Ресей қазақтың етін «бүлдіріп», белорустың сүтін «ірітіп» жатыр
Біраз уақыттан бері Белоруссия мен Қазақстанға «бірлесіп Кедендік одақ құрайық, қысылтаяңда қысылмаудың амалдарын қарастырайық» деп жүрген көршіміз Ресей маусым басталғалы маңыздана түскендей... Олай дейтін себебіміз, маусым айының алғашқы онкүндігі өте салысымен-ақ Ресей үкіметі өзінің ішкі нарығына қазақтың етін, белорустың сүтін енгізбеуге бел буды.
Дәлірек айтсақ, жоғарғы эпизоотиялық қауіптілігіне байланысты Қазақстанның он облысынан Ресейге мал, ет және ет өнімдерін енгізуге тыйым салынса, Белоруссияның сүт және сүт өнімдеріне де осы тектес талаптар қойылуда. Сөйтіп, Ресей қазақтың мал басының етін жеп, Белоруссия малының сүтін ішуге «іш жиып» біртүрлі салқын көзқарас білдіре бастады. Сарапшылардың қайсыбірі Ресейдің бұл қадамын «олар сапасыз өнімдерді ішкі нарығына енгізбеу арқылы өзінің қауіпсіздігін қорғап отыр» деп те бағалауда. Ал қазақстандық сарапшылардың бір парасы «қысқа мерзімде дереу шара қолданылмаса, бұл үрдіс еліміздің ауыл шаруашылығы саласына кері ықпалын тигізеді» деп алаңдаушылық білдіруде.
Дерек пен дәйек

Егер ресми деректерге жүгінсек, 2007 жылға дейін Ресей Қазақстанның ет экспортына ешқандай шектеу келтірмеген. 2001-2007 жылдар аралығында Ресейдің Астрахань, Волгоград, Саратов, Оренбург тәрізді 11 шекаралас аймақтарына Қазақстаннан ірілі-ұсақты мал өнімдері, жылқы және қой етінен алынған фабрикаттар және басқа да дайын өнімдер еркін еніп тұрған. Бұл ретте, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Серік Сүлейменов, тек 2007 жылы ғана еліміздің бірқатар облыстарында аусыл ауруының таралуына байланысты мал етінің барлық түрлерін көрші елдерге шығаруға белгілі бір шектеулер қойылғанын, ал межелі 12 ай мерзімі өткен соң арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ет және ет өнімдерін экспорттауға қайта жол ашылғанын алға тартады.
Гәп қайда жатыр?
Ал енді келіп Ресей неліктен ешқандай мал эпидемиясы туындамай жатып ет және ет өнімдері экспортына шектеу қойып отыр? Бұл жайында экономист-сарапшы Мейрам Қабдырахманұлы:
- Бұл Ресейдің кезекті саяси ойыны болуы да мүмкін. Мұндай саяси үрдістер экономикалық қадамдарымызға кері әсерін тигізуі де ғажап емес. Бірақ бұл жерде біз өз тарапымыздан да кемшіліктер барын жасырмауымыз керек. Бұл жерде гәп мынада... Біздің Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын жандандырады деп құрылған түрлі холдингтеріміз бен ұлттық қорларымыз әлі де болса халықаралық талапқа сай жұмыс жасай алмай отыр. Мысалы, біз осы уақытқа дейін халықаралық ветеринария ұйымына мүше бола алмай отырмыз. Бұл үрдіс мал шаруашылығы саласының дамуына тұсау болуда. Егер бұл ұйымға дер кезінде мүше болғанымызда, мал өнімдерін шетелге тасымалдауда, жоғары технологияларды лизинг арқылы алуда біраз жеңілдіктерге ие болатын едік. Мал алмасу, айырбас істері халықаралық деңгейдегі тәртіппен жүретін болса, мал шаруашылығы саласындағы түйткілдер сәл де болса жеңілдер ме еді? - дейді.
Әрине, бұл - түйткілді шешудің бір ғана тәсілі. Ал мамандардың пайымдауынша, мәселенің түйінін тарқату мақсатында әлі де біраз тер төгілуі тиіс...
Мұндайда қандай жайтқа мән берген жөн?
Жалпы, Ресейдің бұл шешімінен соң, отандық мамандар біздің тауар экспорттауда әлі де болса сыртқы нарықтың талаптарын сауатты меңгермегенімізді алға тартады. Бұл ретте экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов:
- Қазір кез келген ел тауарын бәсекеге қабілетті етіп шығаруға талпынып бағуда. Осы ретте айтарым, біріншіден, бізге әр салада өз өнімін жарнамалайтын, нарыққа өнімімізді өткізе білетін арнайы менеджерлер тобын жасақтау керек. Рас, мұндай үрдіс бізде де бар. Бірақ олардың қызметі сын көтермейді. Біздің қазақстандық менеджерлік қызмет жоғары деңгейге көтерілмейінше, отандық тауардың бағы жанбайды. Бұл - бір. Екіншіден, бізге әр тауарымыз экспортқа дайын ба, бәсекеге қабілетті ме? Осыны екшеп, зерттеп отыратын арнайы жасақталған Экспорттық кеңес қажет. Үшіншіден, қазір еліміздегі мал басының 90 пайызы жеке шаруаның қолында. Ал осы жеке қолдағы мал басының сапалы өнім беретініне кім кепілдік бере алады? Бүгінде елімізде мал ауруларының саны дендеп барады. Қажет десеңіз, мал басына ветеринарлық көмек көрсетуге мүмкіндігі жоқ шалғай ауылдар жетіп-артылады. Сондықтан мал өнімдерінің сапасын арттыру үшін біз ауылды жерлерде ірілі-ұсақты мал өсіретін арнайы кешендер салуға бет бұруымыз керек. Міне, біз алдымен осы аталған жайттарды шешуге мән беруіміз қажет. Сонда ғана мәселенің түйіні шешіле бастайды. Негізінде, бізде «ауыл шаруашылығын жетілдіреді, өркендетеді» деп құрылып жатқан холдингтер, корпорациялар, ұлттық қорлар легі баршылық. Өкінішке қарай, осындай үкіметтік деңгейде құрылған органдар істеген істерін көрмеден көрсетуден әрі аса алмай жатыр. Мұндай аяқ алыспен біз азық-түлік экспортын да, азық-түлік қауіпсіздігін де оңтайлы жолға қоя алмаймыз, - дейді.
Түйін
Айтса айтқандай-ақ, біз жыл басынан бері халықаралық бірнеше көрмелерге, форумдарға қатысып-ақ келеміз. Тіпті осыдан тұп-тура екі ай бұрын сәуір айында Мәскеуде ет өнімдерінің көрмесінде тәп-тәуір «баға» алып, марапатталып қайтқанымыз да есте. Енді келіп, сол тәуір бағаны ресейліктер өздері жоққа шығарып отыр. Қалай десек те, Ресейдің нақ қазіргі ұстанымы «қазақтың еті бүлінді, белорустың сүті іріді» дегенге сайып отыр. Әзірге кімнің асығы алшысынан түсері белгісіз. Бізге бір анығы - ауыл шаруашылығы саласын өркендетеді, мал шаруашылығын жандандырады деген үмітпен құрылған басқару органдары жоғарыда аталған ұсыныстарды ескеруі тиіс. Ұсыныс ескеріліп, ұтымды іс атқарылса, ауыр жүк те жеңілдер ме еді?!
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
«Алаш айнасы» газеті 16 маусым 2009 жыл