Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Дін 5666 45 пікір 17 Мамыр, 2019 сағат 13:31

Дін һәм ұлттық жанкештілік туралы...

Ұлттық болмыс өз-өзінен күш алатын энергия. Қазақта «ескі-жақсының азығы, жақсы – жаманның қазығы» деген аталы сөз бар. Бірақ ұлттық болмыстан нәр алу үшін адамға екідүниесіне жететін тыныштық пен рухани энергия қажет. Ал, ол жандағы сұранысты дін ғана қанағаттандырады. Нағыз байлық біз ойлағандай жер қыртысында емес, адамның ми қыртысында. Ұлт болып ұйысу, ал ол ұлтқа жерді сыйға беру Жаратушыдан болса, отанды сақтауды Аллатағала сол ұлттың өзіне қалдырады екен.

Жаратушы қасиетті құранда: «Мен сендерді ұлт пен ұлыстан жараттым. Бір-бірлеріңді тану үшін», - дейді. Сонымен қатар «несібелеріңді шашып бердім. Өздерің тауып жеңдер» дейді. Мұндағы іздеп-тауып жеу ұғымы өз руханиятың мен болмысыңды, жаратылудағы меніңді өзің танып, өз несібелеріңді өздерің іздеңдер дегені. Демек, Аллатағала жоқтан бар жаратып, барды бар қылуды өздеріңе қалдырдым дегені. Бұдан түйетініміз ұлт болып қалыптасу жаратушының қалауымен болғанымен, оны сақтап қалу әр халықтың өз қолындағы дүние екенін ұқтырады. Ата-бабаларымыз «қозғалыс – тіршілік көзі» деген. Өткен тарихтағы ата-бабаларымыздың түсінігінде «қараңқылық деген болмайды, қараңқылық – жарықтың түспегінен болады» деген сана орнаған. Кез-келген уақытта ұлтқа, отанға жарықты түсіру, ол ұлттың қолындағы нәрсе. Данышпан ақын Омар Һаям былай дейді:

Жүректің түріп құлағын,

Ойланып тағы қарашы.

Кімсің сен, қайда тұрағың,

Енді қайда барасың?.

Ақынның бұл сұрақтары ұлттың жандүниесіне үндеу салатыны анық.

Алайда ұлтты отанға деген сағыныш арттыру, ол жолда еңбекте жетістікке жету, мазмұнды өмір кешу нәпсіні тәрибиелеу жолымен жүзеге асады екен. Бұл туралы Сұлтанмахмұт Торайғыров былай дедйді:

Жықсаң, бәйге аларсың алысқанда,
Қару ғып, қайратың сап қарысқанда.
Жындылық шаппай бәйге бер деп сұрау,
Озсаң, бәйге кім бермес жарысқанда.

Тұрмысы бұл дүниенің күреспен тең,
Тәуекел, күреске түс, бар-дағы жең.
Дүниеде барлығыңды кім біледі,
Үйіңде ынжықтанып отырсаң сен!

Жүрген көп жығылам деп үйде бұғып,
Жел болмай, боран болмай, беталды ығып!,
- дейді.

Қазақ халқы адамның ермек не әзіл үшін жаратылмағанын, адамның ғажап ұлы мақсат үшін жаратылғанын түсінген. Ол үшін пенденің рухын билер нәпсісін жанының қолына ұстатудың мәніне үңілген. Жас кезінен ұрпақтың рухын тәрбиелеуде басты орынға қойған. Адамның жанын нәпсінің билеуін болдырмау үшін екідүние құндылығын мықтап ұстанған. Бұған әрі жырау, әрі батыр Доспамбеттің жырлары нақты жауап.

Адамды үнемі адасушылықтың құрбаны ететін нәпсінің қашанда тәрбиеленетіні хақ. Бұл турасында имам Ғазали былай дейді:  "Мінілетін жануар бастапқыда ер мен ноқтадан қашады. Оны байлап бас білдіреді. Үйренген соң ол адамның қасында ноқта мен арқансыз тұра береді. Адам нәпсісі де құс пен жануар сияқты тәрбиеленеді".

Өлім қорқынышын жеңу

Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз», - дейді. Қазақ «мың қайғының қамалын, бір тәуекел бұзады» деген. Қазақ түсінігінде әуелі ғибратты іс істеп, жауға шапқанда бар күшін жұмсап, қалғанын Алланың дәргейіне қалдырған. Мұндай санан Доспамбет жыраудың жырларында көрініс табады.

Қазақ батырлары неге ұрыс даласында ерлікпен қаза табуға ұмтылған. Ислам дінінің түркі даласының қабылдауының бір себебі, исламнан бұрынғы дәуірде де түркі жұрты тәңір дінінде бір құдайға ғана табынып келді. Яғни ислам да тәңірде де  бір құдайға табыну ұқсастығы, сонымен қатар ислам дінінің басшыға бағынуды насихаттай отыра, ел бірлігін сақтауға шақыруы және ел амандығы үшін шейіт болу түсініктері халықтың рухына терең енді. Ел үшін соғыс даласында қаза табуды армандағын түркілерді, ислам діні шейіт түсінігі одан әрі рухтандырды. Жауынгерлік рухпен тәрбиеленген қазақ батырлары мен хандары, елдің басқа да рухты азаматтары ел қорғау жолында ұрыс даласында қаза табуды армандап, ерлік жасау жолында ештеңеден тайсалмады. Одан кейінгі жыраулар мен ақындардың өлеңдері мен жырларында ел үшін қаза тапқан батырлардың рухын асқақтата атадан балаға жырлап, оның асқақ келбетін ұрпаққа үлгі еткені, ел үшін туған ерлерді жігерлендірді. Ел қорғау жолында шейіт болып, халықтың жүрегінде өмірбойы тәрбиелену махаббат рухы одан кейінгі ұрпақты жігерлендіре түсті. Бұл өткен тарихтың жауынгерлік рухы. Ал, осы рухты қазіргі қазақтың даму жолында қалай қолдану қажет деген ой мазалайды. Ондай жанкештілік рухты қалыптастыру үшін нәпсі мен адамның ішкі рухын тәрбиелеу қажет екен. Имам Ғазали оны былай сипаттайды: «Махаббат болмаса мақсатқа жету жоқ. Қалау мен ынтызарлық болмаса, махаббат жоқ. Иман болмаса, қалау мен ынтызарлық жоқ. Иманның болмау себебі, саған тура жолға сілтейтін, Алланы еске түсіріп тұратын, отанды қорғауға, сүюге, оның өмірін мәңгілік етуге жігерлендіретін жол нұсқаушының болмауы».  Яғни, мәселенің бәрі ұлт ұстаздарына мұқтаждықтан туады екен. Ұстаз деп отырғанымыз көп ұстаздарды айтып отырғанымыз жоқ. Ол, кешегі Яссауи, Асан қайғы секілді дала данышпандары. Бойына ұлттық пен исламды сіңірген, пенденің екідүниелік болмысын терең меңгерген ұстаздар екен. Бірақ өкінішке орай оған қазіргі саяси жағдайлардың мүмкіндігінде реттей алсақ. Сана екідүниеленбей, адам жаны өз-өзінен энергия алмай, пенде дүние қорқынышын бойынан аластатпай, мақсатқа жету жолында жанкештілік жасау қиын екенін психология ғылымы да  дәлелдейді.

Пайғамбарымыздың: «Қалай өмір сүрген болсаңдар, солай өлесіңдер. Қалай өлсеңдер, солай тірілесіңдер» деген хадисі қазақ батырларының ұстанымының айшығы болған.

Тарихта ұлтқа қызмет еткісі келетін бастағы ми мен ақылды жүректің ғана тербеп оятатынын тасаауф ілімінің ұстаздары (жүрек ілімінің ұстаздары) ұрпаққа ұғындыра білді. Шаршы алаңда тайсалмай соғысқан Абылай ханның Әздер әулие деген ұстазы болғанын біреу білсе, біреу білмес.

Ұлттық тарихымыздағы аналарымыздың ұл баланы тәрбиелеу жолында ерекше тәлім-тәрбие жолын орнатқанын байқауға болады. Қазақта алып анадан туады деген түсінік бар.

Ертеде Дешті Қыпшақтың данагөй бір анасы жалғыз ұлы өлгенде: "Найза алып жауға бармадың. Қамшы алып дауға бармадың. Бар екен деп еленбей, жоқ екенің білінбей, малдан боғың ғана бөтен болып өмір сүрдің. Қан сасып бір түнектен шығып едің, боқ сасып бір түнекке кетіп барасың. Мен сенің қандай ерлігіңді, қай еңбегіңді айтып жоқтап жылайын?!.." деген екен.

Қазақтың ер баласына "от бол, от болмасаң жоқ бол" дейтін ұлттық тәрбиесі әрқашан өміршең болып қала береді.

Ата-бабамыздың ел қорғайтын батырды тәрбиелеу жолында «артының не боларын ойлаған адамнан қаһарман шықпайды» деген рухты алға ұмтылдыратын, жігерлендіретін ұстанымдар орын алған. Қазақтың игі істеу жолында бірінші әрекет жасап, соңын Аллаға тапсырып қою харекеттері бар. Пайғамбарымыздың мына хадисі бұл ұстанымды негіздейді: «адам істің дұрысын істесін-дағы, қалғанын Аллаға тапсырсын». Сонымен қатар,  «Алла жаратқан ұлтын адал қорғау жолындағы қаза тапқан батыр - "шейіт" болады. Адам бәрібір ерте не кеш өлімнің дәмін татады. Өлімнің жаманы мән мағынасыз өлім. Отаны үшін қаза тапқан батырды халқы жүрегінде мәңгі тербетеді» деген ұстанымдар бекіді.

Жанкештілікттегі жүрекке тыныштық орнату жолы ұлттық тәрбиеде көрініс тауып отырды. Оған қасиеттегі құрандағы мына аят басты тірек болды: «Жүректер, тек ғана Алланы ойлаумен ғана жай табады». Қазақтың жанкештілігінің бір сыры, осы өз-өзіне деген сенімді насихаттай білуінде. Машһүр Жүсіп Көпеев  бабамыздың: «Жасқанған - қорған емес, жағаласқан – қорған» деген ұстанымы көнеден келе жатқан қазақтың ұстанымы еді. Кәрі тарихқа көз жібертсек, қазақ халқында билік пен халықтың тырнақ пен ет саусақ сияқты біте қайнасқанын байқауға болады. Халықтың сенімінен шықпаған ханның алдынан халқы кетіп қалу әрекеттері орын алып отырды (Мысалы Нұралы ханның тағдыры). Билеуші тараптарда халықтың сенімі басты орында болды. Бұған Түрік қағанатының қағаны  Білге қаған мен ақылшы-кеңесшісі Таныкөк арасындағы мына аңыз мәселені нақты ашып көрсетеді:

«Тоныкөк абыздан Білге қаған сұрапты дейді: «Әскерің, азық-түлігің, өзіме сенген халқым бар. Біреуінен бас тартуға тура келсе, кімнен бас тартам деп.

Сонда абыз: Әскерден депті. Ал, қалған екеуінен бас тарту қажет болса, қайсысынан бас тартам, азық-түліктен бе, әлде халықтың өзіме деген сенімінен бе деп. Азық-түліктен бас тарт», -  депті. 

Отаншыл әскер-отаншыл халықтан құралмақ.Тарихта талай патшалардың ауыр тағдыры халқын соңына ерте алмағаннан болған.

Пендеге отаны мен сүйген адамдарына деген мәңгілік махаббатты Алладан басқа ешкім нәсіп ете алмайды екен. Ал, ол махаббатты "құдайыңды тану арқылы ие боласың", дейді ата-бабаларымыз. Ислам философтары (Мәуләнә Руми, Әл-Ғазали, Абн Араби) адамға, рухқа деген махаббат Аллаға деген махаббатқа ұласпақ деген ойды меңзейді. Қарап отырсақ бір-бірімен шексіз байланыстағы таным. Шықсаң адасатын, шығып кете алмайтын шеңбер.

Қасиетті құранда: "Қайтыс болған жан артта қалған туыстарына- қияметте қорқыныш, бұл дүниеде өкініші жоқ екенін хабарлап, қуантқысы келіп жатады" деген аят бар. Қазақтың дала философиясында «адамның жаны көктен түскен болмыс» деп ұққан: «Өлім бар болғаны жанның хәлін өзгертеді, түйсіктері мен қызығушылықтарын тоқтатады және дене қапасынан азат қылады. Бірақ мүлдем оны жоқ қылып жібермейді» деп ұғынған.

Қазақтың жанкештілігі тән мен ақылдың керегін бере отырып, ұрпақ тәрбиелегенде жүректің де керегін толтыра білген. Себебі тек нәпсі мен ақылдың азығын ғана беріп, жүректің азығын бермесе, онда жүрек те тыңдау сезімінен ажырайды екен. Яғни адам бұның кесірінен болмысынан айырылады. Хакім Абайдың «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деуі осыдан.

Жарас Ахан, тарихшы-дінтанушы

Abai.kz

 

 

45 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063