Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 7982 4 пікір 14 Мамыр, 2019 сағат 22:29

Қанат Әбілқайыр. Сұрмерген – Сүлейменов

Тарихтағы көлеңкелі күндер тізбегі тым ұзаққа созылып шұбатылып жатыр. Сонау 1945 жылдың көктеміндегі ұлан-асар тойдың өзі сол көлеңкенің қапталында қалып барады. Қанды қырғынның аяғы қызыл жалаудың желбірегенімен тәмамдалған-ды. Сол бір қырғында қызыл жалаудағы түске қаншама батырдың қаны сіңді екен? Оның ішінде қаншасы қазақ?

Қазір орнында бар оңалған заман. Ұрпақтан ұрпақ өсті. Өткен күн болмағандай мамыражай тірлік кешіп жатырмыз. Сан мыңдаған жандардың бір жеңіс идеясына топтасып, талмай қызмет еткені ұмыт. Қыршын қиылған жандар да көмескіленіп санамыздың күнжиегіне батып барады. Қазір тек Ресейдің сыңаржақ идеологиясымен уланып, өз батырларымызды іздемейтін, олар туралы жазбайтын болдық.

Рас. Жылдар диірмені шыр айналып, бізге тәуелсіздік сыйлады. Тағдырымызға жазылған тауқыметті тағдырдың ақырғы нүктесі қойылды.

Етек-жеңімізді жыйғалы көлеңкелі тарихтың күңгейіне беттегіміз келді.

Сол күнгейдегі екінші дүниежүзілік соғыстың әр күніне үңілгіміз келді.

Сол қиян-кескі ұрыстарда Отан үшін опат болған батырларымыздың ерлігімен мақтанғымыз келді.

Соғыстан жәдігерлікке қалған сары-ала қағаздарға үңілдік. Тау-тау құжаттардың иісі сонау 1915-1945 жылдардағы әр күнді көз алдымызға елестетті. Ойланыңызшы, сол күндердің жәдігеріндей жандардың өзі сиреп, бітуге таяды. Тағы да тозығы жеткен архив қағаздарына үңілдік. Біздің көз алдымызда Жамбыл атамыздың жырындай тізбектелген көп батырдың ішінен дараланып жас батыр Ыбырайым мергеннің кескіні тұрып алды. Ол жаудырған әрбір оқ қазақтың қандай батыр халық екенін өзгелерге ұғындырып жатқандай әсерге бөледі. Бізге 281 фашисті жер жастандырған мерген өз биігінен қарап тұр. Бірақ, халқы үнсіз отырғандай ма, қалай өзі?.

Қарақтарым, оқыдым!

Хаттарыңды арнаған,

Батырлықты тоқыдым,

Бұрын құлақ шалмаған,

Неше алуан ел өткен,

Мұндай ерлік болмаған,

Қаһарың жер тербеткен

Қайрат берген сол маған,

Баймұрзин мен Бұрышев,

Жауған оқтан таймаған,

Танктермен ұрысып,

Нажағайша ойнаған,

Ыбырайым, Мырзабай,

Жау қыруға тоймаған…

Жәкең жарықтықтың (Жамбыл Жабаев) осы өлеңін оқыған жан бар ма арамызда қазір. Оқыса, осындағы Ыбырайымды білер кім бар? Тарқатып көрсек, әлетімізше...

Тұлпарды тұяғынан таныған…

Рас. Біз Толағай сынды тау қопаратын бір ұлды аңсаған елміз. Қобыланды мен Алпамыстай арда туған азаматтарға зар болған ұлтпыз. Әрине, алып анадан туады. Ондай ұлды қазақтың алтын құрсақты аналары дүниеге сан мәрте әкелген. Сонда да, әлі күнге қоғамына түбегейлі өзгеріс әкелетін батыр ұлды аңсаймыз. Бір қызығы, ондай жандар ортамызда жүруі де мүмкін. Болмаса, өлгеннен соң ғана оның Алпамыстығын (Алтынбек пен Заманбек мысалын алыңыз) мойындаймыз. Қоғамы желкесінен мылтық атқандай, өлгеннен кейін де ескермей қоятын Қобыландыларымыз жеткілікті. Сондай ескерусіз оғланның бірі һәм бірегейі Ыбырайым Сүлейменов еді. Ыбырайымның батырлығы сонау соғыс жылдары майдандағы сарбаздардың Жамбыл Жабаевқа жазған хатында былай көрсетіліпті:

«Қырағы қырдың қыраны,

Даланың ор қояны,

Таудың жүйрік бұланы,

Немістерді екі жүз,

Отыз тоғыз өлтірген

Сүлейменов Ыбырайым

Қазақтың батыр ұланы».

Әрине, бұл жыр. Жырға татитын Ыбырайымның жүріп өткен иір-қиыр жолдары не дейді? Біз әлетімізше соны жырлағымыз келеді.

Ыбырайым 1911 жылы Сарысу ауданының, «Қызыл күншығыс» ұжымшарында (Қазіргі Байқадам кеңшары) туған. Соғысқа аттанғанға дейін Жамбыл ауданындағы Жамбыл МТС-інде тракторшы болып жұмыс істеген. 1941 жылдың күзінде Жамбыл қаласынан әскерге шақырылып, Алматыға жөнелтілген. Онда 100-ші жеке атқыштар бригадасының құрамының 2-ші батальонында мергендікке шыныққан. Командирі капитан Ф.Ушаков, комиссары капитан Р.Ашкеев болған. Сол кездің өзінде Ф.Ушаков Ыбырайымның батырлығын танып:

«Біздің Сүлейменовке ешкім тең келмейді. Отан соғысында қазақта Сүлейменовтен асқан мерген жоқ. Біздің Сүлейменов Совет Одағының батыры болады», — депті. Ұстаздан осындай баға алған Ыбырайым батыр 1941-42 жылдың қысында Мәскеу түбінде қорғаныс шебінде аттанады.

Иір-қиыр жолдар…

Бригадаға М.И.Калинин мен Резерв майданы соғыс кеңесінің мүшесі К.Ф.Телегин «Қызыл ту» тапсырады. Алдыңғы қатарғы офицерлер мен әскерлердің кеудесіне «Отличник РККА» деген төсбелгі тағады, сол төсбелгінің бірі Ы.Сүлейменовке беріледі. Осыдан кейін 100-бригада Калинин майданының құрамында Псков облысының жерін азат етуге қатысады. Ондаған елді-мекендерді қан кешіп жүріп азат етеді. Приездово, Дроздово, Тройня, Плеханово және т.б. Молоой Туд деревнясы үшін болған жан алысып, жан беріскен шайқасқа қатысады. Осы ұрыста Ыбырайым Сүлейменов 79 фашисті жер жастандырғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Великие Луки түбіндегі шайқастарда бір өзі 60 фашисті және жояды. Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені берген.

Сол кезде 239 фашистің көзін жойған сұрмергенге арналып, «Фронтовик» газетінің 1943 жылға 10 наурызындағы саны жарық көреді. Осылайша Ыбырайымның батырлығы бүкіл майданға жария болды. Одан әрі қарай жылжыған батырлар Невель қаласы үшін шайқасты. Осы шайқаста немістің 42 әскерін о дүниеге аттандырып, батыр қазақ Ыбырайым ерлікпен қаза табады. Бұл қазан айының 15 жұлдызы еді.

Невельдіктер Ыбырайымды әлі құрметтейді

Ыбырайым батыр жайлы деректерді қарап отырсаңыз біраз жайларға қанығасыз. Ыбырайымның атында сонау Невель қаласында көшенің аты беріліпті. Ыбырайыммен қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова, қазақтың белгілі жазушысы Әзілхан Нұршайықов бірге соғысыпты. Оның арпалысты жолдарының ақтық нүктесі де өзгеше қойылған. Невель қаласында қазақтың мақтанышы Мәншүк екеуі бір күнде опат болған. Қайғының қара бұлты қазақтың екі аптал азаматының жүзін жапқан. Ажал екеш, ажал да бір ұлттың қос мақтанышын бір күнде алып кеткен. Бұл жөнінде Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымының төрағасына Алматы қаласының Әуезов аудандық Ардагерлер ұйымының мүшесі Ахметқазы Булатовтың жазған хаты айтады.

Ол хатта:

«1941 жылдың қазан-қараша айларында Алматыда 100-ші дербес қазақтың атқыштар бригадасы құрылды. Соның 2-ші батальонының командирі Ф.Ушаков, штаб бастығы О.Сырлыбаев болатын. Марқұм Ыбырайым осы бригаданың снайперлер бөлімінде болды. Жаттығу кезінде командиріміз Сүлейменовті жиі мақтап, «мерген болсаң, Сүлейменовтей бол» деуші еді. Ыбырайым соғыс әдістерін — шабуылда да, қорғаныста да, барлауда да дәлдікпен, ақылмен орындайтын. Ол өзі алпамсадай денелі, қызыл шырайлы, көп сөйлемейтін салмақты, мінезі қасындағы жауынгерлерге үлгі еді.

Біздің бригада Апрельское, Погорелое, Городище, Старица және т.б көптеген елді-мекендерді басып, жаяу ауыр жорықтарды бастан өткерді. 1942 жылдың ызғарлы күзінде Солижарово мен Ржев арасында майданның алдыңғы шебі жаудың қыстық бекінісіне келдік. 39-шы Армияның құрамында болдық. Келген бетте 12 бекініс елді-мекенін босаттық. Осы бекіністерді бұзуда Ыбырайымның еңбегі көп болды.

Пулемет пен жабық зеңбіректерді алға бастырмай тұрған кезде оларды дәлдікпен атып, көзін жойып батальонға жол ашып отырды. Осыдан бастап, оның ерлігі күн санап арта берді. Екі иығына екі винтовка, біреуі СВТ, біреуі бесатар, оптикалық прибор, екі мешок, бірінде оқ дәрі, бірінде керек-жарағы болушы еді. Орыстың сықырлаған сары аязында «өзінің аң аулаған» кәсібімен мергендік есеп книжкасын толтыра бастап еді. Ол өлтірген жау 50-ден асып кетті, оның еңбегі «За боевые заслуги» медальімен атап өтілді. Марқұмның атағы екінші — кіші Сталинград деп аталған Великие Луки қаласы үшін болған шайқаста ерекшеленеді. 15 тәулікке созылған бұл соғыста өлтірген фашистің санын 180-ге жеткізді.

1943 жылы ақпан айында Невель бағытына шықтық. Қазанның 14-інен 15-іне қараған түнінде біздің бригада Невель қаласынан 15 шақырым қашықтықта жатқан Изочи станциясын алуға бұйрық алды. Осы ұрыста амал қанша жау снарядының жарықшағы тиген Ыбырайым қаза болды.

Осы шайқаста арттан көмек жете қоймай, жау бізді біраз шығынға ұшыратты. Мәншүк Мәметова сол күні қайтыс болды. Бірақ оны сол түні жерлей алмадық, мүмкіндік бермеді. Есіл ер Ыбырайымның денесін жеке арбаға салып Невель қаласының ортасына жеткізіп зиратқа қойдық. Невель қалалық советі батырды мәңгілік есте сақтау үшін бір көшенің атын берді. 1979 жылы барғанда сол көшенің бойында кездескен адамнан бұл көшенің атын алып тұрған кім деп сұрағанымызда, «білеміз осы қала үшін жанын қиған қазақтың атақты мергені» деді. Ал бізді осы соғыстан кейін таратып, бригададан дивизия жасап, басқа фронтқа ауыстырып жіберді. Тарап кеткен соң, Мәншүкке де, Ыбырайымға да Жұлдыз берілмеді. Мәншүкке 6 айдан кейін М.Ғабдуллиннің жоқтауымен батырлық берілді».

Рас. Бұл хат та біраз дүниенің бетін ашады. Невель қаласында бір бұрылыс пен бір көшенің аты Ыбырайымның атында болуының өзі мақтаныш. Кеңес Одағының Батыры атағын шенділер бермегенімен, сол тұста жергілікті халық Сүлейменовті құрметтеп өз қаласынан бір көшенің атын берген. Әлі де құрметтей берері сөзсіз.

Ресми деректер сөйлейді

Соғыс кезінде тылдағылардың да еңбегі ерен болғаны баршаға аян. Тіпті, Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өренім» атты жырын бала кезде біз де жаттап өстік. Тоқсанды алқымдаған ақсақал үйінде жатып, жырымен соғыс даласындағы балаларының намысын жаныған-ды. Ыбырайымның да майдандас достары Жамбыл атаға хат жазыпты. Оған жауап ретінде қарт ақын арнау жазады. Сол арнау әскерге күш береді. Тылда жүріп, жаумен шайқасқан Жамбылдың жырына Ыбырайымның ерлігі де арқау болады. Бұл өлең «Социалистік Қазақстан» газетінде, сонымен қатар барлық майдандық басылымдардың бетінде жарық көреді.

«Танктермен ұрысып,

Нажағайша ойнаған,

Ыбырайым, Мырзабай,

Жау қыруға тоймаған…» — деген жолдарды әрбір қазақ оқыды.

Ал 100-атқыштар бригадасы өз құрамында болған 3-тегеурінді армияның сол кездегі қолбасшысы, армия генералы К.И.Галицкий өзінің «Годы суровых испытаний 1941-1944» деген кітабында Ыбырайым Сүлейменовтің еңбегін былай деп атап көрсетеді.

«Знакомя меня с личным составом…, в частности, представили двух снайперов — старшего сержанта Ибрагима Сулейманова, награжденного орденом Красной Звезды, и Ахмата Жумагулова. На счету у первого из них было 239 убитых фашистов, у второго — 101». (Издательство «Наука», 1973, стр. 152).

Бригадалық газеттің редакторы болған Қасым Шәріпов өзінің «Қатардағы қаһарман» деген кітабының тұтас бір бөлігін «Снайпер Сүлейменовке» арнайды («Қазақстан» баспасы, 1965, 135-153 беттер). Ал, «Қаруластар» атты кітабында жоғарыда келтірген Ф.Ушаковтың Сүлейменовке арнаған пікірін береді. Бұл кітаптың да бірнеше беті Ыбырайымға арналған («Қаруластар», «Жазушы» баспасы, 1986 ж. 166-180 беттер).

Калинин майданына қарайтын үшінші тегеурінді Армияның Соғыс Кеңесі (қолбасшы Армия генералы Галицкий К.Н) 1943 жылдың шілде айында Ыбырайымды соғыстағы асқан мергендігін, батырлығын бағалай келіп оны Кеңес Одағының батыры атағына лайық деп жоғары жаққа ұсыныс жасаған. Әрине, мұндай атаққа кім көрінгенді ұсына бермейді. Үш жүзге жуық жауды жер жастандырған батыр бұл атақты алмай қалуы мүмкін деген ой ешкімнің санасына да кірмейді. Бұл ұсыныс қабылданбай жатып, сенімді түрде үшінші Армияның Соғыс Кеңесі Жамбылдың партия, кеңес орындарына жедел хат жіберіп, хабардар еткен. Осы қуанышты хабарды алысымен мұндағылар батырдың әке шешесін, отбасын, туған туыстарын қуантқан. Жамбыл МТС-ның ұжымы естіген, митингілер өткен, қуанышты хабар тыл еңбеккерлерін "қажырландырған"… Сол күннен бастап сұрмерген Ыбырайым Кеңес Одағының батыры болып марапатталған.

Бірақ та бұл жақсылық хабардың соңғы нүктесі қойылмаған еді. 1943 жылдың 15 қазанында орыстың ескі қалаларының бірі Невель үшін болған қанды шайқаста Ыбырайым мен Мәншүк Мәметова екеуі мерт болады. Қазақтың екі батырының денесі сол Невель қаласында жерленеді. Батырдың өлімі жайлы Жамбыл облыстық партия комитетіне 1943 жылдың күзінде арнайы хабар жіберіледі. Обкомның хатшысы Үшаяқов, облыстық комсомол комитетінің хатшысы А.Өтеулин, Жамбыл аудандық партия комитетінің хатшысы Просолупов, Ауаткомның төрағасы Жылқыбаевтар Сүлейменовтердің отбасына қайғылы қазаны естіртеді.

Ы.Сүлейменовтің ерлігін мәңгі есте қалдыру үшін Невель қаласының (РСФСР) Атқару Комитеті өзінің бірінші қараша 1943 жылғы 1 қаулысымен бір көшенің, бір бұрылыстың атын Сүлейменов атымен атағанын жеткізеді. Онан кейін жерлестері де қарап жатпай, Сарысу ауданына қарасты бір ұжымшарға, бір ауылдық кеңеске, Жамбыл ауданында бір ұжымшарға, Жамбыл қаласында бір көшеге Ыбырайым батырдың есімін берген. Ыбырайымның әке-шешесіне Жамбыл қаласынан үй тұрғызылған.
Сонымен Ыбырайымның батырлығына арналған Жарлықты күтумен көз сарғаяды. Батырдың жалғыз қызы ержетіп, әкесінің даңқы жайлы сұрау сала бастайды. КСРО Жоғары Кеңесі Советінің Төралқасының Төрағасы К.Е.Ворошиловтың атына 1957 жылы хат жібереді (Соңғы екінші хаты 30.04.1958 жылы жазылған). Бұл хаттарға ұзақ тексерістен соң, жауап келеді. КСРО Қорғаныс министрлігінің кадрлар жөніндегі бас басқармасынан келген жауапта (05.04.1958ж): «Армия Кеңесінің ұсынысын Калинин майданының кеңесі Советі қолдамай бір саты төмендетіп, Ленин орденімен марапаттауды ұсынды. Сонымен, КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының 04.06.1944 жылғы Жарлығымен Ы.Сүлейменов Ленин орденімен марапатталды» делінген. 1943 жылдың шілдесіндегі ұсыныс 1944 жылдың маусымына дейін қаралмағанында қандай сыр жатыр?. Бұл тұста Ыбырайым Сүлейменов о дүниелік болып кеткен еді. Бұл орайда сол кездегі солақай саясатты кінәлаудан өзге ештеңе жоқ.

Тарихтағы әділетсіздік

Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігін үзбей айтып келе жатқан жауынгер-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында жазған бір мақаласы қолыма ілінді. Сол жазбаны оқып отырып, жеңісті жақындату жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай жаумен шайқасқан кешегі ересен ерлерді есіме алдым (Әзілхан атамша айтқанда, әрине). Солардың көбінің есімдері көмескіленіп бара жатқанына күйіндім. Менің де, Ыбырайым сияқты 239 фашисті жалғыз өзі жайратқан қазақтың қас батырының өзіне лайықты Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмай кеткеніне ішім удай ашыды. Өйткені дәл осы атаққа қырған жауы жүзге жетпеген талай жаяуәскер солдаты ие болыпты.

Оған көз жеткізу үшін 1987-1988 жылдары Мәскеудің әскери баспасынан жарық көрген «Герой Советского Союза» деген екі томдықты ақтарып шықсаңыз жеткілікті. Мысалға:

1) Артемьев Иван Тимофеевич. Руский. Пулеметчик. Огнем своега пулемета уничтожил более 30 солдат и офицеров пр-ка (1-томның 78-79 беттері),

2) Архипов Василий Степанович. Руский. Пулеметчик. При отражении контракаки пр-ка уничтожил несколько десятков гитлеровцев (1 томның 81 беті),

3) Белоусов Павел Александрович. Руский. Автоматчик. Уничтожил несколько вражеских солдат (1-томның 146 беті),

4) Блажкун Андрей Федорович. Украинец. Стрелок. В рукопашной схватке уничтожил несколько гитлерцев (1-томның 146 бетінде).

Рас. Қанша булықсаңыз да шындық осы. Соңғысынан өзгесі пулеметші мен автоматшылар. Жалғыз оқты снайпер винтовкасына қарағанда бұл қарулардан жауға оқты қарша боратуға болады ғой. Сонда да олардың әлі жүз жауға әрең жеткен (тіпті жетпеген де). Ұшақ, танк, зеңбірек емес, жалғыз винтовкамен үш жүзге тарта жаудың көзін жою Ыбырайымның ғана қолынан келген. Бірақ, бақыт таразысы құн жейді екен. Сын сағаттарда жеңілдер ауырлап, ауырлар жеңілдейді екен. Ондай сәттерде қазақтың қайсар ұлы емес, Иван, Василий, Павел болған тиімді екен. Бұл атақ алмады дегендегі өкініш. Ал, атақтың үлкені — қазақтың ұлы болу.

Өзіміз қожамыз ғой, енді…

Ыбырайым — қазақтың ұлы. Қазақтың — қас батыры. Оның жүріп өткен жолдары осыны айтады. Ел болдық. Тақиямызды аспанға лақтырып қуандық. Тарихымыздың кем-кетігін түгендедік. Ақтаңдақтарды адақтадық. Ыбырайым батырдың жоқтаушылар да қарап тұрмады. Батыр аруағына арнап түрлі шаралар өткізді. Түрлі бастамаларға Ыбырайым атындағы қор бастамашы болды. Жеңістің елу жылдығы қарсаңында Ыбырайымды «Халық қаһарманы» деген атаққа ұсынады. Өзіміз қожамыз… Бірақ, бұл жолы да Ыбырайымның жұлдызы оңынан тумады. Шолақ белсенділердің жауабы: «Ы.Сүлейменовтің соғыстағы еңбегі бағаланыпты ғой… «Ленин», «Қызыл жұлдыз» ордендерін алыпты ғой… Быды, быды…» дегеннен аспады.

«Бетке алып бір жұлдыздың жымыңдасып

Жерде бір жарқырайды «Қызыл жұлдыз»

Желпінсе Ыбырайым «төсін ашып»

Жалт етіп әлгі жұлдыз кетті ағып,

Жасылдай түнді тіліп, көкті жарып,

«Жаралы жеріңді ерлер көр» дегендей

Қалаға жат тұлдаған төкті жарық.

Күрсінді Ыбырайым құбылысқа:

«Елім» деп көзінен жас кетті тамып.

Жауына жай оғындай атылуға

Кеудеде кек жұлдызы «жатты жанып».

Осы бір Балтабай Адамбаевтің поэмасын оқып отырып, Ыбырайымның кеудесіндегі кек жұлдызы әлдеқашан халық ықыласына айырбасталар уақыт келгенін түсіндім. Ендеше, қазақтай батыр ұлттың оғланы болған Ыбырайым Сүлейменовке «Халық Қаһарманы» атағын беретін кез де жетті. Өйткені ол жауға қазақтың жебесі болып атылды, садағы болып тартылды. Біздің көңіл таразымыз осылай дейді. Сіздер ше?

Түйінді ой:

Кеше көп ойландым. Ыбырайымдай батыр ұлға қазақтың батыры деген атты ел беріп, тізгін ұстағандар «ләм-мим» демей отырғанына кәдімгідей қаным қарайды. Жабықтым. Кей-кездері жабыққанда жаныма поэзия демеу болушы еді. Балтабай Адамбаевтің «Ыбырайым батыр» атты поэмасын сыдыртып оқып шықтым. Мына бір монолог жаныма жатталып қалды.

«Атым қазақ», — батырмын,

Жараланып жатырмын.

Кешегі бір күндерде

Москваны арқама ап,

Отан кегін арқалап,

Гранат боп жарылдым,

Снаряд боп атылдым,

Волгаға жау келгенде

Жалмауыздай төнгенде

Айдаһар боп ысқырдым,

Жалын болып жапырдым.

Енді міне Невельде.

Тәуекел деп өлімге

Жылжи алмай жатырмын,

Жанымда жоқ жақыным.

Қасыма ешкім келмеді,

Қалайша пенде көрмеді?

Бір бұтаның түбінде

Елеусіз қалар ер ме еді?!

Сіз де ойланып көріңізші… Егер қазір Путин басқаратын Ресейдің һәм біздің елдің саясаты дұрыс болса Ыбырайым батыр елеусіз қалар ер ме еді, елеусіз қалар ер ме еді?!

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053