Сенбі, 23 Қараша 2024
Саясат 7291 2 пікір 29 Мамыр, 2019 сағат 14:55

Назарбаев «ЕАЭО-ның Құрметті төрағасы» атанды

Бүгін Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімге қол қойылғанына тұп-тура 5 жыл. Ол одаққа 5 мемлекет мүше. Мүшелікке кіргісі келетін және бір-екі мемлекет бар. Одақтың бес жылдығына орай Астанада (Нұр-Сұлтанда) саммит өткізуді жоспарлаған.

Кешелі-бері сол саммиттің құрметті қонақтары ағылып келіп жатыр. Олардың кейбірі президент Тоқаевтың, кейбірі экс-президент Назарбаевтың, ал кейбіреулері екеуінің де қабылдауында болды. Кімді кім қабылдады, кімге қандай құрмет көрсетілді, тарқатып жазайық. Ойдан алып, қырдан тапқанымыз емес, Ақорданың ресми сайты таратқан ақпараттарға шолу жасаймыз...

Қырғызстанның, Беларусьтің, Ресейдің, Тәжікстанның, Молдованың президенттері, Арменияның премьері мен Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Астанадағы саммитке салып ұшып келді. Кімді кім қабылдады?

Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында:

Владимир Путин,

Александр Лукашенко,

Сооронбай Жээнбеков,

Эмомали Рахмон,

Николь Пашинян,

Тигран Саркисян болды.

Ал Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында:

Александр Лукашенко,

Сооронбай Жээнбеков,

Николь Пашинян,

Игорь Додон болды.

Ақорда сайтының ақпараттарын қарап отырсақ, Лукашенко, Жээнбеков пен Пашинян ескі президенттің де, қазіргі президенттің де қабылдауында болыпты. Ал Ресей президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен ғана кездескен көрінеді. Осыдан заңды сұрақ туады. Путин неге әуелі Тоқаевпен кездеспеді? Жоқ, Тоқаев пен Путин саммит отырысында сөзсіз жүзбе-жүз кездесті ғой. Айтып отырғанымыз, Путин Тоқаевтың емес, Назарбаевтың жеке қабылдауында болды. Бұл да өз кезегінде транзит уағындағы саяси ойындардан хабар берсе керек.

Рас, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тұңғыш президент - Елбасы» деген статусы бар. Бұл бізде, яғни Қазақстанда Конституциялық шеңберде мойындалған статус. Бәлкім мұны 30 жыл ел басқарған президентке көрсеткен құрмет деп ұғу керек шығар. Ал шындап келгенде бұл сыйластықтың өз ішіміздегі салтымыз ғана. Халықаралық саясатта бұл статус ешбір маңызды рөлге ие емес. Қазақстан – император, патша немесе патшайым статусы мойындалатындай монархиялық мемлекет емес. Қазақстан – премьер немесе парламент лидерлерінің ықпалы басым болатындай парламенттік мемлекет санатына да жатпайды.

Қазақстан – президенттік мемлекет. Иә, президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшу туралы айтылды. Ол үшін біршама жұмыстар да жасалды. Дегенмен – Қазақстандағы бірінші тұлға – Президент деп саналады. Ол туралы өткенде ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де айтқан. «Бізде бір ғана президент бар. Барлығымыз соған жұмыс жасаймыз» деген. Жалпы президенттік басқару жүйесіндегі мемлекеттердің барлығында солай.

Сондықтан анау Лукашенко, Жээнбеков, Пашинян мен Додон әуелі президент Тоқаевтың қабылдауында болды. Онан кейін ғана «ескі досына» қонаққа барды. Ресей президенті Владимир Путиннің Тоқаевтың емес, Назарбаевтың қабылдауына баруы – жоралғыдан жаңылғаны ма, әлде...

Қойшы, әйтеуір ырғалып-жырғалып келген қонақтарды Тоқаев пен Назарбаев екеулеп жүріп күтіп алды. Жеке-жеке қабылдады. Келген қонақтардың барлығы дерлік ЕАОЭ-ның құру туралы идеясы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ағыл-тегіл тілектерін айтып жатты. Қараңыз:

 

Владимир Путин, Орыс президенті:

- Сізге марапатыңыз үшін және интеграция ісінде, екі жақты қарым-қатынастарда, Ресей мен Қазақстанның өзара стратегиялық іс-қимылын дамытуда атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтқым келеді. Бұл ретте Сіздің зор еңбегіңіз бар.

 

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз президенті.

- Сіз Түркі әлемінің көшбасшысы саналасыз. Сіз Орталық Азия елдерінің достығын нығайту ісіне зор үлес қостыңыз.

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

- Беларусь халқына құрмет көрсеткеніңіз үшін рахмет. Бұл маған ғана көрсетілген құрмет емес. Бұл – менің халқыма деген ыстық ықыласыңыз бен құрметіңіз. Қазақстанның Президенті – лайықты азамат. Сіз дана шешім қабылдадыңыз. Қазақстандықтар басқа халықтар сияқты тұрақтылықты бағалайтынына сенімдімін. Ең бастысы – еңбек. Еңбек етсең, нәтиже де болады.

Эмомали Рахмон, Тәжік президенті:

- Мен Қазақстанның көз алдымызда қалай өзгергенін көрдім. Елордада өткен алғашқы кездесулер менің есімде және оның қаншалықты өзгергенін көріп отырмын. Оң өзгерістер қалада ғана емес, бүкіл еліңізде жүріп жатыр. Бұл – Сіздің табысты жұмысыңыздың, дана және көреген саясатыңыздың нәтижесі.

Назарбаевқа тағы бір атақ берді

Бұл сөздердің барлығы кеше айтылды. Ал бүгін барлығы ақылдаса келе Нұрсұлтан Назарбаевқа атақ берді. Ол – «ЕАЭО-ның Құрметті төрағасы» дейтін атақ. 25 жыл бұрын Мәскеудегі МГУ-да лекция оқып, осы одақты құру туралы идея айтқаны бар еді ғой. Міне, содан 20 жыл өткенде ойда жүрген одақ құрылған. Одақты Назарбаев, Путин мен Лукашенко үштігі құрған. Кейін оған Қырғызстан мен Армения қосылды. Бүгін сол одақтың 5 жылдығы дедік жоғарыда. Сол үшін Астанаға арнайы келген қонақтардың екі-үшеуі кеуделеріне орден тақты.

27 мамыр күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық интеграцияның 25 жылдығы мен одақтың 5 жылдығына орай бірқатар шетелдік әріптестерін награттайтын болған. Анау-мынау емес – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» дейтін орден беру туралы қаулы шығарған. Сол ордендерді Сооронбай Жээнбековке, Владимир Путин мен Александр Лукашенкоға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тапсырыпты.

(Ресей президенті Владимир Путиннің Назарбаевтың қолынан орден таққан сәті)

(Беларусь президенті Александр Лукашенконың Назарбаевтың қолынан орден таққан сәті)

(Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековтің Назарбаевтың қолынан орден таққан сәті)

Түйін

Әуелде экономикалық одақ болып құрылған бұл бестіктің жұмысы бүгінде саяси сипат алды. Ол туралы бұрын да жаздық. Одақта тең бәсекелестік жоқ. Ресей монополиясына құрылған одақ. Қазақстанның жүк көліктерінің апталап, тіпті айлап орыс кеденінде  тұрып қалатыны туралы да, одақтан шығамын деген ақ орысқа сары орыстың ашық қоқан-лоқы жасағаны туралы да осыған дейін талай рет жаздық. Басқасын айтпағанда, Кремль идеологтары екі-үш жылдан бері ортақ ақша шығару туралы тықақтай бастады. Мемлекет Тәуелсіздігінің негізгі атрибуттарының бірі саналатын төл ақшадан бас тарту – Тәуелсіздікті тәрк етумен пара-пар емес пе?! Жоғарыда айтқан одақтың саяси сипат алуының айқын дәлелі осы емес пе?!

Біз бұл интеграцияны сауда-саттықтағы ортақ мүмкіндік деп айтып, қанша жерден көңіл алдарқатқанымызбен, одақ ортақ емес, орыстікі. Оны Қырғызда өткен саммитте сол одаққа мүше елдердің басшылары да айтты. Жә, осымен тәмамдайық, бүгінге...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543