Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 7762 12 пікір 8 Мамыр, 2019 сағат 10:42

«Бір белдеу – бір жол» және жаһандану жолайырығы

Қытай төрағасының екі реткі саммитте сөйлеген сөзі негізінде

2019 жылы 26 сәуір күні Қытай төрағасы Си Цзиньпин екінші рет өткен «Бір белдеу-бір жол» халықаралық ынтымақтастық саммитінде «Бір ниетпен «Бір белдеу – бір жолдың» көркем болашағын бірге құрайық» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол осыдан екі жыл бұрын өткен «Бір белдеу – бір жол» халықаралық ынтымақтастықтың алғашқы саммитінде «Қолұстасып «Бір белдеу – бір жол» құрылысын ілгерілетейік» деген тақырыпта баяндама жасаған болатын. Қытай мемлекет басшысының бұл баяндамалары «Бір белдеу – бір жолға» ғана емес, Қытайдың жалпы сыртқы саясаты мен халықаралық қатынастарына бағыт сілтейтін құжат болып табылады. Сондықтан бұл баяндамалар Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің болашақта Қытаймен қандай қарым-қатынаста болатынын анықтаумен қатар, әлемдік процеске де терең ықпал жасауымен сипатталады.

ҚХР-дың сыртқы саясаты мен дипломатиясы үлкен мемлекеттерге (державаларға), көрші мемлекеттерге және дамушы мемлекеттерге бағытталған принциптері бойынша жүргізіледі. Ал әлемнің даму процесі жаһандану бағытында кетіп барады. Жаһанданудың жетекшісі – АҚШ бастаған батыстық дамыған мемлекеттер. Әрине, ҚХР да жаһанданудан тыс қалған жоқ, экономикалық жаһанданудың пайдасын көріп отыр. Соңғы қырық жылдан бері жүргізген әлеуметтік реформасы мен ашықтық саясатының арқасында Қытай әлемде екінші орындағы экономикалық алып тұлғаға айналды. Алайда батыстық жаһанданудың адамзатқа ортақ құндылықтарының жершарын шарпи түсуі, ҚКП-ның түп мақсатына, идеологиялық мұратына кереғар келіп, сын-қатерлер төндіре түсті. Мұндай катерге төтеп берудің бірден-бір жолы – жаһандануға балама (алтернативті) жол ұсыну деп түсінді ҚКП басшысы. Қытай өзінің мол қаржылық потенциалы мен терең де бай мәдениеті негізінде, күшті идеологиялық үгіт-насихат жүргізу арқылы әлемдік процеске ықпал ететініне, тіпті қытайлық концепцияны немесе жаһандануды жүзеге асыратынына сенім байлады. ҚКП ХІХ съезінде қабылданған «төртке сенім» принципі соның көрінісі.

Кеңістіктің кеңдігі мен санның молдығына көп көңіл бөлетін қытайлық ойлау жүйесі бойынша, сондай-ақ дамушы елдердің қаржы мен технологияға зәру, алайда дамуға талпынып отырғанын дәп басқан ҚХР билігі, көршілері мен Азия және Афика елдерін қамтитын жоба құрып, оған «Жібек жолы» немесе «Бір белдеу – бір жол» деген көркем есім қойды. Міне, бұл ісжүзінде Қытайдың жаһандануға ұсынған жаңа үлгісі еді.

Бұл жобаны ҚХР төрағасы Си Цзиньпин халықаралық инициатива ретінде 2013 жылы қыркүйек, қазан айларында Қазақстан және Индонезияға жасаған сапарында алға қойды. Содан 4 жыл өткен соң, яғни 2017 жылы 14 маусым күні 100 ден астам мемлекеттің өкілдерін Бейжіңге шақырып бірінші рет салтанатты саммит өткізді. Алғашқы саммитте Қытай басшысы халықаралық инициативасын ұсынудың тарихи, реалдық негіздерін, ынтымақтастық концепциясы мен принциптерін, жүзеге асыру мехнизмдері мен қаржы қайнарларын пайымдаса, бұл жолы жобаны іске асырудың нәтижесін қорытып, алда жасайтын жұмыс жоспарымен бөлісті.

Қытай басшысы алғашқы саммитте: «Мен 2013 жылы күзде Қазақстан мен Индонезияға сапарлай барғанда, Жібек жолы экономикалық белдеуін және ХХІ ғасырдағы Теңіз жібек жолын ортақ құру, яғни «Бір белдеу – бір жол» атты инициативаны ұсынған едім, содан бері 4 жыл өтті. Бұл саясат ұштасудың тереңдеген төрт жылы болды; бұл инфрақұрылымдарды байланыстыруды нығайтқан төрт жыл болды; бұл сауданың үздіксіз өрлеген төрт жылы болды; бұл қаржы қосудың ұлғая түскен төрт жылы болды; бұл халықтар жүрегін тоғыстыруды ілгерілетудің төрт жылы болды» – деп түйіндеді.

Әрине, Қытай жобасының дамушы елдердің әлеуметтік экономикасының дамуына серпін бергенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен одан көтерілген мәселелер де адамды алаңдатарлық. Қытай Жібек жолы бойындағы елдерге мемлекеттік кепілдіктермен инвестиция салады, кредит береді және технология енгізіп, энергетикалық ресурстарын ашады, маңызды имфрақұрылымдар құрылысын жасайды. Сол арқылы қытай қорланып қалған валютасын айналымға салады, қажетінен асып қалған өндіріс қуатын экспорттайды. Егер қарыз алушы мемлекеттер кесімді уақытта қарызын валютамен қайтара алмаған жағдайда, порт немесе кендерін Қытайға ұзақ мерзімге пайдалануға беру арқылы төлейді. Шетелдік ақпарларға қарағанда, қазір Қытай қарызын қайтара алмайтын елдердің саны 23-ке жеткен. Олардың қатарында Орта Азияда Тәжікстан мен Қырғызстан бар. Оңтүстік Азиядағы Шри-ланка қарызы үшін өзінің үлкен Хамбантоте портын Қытайға 99 жылға пайдалануға берсе, Африкадағы Джибутиде өзінің азаматтық портын қарызы үшін пайдалануға берді,енді оны Қытай әскери мақсатта пайдаланбақшы деген ақпар бар.

«Бір белдеу – бір жол» аясында Қытаймен келісім жасаған кейбір мемлекеттер келісім-шарттарын қазір қайта қарай бастады. Мысалы, Малайзия басшысы Махатхир бұрынғы үкімет қол қойған ұзындығы 680 гм созылатын «Шығыс теңіз жағалауы шойын жолы» жобасын қайта қарып, жасалу құнын бұрынғы 60 млрд долларды 40 млрдқа түсірді. Мұны шетелдік сарапшылар «Қытай саяси-дипломатиялық мақсатын орындау үшін, зиянға отырса да ол жобаны орындауға келісті» деп бағалады.

Осындайда ойға оралады, біздің үкімет Қытай инвестрлерін химия зауыттарын салғаны үшін кейбір салық түрлерінен босатуға шешім қабылдады. Мұндай «Бір белдеу – бір жолдың» өз принципіне де қайшы келетін шешімді қандай негізде қабылдағаны бізге түсініксіз. Әлем елдері Қытайдың «қарызға батыру» сыртқы саясатынан қауіптеніп отырғанда, Қазақстан үкіметінің Қытайдан кредит алуын жалғастырып жатқанын тіпті де түсінбейміз. Жақында ғана қытайлық сарапшылардың: «Қытай экономикалық жақтан Қазақстанның сыртқы саясатына толық ықпал жасайтын деңгейге жетті» дегені, біздерді ойландырса игі еді.

Ендігі жерде «Бір белдеу – бір жол» құрылысы қалай өрістейді? Бұған ҚХР төрағасының сөзін келтірейік:

1) Біз болашақта «Бір белдеу – бір жолды» бейбітшілік жолы етіп құрып шығамыз. Ынтымақтасып жеңіске бірге жетуді көздеген жаңа типтегі халықаралық қатынас қалыптастырамыз. Әрбір мемлекет бір-бірінің егемендігіне, салауатына, территориялық тұтастығына, даму жолына және қоғамдық институттарына, ядролық мүддесі мен аса маңызды істеріне құрмет етулері керек.

2) Біз болашақта «Бір белдеу – бір жолды» көркейген жол етіп құрып шығамыз. Әрбір елдің көмескі даму күштерін ашамыз, экономикада үлкен сіңісуді, дамуда бірлесіп қозғалуды, жемісті ортақ игіліктенуді жүзеге асырамыз. Біз құрлық, теңіз, әуе, интернет сынды төртті бір жүйелендірген байланыс хабын қалыптастырамыз, маңызды өткелдер, қалалар, жобалар бойынша, құрылықтағы тас жол, шойын жол тораптары мен теңіз порттары тораптарын байланыстырамыз. Сондай-ақ біз саясаттың, ереженің, өлшем-критерийлері сынды үш сала бір жүйеге келген, өзара байланысу өзара қатынауға механизмдік кепілдік жасаймыз.

3) Біз болашақта «Бір белдеу – бір жолды» ашық жол етіп құрып шығамыз. ... Біз көпжақты сауда жүйесін қолдаймыз, еркін сауда аудандары құрылысын, сауда мен инвестицияның еркін әрі қолайлы болуын ілгерілетеміз. ... Ашық, толерантты, жалпыға бірдей пайдалы, тепе-тең, ортақ жеңіске жететін экономикалық жаһандануды іске асырамыз.

4) Біз болашақта «Бір белдеу – бір жолды» инновация жолы етіп құрып шығамыз. Цифрлы экономика, жасанды интеллект, кванттық компьютер қатарлы озық ғылымдар саласында ынтымақтастық орнатып, үлкен цифрлық қамбасы, есептеу, ақылды қала құрылысын ілгерлетіп, ХХІ ғасырда цифрлы Жібек жолына жалғаймыз.

5) Біз болашақта «Бір белдеу – бір жолды» өркениет жолы етіп құрып шығамыз. Білім беру ынтымақтастығын ілгерілетіп, өзара студенттер жіберу көлемін көбейтіп, бірлесіп мектептер ашу деңгейін көтереміз. Эксперттер рөлін сәулелендіріп, ақыл қамбасы одақтастығы мен ынтымақтастық торабын жақсы істейміз. Біз халықаралық антикоррупциялық ынтымақтастық орнатып, «Бір белдеу-бір жолды» таза жолға айналдырамыз.

«Бір белдеу-бір жол» құрылысының іргетасы Жібек жолының тарихи топырағына сіңірілген, оның түйіні Азия, Еуропа және Африка құрлығы, сонымен бірге барлық достарға да есік ашық».

Міне, бұдан «Бір белдеу – бір жол» жобасының қытайлық жаһанданудың моделі екенін анық аңғаруға болады. Қытай өзінің осы жобасын іске асыру үшін, саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және рухани-мәдени салада жаппай пәрменді жобалар мен шараларды іске асырып келеді.

Өткен жылдан бері АҚШ ҚХР-ға «сауда соғысын» бастады. Айтуда «сауда соғысы», іс жүзінде саяси идеологиялық шайқас. Нақтылап айтқанда "әлемге жетекшілік ету, жаһандану батыстық мәдениетте жүре ме, әлде қытайлық мәдениетте жүре ме?" дегенге саяды. «Сауда соғысына» бір жылдай болып қалды. Байқасақ, АҚШ дүниежүзінде қалыптасқан саяси экономикалық тәртіп пен ережелер және заң-принциптерге сүйеніп, ҚХР-ды тұқыртуда. Қытай амалсыздан АҚШ-тың қойған талаптарына мойынсал бола бастады. Жақында ҚХР – АҚШ арасында «сауда соғысын» тоқтату келісімшартына қол қойылатын түрі бар.

Бұл мәселеге Қытай төрағасы Си Цзиньпин екінші реткі саммитте сөйлеген сөзінде астарлап жауап берді. «Бір белдеу – бір жол» инициативаның мақсаты – өзара байланыс жасау өзара қатынау, прагматикалық ынтымақтастықты тереңдету, қолұстаса отырып адамзат кез келіп отырған әртүрлі сын-қатерлерге төтеп беріп, өзара пайда табу, жеңіске бірге жету, ортақ даму.

Біздің тырысып іске асырытын мақсатымыз – жоғары өлшем, халыққа пайдалы болу, тұрақты даму, жалпыға бірдей халықаралық ережелер өлшемдері бойынша іс жүргізу, сонымен бірге әр елдің заң ережелеріне құрмет ету.

«Бір белдеу – бір жолды» бірге құрудың түйіні – өзара байланыс, өзара қатынаста болу. Сондықтан біз бүкіл жершарын шарпыған байланыс- қатынас әріптестік қатынасын орнатып, ортақ дамып гүлденуді іске асыруымыз керек.

Қытай болашақта әртараппен бірге үздіксіз тырысып, жаңа Азия-Еуропа көпірі қатарлы экономикалық дәлізді жетекші ете отырып, Қытай-Еуропа тасымал пойызы, құрлық және теңіз жаңа жолдары сияқты үлкен жолдар мен ақпараттық қарқынды жолдарды негіз ете отырып, шойын жол, порт, басқару тораптарына сүйене отырып өзара байланыс өзара қатынау хабын құрады.

Біз болашақта тіпті де көптеген мемлекеттермен ақылдаса отырып, жоғары өлшемдегі еркін сауда келімісіне қол қойып, кедендік бақылау, салық тарифтері, аудиттік бақылау салалалары бойынша ынтымақтастықты нығайтып, «Бір белдеу – бір жолдың» салық салу басқару ынтымақтастық механизімін орнатамыз.

Біз төртінші индустрия революциясының дамуына сәйкесіп, цифрландыру, тораптандыру, интеллектендіру сынды даму орайын пайдаланып, цифрлы Жібек жолын құрамыз.

Біз халықаралық даму ынтымақтастығын ілгерлетуге күш салып, дамушы мемлекеттерге тіпті де көп даму шансы мен кеңістігін қалыптастырамыз, олардың кедейліктен арылуына көмектесіп, тұрақты дамуын іске асырамыз.

Біз белсенді түрде әртүрлі өркениеттер арасында өзара үйрену, өзара тәжірибе алмасу көпірін саламыз, гуманитарлық салада ынтымақтастықты тереңдетеміз.

Біз болашақта  «Жібек жолы» Қытайдың үкіметтік стипендиясы жобасын жалғастырамыз. Біз болашақта «Бір белдеу – бір жол» интеллект қамбасы ынтымақтастық комитетін, ақпарат ынтымақтастық одағы механизмінен құрып, жан-жақтағы интеллект пен күшті топтаймыз.

Біз болашақта жалғасты түрде қытайлық ерекшеліктегі социализм жолында адымдап алға баса береміз,  жалпы беттік реформаны тереңдетуде, жоғары сапада дамуға, сыртқа ашықтықты кеңейтуге, бейбіт даму жолында жүруге  табанды болып, адамзат тағдырының ортақ тұлғасын құрамыз» – деді. Осыдан Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің болашақта Қытаймен интеграциясының тереңдей түсетін болжауға болады.

Ал «сауда соғысында» АҚШ-тың қойып отырған талаптарына орай ҚХР төрағасы өз ұстанымын пайымдады: «Қытай бірқатар маңызды шараларды қолданып институциялық, құрылымдық (конструкциялық, структуралық) орналастыруларды күшейтіп, жоғары деңгейде ашықтықты ілгерлетеді.

1) Сыртқы инвестицияның рынокке енуіне тіпті де кең салаға рұқсат береміз. Сондай-ақ тіпті де көп салаларда шетел инвестицияның акция ұстануына немесе жеке-дара инвестиция салып менеджер болуына рұқсат береміз. «Шетелдік инвестиция заңының» қатаң атқарылуын қамтамасыз етеміз. Біз болашақта әділетті бәсекелестік, ашықтық ынтымақтастық арқылы елдің ішкі қамдау-ұсыныс құрылымына реформа жасаймыз, ұтымды түрде асып қалған өндіріс қуатын қолданыстан шығарып тастап, қамдау-ұсыну жүйесінің сапасы мен өнімділік деңгейін көтереміз.

2) Зияткерлік құқықты қорғауда халықаралық ынтымақтастықты тіпті де нығайта түседі. Зияткерлік құқықты қорғау – ішкі-сыртқы инвестиция кәсіпорындарының заңды құқығын қорғауға ғана қажет болып қалмастан, жаңа типте мемлекет құру, жоғары деңгейде дамудың ішкі талабы болып табылады.

3) Тавар және сервистерді импорт етудің көлемін тіпті де кеңейте түсеміз. Қытай әрі «әлемдік фабрика» әрі «әлемдік рынок». Біз болашақта әлі де кедендік тарифті төмендету арқылы, әртүрлі тарифтік кедергілерді жойып, Қытай рыногінің есігін айқара ашамыз, әлемнің әр елінің жоғары сапалы өнімдерін қарсы аламыз.

4) Халықаралық макроэкономикалық саясатты реттеуді өнімді түрде іске асырамыз. Қытай көршіні тұқырту үшін валюта курсын девальвациялау жасамайды, қытай юаньның салыстырма баламасын жасау механизмін кемелдендіре түседі.

5) Сыртқа ашықтық саясатын тиянақтандыруға тіпті де көңіл бөлетін болады. Шектеуі бар халықаралық келісімшарттарды орындаудың атқару механизмін орнатады, әділетті бәсекеге кедергі келтіретін, рынокті бұрмалайтын үйлесімсіз тәртіптерді, дотация беруден тазартып, барлық кәсіпорындар мен менеджерлерге әділетті мәміле жасап, нарықтандыру, заңдандыру, қолайландыруды жүзеге асырамыз.

Біз әлем елдерінен инвестиция салуға қолайы орта жасауды, Қытай кәсіпорындарына, студенттері мен ғалымдарына тең мәміле жасауды үміт етеміз».

Соғы бес мәселе ҚХР-АҚШ «сауда келіссөзінде» Қытай тарапы бастартып келген мәселе болатын. Қытай төрағасының бұл сөзі - оның АҚШ-қа қайтарған ресми жауабы. Іс жүзінде Қытай қарсыласының қойған талаптарын қабылдағанын білдірді. Бұдан ендігі жерде Қытайдың әлемде қалыптасқан жалпыға бірдей отрақ әділ халықаралық ережелерге бойұсынатын, әлемдік өркениетпен қауышатынын аңғаруға болады. Бұл жақсылықтың нышаны.

Тарихи тәжірибелер көрсеткендей, әлемнің екіге бөлініп қарсыласқаны адамзатқа жақсылық әкелген емес. ХХІ ғасырда дамуды желеу етіп Қытай «Бір белдеу – бір жолын», АҚШ «Үнді-Тынық мұқиты» жобасымен әлем елдерін қарсыластырмауы керек. Керісінше, олар әлемге шынайы үлкен жауапкершілік алуы қажет.

ҚХР төрағасының АҚШ-тың сауда келіссөздер талабын қабылдауы, оның қытайлық жаһанданудан бастартқандығын білдірмейді. Болашқта Қытай «Бір белдеу – бір жолы» жобасы жоғарыда айтылғандай жалғастыру арқылы, қытайлық құндылықтарды немесе тотаритарлық саяси мәдениетін Жібек жолы бойындағы елдерге сіңіріп, қытайлық концепциядағы жаһандануды жалғастыра береді.

Қытай өркениеті – қытай ұлтының өркениеті, оның шығыстық сипаты басым. Оны қазіргі таңдағы тотаритарлық, жартылай тотаритарлық немесе монархиялық саяси жүйедігі (ішінара мемлекеттерден басқа) Азия, Африка елдері билеушілері онша жатырқай қоймайды. Оның үстіне ол үлкен қаржымен жасалып жатқан жағдайда.

Ал, АҚШ бастаған батыстық жаһандану белгілі бір ұлттың мәдениеті негізінде емес, қоғамның жоғары деңгейде дамуынан жалпы адамзатқа ортақ өркениет құндылықтары негізінде тәбиғи түрде өріс алған процес. Ол демократиялық, құқықтық, нарықтық қоғамдық қатынастарды қалыптастыру барысында кемелденіп отыратын үрдіс. Адамзаттың ең негізгі арманы – адами еркіндігін, кісілік қадірін және меншігін сақтау. Мұны тек мемлекеттік демократиялық құқықтық жүйе ғана қамтамасыз ете алады. Мұны жалпы әлем мойындайды және оны армандайды. Бірақ әрбір ел, әсіресе Шығыс елдері өздерінің ұлттық ерекшеліктерін дәріптеп, адамзатқа ортақ  демократиялық жүйеге өтуге асыға қоймайды. Соның типтік мысалын қазіргі  Қытай билігі көрсетіп отыр.

Қытай әлмедегі алып ел, ықпалы мемлекет, соңғы жылдары «Бір белдеу-бір жолы» жобасы аясында ақшасын аямай жұмсап өзінің дүниежүзіне ықпалын тіпті де тереңдете түсті. Ендігі жерде «Бір белдеу – бір жол»-дың екінші кезеңіндегі ұзақ мерізімдік жоспарын іске асыруға тырысады. Әрине, оған алдымен өзінің қаржылық әлеуетінің әлісіреуі кедергі болуы мүмкін. Деседе ҚХР әрқандай істің саяси нәтижесіне назар аударатын мемлекет, оның дипломатиясы бүгін үшін ғана емес, көбінесе ертеңі үшін қызмет жасайды. Осы тұрғыдан қарағанда, алдағы уақытты Қытай мен Батыс арасындағы бәсекелестік үдей түседі деуге негіз бар.

Бәсекелестік түйіні жаһандануға саяды десек, онда жаһанданудың жолайырққа тірелгенін байқаймыз. Түбінде шығыстық өркениет жеңеме, әлде  батыстық мәдениет басым түсеме, оны уақыт көрсетеді. Бірақ әлемнің арпалыста болатыны анық.

Қытай басшысының екі реткі самите сөйлеген сөзі төменгі тораптан алынды.

http://www.xinhuanet.com//politics/2017-05/14/c_1120969677.htm

http://www.xinhuanet.com//politics/2019-04/26/c_112412087.htm

Нәбижан Мұқаметханұлы, т.ғ.д., профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Қазіргі Қытайды зерттеу орталығының» директоры

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383