Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3434 5 пікір 4 Маусым, 2019 сағат 15:49

Петропавлға Баян батырдың ескерткішін орнату қажет сияқты

Петропавл қаласын аралап көрген меймандар: «Қалаларыңыз шағын болғанымен, ескерткіші көп екен», -деп мақтап жатады.
Расында да, солай. Ал облыс орталығында тарихи ескерткіштердің көбеюі – еліміздің Тәуелсіздігінің арқасы.

Өйткені, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде журналистік қызметімді бастағанымда сұп-сұр болып, Сібірдің ызғары ескендей болып тұратын қала көшелерінен «күн-көсем» мен оның серігі Валериан Куйбышевтің зәулім ескерткіштерін және жерлесіміз, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш-ғарышкер Владимир Шаталовтың мүсінін ғана көзіміз шалатын. Қалалық саябақтың ішінде кілең орыс әдебиеті классиктерінің ақ гипстен жасалған кішкентай ескерткіштері қойылған еді...

Тәуелсіздік жылдарында Қызылжар өңірінің бас шаһарының бұрынғы сұрқай кейпі өзгеріп, біртіндеп шырайлана бастады. Былтыр осында өткізілген, Қазақстан мен Ресей Президенттері қатысқан шекаралас өңірлердің форумы қарсаңында Петропавл тіпті құлпырып кетіпті. Сол оқиға қарсаңында қаладан астанаға қарай шығатын жол басына атақты Қожаберген жыраудың тұлпар үстінде домбырасын қолына ұстап тұрған тамаша ескерткіші орнатылған.
Ал Петропавл сынды «көне қамалды бірінші болып алған бабамыз» – аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаев. Оның иығына шабыт құсы қонып тұрған шағын ескерткіші ғасырлық мерейтойына орай 1993 жылы жергілікті педагогика институтының (қазіргі Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің) маңына қойылған. Ұлы ақынның еңсесі биік екінші ескерткіші 2012 жылы теміржол вокзалы алдындағы алаңға орнатылды. Сол жолы қала зиялылары арасында: «Бір қалаға – бір Мағжан ескерткіші жетпей ме?» - деген сауал төңірегінде әжептәуір пікірсайыс болғаны жадымда. Сонда жергілікті қазақ және орыс ақсақалдары: «Қазақстанның Тәуелсіздігі жылдарында Петропавлда орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинге екі бірдей ескерткіш орнатылды. Сондықтан «Қазақтың Пушкиніне» де екі ескерткіш қойсақ, еш артықтығы жоқ. Мағжан Жұмабаев – қазақ елі ғана емес, түбі бір түркі жұрты түгел ардақ тұтатын тарихи тұлға, жыр әлемінің мәңгі өшпес жарық жұлдызы» - деген уәж айтып, өзінің жақын туысы болып табылатын ұлы ақынға тағы бір ескерткіш орнатуға жүрегі дауаламай, жұрттың сөзінен қаймығып отырған сол кездегі облыс әкімін жабыла үгіттеп көндірген болатын...

1999 жылы қаланың бас көшесі – Қазақстан Конституциясы көшесінің бас жағына – Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының алдындағы алаңға найза ұстанып, иық тіресіп тұрған қос батыр – Қарасай мен Ағынтай бабаларымыздың өр тұлғалары сомдалған зор ескерткіш орнатылып, оны Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен ашты. Ал 2008 жылы Елбасы әйгілі Ақ үйінің алдында тұлпарға мініп, аса таяғымен жөн сілтеп, жорыққа аттанып бара жатқан Абылай хан ескерткішін ашу салтанатына да қатысты.
Сондай-ақ қазақ пен орыс халықтарының рухани бірлігін бейнелейтін Абай мен Пушкин ескерткіші, аспандағы аққуға үнін қосқан атақты әнші - композитор, ақын Үкілі Ыбырайдың, атақты жазушылар Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің, ғұлама ғалымдар Евней Букетов пен Манаш Қозыбаевтың, көрнекті мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовтің мүсіндері де Тәуелсіздік жылдарында ашылды.

Ал маған сүйікті қалам – Петропавлға тағы бір ескерткіш жетпей тұрғандай көрінеді. Омбы қаласы жаққа шығатын жол бойындағы Ұлттық Ұланның Әскери институтының маңына ұлы Мағжан тұтас поэмасын арнаған қаһарман Баян батырға лайықты ескерткіш орнату қажет сияқты. Ол елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан өңірде бүгінгі және болашақ сардарлар мен сарбаздарға айрықша рух беріп, асқақтап тұрса, нұр үстіне емес пе?!

Кәрібай Мұсырманның facebook парақшасынан

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562