Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Сайлау 5901 28 пікір 20 Мамыр, 2019 сағат 08:18

«Алашорда» қайда, «Ақ жол» қайда, Ұят қайда?

Сайлау басталды. Бұрнағы елдің көзіне көріне бермейтін қайбір саяси партиялар да ұйқысынан ояна бастады. Сонысына қарамай аламан додадан қара үзіп, бәйгенің алдында келгісі келеді. Соның бірі – «Ақ жол» демократиялық партиясы десек, артық айтпаған болар едік. Себебі, саяси науқандар кезінде ғана белсенділік танытатын партияның басқа кезде көңілге қонымды ісін көре бермейміз. Есесіне өзіне қалай айтса да қабыспайтын «абыройлы атақ» жинаумен әуестенетін партия арзан жарнамадан аса алмай келеді.

Қазір ұлтшыл, ұлтжанды көрсеткісі келетін қауым өзін «Алашшыл» сыңай байқататыны соңғы кезде көрініс беріп жүр. Тіпті саяси партиялардың өзі «көтере алмайтын шоқпарды» беліне байлап алғаны өрескел көзге ұрғаны қашан. «Алаш қайда? Біз қайда?» - деп, бір мезет сын тезімен қарау да жоқ. Келсін-келмесін «Біз Алашорданың ізбасарымыз» деп, тіпті «Біз Алашорданың заңды ізбасарымыз» деп, «ізбасарлықты оп-оңай заңдастырып» алғандарын дөрекілік демеске лаж жоқ. Жалпы бұл атақты партияның шынайы ісіне қарап, қоғам әділ бағалап, халық беріп жатса бір жөн-ау!

Енді «Ақ жол» үлгі тұтатын «Алаш» партиясы қандай саяси күш еді?» - деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Иә, Алаш қозғалысы мен Алаш партиясы, Алаш идеясы мен идеологиясы бірден аяқ астынан пайда болған жоқ, ол қазақ арасындағы партия құрылысының алғашқы жинақталған тәжірибесінің барысында дүниеге келді. 1905 жылы құрылған «Қазақ конститутциялық-демократиялық партиясы» мен 1906 жылы құрылған «Халық еркіндігі» (кадеттер) партиясын қоспағанда, «Алаш» партиясы – қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы. Нақтырақ айтқанда, Қазақстандағы қазіргі саяси жүйе мен партиялық институттың бастауы. Дей тұрғанмен де, бүгінгі саяси партиялармен салыстырғанда, ұлт мүддесі тұрғысында «Алаш» партиясы ұзақ жылдарға созылған ұлт-азаттық қозғалыстың бұралаң жолдарынан өтіп, саяси күресте пісіп-жетілгендігімен ерекшеленеді. Алайда, «Ақ жол» партиясы осындай ұлт мүддесінде аумалы-төкпелі жолдармен жүріп, күрескерлік танытып келеді деп айта аламыз ба?

«Қазақ» газеті 1917 жылғы №234 санында: «Осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары саяси прогаммасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса программасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына саяси партия жасалмайынша болмайды», - деп жазған еді. Арада аттай жүз жыл өтсе де бұл тұжырым маңызын жоймай отыр. Басы ашық мәселе – бүгінгі «Ақ жол» партиясы «Алаш» партиясының мұрагері бола алмайды. Бұған жиырмасыншы ғасыр басында аз ғұмыр кешсе де  аты алты Алашты шарлап, қысқа уақыттың өзінде бай мұра мен үлкен тағлым қалдырып кеткен «Алаш» партиясы мен «Ақ жолды»  салыстыру арқылы көз жетері анық.

Өкінішке қарай, тарих сахнасына толқып шыққан большевиктер Алашордамен тіл табыспай, өздеріне жау ретінде қарады. Айтқандай-ақ,  Алашорда большевиктерге мықты оппозиция бола білді. Ал бүгінгі «Ақ жол» қазіргі саяси билікке оппозиция ретінде балама бағдарлама ұсынып, онысын дәлелдей алып отыр ма?

1917 жылдың қарашасы мен 1918 жылдың қаңтарының аралығында өткен сайлауда қазақтар көпшілік дауыспен «Алаш» партиясының бағдарламасын қолдап дауыс берді. Бұл жайт большевиктердің қатты шымбайына батып, олар жедел тізеге басты. Ә дегеннен-ақ кеңес үкіметі тарихи әділеттіліктен гөрі, әлімжеттікті ұстанды да, ұлт-азаттық идеясын таратушы, қазақ халқының ұлттық санасын оятушы және де отаршылдыққа қарсы күреске дем беруші қазақ ұлтының демократияшыл зиялыларының үні – «Алаш» партиясын тұншықтыруға тырысты. Ақыры түсінікті, ату, асу, репрессия. Міне, «Алаш» партиясы қандай жолдардан өтті? Ал, «Ақ жол» оңай жолмен, тер төкпей, еңбектенбей-ақ «Алашорданың заңды ізбасары» болғысы келеді....

«Ақ жол» партиясының жалпы бағдарламасына ұлттық бағыттар мен өмiрiмiздiң өткiр тақырыптары өзек болғанымен олардың бiржақты, ат үсті сипат алғандығын байқау қиын емес. Әрине, «Ақ жол» партиясының «Алашордаға» қатысты жарыққа шығарған кітаптары мен түрлі басқосулары қажет дүние. Бірақ, бұл негізінен жарнамалық сипаттағы шаралар «Алашорданың заңды ізбасары» болуға өте аздық ететіні анық.

Мейлi билiкке болсын, мейлi басқа бәсекелестерiне болсын, шынайы оппозицияға шығу үшiн, басты сынақ – халықтың сенiмiнен сүрiнбей өту. Бұл «Ақ жол» бағындыра алмай жүрген биiктiк. Мұны бiздегi партиялар мен қозғалыстарға ортақ сипат деп бағаласақ еш сөкеттiгі жоқ.

Сонау 1989 жылдың басынан 1991 жылдың аяқ шенiне дейiн көпұлтты және бiр ұлтты партиялардың, қозғалыстар мен ұйымдардың құрылып, негiзi қаланғанымен, саясаттағы ұлттық концепцияларын бас құжаттарында баса көрсете алмады. Мақсат-мұраты анық айқындалмаған осындай стихиялы бастаудың аяғы көбiсiнiң ауа жайылуына алып келдi. Содан да шығар, тоқсаныншы жылдары дүниеге келген «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясы мен «Алаш» ұлттық-тәуелсiз партиясы бiрден-бiр ұлттық бағдар ұстанушылар тобын бастап шыққанымен, жүйелi жұмыс жүргiзе бiлмедi.

Ақиқат салыстыру арқылы айқындалып жатады. Айталық, Ресей бұл жағынан бiзден әлдеқашан көш iлгерi алға озып кеттi. Оның үстiне, орыс ұлты өз жерiнде басымдық танытып, «орыс мәселесi» сұрағы мазалап жатпаса да, саясатында ресейлiк үстем ой бiр бәсеңдемегенi бүгiнде айдай әлемге аян ресейлiк партиялардың бағдарламалық құжаттарындағы алға қойған басты мақсаттарындағы үш негiзгi бағыттың бiрi – ұлттық (славяндық, орыстық) сана-сезiмдi түлету, күштi (әрқилы нұсқаудағы: демократиялық, монархиялық, пәрмендi президенттiк билiгi бар) мемлекеттi қайта құру – қай-қайсысының да жарғысынан жасқаншақтамай-ақ ойып орын алған. Кешегi кеңестiк империяның бас дирижерi ретiнде жетпiс жылдың iшiнде жүзге тарта ұлт пен ұлысты мидай араластырып, жер бетiнен мүлде жойып, орыстандырып жiберген Ресей бүгiнде ұлттық бағытты саясатында бағдаршам етiп алғанда, бiзге не жорық?

Бұдан шығатыны, кеңестiк коммунистiк партияның басты мақсаты – орысшыл, ұлтшыл елге айналу екенi ешкiмге жасырын емес еді. Әлгiнде айтқандай, аталған орыс мүддесi қазiр де үстем түспесе, кем соғып жатқан жоқ. Оған өз алдына мемлекеттiгiн жариялаған тоқсаныншы жылдардың басында-ақ берiк iргетас қаланған. Сол кездегi Ресей саясаттанушыларының анықтауынша, шартты түрде төрт топқа бөлiнген анағұрлым ықпалды партиялар мен қозғалыстардың басында ұлт жанашырлары тұр. Осы топтың ұзын саны да орасан: Ресей Ұлттық-республикалық партиясы, бүкiлресейлiк «Отчизна» патриоттық қозғалысы, Ресей қайта өрлеу одағы, Халықаралық славян соборы, Ресейлiк халық жиналысы мен ұлттық-патриоттық бағдар ұстанған партиялар мен қозғалыстар.

Бүгiнде бұл тiзiм уақыт өткен сайын талапқа сай жаңғырған, жаңаланған, бастысы, iзденiс үстiнде жетiле түскен. Сөйтiп, орыс демократиясы осы жолмен бара жатыр. Өркениеттi Еуропа елдерiндегi партиялардың статусы мен қызметi әркелкi, бiрiнде – заңмен, келесiсiнде конституциялық нормалармен айқындалғанымен, олардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, тұрғылықты ұлттың мүддесi бiрiншi орында. Жаһандастыруға жанын салып қарсылық бiлдiрiп жататыны содан. Тiптi Ұлыбританияда, Швецияда және Канадада, тағы басқа елдерде партиялар туралы арнаулы заңдар болмағанымен, олардың ұстанымы жергiлiктi халыққа қарай орайластырылған.

Өкiнiштісі, бiздегi «Алашшылмыз» деген «Ақ жол» партиясының өзі ұлттық бағытты батыл ұстанып отырған жоқ. Оған бағдарламаларына қарамай-ақ, бүгiнгi бет-бейнесiнен-ақ бiле аласыз. Олардың әзiрше бағыты: космополиттiк, жалпы адамзаттық құндылықтар, демократия!

Сонымен жиырма бірінші ғасыр басындағы «Ақ жол» партиясымен жиырмасыншы ғасыр басындағы «Алаш» партиясын қалай салыстырсақ та, атыңнан да, затыңнан да айналайын «Алаш» партиясының қорғасындай ауыр, қауырсындай жеңіл салмағы басып кете береді.  Себебі, бар мәселе «Алаш» партиясы қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған шын мәніндегі ұлттық-демократиялық партия бола білгендігінде! Бұл бүгінгі саяси партияларымызға сабақ болса керек. Ұлтының шынайы қамын жеген партия ғана тарих төрінен орын ала алады. Оған «Алаш» партиясының тағылымды тарихы жарқын мысал.

Енді осы «Ақ жол» партиясының дәл қазіргі уақыттағы «Алашшыл» бола алмай жатқанының түпкі себебіне тоқтала кетелік. Бiрiншiден, партия мүшелері — байлықтан басқаға бас қатыра қоймайтын қалталы кәсiпкерлер екендігі. Екiншiден, олар кiл еуропалық көзқарастағы, негізінен орыстілділер екендігі.

Бiрiншiсi, саясат пен кәсiпкерлiк — басы бiрiкпейтiн екi басқа дүние. Кәсiпкерлер басқа-басқа, ақшамен бағаланбайтын дүниенi де «керек кезiнде» саудаға салып жiберетiн көрiнедi. Бизнесте бұндай нәрселер «бола беретiн» шығар. Бiрақ, саясат әлемi әлгiндей солқылдақтықты көтере қоймайды. Жарайды, екi сөйлеп қатесiн дер кезiнде түзеп жатса, ол — жұбаныш. Айланы асырып кетем деп екiжүздiлiкке ұрыну саясаткер үшiн кешiрiлмес күнә. Қысқасы, «Ақ жол» партиясы қатарына нағыз ұлтжанды, ұлттық буржуазияны тарта алмады.

Байқалып қалғаны — «Ақ жол» партиясының  өз достарының арасынан да және дала қазақтарының ортасынан да ойып орын ала алмағаны. Яғни, жарнамаға қаржыны аямай-ақ жұмсап, жарияға жар салса да, қазақы қалың қауым мен қарапайым еңбекшi жұртшылықтан қолдау таппағаны анық. Қазақ ортасының партияны қолдай қоймайтынына жоғарыдағы оқиғалар бiрден-бiр себеп.

Бұдан келiп шығатыны: iрi қалталыны халық, мемлекет мүддесiнен гөрi өз мүддесiнiң мысы басып тұратындығын көзге көрсетiп, қолға ұстатқандай еттi. Мәселе — өзiмшiлдiк идеясының қоғамымызда саяси және экономикалық аксиомаға айналғанында. Бiздiңше бұл — мол капиталға деген көзсiз сенiмдiлiк. Партияның соңында қалың халық тұратынын ойласақ, саясат — ақша емес.

Екiншi мәселеге – партия мүшелері негізінен кiл еуропалық көзқарастағы орыстілділер екендiгiне келсек, бұл енді «Ақ жол» париясының сырты бүтін, іші түтін екендігін көрсетеді.

Қысқасы, "Алашорда" қайда? Ақ жол" қайда?  Ұят қайда?

Меңдіғали Мусин 

Редакциядан: Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді. Біз қарсы жақтың дәйектемесін де жариялауға әрқашан дайынбыз.

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063