Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 7666 29 пікір 16 Мамыр, 2019 сағат 15:17

Сұлтанов "Алашқа тағзым жасаушыларды" жауапқа тартпақ па?

Орыстың «Бессмертный полк» шеруін өткізген Бас қаланың басшысы Бақыт Сұлтанов «Алашқа тағзым» шеруіне рұқсат бермеді. Енді тарқатып жазайық...

Естеріңізде болса, биыл, 17 сәуір күні, «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан партия төрағасы Азат Перуашев Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне арнайы хат жазған. 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні бейбіт шеру өткізу туралы ұсыныс жолдаған. Жолданған хат та, бастама көтерген «Ақ жолдықтардың» көздеген мақсаты туралы да «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланды. Тәптіштеп түсіндірілді. Қайталап жатпайық, танысып шығамын деушілер үшін міне сілтеме...

Ұсыныс хат қала басшысы Бақыт Сұлтановтың атына жолданған еді. Әлгі хатқа әкім емес, әкімдік жауап беріпті. Дәлірек айтсақ, Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық даму істері басқарма басшысының орынбасары Сәбит Ақмарал Сәбитқызы қол қойыпты.

Сөйтіп, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Алашқа тағзым» шеруіне рұқсат бермепті. Рұқсат бермеуінің себебін былайша түсіндірген екен. Көз жүгіртейік:

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, пикеттер және шерулер өткізу және ұйымдастыру туралы» ҚР Заңының 3-бабында қоғамдық орындарда акцияларды өткізу үшін жолданатын өтініштің мазмұнына қатысты нақты талаптар анықталған.

Бұған сәйкес, бейбіт жиналыс, шеру өткізу туралы өтініш өтетін күннен кем дегенде 10 күн бұрын жолданады. Өтініште шараның мақсаты, формасы, өткізу орны, күні, акцияның басталатын және аяқталатын уақыты, шараға қатысатын адамдардың саны, ұйымдастырушылардың және қоғамдық тәртіпке жауапты тұлғалардың толық аты-жөні, мекен-жайы, жұмыс орны (оқу орны), нақты көрсетілуі қажет. Өтініштің берілген мерзімі оның жергілікті атқарушы органда тіркелген күнінен бастап есептеледі.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Сізге заңнама талаптарының сақталмауына байланысты шеру өткізу туралы өтінішіңіздің қанағаттандырылмайтындығын хабарлаймыз.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, пикеттер және шерулер өткізу және ұйымдастыру туралы» ҚР Заңының талаптарын бұзу жауапкершілікке әкеп соқтыратындығын ескертеміз».

Әкімдіктің жауабының сиқы осы. «Алашқа тағзым» шеруін өткізбеуге себеп деп таныған аргументтерінің астын сызып, айшықтап көрсетіпті. Десе де Ақмарал Сәбитқызының бұл аргументі шындыққа сәйкес келмейтінін былай дәлелдеп көрейік.

Әуелі «өтініш кем дегенде 10 күн бұрын жолдануы тиіс» дейді. Өтініш 2019 жылдың 17 сәуірі күні жолданған. Бүгін 16 мамыр. Есептейік:

Өтініш жолданған 17 сәуір мен 31 мамыр аралығы  – 44 күн;

Ресми жауап берілген 6 мамыр мен 31 мамыр аралығы – 25 күн;

Мақала жазылған 16 мамыр мен 31 мамыр аралығы – 15 күн.

Яғни, Сұлтанов әкімдігінің бұл есептеуін себеп деп тануға келмейді. Әрі қарай «формасы, өткізу орны, күні, акцияның басталатын және аяқталатын уақыты, шараға қатысатын адамдардың саны, ұйымдастырушылардың және қоғамдық тәртіпке жауапты тұлғалардың толық аты-жөні, мекен-жайы, жұмыс орны (оқу орны), нақты көрсетілуі қажет» дейді.

*Шараның мақсаты – саяси репрессияға ұшырағандар мен ашаршылық құрбаны болғандарды еске алу. Сондай-ақ, Қазақстанның ұлттық Тәуелсіздігінің хабаршысына айналған «Алаш» қозғалысының ерлігіне құрмет көрсету;

*Формасы – шеру. Жиналған жұрт аштықта немесе Сталин абақтыларында қаза тапқан қазақтың қайраткерлерінің, өз аталарының портреттерімен әкімдікпен келісілген бағыт бойынша жүріп өту;

*Өткізу орны – Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Мемлекеттік Туына (Қабанбай батыр даңғылы басынан) немесе Тәуелсіздік сарайындағы жоқтау қабырғасына гүл қою;

*Күні – 31 мамыр, саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні;

*Акцияның басталатын уақыты – 2019 жылғы 31 мамыр, сағат 09:00;

*Акцияның аяқталатын уақыты – 2019 жылғы 31 мамыр, сағат 12:00;

*Шараға қатысанын адамдардың саны – 3-5 мың адам;

*Маршруттың ұзақтығы – 3-5 шақырым;

*Ұйымдастырушы – «Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы» ҚБ. Нұр-Сұлтан қаласы, Қонаев көшесі 14 үй, 41 пәтер;

*Жауапты тұлғалар – Дүйсембинов Берік Сәлімжанұлы, ҚР Мәжіліс депутаты (мекен-жайы ұсыныс хатта толық көрсетілген) және Қожахметов Асылхан Төлеббергенұлы, Партияның Орталық Кеңесінің Хатшысы (мекен-жайы ұсыныс хатта толық көрсетілген).

Рас, Қазақстанда бейбіт шерулер, акциялар мен митингілер өткізудің белгіленген ережесі бар. Заңы бар. Ол – ҚР Конституциясының 32 бабы, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, пикеттер және шерулер өткізу және ұйымдастыру туралы» ҚР Заңы.

Ұсыныс осы баптарды негізге ала отырып, белгіленген ережеге сай берілген еді. Алайда Бақыт Сұлтанов басқаратын қаланың әкімдігі үшін бұл көрсетілген мәлеметтер жеткіліксіз болса керек. Әйтпесе, Ақмарал Сәбитқызының дәл осы талаптардың негізінде рұқсат бермеуін ақылдың шеңберіне сыйғыза алмадық. Әкімдік рұқсатынсыз Алаш арыстарының рухына тағзым жасау – Заң бұзу болып табыла ма?

Ал «Алашқа тағзым» шеруін өткізу туралы ұсынысты жолдаған «Ақ жол» партиясынің өкілдері 31 мамыр күні сталиндік репрессия және ашаршылық құрбандарын еске алу мақсатында еске алу орындарына Алаш арыстарының, қуғын-сүргін мен аштық құрбандарының портреттерін көтеріп баруды, аталар рухына тағзым жасауды жоспарлап отыр екен. Бұл туралы партияның Орталық Кеңесінің Хатшысы Арман Сқабылұлы өзінің «Фейсбуктегі» парақшасында жазды.

«9 мамырда «Өлмес полк» дегенді сылтауратып алаңға адамзаттың «қанішері» - Сталиннің суретін көтеріп шыққандар – сол тиранның қолынан қаза тапқан, азапталған, айдалған ата-бабаларының аруағын қорлағандар деп есептеймін. Қазақ деген халықтың қаймақтарын құртқан да сол жауыз!

«Ақ жол» партиясы 31 мамыр күні қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Нұр-Сұлтандағы Жоқтау қабырғасына, Ақмоладағы «АЛЖИР» мемориалына, Қарағандыдағы «КарЛАГ» кешеніне, Алматыдағы, облыстардағы еске алу қабырғаларына қуғын-сүргін құрбандары болған бабаларымыздың, Алаш арыстарының портреттерін көтеріп баруды жоспарлап отыр. Бұл ешқандай шеру, митинг емес! Бұл – Тағзым! Есіл ерлердің аруағын сыйлайтын әр қазақ баласы жасауы тиіс – Тағзым!» деп жазды.

Түйіндейік. 9 мамыр күні Қазақстанның көптеген қалаларында «Бессмертный полк» шеруі өтті. Шараны өткізуге әкімдіктер рұқсат берді. Тіпті кейбір өңірлерде облыс әкімдері әлгі «Бессмертный полкті» бастап бара жатқанын көрдік.

Басқасын қойып, Тәуелсіз Қазақстанның Бас қаласында да «Бессмертный полк» өтті. Оған шамамен 25 мыңдай адам қатысты.

Сол күні республика бойынша ұзын-ырғасы 180 мыңнан астам әлгі шеруге қатысты. Қазаққа қастандық жасаған, халықтың 60 пайызын жойған қанқасап жүйенің қызыл жалауын желбіреткендер мен қандықол Иосиф Сталиннің портретін төбелеріне көтергендер Тәуелсіз Қазақстанның көшелерінде жүрді. Одақтың күл-талқан болғанына отыз жылға жуықтаса да, Кремль бұрынғы одақтас елдерде Советтің қызыл жалауын желбіретті.

«Бессмертный полк» дейтін Кремлдің идеологиялық қаруына айналған ұлыдержавалық шовинизм шоуының Қазақстанда қалай өткендігі туралы өткенде егжей-тегжейлі жаздық.

31 мамыр. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ұлттық аза тұту күні. Бұл жаңағы жұрт Құдайындай төбесіне көтеріп жүрген Сталин қанқасабының құрбандарын, Алаш арыстарын ұлықтайтын күн!

30-жылдардың басынан бастап жасалған қастандықтан халықтың 3/1-і қырылды. 1920 жылдан бастап қазақ жерінде 3 миллионнан астам адам аштықтан көз жұмды. 1,5 миллион халық босып кетті. Алаштың қаншама арыстары атылды.

Тәуелсіздік алғанымызға 28 жыл, міне. Ердің құны, елдің құнын сұрадық па? Кеңес өкіметінің тікелей мұрагері – Ресей. Ең құрығанда осы күні Ресейдің Қазақстандағы елшісі құрбандарды еске алу шарасына қатысыпты ма? Жоқ!

Салыстырмалы түрде айтсақ, Украина ашаршылықты жарты әлемге «Геноцид» деп мойындатты. Ал біз ше? «Бессмертный полк» шеруін өткіздік деп мәзбіз!

Тәуелсіздік алғанымызға 28 жыл толса да, әкімдеріміз әлі күнге Кремлдің қас-қабағына қарайлап,  «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге дәрменсіздік көрсетіп отыр! Әйтпесе, Бақыт Сұлтанов басқаратын әкімдіктің, анау Ақмарал Сәбитқызы дейтін бөлім басшысының (орынбасары) «Алашқа тағзым» шеруіне тосқауыл қойып, «рұқсатсыз өткізсеңдер жауапқа тартылуларың мүкін» деп ескертуін басқаша түсіндіре алмаймыз! «Бессмертный полкті» өткізген әкімдік «Алашқа тағзым» шеруін өткізуге міндетті еді!

Ары айт та, бері айт, «Бессмертный полк» өткізген Бақыт Сұлтанов, «Алашқа тағзымға» рұқсат  берген жоқ!

Бақыт Сұлтановқа жазған ұсыныс хат:

Шараны өткізу ережесі:

Ал мынау әкімдіктің жауабы:

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063