Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2569 0 пікір 21 Маусым, 2011 сағат 08:07

Дәурен Қуат. Камал ағаға хат

Кәмағасы, үшбу хатыңызға жауап жазуым керек шығар деп шештім.

Бастапқыда ағаның өзі мәселенің мән-жайын  бағамдай жатар, артық сөзге уақыт сарқып не қыламын деген едім. Оның үстіне бұл - ағайын арасын ғана жалғап, содан соң бір жөнін табуға тиіс хат еді. Бірақ, сөз шіркін алақағаздың бетін көрген соң көпке жетсем деп аласұрады ғой. Камал ағам да шыдай алмапты, «Дәуренге хатын» ғаламторда жариялап жіберіпті. Енді не шегініс бар, Кәмағамыздың бізге жазған хаты мен біздің жауабымызды да жұрт талдап оқысын; ақ-қарасын айырсын, төрелігін айтсын деп шештік. Сонымен...

Ақсудың тойы. Ақсудың сексен жылдығы өзіңіз жақсы білесіз, былтыр аталып өтуі керек еді. Қызылағаштағы апаттан соң сексен жылдық кейінге қалды...

Кәмағасы, үшбу хатыңызға жауап жазуым керек шығар деп шештім.

Бастапқыда ағаның өзі мәселенің мән-жайын  бағамдай жатар, артық сөзге уақыт сарқып не қыламын деген едім. Оның үстіне бұл - ағайын арасын ғана жалғап, содан соң бір жөнін табуға тиіс хат еді. Бірақ, сөз шіркін алақағаздың бетін көрген соң көпке жетсем деп аласұрады ғой. Камал ағам да шыдай алмапты, «Дәуренге хатын» ғаламторда жариялап жіберіпті. Енді не шегініс бар, Кәмағамыздың бізге жазған хаты мен біздің жауабымызды да жұрт талдап оқысын; ақ-қарасын айырсын, төрелігін айтсын деп шештік. Сонымен...

Ақсудың тойы. Ақсудың сексен жылдығы өзіңіз жақсы білесіз, былтыр аталып өтуі керек еді. Қызылағаштағы апаттан соң сексен жылдық кейінге қалды...

Тойға бардық. Тойды ұйымдастыру ісінде Нұртілеу Иманғалиұлы аса белсенділік танытты, жатпай тұрмай той қамымен шапқылады. Рахмет. Ризамын Нұрағама! Біз де шама шарқымызша қазіргі қазақ баспасөзінің басындағы жігіттермен жұмыс жасап отырдық. Қолымыздан келгенше Ілияс, Барлыбек, Біләл туралы материалдар тауып беруге тырыстық. Ағымдағы ақпараттарға көп жолай қоймадық. Неге десеңіз, Сіз бен біздің  ауылда ауыз толтырып айтатын экономикалық өрлеу, жылт еткен жаңалық бар ма?  Бар шығар, бірақ статистика тілінде ғана. Бір кездегі «Жерұйықтың» (бұрынғы Талдықорған облысының бас газеті) туын желпінтіп ұстаған  сіздерден үйренген дағдым сол - көзбен көріп, көңіліме бекімей сықиған статистикаға сенбеймін.

«Асау той, тентек жиын, опыр-топыр,
Ішінде түсі суық бір жан отыр.
Алысты тұманданған ол ойлайды,
Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр» - дейді ғой Абай атаңыз.

Жалпы жұртты соқыр деуден аулақпын, бірақ ағынды Ақсудың бойындағы асау тойда біз оймен ғана  отырған едік. Той қарсаңында бір ақсақалымыз: «Ат шауып, көкпар тартылар, жиын өтер дүркіреп, біз содан кейінгі елдің қамын күйттейік. Азаматтар бірігіп бір ауылдың тұрмысын көтеруге күш салайық. Мына Оңтүстік жақтың жігіттері солай істеп жатыр. Тойдың асына тойып алып тарқай салу қате. Ақсудың жерін қытайлар келіп игермек. Соны естідіңдер ме?!» деген еді. Сол сұрақты менің Сізге  қойғым кеп отыр, ағасы. Естідіңіз бе, жеріңізді қытай дихандары жалға алмақ. Олармен келіссөзді  қалтасынан ойланбай отыз миллион теңге суырып бере салатын Мәсімов пен Мәсімов үкіметі жүргізуде.    Мәсімов, ақша берсе тасынып... әрине, мырза екен. Оның мырзалығына Сіз ғана емес, қазақ жеріне түрен салуды түпкі ойына түйіп алған, Құдайға «қатыгез» деп нала айтатын қытай да, ала сәлделі араб та, жартылай жалаңаш үнді де, кедендік одақтың шеңберінен шығандап кеткелі жүрген орыс пен белорыс та ырза!  Жаман ініңіздің жанын жегідей жейтін көп жайттардың бірі - осы. Дарабоз бабамыз - ер Қабанбайдың басына шырақ жағып жыраққа кетіп қалдыңыз ғой, сондықтан қоғамдық-ақпараттық ойдың ақ жал толқынын кешу маңдайына жазылған ініңіз Сізге ел ішіндегі әлгіндей әңгімелерді жеткізуді өзіне парыз санайды. Қысқасы, Қабанбай бабаңыз ту жайқалтқан далаңызды Қажымқанның баласы майлықтың орнына жүретін осы күнігі майы қалың қағаздай  әркімге дар-дар айрып бере салудың қамын бастап кетті. Бұл сөзіміздің шындығына кейін көзіңіз жетеді, асықпаңыз. Бүгін сүйініп отырған Кәріміңіздің ісіне сол кезде бірге күйінетін боламыз. Өйткені, Сіз біз білгенде ұлтшыл, ұлт үшін уайым қылатын ағалардың санатынансыз.

Ал енді Аңсар әкімге араша түскен сөзіңізге келейік.

Аңсар деген азаматты өз басым, рас, жыға танмаймын. Тіпті білмеймін. Ептеп білетінім, бұл жігіт Ұзынағаш жақтағы Ақсеңгір деген ауылды мекендейтін 180 түтінге тиесілі жерді әлдекімдерге жытырып жіберіп осыдан біраз жыл бұрын атаққа шыққан еді. Содан  Аңсарымыздың Астана барғанын, Астанадан айдап отырып Алматы облысына әкім тағайындалғанын, содан Ақсудың тойына келгенін ғана білемін. Қайткенде де, Азаматтың Алла жолын оңғарсын! Ісі ілгері бассын.  Мен сынасам оны дос көңілмен сынаймын. Болсын деп сынаймын. «Жақсымызды жұрт былайда көріп бағалайды, баспасөз сыншы болуы керек. Біздің ісімізді қатал сынға алып отыруы керек» дегенді Серік аға Үмбетов кездескен сайын айтады. Аңсар Тұрсынханұлы да сынға төзімді, іске ілкімді болса, Алматы облысының тумасы ретінде алдымен мен қуанатын  шығармын. Жұрт игілігіне жұмыстанатын азаматқа  атынан түсіп қол созатын менің  алашшыл  достарым да қуанады!  Ал оған дейін біз Аңсардың аяқ алысын «аңдудан» еш жалықпаймыз.

Аңсар Мұсаханов басқаратын Алматы облысы - еліміздегі стратегиялық маңызы ерекше облыс. Ол елдің экономикасымен қоса, рухани түлеуіне де, қауіпсізідігіне де ерекше жауапты. Себебі, өзіңіз айтпақшы, Алматы облысы «Құдайдың әділдігіне күмәнді» ындынын ыс басқан елмен іргелес отыр. Сондай елмен іргелес қоныстанған Алматы облысының басшысына «жаман үйдің түндігіне ұқсап» (біздің осы сөзімізді ақсулықтарға  теліп түсінгеніңізге қатты қапаланып қалдым) жалбаң-жалбаң етіп жағынбай, елі үшін еңсеріп еңбек етуіне жәрдем жасайтын сөз айтуға тиіспіз.  Біз сонда ғана «бір атаның баласындай ұйысып, тас-түйін, шашаусыз» елге айналамыз. Біз сонда ғана «Біреудің көз алартуы мемлекеттігімізге қауып төндірмей ме?» деп жар астынан жау іздеген заманнан озып озат елге айналамыз.

Камал аға, той үстінде біреу тосындау сөйлепті деп томпиятын ортадан мен баяғыда кетіп қалғанмын. Бірақ, сіздің ренішіңізді бек түсінемін. «Әп» дегеннен сөзін «елінің қуанышын бөлісейін деп келген қонақтарды шенеуден бастаған» қыңыр ініңізге қынжылмағанда қайтесіз? Оның үстіне біздің кейбір ағайынның тілі - екі ошаққа бір көсеу - түртпесе, түртінбесе, тынышы қашады. Әйткенменде «әй, әттеген-ай»,  ағасы, мен елімнің қуанышын бөлісейін деп келген қонақтарды емес, «Аңсар Тұрсынханыш» дегенде аптығын баса алмай апы-күпі сөйлеген «Жалаңаштар жиналысының» (Ілекеңнің) тозбайтын, өңін бермейтін, өзгермейтін бүгінгі кейіпкерлерін шенеген едім ғой. Біз білетін Кәмең де қазақтың әлгіндей мінезіне төзбейтін еді. Қазақтың әлгіндей мінезіне төзе алмаушы еді біздің Кәмең... Кәмағасы, Аңсардай азаматтарды бауырын қарға төсеген сайын семіретін асыранды қаз қылмай, «арыған сайын тың жортатын» (Махамбет) арғымақ етіп шыңдауымыз керек. Махамбет бабаңыз бір жорық үстінде айтыпты дейді:

«Арғымақ, сені сақтадым, құлағың сенің серек деп,

Азамат, сені сақтадым, бір күніме керек деп».

Біз бір бірімізге керекпіз.  Бірімізге біріміздің керектігімізді мен осы күндері көп уайымдап ойлайтын болдым. Уайымдайтын себебім, біз өзіне өзі өтірік айтатын, өзін өзі өтірікпен алдайтын, өтірікке жұбанатын, өтірікке қуанатын тайғанақ ұлт болып барамыз. Елімізде «өркендеген» өтірік атты «өнеркәсіптің» екі тізгін бір шылбыры қазір қазағуар, сөзқуар  ағайынның қолында. Сол ағайын жаңа заманның заңғарынан саумалдап төгілген ауаны ластап, қазақтың тынысын тарылтып, түпсіз қараңғы тұңғиыққа жетелеп келеді.  Қазақтың санасы уланып жатыр. Қазақ «психоапаттардың заманында» (З. Фрейд) «бір ұрты май, бір ұрты қан» (Абай) болып өмір сүруге әбден үйренді. Бірақ, бұдан да түбі өтеміз. Ол үшін «тілерсегімізді тілсе де тік тұрып сөйлейтін» мінезімізді қайтадан табуға тиіспіз. Тап осы мінез, Кәме, Сізде бар. Шәгім жоқ, Сізде  бар. Айналасындағы көлгірсіген жұрттан  Елбасымыздың да осы күні көңілі әбден айнығанын мен де сеземін, Астанаға жақын Қабанбай кесенесінде шырақ жағып отырған Сіз менен жақсы сезесіз.  Ұлық біткенге ғана ұнайтын сөзді ойдан-қырдан теріп айтудан тиылып, ұлы жиынды ұлағатты іске бастайтын күн туар ма екен қазақ үшін? Аспанмен астасқан теңеулердің басы - Астана, аяғы - ауыл. Қызыл судай қаптаған сөзге ағып өле жаздайсың. Ақсудың тойында да мінберге мінген ағайын атасы арзан сөзден аянып қалған жоқ. Соған қынжылдым, соған күйіндім. Тап соны жаздым. Бұл тек Ақсудың тойында болған көрініс емес. Ақсудан ғана көріп қайтқаным емес. Атыраудан да көргенім - осы, Ақтөбеден де көргенім - осы. Сондай көл-көсір сөзге, көрінеу жағымпаздыққа шыдай алмаған Мейірхан Ақдәулетұлы  («Алтын Орданың» дүрілдеп тұрған кезіндегі бас редакторы) Ақтөбе облысының бір алыс ауданындағы тойдан, төрдегі орнын тастап кетіп қалғаны есімде.

«Абайдай ұл туғызған қасиетті Құнекең мойындаған басшыларды жақтырмағаныңа таңмын» депсіз. Бүгінгі басшылар - Сіз бен біз болмасақ, Құнекең мойындай қоятын басшылар емес. Бұныңыз енді, сіз екеумізде бар эмоциямен айтылып кеткен сөз болса керек. Әлде Сіз бүгінгі басшы атаулының бәрі Құнанбай заманында атқа мінген қасқа мен жайсаңның ұрпағы деп ойлайсыз ба? Олай ойламайсыз, бірақ менің басшыларды жақтырмағаныма таң қаласыз. Бұтына толып, бұғағы салбырап, дәргейіне бас ұрып келген бұқара халық өкілін көрсе, бұқадай көзін алайтып, істің мәнісін білмей лағып сөйлейтін басшылардың қолаңса сасыған қолтығынан аулақ тұрғанды жөн көремін өз басым. Ондайлармен сіздің де қолтықтаса қоюыңыз неғайбыл. Бірақ менің бұл сөзімнен қызымет басындағы азаматтар түгелімен іріп-шіріп бітіпті деген ой түюге болмайды. Қазақ үшін қабырғасы қайысып жұмыс қылып жүрген азаматтар бар. Тап сол азаматтардың кейде жазықсыз жапа шегіп немесе орынсыз сынға ұшырап қалатынына жаным ашиды.

Кәм-аға, басшы көрсе бас салып сынайтын әріптестерім баспасөзде жетерлік. Мені де солардың бірі екен десеңіз жаңылысасыз. Билікте мен жақсы көретін жігіттер жоқ емес, бірақ «жақсы көру», «құрметтеу» дейтін адамзатта ғана болатын ізгі қасиеттің белгісін өз шегінен асырып жіберсе, құлшылық пен табынушылық келіп шықпақ» (Қажығұмар Шабданұлы). «Лениннің 100 жылдығы», «Октябрьдің 70 жылдығы», «XXV съезд» деп алашапқын болған ағалардың алаөкпе тірлігі енді қайталанбаса екен деймін мен. Ол алаөкпе тірлік Ленин мен партияны орынсыз дәріптеуден шыққан еді.  Камал аға, осы біздер Өзіңіз жақсы білетін баяғы көне соқпаққа түсіп алып соқтыртып бара жатқан жоқпыз ба, сұңғыла адамсыз, соны бір ойлаңызшы. Рас, Егемендіктің қадыр-қасиетін ұға білетін уақты болды ғой...

Құнекең «Тірімізге - төрелер ие, өлімізге - қожалар ие» деген екен. Десе дегендей-ақ, Құнанбай заманындағы адамдардың сойы бөлек болғанға ұқсайды. «Бізден бұрынғылардың екі жақсы қасиеті болған» деп Құнекеңнің замандастарын, одан ілгері бабалар дәуіріндегі тұлғаларды Абай да мойындайды. Сөйтеді де өз тұсындағы басшыларды: «Бас-басына би болған өңікей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деп жақтырмайды. Қиқым-сиқымдарды жақтырмау Абайдан басталыпты, бізге жетіпті, бізден кейін де жалғасады. Солай, аға.

Осыншама сөзді Аңсар дейтін әкімге бола арнаппыз ғой. Тіпті ұят. Алайда, Аңсар туралы айтқанымызға орай Сіз көлденең тартқан уәжге жауап бере кетпесем тағы болмас.

«Облысқа енді ғана әкім болып тағайындалған Аңсар Мұсахановты табалай жөнеліпсің. Мен де талдықорғандықпын. Елден қол үзгем жоқ. Мен білетін жігіттер Аңсар жөнінде оғаш айтқан жоқ әзірше. «Дұрыс» азамат дейді. Өзім кездескен адамым емес. Талдықорғандағы сенің бауырларыңның айтуына қарағанда (мен оларға күмәнсіз сенемін) жаңа әкім Серік Үмбетовтің тәрбиесін көрген. Ал Секең қазақтың іші-сыртын түгел білетін ұлт жанды басшы. Ендеше еліне тегін адамды қалдырмаса керек.

Дәурен бауырым! Ана жылы қытай елшісінің:

-  Құдайда әділет жоқ. Бір жарым миллиард қытайға берген жері анадай, он миллион қазақтың жері мынадай, - дегені есіңде ме?» дейсіз. Түсінбедім. Аңсарды сынасақ  жерімізді қытай алып қоя ма? Әлде артық-кем сынай қалсақ Аңсар әкім  Алматы облысының жерін қазаққа өкпелеп  қытайға бере сала ма? Бетіне қарап сөйлеуге болмайтын Аңсар кім соншама? Кімнің шікірәсі ол? Сауалыңыз жауапсыз жетімсіремесін дедік, әйтпесе Аңсар Мұсаханұлына қатысты барымызды жоғарыда баян еткенбіз.  Оған қосып-аларымыз кем. Ал Кәрім Қажымқанұлының ата-тегі туралы сөзге шорқақпын. Өзі өмірбаян дерегін тиянақтап жариялған сайттарда Қажымқан ақсақалдың аты-жөні көрсетіле бермейді (Сіз секілді шай ішіп отырып жөн сұрасудың реті келмегендіктен оқығанымды айтамын). Анасы туысқан ұйғыр ұлтынан екен. Ұлы анасы жағынан премьермен туысатын болсақ, бек қуаныштымыз. Осыдан былай «біз - Кәрім Мәсімов екеуміз Жоңғар Алатауының бауырында өмір сүрген әйгілі қобызшы Молықбайдың ұрпағымыз» деп айта жүретін боламын. Шын сөзім бұл.

Камал аға, Ақсудың тойынан шығарып әкім мен премьерді «матап сөйлеген» Сіздің сөздің астарын жақсы түсінемін. Сіздікі дұрыс, менікі де дұрыс сияқты. Бірақ екеумізде екі қисын. Сіз мәселеге үлкендік жолмен, қазақы салтпен келесіз.  Әйткенменде, ескере жүріңіз, Астанадан өріп шығатын ақжағалылардың саясаттағы ойыны Сіздің қазақы жобаңызға пысқырмайды. Сізбен келіспейді. Қазақ ойының кәтепті қара нары Әбіш  ағаны да (Кекілбаевты айтамын) бұл орта аяған жоқ, ғұлама сөздерін құлағына да ілген жоқ. Әйтпесе, осы жүйені, осы жүйедегі «жүгермектерді» Әбекең «Егемен Қазақстанда» жарық көрген мақалаларымен, салтанатты жиындарда сөйлеген сөздерімен есейтуге тырысып-ақ бағып еді. Саналарына қазақтың араман аңсарын сіңіруге барын салып баптанып-ақ еді. Болмады. Абыз ақсақал деградацияға ұшырап, діңкелеп шықты. Ал біз олай ете алмайды екенбіз. Біз барды бар, жоқты жоқ деп әрнені атымен айтуға тиіспіз. Сондықтан Аңсар болсын, басқа болсын әлдекімдердің «дұрыс азамат» дегеніне алақайлап алақан соға салмаймыз. Сіздің «дұрыс азаматыңыз» Ақсудың тойында жазып берген дайын қағазды әрең оқыды. Дайын қағаз, дайын сөз.

«Қара жатақ» дегеннен шығады, жаңа әкім Ақсу ауданы құрылып ел жер жыртып, трактордың тізгініне отыра бастаған жылдарды ғана баяндамасына қосыпты. 25 жасында Әлихан Бөкейхановтың тапсыруымен қазақтың тұңғыш Ата Заңын жазған Барлыбек Сырттанов, оқу ағарту ісімен ерте шұғылданған Біләл Сүлеев, Маман-Тұрысбектің Қарағаштағы мекетебі жөнінде жарытып жақ ашпады. Бәтима апаңыз да, Егеубек ағаңыз да аяулы алаш ұлдарынының есімін ескерместен аңсарлатып аңқыған соң рас, қатты ызаландым. Күйдім.  Сексен жылдықта есімдері аталып ерекше ескерілген тұлғалар - трәктіршілер мен сушылар, малшылар мен сауыншылар болды. Жоқ, ойбай, мен сушы мен бушыдан қашпаймын,  еңбек адамдары мәңгілік құрметтелсін, бірақ, Ақсудың ардагер ұлдары қайда қалды,  олардың аттарын айту әлі де қауіпті ме, біз өзі қай ғасырда, қай қоғамда өмір сүріп жатырмыз деген ойлар еңсеріп, еңсем шөккенін жасырмастан жаздым. Сол үшін кінәласаң ағайын, қолыңдамын, не істесең де өзің біл.

«Аңсар Тұрсынханыш» деп алқынғандарды шенеген шағын мақаламызды оқып «төбемінен жай түскендей болды» депсіз ғой. Жай отына жанып кетсек те шындық осы - әкім мен премьер қазақ қоғамының пікірімен есептеспейді де, есепке алмайды да. Сондықтан ол екеуі үшін жыртылудың, аталған екеуді қорғаштап, «өз ауылыңның тойына неге қуанбайсың» деп бізді текке жазғырудың қажеті шамалы, аға. Астанадағы ағайынға, әсіресе әлгі «Дәурен не тындырып тастады» дейтін ағама менің осы  сөздерімді жеткізерсіз. Иә, мен әлі ештеңе де тындырмаппын. Бірақ бөрі бүлкекпен қай қиырды кезсемде (Ақтөбеде, Атырауда) ауылыма: Ақсу мен Қапалыма, қарға тамырлы қазағыма қызмет етіп жүрмін деген түсініктемін.  Менің азды-көпті мақалаларым басылып шыққан  газеттер («Алтын Орда», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Жас Қазақ», бүгінгі Абай.кз ақпараттық порталы) ауылыма алақандай болса да жарық түсіріп, ақпарат жеткізіп  жүрген шығар деген ойдамын. Бұл сөзді Сіздің «Дәурен-ау! Кінә іздегенше өткен жылы тойланады деген осы тойдың басы-қасында бір жыл болып кем-кетігін толтырып, шауып жүрсең қандай жарасар еді. Тағайындалған әкім Аңсар Мұсаханов туралы «... қандай істе қайрат танытты, осы күнге дейін не істеп, не қойды» деп сұрапсың. Осы сұрақты өзіңе қарата қойып көрші. Жауабың қандай екен?» дейтін сауалыңызға қысқа жауап ретінде ұсынамын. Қанағат тұтпасаңыз өзіңіз білесіз.

Өткен жылы тойлануға тиіс Ақсудың сексен жылдығы Қызылағаш қырғынынан соң кейінге қалды. Алапат оқиға болған күні дабыл қағып алғаш хабар таратқан Abai.kz сайты болды. Менің жаңа қызметім, иә, Сізді жабырқатып,  көңіліңізге қонбаған  Abai.kz ақпараттық порталынан оқиға барысына қаныққан азаматтар Атырау, Маңғыстаудан бастап, Арқа мен Алтайдың арасында көмек қорын құрып, қол созуға ұмтылды. Abai.kz Қызылағаштан кейін Ақсуаттағы ағайынның жанұшырған дауысын дер кезінде жалпақ жұртқа жария етті. Азаматтар тағы да қор ашып, қаржат жиып, ас-ауқатын, азық-түлігін табиғат апатына ұшыраған жұрттың аузына тосты. Abai.kz сайтының пікірлер алаңында еліміздің сергек ойлы ұлы мен қызы бірін-бірі қайрап, үн қосып ортақ іске жұмылды. Мен сол кезде «Наймандар, біріңді-бірің шапқа түрткенді қашан қоясыңдар? Ауылда не аталарыңның құны қалды?» деп Сізді табалап кеткен қортық ойлы ағайынмен салыстырғанда   санасы тұнық, рухы берік, ұлттық деңгейдегі ұстанымға  көтерілген   қазақтың ер жігіттерін көріп сүйінген едім. Ұлы бабамыздың жамбасы тиген қасиетті мекенде шырақ жағып, пендауи әңгімеден кеткен сіздей жанды ыбырсыған сөзге  ертіп  намысыңызға «найза шанышқандарды» ойлап тағы да күйінуме тура келді.

Кәм-аға, артық-кем сөз бізден де кеткен болар. Үлкеннің керек сөзі мен ісін үлгі етіп өскен қазақтың баласымыз. Түсінуге, түсінісуге қашанда мақұлмыз. Сондықтан сіздің жайма-шуақтай келіп  қадап айтып қабырғадан қойған сауалыңыздың бәріне іркіліп жауап беріп, ақталуды артық көрдім. Өйткені біз қандай мәселені де қабақпен ұғысатын едік қой. Сол сыйластықпен  Сізге жазған хатымның соңына нүкте қоямын. Әманда ел аман жұрт тыныш болсын.

Құрметпен, Дәурен ініңіз

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522