жайындағы ұзақ толғаныстарының өзекті тақырыбы еді.

“Әке туралы толғаныс” атты құнды мемуарлық естелігінде сұңғыла Қасым-Жомарт Кемелұлы жиырмасыншы ғасырдың басында, қазақ басына күн туған нәубет жылдары, атасының өз шаңырағын, керегелі әулетін, үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасын көлденең қырғын, қарсы келген ажалдан аман алып қалу жолында қалай жанталасқаны, қалай күрескені туралы жазған тұстарын оқығанда, Президент бойына жанашырлық, жомарттық тәрізді қараның қамын жеп, көптің жайын ойлаған кісілік биік қасиеттер қайдан келгенін бір сәт түсінгендей де боласыз.

4. Қазақтың төл перзенті

Жанкешті баба, о тәйірі, бардың малына, жоқтың басына жармасқан аласапыран, қым-қуыт, аумалы-төкпелі жылдары, қазақты күштеп ұжымға кіргізіп, көн­е қоймағандарын Итжеккен айдатып, жер аударған әділетсіз, аяр заманда жарын соңынан ертіп, екі ұл, бір қызын кезек көтеріп, іргедегі қырғыз еліне, қа­зіргі Бішкек қаласына бас сау­ғалап, қаңғып келе жатқанда, қазақ басына түскен тағдыр тауқыметі Абылай дүние салған заманнан бері елге қайыр бермегені, жұрт береке таппағаны туралы сан мәрте ойланған да шығар. Қазақ тірі болса, талай Абылайлар туар әлі, соның бірі, тіпті, бірегейі қазаққа мемлекет әперіп, кейін оның шәкірті өз кіндігінен тараған ұрпақ боларын сол сәт аңғарды ма десеңізші.

Қоныстанушылардың басқа жер, бөтен елде көрген бейнеті, тарт­қан азабы да аз болмайды. Тағдыр тауқыметін көтере алмаған әйелі дертке ұшырап, сал болып жатып қалады.

Бұл қазақ ел асып, жер ауған дүрбелең заман еді. Жұрт, негізінен, Қытай ауды. Әкесінің айтуынша, атасы бұл көштен бас тартқан екен. Жат жерде өмір сүру оңай емес, біреудің босағасындағы тірліктің жайлы бола қоймасы тағы анық.

Әрі Отан мен отбасы арасындағы байланыс үзіледі, ағайын-туған алыстайды, елден келетін хабар-ошар тоқтайды, бір атаның баласы бір-біріне суиды.

Бәрі жиылып, отбасылық кеңесте қырғыз жақты дұрыс деп табады. Фрунзеге дейінгі азапты жолды жүріп өтіп, қалаға аман-есен жетеді.

5. Тарихқа – құрмет. Дәстүрге – адалдық

“Әке туралы толғаныста” Қасым-Жомарт Тоқаев Фрунзедегі әкесінің өмірі қандай жағдайда өткенін, паналаған үйі қанадай болғанын кейін көргісі келетінін жазады.

“Қазақ отбасын паналатқан қожайынның есімі Яков екен, қазақ тілінде айту қиын болғандықтан ол бірден "Жақыпқа" айналып кеткен. 70-ші жылдары әкем маған Бішкекке барып, сол үйді көргісі келетінін айтатын. Қым-қуыт тіршіліктің уайымымен жүріп сапарын кейінге қалдырумен болды, ақыры бара алмай кетті... Қара үйдегі қасірет – ол ең ауыр жыл еді, жұрт аштыққа ұшырап, күн сайын мыңдаған адам ажал құшып жатты. Келе жатқан қаһарлы қыс ең ауыр сынақ болды. Кедейлер үшін қыс ешқандай жақсылық әкеліп жарытпайтындығы белгілі. Сол қыста мерт болғандардың арасында әкемнің жақын туыстары да бар еді... Қожайынның үйінде жұмыс істеп жүрген күндердің бірінде атам еңбегіне алған ескі етікті нанға айырбастау үшін қала базарына барады. Жейтін бірдеңе іздеу мақсатында ағасы Қасыммен бірге әкем де базарға кетеді. Қалаға барар жолда оларды қаңғыбас балаларды жинап жүрген милиция патрулі тоқтатады. Нашар киінген екеуін тұл жетім – қаңғыбас балалар деп ойлап, оларды күшпен арбаға отырғызады. Балалардың қаңғыбас емеспіз, біздің ата-анамыз бар деген сөздеріне, жалынып-жалбарынғанына милиционерлер назар аудармайды. Тіпті, олардың бірі “егер де қарсыласа берсеңдер, құдыққа тастап жібереміз” деп қорқытады. Осыдан кейін балалар тынышталып, тағдырдың дегеніне мойысұнып, сабасына түскен. Бір сағаттан соң оларды жетімдерді қабылдайтын жерге әкеледі”.

“Құжаттарын шұғыл рәсімдегеннен кейін балалар үйіне апарған. Осылайша әкем аз ғана ғұмыры қалған ата-аналарының көзі тірісінде-ақ жетім атанған. Сол қасіретті күні әжем үйде кіші қызымен қалады. Әкемнің қарындасы қатты суықтан қорғанып, пештің жанында ойнап отырған екен. Бір кезде аяғы тайып, жанып тұрған отқа түсіп кеткен. Төсекке таңылған ана сәбиіне қол ұшын соза алмайды. Туған баласы тірідей өрт құшағына оранған қасіретті оқиғаны көруден басқа дәрмені жоқ ана жүрегі де осынау жан шошырлық көрініске шыдай алмай, бірнеше минуттан кейін мәңгілік тыныс тапқан. Бір сұмдықты сезген атам мен Яков жүгіріп жеткен. Қайғылы оқиғаны көріп, әл-дәрмені құрыған атам әйелінің жанына тізерлей отырып, егіліп жылаған. Осы аралықта Яков пешке су шашып, одан жанып кеткен қыздың денесін шығарып алған”.

“Яков атама әйелі мен қызын жерлеуге көмектескен, одан кейін екеуі жоғалған балаларды іздеуге шыққан. Ұзақ уақыт іздегенмен нәтиже болмаған. Ешкім де олардың қайда екендігін айтып бере алмаған. Көршілерінің бірі балаларды бір үлкен адамдар күшпен арбаға отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткендігін айтады. Бұл әйелі мен қызының өліміне қосымша тағы бір үлкен соққы болды. Оған қос ұлын қылмыскерлер немесе әлдекім құлдыққа алып кеткендей көрінеді. Ол кезде мұндайлар көп екен. Үйге әрең дегенде жеткен ол Яковке өмірдің мүлде мәні қалмағанын айтып мұңаяды. Балалардың бірі қайтып оралатын болса қол ұшын беруді сұрайды. Сол түні атам үйден біржола кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген. Осылайша ол із-түзсіз жоғалған”.

 

6. Мемлекет және қоғам қайраткері

Тәуелсіз Қазақстан туын көтеріп, мемлекет құрған Елбасы серіктерінің бірі ретінде, ол халықаралық байланыстарды нығайтып, Республикамыздың адам құқықтарын, құндылықтарын мұрат тұтқан бейбіт ниетті, зайырлы ел екенін бүкіл әлемге паш етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы саяси мектептен өткені белгілі. Ол мемлекеттік қызметтің барлық түрін атқарды: Премьер-министр де болды, Сенатты да басқарды, енді, міне, Мемлекет Басшысы болып отыр.

Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы “Данышпандар Кеңесінің” мүшесі.

Білімді, білікті әрі қазірдің өзінде Президент Тоқаев – лауазымды шенеунік қызметкер ғана емес, ол, сонымен қатар, бірнеше саяси, ғылыми және көркем кітаптардың авторы.

Саяси ғылымдардың докторы.

Халықшыл. Жасынан ұлтына қызмет етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бір мемлекет қазақ және қазақстандықтарды көркейту жолында елді басқаруға даяр саясаткер.

Елдің әлеуметтік жағдайын жақсарта түсуді қазірдің өзінде қолға алып жатыр. Экономикалық саясаты айқын, мәдениетке ерекше көңіл бөліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев – біздің Президент.

Қазақстан халқы Президент мырзаның айтқан уәдесіне кәміл сенеді, себебі, қазақтың қиын тағдыры жолында, азап-мехнат жолында қалыптасқан тұлға, бейнетін де көрген, зейнетін де таныған ұлт қайраткері.

Қара халық алдында, жомарт сайлаушылар алдында ары да таза, азаматтығы да абыройлы, білікті маман екендігі – екі бастан анық.

“Мың өліп, мың тірілген” ұлт қадірін, ұлы Отан құнын, қастерлі  Тәуелсіздіктің бағасын жақсы біледі.

Ердің сойы, елдің қамқоры.

Дидар Амантай

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385