Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Аймақ 5134 4 пікір 16 Мамыр, 2019 сағат 09:58

Қостанайда 5 мың теңгеге 5 баланы киіндіруге болады

Бүгінгі таңда жұрттың көпшілігінің күнкөріс қамымен жүріп, адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы, сүрінгеннің қолтығынан демеу, ешбір қалтқысыз көңілмен көмек көрсету секілді асыл қасиеттердің бірте-бірте ұмытылып бара жатқандығы тіпті де құпия емес. Мүмкін, бұл өмірде тек пайданы ғана ойлау тәрізді капиталистік қоғамның айықпас бір дерті де шығар. Қалай болғанда да жаныңда жүрген жандардың емес, тек қарақан бастың ғана қамын ойлау тіршілігіміздің бұлжымас заңына айналғалы қашан.

Міне осындай жағымсыз жайттарға әбден құлағымыз үйреніп, тек өз күніңді күйттеуді санамызға мықтап сіңіргеніміз соншалықты, әлдебіреудің ешкімнен ештеңе де сұрамастан, тек жүрек қалауымен жақсылық істеп, өзгелерге шарапат тигізуін ерекше құбылыс санайтын дәрежеге жеттік. Бір ғана мысал. Жақында Қостанай қаласында жетім-жесірлер мен кедей-кепшікке киім тарататын дүкен ашылды дегенді естіп, қайран қалғанымыз рас. Шындығында да өзі жұрттан әртүрлі киімдерді іздеп жүріп жинап, сонан соң қаймана қазаққа тарату дегенге сену де қиын-ау. Алайда бұл рас дүние еді. «Қайырымдылық» деген дүкенге жеке кәсіпкер Сағира Нұрпейісова қожалық етеді.

— Бұл идея аяқ астынан келді, — дейді Сағира. — Жұрттың көпшілігінде киіле қоймайтын артық киімдері бар емес пе? Лақтырып тастауға қимайсың. Мүкін ол біреулердің қажетіне жарайтын шығар, — деп іске кіріскен.

Сағира әуелі жұртты аралап жүріп, киімдерді жинады. Сосын жалға ғимарат тапты. Баспасөзге хабарландыру берді. Бұдан құлақтанған адамдар енді жап-жақсы киімдерді өздері әкеле бастады. Дүкені балалар мен үлкендердің киімдеріне, аяқ киімдерге, кітаптар мен ойыншықтарға толды.

Бұл тауарлар әрине тегін емес. Алайда мейлінше тым арзан, тіпті су тегін деуге де болады. Киімдердің бағасы 50 теңгеден 500 теңгеге дейін. Ал мұны тегін жасауға мүмкіндігі жоқ. Мәселен, дүкенді жалға алғаны үшін ғана айына 63 мың теңге төлеуге мәжбүр. Оның үстіне киімдерін дүкенге әкеле алмайтын жандарға өзі көлікпен арнайы барып, жеткізуі тағы бар. Көлікті жалдау, оған кететін бензин ақысы дегендей, шығын да аз емес. Соған қарамастан Сағира ең төменгі бағаны ұстап тұруды көздеп отыр.

— Жақында біздің дүкенге бес баласын ерткен бір азамат келді, — дейді ол.— Олардың барлығын бастан-аяққа дейін киіндірдік. Бұл дүние небәрі 5 мың теңгеге түсті. Әлгі отбасы қатты қуанып қалды, айлығы небәрі 25 мың теңге ғана көрінеді. Ол «бұл ақшаға небәрі бір баламды ғана киіндірер едім» деп алғысын айтып жатыр.

Міне Сағира Нұрпейісованың елге көрсеткен «ерлігі» осындай. Бұл дүкенге қазір облыс орталығының ғана емес, өңіріміздің шалғай түкпірінен адамдар келіп, іздегенін тауып, алғыстарын жаудырып жатады.

Иә, Сағира секілді адал жүректі жандар тұрғанда халқымыздың болашағынан мол үміт күтуге болар деген сенім ұялайды. Әттең, халықтың мол байлығын қалтасына басқан пысықайлардан мұндай жомарттықты осы кісіден үйренуге ниет білдіре қояр ма екен?

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063