Жексенбі, 6 Қазан 2024
Саясат 10271 41 пікір 16 Мамыр, 2019 сағат 11:03

Бұл сайлау халықтың алып күш екенін көрсетуі керек

Жігіттер, егер сіздер халықтың жанашырымыз, мақсатымыз елімізде шын өзгерістер алып билік халықтың пікірімен санасатын  болсын десеңдер көздеріңді ашып, көкіректеріңді оятыңдар. Өз ара көреалмаушылықтан, бақталастықтан, атаққұмарлықтан, өкпе – наздан бір сәтке айығып, билікке халықтың бірлігі алып күш екенін көрсету үшін барлығымыз бір қатарда тұрып алдағы сайлауға қатысумыз қажет екенін ұғайық.  

Ал, біз сайлауға бармаймыз қарсымыз деп күрестен бас тарту – саяси сауатсыздық. Бұл халықтың әлжуаз әлсіздігін, азаматтардың сөзі көп ісі жоқ жігерсіз екенін, өз атағын ғана ойлайтынын, ел ішінде белсенді жұмыс істей алмайтынын ғана көрсетеді. Өйткені жұрт, осы үлкен қате ұранға алданып сайлаушылардың қырық пайызы сайлауға бармай қалса, дауыстың ұрлануы болуы әбден мүмкін. Осыны ұғу қажет.

Бұл жол – нағыз халыққа қарсы істелетін "провокаторлардың" жолы. Біз, ақылменен ұйыса жұмылып, халықты белсенділікпен сайлауға  барып өздерінің көзқарастарын сайлауда ашық, айқын көрсетуіне ықпал жасасақ қана билікке халықтың өз елінің иесі және алып күш екенін көрсете аламыз. Сонда ғана жалпы халықтың жеңіске жетуіне болады. Біз бірден жеңіске жетпесек те, билік халықпен санасатын дауыс жинауымыз қажет.

Қоғамда қалыптасып қалған үрейден құтылайық, жігерлі қимылдайық! Біз сайлаудың шешуші кезеңі дауыс беру үдерісіне  қатты бақылау жасауды ұйымдастыра білсек, билікке халықтың көзқарасын жеткізетін үміткерді бір ауыздан қолдай білсек, сонда ғана жеңіс болады. Сонда ғана сең қозғалады. Барлық жердегі сайлау өткізетін жерде белсенді бақылаушыларды  ұйымдастырумен қатар, қазіргі  дамыған техника жетістіктерін сайлауды бақылау жұмысына пайдаланайық.

Әр сайлаушы жеке кабинаға кіргенде өзі белгі қойған үміткерді көрсететін бюлетенді қалта телефонына суретке түсіріп алып отыруы қажет. Бұл әрекет азаматтардың дауысын ұрлатпау үшін қажет. Олай істеуге болмайды деген заң жоқ. Ал, енді бас - басымызға көсем сайлап бөлініп, біріміз – ойға, біріміз – қырға тартсақ, ол халықтың алдындағы опасыздығымыз болады. Осыны ұғайық. Атақ - мадақ үшін өзімізді ғана "керемет" деп, ал, өзімізден басқаларды "анау сатқын, мынау жаман" деп үміткерлерді өсектегенше, ертең халық алдында масқара болмайтын жайды ойланайық.

Кімнің кім екенін ертең халық өзі бағалайды. Ұлтымыздың келешегін, намысын қорғаймын деген азамат жан – жақтан айтылатын ұран мен өсекке мән бермей өзінің ар ұятына жүгінуі қажет. Сондықтан ақылға салып кім халықтың мүддесін қорғай алады соны қолдайық, ұлт мүддесі топтардың мүддесін қорғайтын партиялардың үгіт – насихатынан жоғары тұрады осыны ұмытпайық. Ал, шетте жүрген «көсемдер» мен кейбір үміткерлер сайлаудағы халықтың дауысын бөлшектеумен ұпай жинап халықтың мүддесіне зиян әкелуге бағытталғаны аян, соны ұғайық.

Барлықтарың сауаттысыңдар, қарасаңдаршы украиндықтардың тәжірибесіне қазіргі кезеңде ең қажетті мәселе – халықтың алып күш екенін көрсету. Бұндай жағдай кейін тумауы мүмкін, пайдалану қажет. Осы мүмкіншілікті жіберіп алмайық. Бұл келешек үшін керек қадам.

Ойланыңдар,  ағайындар!

Болат Дүйсембі

Abai.kz

 

41 пікір